Қазақ әдебиетіндегі жыраулық пен айтыс өнерінің дәстүрін ұштастырған Жамбыл шығармалары ақынның көзі тірісінде көптеген халықтың тілінде орасан зор аумаққа таралып үлгергені, лайықты бағасы берілгені әмбеге аян. Аудармалары арқылы күш алып келе жатқан қызыл империяның аумағынан асып, социалистік жүйе блогына енген елдерге де тез тарап үлгерді. Әсіресе Ұлы даламен байланысқа ерекше мән беретін мажарлар үшін Жамбыл шығармаларын аудару, насихаттау, зерттеудің қаншалықты маңызға ие болғандығы байқалады.
Мажар тілінде шығармалары алғаш жарыққа шыққан әрі күні бүгінге дейін көп жарияланған қазақ авторы – Жамбыл ақын. Оның шығармаларына алғаш болып ден қойған, Шығыс Еуропаны кезіп жүрген коммунизм елесі шарпыған кезде Кеңес Одағына бас сауғалаған, ондағы идеологиялық органдарда қызмет жасаған мажарстандықтар еді. Бірінші болып Ланьи Шаролта «Правда» газетінде жарық көрген Жамбыл шығармашылығы туралы материал негізінде таныстыру мақаласын 1938 жылы жариялаған. ІІ дүниежүзілік соғыс тұсында Жамбыл жырлары мажар тілінде көптеп жарық көрді. Соғыстан соң кеңестіктердің ықпалды аймағына өткен Мажарстанда орнаған саяси-идеологиялық жаңа жүйенің қолайына жағатын, ұстанымдарын насихаттау, мәселесі күн тәртібіне қойылғанда бұл қатарға Жамбыл ақынның туындыларына да таңдау түсті.
Бұл істің екінші жағынан, ғылыми-танымдық жағы да бар еді: Жамбыл шығармалары арқылы сахарадағы (Ұлы даладағы) байырғы дүниетаным мен көркемдік талғамның ерекшеліктерін танып білуге, зерттеуге құнды дерек ретінде бағалануынан. Әлем халықтарының 22 тіліне аударылып үлгерген Жамбыл шығармаларының қазақ болмысын һәм фольклорлық санасын зерттеп-зерделеуде мәні зор деп бағаланды.
Жамбыл Жабаев шығармаларын мажар тіліне тәржімалаумен айналысқан әдебиетшілер қатары көп деп айтуға болады. Олар Габор Андор, Мадарас Эмил (ІІ дүниежүзілік соғыс тұсында Алматыда әдеби қорды басқарған екен), Хидаш Антал, Бекеш Жужанна, Сильи Ерньө, Кестһейи Золтан, Нойд Ласло, Сергей Кирянов, Райч Иштван, Гашпар Эндре, Раб Жужа, Тереньи Иштван, Кардош Ласло сынды білікті әдебиетшілер. Араларында 1930-жылдары пролетар, коммунист жазушылар қозғалысына атсалысқан жандар бар. Дені мажар-кеңес әдеби байланысы саласында, ХХ ғасырдағы мажар әдебиеттануындағы елеулі тұлғаларға айналған, еңбектері еленіп, лайықты бағасын алған мамандар.
Библиографиялық мәліметтерден байқағанымыздай, 1945-1970 жылдар аралығында қазақ қаламгерлері арасынан мажар тілінде ең көп жарияланған, зерттелген, насихатталған автор Жамбыл Жабаев екенінде дау жоқ. Оның шығармалары антологияларда 72 мәрте, газет-журналдарда 35 мәрте, сондай-ақ ғылыми басылымдар мен энциклопедияларда 30-дан астам рет жарық көрген екен (бұл әлі де толық есеп болмауы мүмкін). Тағы бір ерекшелігі Мажарстанмен ғана шектеліп қалмай, мажарлар тұратын көрші елдер аумағында да, мысалы, Словакияда, Румынияда мажарлар Коложвар, румындар Клуж Напока атайтын қалада, Украинадағы Ужгородта (мажарша атауы Унгвар), Сербияның Уйвидек аумағында да мажарша жарияланған.
Мажар зерттеушілері Жамбыл шығармашылығын етене жақын зерделеу үшін Кардош Ласло есімді зерттеуші «Ақынның өмірі: өз аузынан айтқан өмірбаянынан үзінді» атты Жамбыл өміріне қатысты деректі толығымен аударып, бірнеше мәрте жариялаған. Ал «Менің өмірім» өлеңі Хегедүш Гезаның тәржімасымен Мажар Ғылым академиясының әдеби, әлеуметтік сериясының «Форум» журналында 1949 жылы (10-санында) басылған.
Жамбылтанушы академик Тренчени-Вальдапфель Имре
Мажарстанда қалыптасқан жамбылтану дәстүрі академик Тренчени-Вальдапфель Имре (1908 ж. туған) шығармашылығымен тікелей байланысты. Ол беделді университеттің ректоры болған, 1950 жылдан Мажар Ғылым академиясының мүшесі. Ол – дін тарихына, ежелгі дәстүрлердің алмасу мәселесін, антикалық драматургияның тарихын, байырғы мажар әдебиетінің классикалық дәстүрлерін зерттеуге арналған ұзын-ырғасы 400-дей еңбектің авторы. Ғылыми шығармашылығын грек-латын әдебиетіндегі түрлі жанрлардың бастауындағы алыптардың шығармаларын мажар тіліне аудару және әдеби байланыстар мәселесін зерттеуге арнаған: Гесиодтың, Менандрос, Софокл, Эсхил туындыларын, Цицерон таңдамалысын түпнұсқадан аударған. Оның шығармашылығы арқасында мажар оқырмандары Пушкин, Лермонтов, Крылов, Горькийдің туындыларымен бірге қазақ жыршысы Жамбыл Жабаевтың шығармаларымен танысуға мүмкіндік алған. Жамбыл ақынның шығармасы бірнеше мәрте мажар тілінде жарық көрді.
Зерттеулері үшін Мажарстан мемлекеттік сыйлығымен және әдебиетшілерге берілетін Баумгартен сыйлығымен екі мәрте марапатталған айтулы ғалымның «Жыр сахарадағы жойқын күш (Қазақ әдебиеті туралы штрихтар)» атты мақаласында «... өткен заманның ерлікке толы естеліктерімен шендесе, үмітті болашақ жырлайтын ақын-жыршылардың ұлттық сананы оятуда, оқтын-оқтын төңкерістік сананы маздатып отыруда орасан маңызы болды. Ескі гректер арасында Гомердің жыршылары сияқты қазақ ақындарының тұлғасына ерекше қасиет пен айрықша артық құзырет тән еді. Қазақтың жыршылық дәстүрі көптеген қырынан грек поэзиясының Гомер эпостары өрбіген алғашқы даму кезеңімен ұқсастығы байқалады».
Ол Жамбыл шығармашылығын классикалық Грекиядағы гомерлік дастандарды жатқа жырлаушы, эпикалық, негізінен кәсіби ақындық дәстүрдің бастауында тұрған рапсод Гесиод (Хесиодос) образымен салыстырады. Жамбылдың ұзақ ғұмыры, шынтуайтында, қазақ тарихындағы өзгерістерді «зар заман» және төңкеріс әкелген жаңашылдықтың да айғағы іспетті екендігін айтады. Уәжін Жамбыл жырларынан үзінділерімен көркемдей отырып, зерттеуіне қоса, автор өз тәржімасындағы «Сұраншы батыр» дастанынан үзінді, «Атаның әлдиі», «Жылқышы», «Алатау» өлеңдерін де қоса берген («Nagyvilág» журналы 1957, №8 саны).
Тренчени-Вальдапфель Имре Қорқыттан бастап, Махамбет, Абай, Жамбыл аралығындағы ақындық дәстүр сабақтастығын шолып өтіп «әдебиет теориясы мен салыстырмалы әдебиет тарихы үшін қазақ поэзиясын соншалықты қызықтырады, оның Гомерге дейінгі ауыз әдебиет дәстүрімен ұқсас қырлары бар», деген түйін жасайды.
Тренчени-Вальдапфель Имре қазақ әдебиетін зерттеу үшін қазақ тілін үйренген, арнайы ат cабылтып Алматыға барған. 1969 жылы сәуір айында Мажарстанда өткен қазақ мәдениеті мен әдебиетінің күндерін ұйымдастыруға үлкен еңбек сіңірген. Өкініштісі, жүрек талмасынан ерте (1970 жылы) көз жұмған.
Жамбыл ақынның Мажарстанда дәріптелу жайы
1887 жылы құрылған «Kis Ujság» атты тәуелсіз, саяси газет «A nép regös énekese» (Халықтың қарт жыршысы) деген атпен көлемді қазанама жариялап, қарт жыршыны еске алған.
Жамбыл ақын мажарстандық журналдар мен газеттерде танымал болып қана қоймай, оның өлеңдері радиода да оқылды, түрлі кештерде орындалды. Оның өмірі туралы «Жырау аманаты» фильмі Мажарстан кинотеатрларында да көрсетіліп тұрды. Орталықтан бөлек аймақтық (мажарша-медье) басылымдарда да жарық көрген материалдар немесе Жамбыл ақынның өлеңін қайталап басқан жайттар көп. Тіпті қазақ академигі М.Қаратаевтың Гүржістанға барған Жамбыл сапары туралы шығармасын 1972 жылы аударып жариялаған.
Мажарстанда Жамбыл ақынның қайтыс болғанына он жыл толуына орай арнайы шаралар ұйымдастырылған. Газеттер де жарыса жазған: айталық, «Мадияр Немзет» (Мажар ұлты) газетінің 1955 жылғы 17 маусымдағы санында арнайы ақпарат берсе, «Esti Budapest» (Будапешт ақшамы) газеті шараның барысын, тіпті «Жыраудың cерті» (A dalnok esküje) атты фильм көрсетілгенін хабарлаған. Будапештте 1955 жылы 22 маусымда өткен мың жарым адам қатысқан жиында Мажарстанның бас жамбылтанушысы, академик Имрен ақынның саяси тақырыптағы өлеңдерін талдаған.
Ілгеріде Сегед қаласында өткен мәдени шара туралы хабарламада «жүз жасаған қазақ ақыны (мажарша транскрипциямен «akün» деп жазған) Жамбыл Жабаевтың ұлы заң туралы шығармасын арқау еткен музыкалық шығарма үлкен хорда орындалды», –деп жазды «Tiszatáj» журналы 1949 жылғы №4 санында. Музыкалық шығарманың авторы – институт ұстазы (кейін музыка академиясының ректоры болған) және Мажарстан композиторлар қауымдастығының жетекшісі, композитор Сабо Ференц. Жамбыл жырларына хор шығармасын жазған маманның «Жамбыл жырларынан құрылған хор композициясы, өзара сабақтас алты бөлімнен тұратын ауқымды, терең көркем әсер туғызатын туынды эпикалық асқақтықпен ... қалықтады», делінген.
Жыр алыбы Жәкеңнің шығармаларына Мажарстандағы университет оқу бағдарламасына ұсынылған хрестоматияда (мысалы, Világirodalmi antológia
V. Egyetemi segédkönyv. Budapest: Tankönyvkiadó, 1958), 1960-1965 жылдары жарық көрген әлем әдебиетінің антологияларындағы кеңес ақындарының жинақтарында арнайы орын берілген.
Жамбыл Жабаев шығармаларының мажар тіліне кеңінен аударылуы мен насихатталуы нәтижесінде елдегі түрлі энциклопедиялардан да орын алғандығын айтып өту жырау шығармашылығының маңыздылығы мен көркемдігіне әдебиеттану саласының мамандары тарапынан берген шынайы баға деп айтуға тұрады. Айталық Мажардың жаңа энциклопедиясының 1962 жылғы 6-томынан, 1972 жылы жарық көрген Әлем әдебиеті энциклопедиясының екінші томынан орын алды. Соңғы жарияланымдағы мақала авторы Мандоки Қоңыр Иштван ақын есімін Dzsambul Dzsabajev деп мажарлар арасында орныққан орысша транскрипциядан гөрі, ұлттық, яғни қазақы есімі Zsambul Zsabajuly екендігін жазады. Тақырыпқа қатысты мажар мамандарының еңбектерімен қатар Жәкеңнің 1955 жылы жарық көрген «Үштомдық шығармалар жинағына», сондай-ақ Мұхтар Әуезовтің «Жамбылдың айтыстағы өнері» (1948) еңбегіне сүйене отырып, Жәкеңнің «Құлмағанбет, Сарбас, Досмағанбет, Шашубай сынды ақындармен сөз сайыстырғанын, лирикалық және эпикалық туындылар қалдырғанын», қазақ халық дастандарын жаңаша леп, тың қырларын әкелгеніне тоқталған. Отандастары оның жырларын халық әні ретінде шырқайтындығын баяндаған.
Мажарлар Жамбыл Жабаевты «Қазақ Гомері», «Ақындардың атасы», «Қазақ даласының ұлы жыршысы», «халықтың қарт жыршысы» деп атап, қазақ халқының өткен тарихтағы қиыншылықтары мен ерлігін жырлаған және өнері социалистік мәдени төңкеріспен жаңарған замандағы жыршысы ретінде бағаланды.
Саяси-идеологиялық тұрғыдан сүргіленіп, әбден өңделген, тіпті көп ретте автордың ырқынан тыс зорлықпен өзгеріске ұшыраған өлеңдері өз тұсында саяси машинаның тапсырысын орындаған, кейін ұмыт болған жырлар санатына енді. 1956 жылы Мажарстанда бой көрсеткен антикеңестік төңкерістен кейін Хрущев жылымығы кезеңінен бастап, Жамбыл ақынның осындай сипаттағы өлеңдері қайта басылмады. Керісінше, оның орнын Жамбылдың шынайы жырлары басты. Әсіресе ақын шығармашылығының айшықты бір қырына баланатын батырлық дастандарынан «Сұраншы батыр» және «Өтеген батыр» дастандарының үзінділері Тренчени-Вальдапфель аудармасымен жарияланған және көп мәрте, арасында музыкалық шығармалар жинағына да қамтылған. «Бесік жыры», «Атаның әлдиі» өлеңдері балалар әдебиетінің антологиясына ұдайы жарияланып тұрды. Сол сияқты «Ленинградтық өренім» өлеңі антифашистік тақырыптағы жинақтарға енгізілді.
Саяси жүйеге ғана байланып қалмайтын өміршең қырлары әлі де болса оқтын-оқтын зерттеушілер назарын аударып отыруы Жамбыл шығармашылығының кең диапазонын, әлеуетті қуатын танытады. Жамбыл Жабаев тұлғасынан қазақ-мажар әдеби байланыстарының маңызды әрі қайшылыққа толы бейнесі байқалады. Екінші жағынан, Мажарстан тарихының тым қайшылыққа толы кезеңінде (1947-1953 ж.ж) елдің саяси өмірінде өзіндік орны болған, шығармалары көп мәрте жарияланған. Мажартілді қаламгерлер арасында қазақ ақынының жырын әдеби шығармаларға арқау ететін жайттар кездесіп тұрады.
Жамбыл бейнесі мажар әдебиетінде
Жамбыл ақынның жыраулық бейнесі мажар ақын, жазушыларының туындыларына арқау болғандығын байқаймыз. Мажар қаламгері Девечери Габор 1955 жылы Кеңес Одағында болған кезде Жамбыл Жабаевтың еліне арнайы барған сапарында «Қазақстан немесе Жамбыл рухымен сырласу» атты өлең жазған. Сол сияқты словакиялық мажар жазушысы, сыншы Добош Ласло шығармаларының арасынан Братиславада жарық көрген «Тасқынды заман» атты романында сол арпалысқа толы бір кездегі ахуалды суреттеуде Жамбыл Жабаев жырларының мотивін арқау еткен.
Осы орайда румындық мажар ақыны Геллерт Шандордың (1916-1987) Жамбыл ақынға арнаған өлеңі мажар тілділер арасында Жамбылдың танымалдылығын айғақтайтын туынды деуге болады. Өлеңді қазақша сөйлеткен танымал фольклорист-ғалым, ақын Ақеділ Тойшанұлы.
Мажар-қазақ әдеби байланысы Абай, Жамбыл, Мұхтар сынды ұлы тұлғалар шығармашылығы сүрлеуімен екі халықтың рухани жақындасуы, бір-бірін жақын білуге қызмет ете бермек. Ол жаңа арналармен толығу үстінде.
Хинаят Бабақұмар,
тарих ғылымдарының кандидаты,
«Мадияр-Тұран» қоғамының қызметкері
Геллерт ШАНДОР
Жамбылдың бөркіне
Чоконай* шайырдың мүсінін көргенде,
Лакоци Дьөрдь** ақын көргендей заңғарды.
Бас иіп ұлылық құдірет алдында,
«Етігі төтенше үлкен!» деп таңғалды.
Жамбылдың мүсінін көргенде мен алғаш,
Сол сөзді қайталап еліктеп.
Мендағы таңдандым жыраудың кигені,
«Ой, қандай әдемі бөрік!» деп.
Қарт Жамбыл ғажайып бөркінің,
Тым қызық хикая желісі.
Алуан аңызға жүк болған,
Үш бұйра қозының елтірі терісі.
Бұл бөрік басына жарасып,
Қолында домбыра ел шарлап.
Айтыста талайды жеңген ол,
Қолдаған өнерін киелі қанша аруақ.
Додаға түскен ол тайсалмай,
Басында бұйра жүн бөркі бар елтірі.
Тұлпарлар жете алмай шаң қапқан,
Даланы саңқылдап оятқан ерте үні.
Ғашық боп ақынға шоқтай боп жанатын,
Арулар сымбатты еліктей елеңдеп.
Өр үнін аузынан іліп ап таратқан,
Сақара дауылы желпініп, елеуреп.
Домбыра, қобызын гулеткен,
Өлеңнің піріне, киеге сыйынып.
Саятшы, құсбегі, малшылар мәз болған,
Той-думан базарда қасына жиылып.
Маң төбет, тазы ит те құлағын түретін,
Тайыншадай құтпан да әуенге мүлгіген.
Қарғаның қарқылын мезетте өшірген,
Бұлбұлдың аузынан төгілген жыр кілең.
Жамбылдың дастанын тыңдаған бір қойшы,
Елтірі теріні пышақпен сыдырып, иледі.
Тіккізді әйбат бір көрікті бөрікті,
Ісмер жарына өтініп үйдегі.
Ақынның басына бөрікті кигізген,
Сый-кәде жасаған, жарасқан тұп-тура.
Көмірдей елтірі маңдайға үйлескен,
Қошақан секілді сүйкімді бұп-бұйра.
Сол қойшы қайда екен, білмейміз ештеңе,
Көңілі, ниеті көл дария көлкіген.
Ал Жамбыл ешкімге ұқсамай,
Әлемге танылды қазақы бөркімен,
Николай патшаға көтеріліс жасалды,
Ел кегі тасыды буғандай өзенді.
Момақан қой терісін сыдырған сол пышақ,
Кек үшін жауларға ашумен кезелді.
Қария ақынның түгелмес аңызы,
Айтылар талай жыр таңдарда арайлы.
Боз жусан даладан бозторғай үнімен,
Әпсана астасып әлемге тарайды.
1956
(Аударған Ақеділ Тойшанұлы)
Чоконай* толық аты-жөні Чоконай Витес Михай (1773-1805) – мажар ағартушылық әдебиетінің ең көрнекті өкілдерінің бірі, ақын, драматург; Лакоци Дьөрдь** – ХХ ғасырдың орта шенінде өмір сүрген ақын