Салтанатты шараға жазушы, «Алаш» сыйлығының иегері Мархабат Байғұт, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі қатысып, жергілікті зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындарына ізгі тілектерін білдірді.
«Егемен Қазақстан» газетін санасы сәулелі оқырман тұшына оқиды. Жөні бөлек, жосығы ерек басылымды әр кезеңде Алаштың ардақтылары басқарған, қызмет еткен. Күні кеше Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Сауытбек Әбдірахманов секілді тұғалар, соңғы жылдары жерлесіміз, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі басшылық етіп келеді. Ата басылымда бізде еңбек еткендіктен бұл басылым біздің қарашаңырақ. Сондықтан елдің бас газетіне берілген көше атауына бізде марқайып, мақтанып отырмыз», деді қарымды қаламгер Мархабат Байғұт.
Естеріңізге салар болсақ, жетінші шақырылымдағы Шымкент қаласы мәслихатының кезекті үшінші сессиясында Шымкент қаласы мәслихаты мен әкімдігінің бірлескен қаулысымен 2021 жылдың 18 наурыз күні қаланың атауы жоқ 325 көшесіне қазақтың белгілі Оңтүстіктегі елді-мекендердің атаулары, жер-су атаулары, роман, эпос, халық әндері және танымал баспалардың атаулары берілді. Қаратау ауданы Бозарық саяжайындағы 65 көше «Ана тілі», «Жас алаш», «Абай жолы», «Қамар сұлу», «Балхадиша», «Ақбілек» және тағы басқа атаулармен аталады.
Осынау тағылымды жиынға Нұр-Сұлтан қаласынан «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі қатысып, тұрғындарды жаңа көше атауын алуымен құттықтады.
«Бүгін ел газеті ғана емес, күллі қазақ баспасөзі үшін де тарихи күн. Бұл ұлт үнпарағының басында тұрған ұлы тұлғаларға көрсетілген құрмет деп есептейміз. Тың бастаманы жүзеге асырған қала әкімдігіне, ондағы азаматтарға алғыс айтамыз. Анығында, ғасырлық тарихы бар басылымның ең көп оқырмандары да осы шырайлы Шымкент өңірінде. Былтыр қала әкімдігімен бірлесіп арнайы «Шымкент» бетін аштық. Үшінші мегаполис атанғалы шаһарда көптеген жаңа жобалар қолға алынып, елге белгілі азаматтар қызметке келіп жатыр. Осындай жақсы жаңалықтарды елге, оқырманға жеткізу біздің міндетіміз. Шымкенттің керегесі кеңге жайылғалы, жаңа қосылған елді мекендерге көше атаулары беріліп жатыр. Қазақы иіс аңқып тұрған көше атауларынан жергілікті жердегі зиялы қауымның қолтаңбасы менмұндалайды. Егемен Қазақстан көшесінің жас жасөспірімдері өсіп жетілген сайын біздің жаңа оқырмандарымыздың қатары да өсіп, жетіле түседі деген сенімдеміз», деді Дархан Қуандықұлы.
Шара соңында ауыл биі Серік ақсақал сөз алып, қаладағы көше атауларының қазақша атаулармен аталып жатқандығына ризашылығын білдірді.
Айта кетерлігі, осыдан біраз жыл бұрын Нұр-Сұлтан қаласында «Егемен Қазақстан» атты көше ашылған болатын. Жүз жылдан астам тарихы бар республикалық басылымның атына үшінші мегаполисте көше атауы берілуі сол рухани сабақтастықтың бір белгісі болса керек. Ұлт руханиятын ұлықтаған шымкенттіктердің игі бастамасы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айқындап берген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғырудың» жарқын көрінісімен үндесіп жатыр.