Балауса шақта «нан бар жерде ән бар», «дәнді шашпа, нанды баспа», «нанның ұнтағын жесең, бай боласың» деген сөздерді естіп өскен буын ас қадірін білсе керек-ті. Қазір қалада қоқыс жәшігінің маңына қалтаға толы нанды тастап кету әдетке айналған. Дала академигі Ыбырай Жақаев «әлемдегі ең асыл не?» деген сұраққа еш бөгелместен «нан» деп жауап беріпті. Ал асыл ас қоқыста үйіліп жатыр.
Нарықта нанның бағасын көтерсек, қадір-қасиеті арта түсер, бәлкім? Ұлттық статистика бюросының 2021 жылғы қаңтар-ақпандағы есебіне сәйкес жекелеген өнім түрлерінің өндірісі жыл сайын артып келеді. Қазақстан бойынша нан бағасы бір жыл ішінде 10,5%-ға өсті. Бірінші сұрыпты бидай наны 9,2%-ға, жоғары сұрыпты ұннан пісірілген нан – 13,5%-ға, қара бидай наны 12,6%-ға қымбаттады.
Айта кетейік, былтыр ас атасы 5,7 пайызға, ал биыл 0,3 пайызға қымбаттап үлгерді. Петропавл қаласында нан бірден 15 пайызға шарықтап шыға келді. Халық көп тұтынатын «ерекше» сұрыпты нанның бір бөлкесі 91 теңгеден 105 теңгеге дейін қымбаттаған. Ал кейбір дүкендерде 120 теңгеден сатылады.
Әкімдік қызметкерлерінің айтуынша, бағаның өсуіне бидай бағасы себеп болған. Солтүстік Қазақстан облысында астық қымбат. Бірақ әлеуметтік нанның бағасы өзгерген жоқ – 61 теңге. Алайда сатушылар «оны ешкім алмайды» дегенді алға тартады. Облыста соңғы жарты жылда ас атасының нарықтағы бағасы үш рет өзгерді.
Ал бас шаһардағы нанның бағасы әр ауданда әрқалай. Мәселен, елорда маңындағы Көктал ауылында бөлкенің бағасы – 105 теңгеден 110 теңгеге дейін құбылса, қала орталығында – 130, 150 теңгеден сатылады. Ал оңтүстік астанадағы нан бағасы – 120 мен 160 теңгенің арасында ауытқып тұр.
Бұл орайда қалалық және облыстық атқарушы органдар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне шекті бағаны белгілей алады. Алайда нарықтағы баға біріздендірілмегендіктен, тізімге қандай азық-түлік кіретіні және сатушыларға шекті бағаны бұзғаны үшін қандай айыппұл салынатыны белгісіз. Алдағы қарекет қалай болмақ?
Дамыған елдердің озық тәжірибесін негізге алсақ, Алманияда күнделікті 3 мыңнан астам түрлі нан мен тоқаш пісіріліп, сатылады. Елдегі орташа көрсеткіш бойынша бір неміс отбасы жылына 42,4 кило нан тұтынады. Мәселен, Штутгарт қаласында багеттер теңгеге шаққанда – 1 500 теңге. Германиялықтарда ұзақ жылдар бойы наубайшы мамандығы кеңінен өріс алды. Қазіргі таңда неміс наубайшылары өнімдерін әлеуметтік желілер мен көрмелерде жиі жарнамалап жатады. Сөйтіп, кәсіби дағдыларын жетілдіріп, көпшіліктің қалауындағы өнімді ұсынуға тырысады. Алманиялықтардың ас атасына деген сүйіспеншілігі жыл сайын артпаса, кеміген емес. Сол себепті бұл елде нан-тоқаш өнімдерінің 3200 түрі бар. Осыған байланысты мемлекеттің қолдауымен «Неміс нан институты» құрылып, тоқсан сайын арнайы бақылау жүргізіліп тұрады.
Ал Күншығыс елінде күріш тағамы негізгі өнім болғанымен, кейінгі кездері Батыс иіріміне бет бұрғанын аңғаруға болады. Мәселен, жергілікті тұрғындар дүкен сөрелеріндегі француз багеттері мен америкалық тостерлерді жиі сатып алады. Осы орайда бір нанның бағасы иенге шаққанда – 610 теңге.
Ендігі бір мәселе – жылтыр мұқаба беттері мен түрлі әлеуметтік желілерде нанның зияны туралы жиі айтылып жүр. Сәнді диетологтар оны қант диабеті, семіздік және басқа да аурулардың пайда болуымен байланыстырады. Салдарынан оқырман қауым жаңсақ хабарлардың соңынан еріп, тіпті, нан өнімінен бас тартып жатады. Нан өнімінде ағзаға қажетті биологиялық белсенді қоректік заттардың бәрі бар. Соның ішінде амин қышқылдары, В1, В2, РР витаминдері, калий, фосфор, магний, кальций, темір минералдары иммунитетті көтеруге оң әсерін береді. Сонымен қатар қамырға органикалық қышқылдар, дәрумендер, хош иісті және бактерицидті заттар жиналып, ішек микрофлорасын жақсартады. Патоген мен жұқпалы асқазан-ішек ауруларына, дисбактериоз және қант диабетінің алдын алуға ықпал етеді.
Көптің көкейінде жүрген уайымды сейілту үшін нанның қадір-қасиетін арттырған абзал. Тоқшылықтың мәуесін тарылтып алмайық.