Аймақтар • 03 Мамыр, 2021

Өріссіз ауылдың тұрмысы өрістемейді

486 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Диқандық дамыған Қостанай өңірінде егін алқаптарының құрсауында қалған көптеген елді мекендер жайылымнан таршылық көріп, қыспақпен күнелтіп отыр.

Өріссіз ауылдың тұрмысы өрістемейді

Етегі шеткі үйдің қорасына тіреліп жатқан дәнді алқаптар ауыл тұрғындарының қолындағы азғантай малдың көбеюіне мүмкіндік бермей келеді. Осыдан 20-25 жыл бұрын жерді ұзақ мерзімдік жалға алып, біржола иемденіп алған шаруа қожалықтары ауыл-ауылдың айналасындағы бұрынғы кең өріс, жайлы жайылымдарды жыртып, дән егіп тастаған немесе қысқы мал азығын дайындайтын шабындығына айналдырып алған.

Мәселен, Қостанайдан 35 шақырым қашықта жатқан Айсары ауылын алайық. Кезінде Глазуновка деп аталған бұл елді мекенде бұрын негізінен өзге ұлт өкілдері тұрған. Ол кезде миллионер атанған кеңшардың мыңғырған малы, сүт өңдеп қаймақ сүзіп, май шығаратын зауыты болған деседі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Торғай, Амангелді, Науырзым өңірінен ауған көш ауылды қазақшаландырып, атауын Айсары деп өзгертті. Қазір мұндағы қазақтардың үлесі 75 пайыздан асады. Өрісі отты, айнала суы мол Айсары облыс орталығына жақын орналасқандықтан мал өсіруге қолайлы. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, қаладан қой іздеп, қымыз, сүт, қаймақ, май сұрап келетіндер көп екен. Бірақ жайылымның жоқтығы қолды байлап, ауыл тұрғындары ата кәсіпті ұқсатып дамыта алмай отыр.

Айсарыға арнайы барып, тұрғындардың мұңын, ауыл әкімінің уәжін тыңдап қайтқан едік, халық пен әкімнің сөзі екі түрлі болып шықты. Тұрғындар жайылым жоқ десе, әкім жайылым көп дейді.

Әмір Қайыров, Айсары ауылының тұрғыны, зейнеткер:

– Үкімет мал ұстаңдар, қарап отырмай жеңілдетілген несие алып, шағын шаруашылық ашыңдар деп жатыр, оған жайылым жоқ қой. Менің үйімнің артында 100 метр, мына жағында 50 метрден әрі қарай егін. Соны әрі қарай ысырып, ауыл маңына мал жайылатын жер қалдырса, жастар да қалаға кетпей, осында қалар еді. Негізі, Айсары сияқты қалаға жақын ауылдардағы тұрмысты түзеудің жалғыз көзі осы мал ғой. Сүт, май, ет сатып, шылқып пайда тауып отыратын жерде отырмыз. Бірақ жайылым жоқ. Өзім зейнеттегі адаммын, балам Қостанайға барып-келіп жұмыс істеп жүр. Осы ауылдың 75 пайызы нәпақасын қаладан тауып жүр. Үйдегі мал басын көбейтейік десек, жағдайымыз мынау, еш мүмкіндік жоқ. Бір-екі сиырым, он шақты қойым бар, соның өзін ұстап тұру қиын. Жем-шөп қымбат, сүт арзан. Ауызсуды сатып ішіп отырмыз. 20 литр суды 200 теңгеге сатып алып, 1 литр сүтті 110-нан сатып отырмыз. Бұл масқара ғой. Біз қартайып барамыз, жастарда мал ұстайтын ниет жоқ. Олар босқа арамтер болып, еңбегі еш кететінін біледі. Біз сияқты зейнет жасындағы адамдарға малдың ауылға жақын жүргені ыңғайлы. Бұрынғы жайылымның бәрі қазір егіс алқабына айналып кетті. Ел тізгінін ұстаған азаматтар осыны реттеп берсе дегенім ғой.

Руслан Оңайбеков, ауыл тұрғыны:

– Мал бағатын жер жоқ, ауылдың дәл қасынан «Нұр-Сұлтан – Екатеринбург» бағытындағы халықаралық автокөлік жолы өтеді. Көлік толассыз ағылып өтіп жатыр. Малға өте қауіпті. Трассаның арғы бетінде біраз жайылым бар, бірақ ол жаққа мал айдап өту қиын. Жолдың бойына «Бұл жерден мал өтеді, жылдамдықты теже» деген белгі де қойылмаған. Қатты келе жатқан көлік малды соғып кетсе, жүргізуші емес, мал иесі айыппұл төлейді. Қазір трассаға жақындап кеткен малды қамап, иесіне айыппұл салып жатыр. Учаскелік инспекторға айта-айта шаршадық. Сондықтан бізге ауылдың екінші жағындағы күре жолдан алыс жерден жайылым керек. Ол жаққа ауылға тақап тұрып егін егіп тастаған. Алдыңғы жылы сол егінге дельтапланмен дәрі шашып, таңертең бүкіл ауылды иіс алып кетті. Демала алмай қалдық. Айнала түгел егін. Шаруа егінге түсіп кеткен малды қамап қойып, учаскелік инспекторды шақырады. Ол айыппұл салады. Өзімде бірсыпыра мал бар. Ауыл маңында өріс тар болған соң, алысқа айдап әкеттік. Бұрын ауылдың қала жақ беті тұрғындарға тиесілі жайылым еді, оны жергілікті шаруа жекешелендіріп алды. Заң бойынша егіндік жер ауылдан 5-7 шақырым қашық болу керек. Мен өлшеп санап шықтым, біздің ауылдан 30-50 метрден кейін егін басталады. Қолда қой бар бірақ семірмейді, сиыр бар, сүті аз.

Алмас Шаймағамбетов, ауыл тұрғыны:

Көзімізді ашқалы төрт түлікке қарап өстік. Қолымыздан келетіні де осы мал өсіру. Қазір мал басын көбейту мүмкін емес. Үйде екі сиыр, төрт бойдақ мал бар. Негізі, ауыл қалаға жақын болғандықтан, қойды көбейткім келеді. Көбі ұсақ мал іздейді. Қаладағылар құдайдың құтты күні қой іздеп уатсапқа жазады да жатады. Бірақ біздің қойлар арық, күй жинай алмайды. Сол біздің қолымызды байлап тастай береді. Басты кедергі – жайылым жоқ. Ауылдың айналасындағы азғантай жайылымға жылқы түскен соң, аз күнде ақ шаңға айналады. Осы маңда бір-екі жеке шаруашылық бар, бәрі егіндерін ауылға тіреп тастаған. Біз сиырды өріске жіберіп, бұзауды үйде қалдырып үйренгенбіз ғой. Бірақ бұзауды үйде ұстау қиын. Өйткені жем-шөбіміз қымбат. Амалсыз ауыл арасына бос жіберіп қоямыз. Сосын әкімдік, не учаске инспекторы келеді де айыппұл салады. Қазір бұзауды көшеге шығарудан қорқатын болдық. Ең болмаса, егінін ауылға тіреп тастаған шаруалар арзан бағамен сабан берсе ғой. Ақыр осы ауылдың маңындағы жерді пайдаланып отыр екен, жергілікті тұрғындарға арзан жем-шөппен көмектессе. Біз жемді осыдан 12 шақырым жердегі Половниковтан сатып алып отырмыз. Оның өзіне ұзын-сонар кезекке тұрып, қырылып жүріп әрең жетеміз. Ондай шаруалар осы ауылда да бар ғой, әкімдік солармен бір келісімге келіп, халыққа жеңілдік жасау жағын қарастыруды білмейді, бас салып айыппұл салғаннан басқа. Біздің шаруалар сабандарын жағып жібереді немесе шашып тастайды.

Жангелді Адаев, ауыл тұрғыны:

Батыржан деген жеке шаруа менің үйімнің артына тақап тұрып, дәл іргеден егін егіп тастаған. Бұрын ол жерге мал жаятынбыз. Қазір бұзауларды қамап тастайды, бір лақ кіріп кетсе де айыппұл салу керек деп қоқан-лоқы көрсетеді. Сол үшін жылда айқай-шу туады. Одан былтыр ауылдың дәл шетінен Бәшібаев деген депутат шаруа үлкен қора салып, техникасы мен малын әкеліп жан-жағын қоршап тастады. Оның ар жағы егін. Ол жерге біз бұрын бұзау арқандайтынбыз. Былтыр бұзауым арқанын үзіп кетіп, тектен-текке 55 мың теңге айыппұл төледім. Бәшібаевтың 3 мың гектар егіні, 200-300 гектар шабындық жері бар. Қазір малын сол жерге бағып отыр. Күзге қарай ауылға әкеледі, содан көктемге дейін ауылда болады. Өткенде аудан әкімі келгенде де, шаруалар малын ауылдан алыстау жерге бақсын деп бәріміз жиналып айтқанбыз, бірақ ештеңе шешілген жоқ.

Қалуатбек Мейірманов, ауыл тұрғыны:

Ауыл маңындағы шаруалар өздеріне тиесілі жерлерін кеңейтіп, жыл сайын 100-200 метрден жер қосып алып жатыр. Нәтижесінде, мал бағатын жайылым тарылып кетті. Оны ешкім тексеріп жатқан жоқ. Әкімдік соны тексеріп, халыққа жайылымның шекарасын сызып көрсетіп беру керек қой. Былтыр шаруаларды шақырамыз, жерлерін дронмен өлшеп, құжат бойынша тексеріп, артығын алып береміз деп еді, ол сөз күйінде қалды. Дәл қазір халық мал бағатын жер таппай отыр. Мына жерде мал жайылатын Дойкі дейтін жер бар еді, оны былтыр Бәшібаевтар шауып алды. Әкім биыл шапқызбаймын деп еді, оған тағы сенбей тұрмыз. Шынында да, осы ауылдың айналасын қысып тастап отырған шаруаларға арнайы ревизия жасау керек. Мысалы, бір шаруада құжат бойынша 200 гектар болса, шынтуайтына келгенде 300 гектар жерді пайдаланып отыр. Соны тексеру керек. Әйтпесе, ауыл халқы мал ұстай алмайды. Ұстайтын жағдай жоқ. Онсыз да жем-шөп қымбат. Былтыр шөптің тоннасы 30 мың теңге болып еді, биыл 40 мың болатын шығар. Жемнің бір қапшығы 3,5 мың, кебектің бағасы – 1400 теңге.

Бауыржан Нұрғазин, Айсары ауылдық округінің әкімі

– Менде қазір жайылымнан проблема жоқ. Кезінде мұнда 1,5 мың ғана гектар жайылым болған. Осыдан екі жыл бұрын шаруалардан 634 гектар қайтарып алдым. Бұрын ауылдың дәл түбінде тұрған 613 гектар жерді бір шаруа банктен сатып алып, жырта бастаған ғой. Содан халық шу көтерген соң, шаруашылық басшысымен сөйлесіп, келісіп, оған ауылдан 25 шақырым қашықтағы мал баспайтын бос жерді бердік. Сосын Дойкі деген жер бар, оған да мал шығады, әдемі жайылым. Алдыңғы жылы 600, былтыр 1 мың гектар жер қайтарып алдық. Соны қосқанда қазір 4 мың гектардай жайылым жер бар. Жақында ғана жиын өткізіп, халыққа түсіндіріп айтқанбыз. Кеше ғана елдің екі табын малы жайылымға шықты. Бір табында 180 бас, екіншісінде 140 бас, бәрін қосқанда ауылда бас-аяғы 320 бас қана мал бар. Енді 4 мың гектарды мал басына шағатын болсақ, 800 бас мал жайылатын жер бар. Бұл бізге жеткілікті. Бір мәселе бар, шаруалар жердің бәрін 20-30 жыл бұрын алып, 48 жылға дейін өздеріне жаздырып алған ғой. Қораның артында 50 метрден кейін Батыржан деген шаруа қожалығы егін салады. Соған бұрын дәрі шашатын. Халық шағымданған соң, оны тоқтаттық. Халық сонда да жайылым аз дейді. Содан Мұрат Бәшібаев деген ауылдың депутаты бар, сол кісімен кездестік. Ол кісі: «Мен үлгі көрсетейін, осы ауылдың маңында 260 гектар жерім бар. Соны халыққа қайтарып берейін» деді. Оны аудан әкімі де, халық та естіді. Батыржан Айтмұрзаұлымен де сөйлестім. Ол кісінің де ауылдың іргесінде Тәуелсіздік көшесінің артында 180 гектар жері бар. «Бәке, халық тыныш болсын, ауылдан 20-25 шақырым жерде бос жатқан жер бар ғой, шығынды содан көтеріп аларсыз, мына жерді ел игілігіне берсеңіз қалай болады» деп едім, «биыл егін егем, өйткені былтыр дайындап қойдым. Күзде егінімді жинап алған соң, халыққа қайтарып беремін», деген уәдесін берді. Оған бірден мал жаюға болмайды, келесі жылы қайтарып берсе, біз оған көпжылдық шөп егеміз, сосын халыққа тағы жайылым қосылады. Өткенде халықты жинап, ақсақалдардан «жайылым мәселесі бар ма?» деп сұрадым. Бәрі бірауыздан: «Жоқ! Бәке, рақмет, сізге» деп жауап берді. Бірен-саран тұрғындар жайылым жоқ деп босқа айта береді. Бұзау жайылатын жер жоқ дейді. Бұзауды көшеге шығаруға болмайды. Жем-шөп қымбат екені рас. Нарық қой енді. Баға өсіп жатыр. Жұмыс істеу керек. Мен қоғамдық жұмыстың өзіне адам таба алмай отырмын. Ай сайын 60 мың теңге алыңдар, көшені тазалаңдар, ауыл таза болсын деймін. Адам жоқ. Қазір көшеде бір де бір мал жүрмейді. Бәрі таза болу керек. Бұзау үйде тұру керек.

Осылайша, тұрғындар мен әкімнің сөзі үйлеспей отыр. Бір көзіміз жеткені – заң шаруалар жағында болғандықтан, оларға жергілікті әкімдіктердің сөзі өте қоймайды. Мұны жақсы түсінетін ауыл тұрғындары жоғарыда отырған жанашыр азаматтар жайылым туралы заңды қайта қарап, ауыл маңындағы жайылым мәселесін реттеп берсе екен деген тілектерін жеткізді.

 

Қостанай облысы