27 Сәуір, 2010

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚОҒАМДАСТЫҚ ЖАППАЙ ҚЫРЫП-ЖОЮ ҚАРУЫНАН БАС ТАРТА АЛА МА?

776 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Ядролық қаруды таратпау – осы заманның императиві Ядролық державалар клубының бақылаусыз көбеюі – ХХІ ғасырдың ең қауіпті проблемаларының бірі. Егер әлемдік қоғамдастық саяси ерік-жігер та­нытпаса, бұл үдеріс жалғаса беретін түрі бар. Ядролық қаруды таратпау мәселесі де идеалды түрде қадағалануда деп айту қиын. Ядролық қаруды тарат­пау жөніндегі шарт (ЯҚТШ) өзіне жүк­телген міндетті толық ақтай алмай отыр, өйткені, ол ассиметриялық бағыт ұстап, жазалау санкцияларын тек ядролық қаруы жоқ елдерге ғана қолдана алады. Сонымен қатар, ядролық нысандарға халықаралық бақылаушы инспектор­ларды жіберуден бас тартқан елдерге МАГАТЭ мен БҰҰ-ның дәл анықталған әсер ету шараларын қарастырмаған. ЯҚТШ-ның тағы бір кемістігі сол – ол өзіне қол қойған қатысушы мемлекет­тер­дің одан бас тартуына ешқандай шара қолдана алмайды. Осының бәрі шарттың тиімділігі төмен екенін көрсетеді. Сон­дықтан Қазақстан ЯҚТШ-ның әмбебап режімін сақтау үшін ядролық қаруды горизонтальді және вертикальді бағытта таратпау үшін жаңа құжат әзірлеу туралы идея ұсынып отыр. Бұл құжат екі түрлі стандарт ұстанудан сақтандыратын ке­пілдік беріп және тараптардың нақты міндеттеме алуын, сондай-ақ оны бұз­ғандарға қолданылатын санкциялардың тетігін қарастыруы қажет. Сонымен қатар, біз тез арада әскери мақсат үшін қолданылатын шашырайтын материал­дар­ды шығаруға тыйым салу туралы келісім қабылдануы керек екендігіне се­нім­діміз. Қазір әлемде осындай мате­риалдардың екі мың тоннаға жуық запасы сақталып отыр. Бұл қор әскери секторда қолданылмағанымен, ядролық жарылыс құралдарын жасауға әбден жа­райды. Осындай құралдар террорис­тер­дің қолына түссе, олар мемлекетаралық үлкен кикілжіңдердің тууына себеп болмасына кім кепіл бола алатыны туралы ойланып көрдік пе? Фактілерді саралай келе, Қазақ­стан­ның ядролық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық оқу орталығы болуға ең оңтайлы кандидат екендігі анықталып отыр. Осы орталықтың шеңберінде қажетті далалық оқулар мен теориялық семинарлар өткізуге болар еді. Сынаққа мораторийден толық тыйым салуға дейін Ядролық сынақтардың зардабын басынан толық өткізген Қазақстан халқы оған толық тыйым салуды әрқашанда қуана қолдайды. 40 жыл бойы жұмыс істеген Семейдің ядролық полигонында 450 сынақ өткізіліп, соның кесірінен 1,5 млн. адам зардап шекті. Сондықтан да 1991 жылдың 29 тамызында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев оны өзінің Жарлығымен жапты. Нақ осы күн Қазақстанның бастамашылдығымен БҰҰ-да Ядролық сынаққа қарсы әрекет­тер­дің халықаралық күні деп жария­лан­ды. Қазір Қазақстан МАГАТЭ-мен, Кра­ков бастамасымен, Цангер комитетімен және т.б. тығыз ынтымақтастық орнат­қан. Ядролық материалдардың Қазақ­стан­ның аумағынан заңсыз шығып кет­пеуін бақылайтын Ұлттық комиссия құрылды. Бұл комиссия ядролық циклға қатысты барлық мәселеге қадағалау орнатқан. Қазақстан, әсіресе, ядролық қаруды бақылайтын Халықаралық мо­ни­торинг жүйесін дамыту жөніндегі Ядро­лық сынақтарға біртұтас тыйым салу жөніндегі шарттың (ЯСБТШ) дайындық комиссиясы ұйымымен ынтымақтасуға қатты көңіл бөледі. Осы ынтымақ­тас­тықтың шеңберінде 2008 жылы Семей ядролық полигоны аумағында жергілікті жерді инспекциялау мақсатымен инте­гра­цияланған далалық эксперимент жүр­гізілді. Біз көптеген елдердің осы күнге дейін ЯСБТШ-ға қол қоймағанына және оны ратификацияламағанына өкініш білдіреміз. Мұндай жағдай ядролық мем­лекеттерге де, оны жаңа жасағалы жат­қан елдерге де осы қаруды сынақтан өт­кізу жөніндегі өздерінің бағдарламасын жалғастыра беруіне мүмкіндік береді. Осындай жағдайда ядролық мемлекет­терге өздерінің жауапкершіліктерін сезінулері керек еді. Өздері ядролық қаруды жетілдіруге ұмтылып отырып, оны жаңадан жасап жатқан елдерге мұндай бағдарламаларыңды тоқтатыңдар деп ақыл айтуға бола ма? Бейбіт ядролық бағдарламаларды дамыту – тәуелсіз елдердің қол сұғуға болмайтын құқы Ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісі бойынша аса маңызды заңды және барлық адамзатқа қажетті шараларды жа­сай отырып, әлемдік қоғамдастық энер­гетика саласы мен жоғары техноло­гия­ларға деген ұмтылысты да көзге ілмеуіне болмайды. Сондықтан ядролық терроризмге қарсы жаһандық күрес пен халықаралық құқықтың пайымдауынша, өмір сүруге құқылы ядролық бағдар­ла­малардың арасындағы теңгерімділікті естен шығармау керек. Бұл жерде, Н.На­зарбаевтың ойынша, мәселеге тек санк­циялар жасау тұрғысынан ғана келмеген жөн. Бір мемлекеттер мен халықтарды тұтасымен осы үшін айыптап, олардың бейбіт атомды қолдану құқын шектеуге және осындай әрекетпен олардың ұлт­тық намысын аяққа басуға болмайды. Осынау күрделі мәселелерді шешу бары­сында оң ынталандырулар мен префе­рен­циялар жасау қажет. Мем­лекеттерге тек қана бейбіт атомдық бағ­дарламаны дамыту және халықаралық-құқықтық алаңда қалу экономикалық тұрғыдан тиімді болуы керек. Уранның аса үлкен көлемдегі табиғи қорына ие болып отырған Қазақстанның да атомды бейбіт мақсатқа пайдалану жолындағы өзінің құқын қолдануға толық хақы бар. Президент Н.Назарбаев одан әрі Қазақстанның тек шикізат шығаратын ел емес, әлемдік технологиялық тізбекте өзінің лайықты орнын алуға ұмты­ла­тындығын да атап өтті. Сондықтан да Қазақстан Ресеймен бірігіп Ангарскіде Уранды байыту жөніндегі халықаралық орталықты салысуға атсалысатынын айтты. Бізге МАГАТЭ-нің шеңберінде ядролық отынның халықаралық банкін құру идеясы барынша жақын әрі тү­сі­нікті, деді ол. Қазақстан өзінің аума­ғын­да осы банкті орналастыруға дайын. Ядролық арсеналдарды азайту – ядросыз әлемге қарай жүрудің нақты қадамы Стратегиялық ядролық қару-жарақты қысқарту жөніндегі осы күнге дейін қол жеткізілген табыстарға мастануға болмайды. Әлі күнге дейін тактикалық ядролық қару-жарақтар ғаламшардың көптеген аймақтарында шоғырланып тұр. Н.Назарбаев осылай дей келіп, жақын уақытта тактикалық ядролық қару-жарақты қысқарту мәселесі ғаламдық күн тәртібіне енгізілуі қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты ол Тынық мұхитының оңтүстігін, Латын Америкасы, Оңтүстік-Шығыс Азия және Африка, Орталық Азия аймақтарының өздерін ядролық қарудан азат аймақ деп жариялаған тәжірибелерін тарату қажеттігін атап өтті. “Лента ru”.