Қазақ елінің көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаҺандық саммит сапарынан әлемдік қоғамдастық алдындағы зор беделі одан әрі асқақтап оралғанын қуанышпен қабылдадық. Әлемнің беделді мемлекеттерінің басшылары ядролық қауіпсіздікке қол жеткізу мәселесін талқыға салған сол бір кездесуде біздің Елбасымыз баршаның назарын аударды. Басқа елдердің басшылары оның әрбір сөзін ұйып тыңдап, айтқанына құлақ асты, ақиқатты мойындады.
Бұған дейін тәуелсіз Қазақстан әлемге ғаламшардағы тыныштық пен қауіпсіздік жолында ұлан-ғайыр ядролық әлеуетінен бас тартқан бейбітшіл мемлекет ретінде танылып үлгерген еді. Ядролық қарусыздану, ядролық лаңкестіктің алдын алу мәселелері талқыланған саммитте де Қазақстанның осы бағыттағы игі істері лайықты бағаланды.
Елбасымызға саммиттің бірінші сессиясында сөз берер кезде 47 елдің басшылары алдында АҚШ Президенті Барак Обаманың Қазақстанды ядролық қарусыздану жөніндегі әлемдегі көшбасшы ел атап, Нұрсұлтан Назарбаевтың осы саладағы және мемлекет басқарудағы қызметін жоғары бағалағанын көріп, көңіліміз өсті. Өйткені, әлемдік держава – Құрама Штаттар Қазақ елінің тәуелсіздік алған сәтінен бастап ядролық әлеуетін қалай пайдаланарына үлкен мән берген болатын.
Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаев “Ғасырлар тоғысында” кітабында 1991 жылы Құрама Штаттардың Мемлекеттік хатшысы Дж.Бейкермен болған әңгімелерін еске алуы арқылы біле аламыз. Сол кезде-ақ біздің Елбасымыз әлем елдері, оның ішінде АҚШ тарапынан Қазақстанға деген қауіпсіздік кепілдігін алмай тұрып, ядролық қарудан бас тартпайтындығы туралы айтқан сөзінен танбады. Кейіннен осы Дж.Бейкер өз естеліктерінде қазақ көшбасшысының берік ұстанымын жоғары бағалаған еді.
1992 жылы мамырда Қазақстан Президенті АҚШ-қа алғашқы ресми сапары кезінде ұзақ келіссөздер нәтижесінде Америка жағының біз туралы қарапайым ядросыз мәртебені місе тұтады деген үмітін жоққа шығарды. Сөйтіп, АҚШ тарапынан Қазақстанға қауіпсіздік кепілдігін беретін құжаттарға қол жеткізілді. Кейін де бірнеше рет біздің Елбасымызға әлемдік державалар алдында өз пікірін, жас мемлекеттің мүддесін қорғауға тура келді. 1991 жылы Н.Назарбаевтың Америка телевизиясына берген сұхбатында: “Біз ең күшті деген мемлекеттердің өзіне еліміздің территориясындағы ядролық қаруды бақылауға алуға жол бермейміз”, дегені секілді, тәуекелге бел буып, биік мінберлерден батыл пікірлер айтты. Президентіміздің салиқалы саясаты арқасында ғана ядролық мемлекеттер Қазақстанның аумақтық тұтастығы мен егемендігіне қауіпсіздік кепілдігін берді.
Осылайша, барлық ресми кепілдіктерге қол жеткізген соң ғана, 1993 жылғы 13 желтоқсанда Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі “Ядролық қаруды таратпау туралы келісімге қосылу туралы” қаулы қабылдады. 1994 жылғы 5 желтоқсанда Будапешт қаласында АҚШ, Ресей, Ұлыбритания басшыларымен бірге, Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстанның Ядролық қаруды таратпау туралы келісімге қосылуына байланысты қауіпсіздік кепілдіктері туралы меморандумға қол қойды. Сондай-ақ, Отанымыз ТМД елдері ішінде алғашқы болып, Стратегиялық қарулануды азайту келісіміне қосылды. Ал 1995 жылдың 26 мамырында елдегі ядролық қару мәселесіне соңғы нүкте қойылды. Бұл күні Елбасымыз барша отандастарымызға Қазақстан территориясындағы ядролық қарудың соңғы қалдығы жойылғанын хабарлады.
Елбасымыздың ұлан-ғайыр ядролық әлеуеттен бас тартуы – оны өз халқымыздың ғана емес, әлемдік қоғамдастықтың да құрметіне бөледі, біздің жас мемлекетімізге халықаралық аренада жоғары бедел әкелді. Қазақстан бейбітшіліксүйгіш ел, жаһандық қауіпсіздікті нығайтудағы сенімді әріптес ретінде танылды.
“Біз, Қазақстан халқы, ядролық бұғаудан еркіндіктің арқасында босадық. Тәуелсіздікке қол жеткізген соң бірден бейбіт жолға түстік. ХХ ғасыр аяғында, өз еркімізбен ядролық қарудан бас тарту арқылы біз ХХІ ғасырдың қандай болуы қажеттігін көрсеттік”, – деп жазды Елбасы өзінің “Бейбітшілік кіндігі” деген кітабында.
2007 жылғы қыркүйекте Қазақстан басшысы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 62-сессиясында әлем жұртшылығының назарын өзіне аударды. Халықаралық қауіпсіздік жүйесі мәселелерін қозғаған Елбасымыз әлемнің ядролық державаларын атомдық арсеналынан бас тартқан Қазақстаннан үлгі алуға шақырды. Қазақ елі басшысының бұл ұсынысы бейбітшілікті қолдаушы ұйымдардың, барша қоғамдастықтың ризашылығын туғызды. Ядролық қарусыздану саласындағы игі істерімен танымал біздің Елбасымыздың тағы бір идеясы жүзеге асқан еді. Оның ұсынысымен Біріккен Ұлттар Ұйымы 29 тамызды Әлемдік жаппай қыратын қарумен күрес күні деп бекітті.
Міне, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемде ядролық қарумен күрес ісіне қосқан үлесі өлшеусіз екендігі күн өткен сайын айқындала түседі. Оның басшылығымен қолымыз жеткен ядросыз мәртебемізді әлемнің көптеген елдері қолдады. Вашингтонда өткен жаһандық саммитке қатысқан ірі тұлғалардың барлығы Қазақстанның ядролық қарусыздану мен оны таратпау үдерісіндегі көшбасшы бағытын баса айтты. Олар біздің Елбасымызды ядролық қарусыздану ісінде үлгі болатын тұғырлы тұлға деп бағалады.
Саммит соңында мемлекеттік басқару, қауіпсіз әлем құру жолындағы орасан зор еңбегі үшін біздің Президентіміз Бейбітшілік және алдын алу дипломатиясы сыйлығына ие болғанда төбеміз көкке жеткендей болды. Бұл – елінің ардақты ұлы Елбасымыздың ұлан-ғайыр еңбегіне әлем тарапынан берілген үлкен баға. Біз, әскери қызметшілер, ядролық қарудың адамзат үшін зор қасірет екенін жақсы түсінеміз, сондықтан Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қауіпсіздікке сіңірген еңбегін жоғары бағалап, оның барлық бастамаларын қолдаймыз.
Абай ТАСБОЛАТОВ, Республикалық ұлан қолбасшысы, генерал-лейтенант.