28 Сәуір, 2010

БАРЫМЫЗДЫ БАҒАЛАЙ БІЛЕЙІК

653 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
“Егемен Қазақстан” газетінің биылғы 27 қаңтардағы санынан “Ұят болды-ау...” атты мақаланы оқып ойға қалдым. Журналист Ғалым Қожабековтің осы ма­те­риалда Қажымұқан Мұңайт­пасұлы туралы көтерген мәселесі өзекті жайды қозғап, өткір жазылған екен. Автор айтқандай, біз шы­нымен де біртуар тұлғамыздың қадірін өзінің туған жерінде әлі білмей жүрген секілдіміз. Мә­селен, сол Қажы­мұқанымыз орыс­тың Поддуб­ныйынан кем болды ма?! Естіп те, оқып та, көріп те жүр­міз, Ресейде Поддубный де­ге­ніңіз ұлттық батыр ретінде құр­мет­теледі. Ал бізде даңқ­ты чем­пио­нымыздың дәл Астананың түбін­дегі туған ауы­лында шынымен де: “Міне, біздің атақты балуанымыз туған ауыл осы”, деп көрсететін ештеңе жоқ-ау. Осы орайда ескерткішін сомдап, мұражайын мықтап салған Оңтүстік Қазақстан облысының азаматтарына риза­шылық таны­тып, құдайға шүкір деуіміз керек. Мен Қажекең туған ауылдың тұрғынымын. Иә, кезінде бұл елді мекен Буденный атанған еді. Ол кезде, әрине, туралап айтқанда 1957 жылға дейін “күдіктілер тізіміне” ілінгендердің есімін атаудың өзі қылмыстай болатын. Біздің Қажекеңнің өмірбаянына үңілер болсақ, ол кісі де сол заманның қиянатын көргендердің бірі. Бұл жөнінде алдыңғы буын азаматтары жақсы біледі деп ойлаймын. Дегенмен, бүгінгі Қажымұқан ауылында жағдай тым жаман деп айта алмаймыз. Ауылымыздың тумасы марқұм Мұрат Керейбаев көзі тірісінде “Бала Мұқан, балуан Мұқан, қажы Мұқан” және Қажымұқан” атты деректі кітаптар шығарды. Ол кісі осы ауылда мұражай ашамын деп біраз тал­пынып еді, бірақ оған жетпей кетті. Мектептегі денешынықтыру мұғалімі Асылбек Замзин қазақ күресі секциясын ашып, қазір мұнда көптеген бала жаттығып жүр. Араларында аудандық және облыстық жарыстардың жүлде­герлері де бар. Бұрынырақ мектеп директоры Тойлыбек Шахарбаев Қажымұқан ескерткішінің эскизі мен сметасын дайындаған бола­тын. Бірақ аудан әкімдігі: “Әкімнің жұмысына аралас­паңдар”, – деген соң, сол іс те “жабулы қазан жабулы” болып қалды. 90-шы жылдары “Қажы­мұқан қоры” да құрылған еді. Сол қорға ауыл болып 1 миллион рубль жинап өткізген болатынбыз. Оның қай іске жұмсалғаны белгісіз. Жә, өтер іс өтті, болар нәрсе болды ғой. Енді ол кісінің қадір-қасиетін қалай көтереміз дегенді ойлауымыз керек. Облыс әкім­діктеріне, спорт саласының басшыларына ұсыныс жасайық, сөйтіп, елдігімізді танытайық. Сонда ғана Қажымұқан бар қазақтың батыр-балуаны болып тұлғалана түседі деп ойлаймын. А. АРЫСТАНБЕКОВ, зейнеткер. Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Қажымұқан ауылы.