1928 жылы тамыз айында РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесі мен Қазақ Орталық Атқару Комитетінің жергілікті қазақ байларын тәркілеу туралы бағдарламасы Қазақстанның барлық облыстық, аудандық атқару комитеттеріне жолданды. Осы құжатқа байланысты 1928 жылы 5 қыркүйекте Орал облыстық атқару комитетінің отырысы болып, облыстағы қазақ байларының есебі алынады. Арнаулы комиссия құрылып, оған төмендегі жұмыстарды атқаруға тапсырма беріледі:
- Қазақ байларын тәркілеу және колхоз шаруашылықтарын құру;
- Жаңа таптық сипатта совхоздар құру;
- Тәркіленген мал есебін жүргізу, қорғау және бағу;
- Қазақ байларының жерлерін бөлу және колхоздарға бекітіп беру;
- Аудандық шекаралар мен колхоз жерлерін анықтау;
- Жергілікті жерлерде жаңа басқаруды насихаттау.
Шындығында, қысқа мерзімде мұндай күрделі де қиын әлеуметтік қайшылық туғызатын саясатты жүзеге асыру мүмкін емес еді. Бұл қазақ ауылының дәстүрлі дамуын тас-талқан етіп, халық босқындықтың тағы бір кезеңін бастан кешті.
Кеңестік саясаттың таптық сипаттағы күресі одан әрі тереңдей түсіп, байларға жасалған зорлық-зомбылық енді орташаларды тәркілеуде айна-қатесіз қайталанды. Мұның өзі облыс халқының әлеуметтік-экономикалық дамуын тежеп қана қоймай, ұйымдастырылған шаруашылықтар талан-таражға түсіп, оның соңы қолдан жасалған ашаршылыққа әкеліп соқтырды. Облыс көлемінде мал басының жаппай кемуі, байлар мен орташаларды тәркілеу, кедейдің малын колхозға тарту, ауыл адамдарын күнделікті ет-сүт өнімдерінен айыру, ортаға салу халық үшін ашаршылықтың бастауы болды.
Кеңестік орташалар мен кедейлерді ұжымдастыру өз кезегінде қазақ байларын тәркілеуге қарағанда өте күшті дайындықпен жүргізілді. Облыстың әр аймағына 150-дей партия және комсомол белсендісі аттандырылып, қазақ ауылы тағы да тонала бастады. Олар жергілікті жерде орташа және кедейлер арасында жиын өткізіп, шаруашылықты қайта құру бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ «кеңес үкіметіне жат күштермен» аяусыз күресу, оларды жазалау жұмыстарымен де айналысты.
Бір ғана Жаңақала, Орда аудандарында 13 колхоз мүшесі қуғындалып, үшеуі кеңестік сотқа тартылды. Жәнібек ауданында «Қосшы одағы» кедейлер тобынан 83 адам «кеңес үкіметіне жат адамдар» санатына қосылып, одақтан шығарылды.
Кеңестік ұжымдастыру қазақ ауылдарына азап алып келді. Ауыл халқының жеке меншігіне қол сұғылып, күнделікті тіршілік көзі – малы мен еңбек құрал-сайманы тартып алынып, колхозға берілді. Бұл өз кезегінде ашаршылық пен босқындықтың жаппай етек алуына алып келді.
Облыс аудандарында жаппай ашаршылық пен босудың алдын алу, себебін анықтау үшін облыстың жабық жиналыстарында мәселе қаралды. Мысалы, Талөпке, Теңіз, Ілбішін, Егінқұдық аудандарында халықтық бас көтерулер анықталып, жағдайды жолға қою туралы шешім қабылданады.
1930 жылы болған Жаңақала көтерілісіне қатысты 360 адам тұтқындалып, олардың үстінен қылмыстық іс қозғалған, тергеу барысында 160 адам қылмысы анықталмай босатылған, 71 адам тергеу кезінде түрмеде қаза тапқан, ОГПУ жанындағы үштіктің қаулысымен 1932 жылы 25 ақпанда 129 адам әртүрлі мерзімге концлагерге айдалған.
Кеңестік саясатта төменгі буындағы кеңес басшылары жергілікті халықты аяусыз жазалауда жоғарыдағылардан еш қалыспады. Талөпке аудандық атқару комитеті төрағасының: «Көшпенділерге астық бермеу керек, біз оларға босып жүр деген жоқпыз», деп өктемдік көрсетуі сол кездің саясатына еш қарсы болмаушылықтан айтылған өктемдік еді. Облыста кеңестік саясаттың жедел жүргені сонша, қай салада болсын республикада алғашқылардың сапында болды.
1928-1934 жылдар аралығында облыста мал басы күрт төмендеп, сандық көрсеткіште 80%-ға дейін құлдырады. Бұл кеңестік қайта құрудағы жандайшаптықтың кесірі болатын. Алты ауданда мал басы 8 есе кеміп, ең төменгі құлдырау Жылыой (Жилая коса) ауданында – 51,2 есе, Жаңақала ауданында 13,1 есе болған. Ал осы аудандар көлемінде құрылған кеңестік шаруашылықтар саны азайып, 41,4 пайызға төмендеген.
Әрине, үкімет жоспарын орындауда басшылар ешкімді аямады. Колхоз малы байлар мен жеке қожалықтардан күштеп тартып алған түліктен жиналды. Оның соңы адам құрбандығы мен мал басының төмендеуіне ұласып, болашақ ашаршылықтың негізі осылай қаланды. Аудандық көлемде малы жоқ шаруашылықтар көбейе бастап, оның алдын алу жоспары жасалынбады да, ауыл адамдары ауыр күйзеліске бірінші болып ұшырады.
Архив деректеріне сүйенсек, сол кездің куәгері, колхозшы Мамлетов ашына былай дейді: «Колхозда өмір қиындады, нан бермейді, аш күйімізде жұмысқа жұмсайды. Мен колхозда еңбек етемін, соңғы жалғыз сиырымды етке тартып алды, колхоздан қашпаса, басқа амал жоқ...»
Сөзіміз дәлелді болу үшін колхозшылардың шағымдарынан тағы да дерек келтіре кетейік. Мысалы, Жаңақала ауданындағы №3 колхоз басшылары колхозшыларды кеңестік 28 баппен қорқытып, малын тартып алып, колхозшы Игебаевтың әйелімен бірге, сондай-ақ Жұмалиев, Бақалақов және басқалардың аштан өлуіне себепкер болған.
Малы жоқ, мемлекеттен көмек алмайтын адамдар небір адам төзгісіз азапқа түсіп, ел іші босқынға, үдере көшкен адамға толды. Ілбішін ауданындағы «Ленин жолы» ет совхозының жұмысшылары өлген малдың етін қазып алып, азық еткен. №4 ауылда көмілген мал еті жоғалып, оны табу үшін мал дәрігері, санитар және жұмысшылардан комиссия құрылған. «Правда» колхозының колхозшылары жұмыстан бас тартып, жұмыс уақытында дала тышқандарын аулап азық ететіндерін айтқан. Көптеген колхозшы аштықтан ісініп, жүруден қалғаны тіркелген.
Архив деректерінде Шыңғырлау ауданындағы «Бірлік» колхозының колхозшылары күнделікті тамақ асына балпақтың, мысықтың етін пайдаланғанын, колхоздан ешқандай көмектің жоқтығын айтса, «Еркін еңбек» колхозында 8 адам өлімі тіркелген. Әсіресе, Ханкөл, Голощекин, Шалды ауылдарында аурудан өлген адамдардың көрсеткіші өте жоғары болған. Ханкөлде көшпелі 97 отбасының 80-і аштық пен аурудан өледі. Адамдардың мәйіттері жерленбей, үйлерінде немесе далада қалып отырған. Егіндікөл ауылының 326 шаруашылығында 34 адам аштан өлсе, Ащысай ауылында қаңтар айының өзінде 14 адам ажал құшқан. Өлім әдетте аштық пен аурудың кең тарауынан болған.
Облыста ашаршылық жаппай етек алып, Шыңғырлау ауданының Шілік ауылында жерленбеген жеті адам өлігі табылып, бәріне де аштан өлген деген дәрігерлік анықтама берілген. Жәнібек ауданының 3 серіктестігінде 326 адамның 160-ы аштықтан өлгені тіркелген.
Сол кездері егін шықпай, халық мемлекетке астық, ет жоспарын орындау үшін қолда бар азын-аулақ малды өткізуге мәжбүр болған. Ақыр аяғы жаңадан құрылған колхоздар тарап, жеті мыңдай адам аштан өлмеу үшін Жаңақалаға қарай үдере босып кеткен.
Архив деректерінде жоғарыға жазылған мынадай хат сақталған. Жаңақала аудандық партия комитетінен жедел хат: «Адамдарда ес жоқ, қайда бара жатқанын өздері де білмейді, бар мақсаты – тірі қалу. Қалай тірі қалатынын өздері де білмейді, құм даланы кезіп, бар үміті дала құмаршығына жету», делінген. Ал құмаршық дегеніміз – құмды жерде өсетін қаңбақ тәрізді тікенек шөптің бір түрі.
«Бұрын қазақ құмаршықты менсінбей, «осының тікенінен құтыла алмадық» деп аяғын алып қашып жүрсе, бұл күнде құмаршықтың тарының жарты қауызындай көкшіл сұрғылт дәнін быламақ қылып ішіп, нан қылып жеп отыр. Елде соғым жоқтығынан құмаршық, әрине, қатықсыз ұсталып отыр. Құмаршық аш қазақтарға әрі ет, әрі нан болып отыр. Бөтен тамақ жоқ. «Аштық не жегізбейді» дегенді көзімізбен көрдік.
Бағарлық мал, егерлік жер жоқ. Бөкейлік күні адам аяғандай қараң десек, тым ағат кетпеспіз. Үкімет бір шарасын қылмаса, Бөкейлік құрудың алдында тұр. Мұндай шаралар істелмесе, біраздан соң «Бөкейлік деген ел болыпты» деп атын тек тарихтан көріп отырмасақ жарар едік деген қорқыныш кіреді», деп жазады «Ақ жол» газетіне «Желкек» деген автор сол кездің қиындығы туралы. Бұндай жағдай Орал өңірінің барлық жерінде көрініс тапты.
Жағдайдың мұншалық нашарлауы сол кездің өзінде большевиктік саясатты қайта қарауды қажет етті. Батыс Қазақстан облысында 1932 жылдың көктемінен бастап көшпелі қазақ шаруашылығын қайта қалпына келтіру үшін облыстық және аудандық комиссиялар жасақталды. Бұл аз болса да оң өзгеріс байқатты.
Біз бұл мақалада Батыс Қазақстан облыстық архивінде сақталған деректердің кейбірін ғана сөйлеттік. 1930 жылдардағы ашаршылық кешенді түрде зерттеуді қажет етеді.
Айжан САУҒАБАЕВА,
Батыс Қазақстан облыстық
архивінің директоры