Ал мысықтілеу пысықтар өзіңді зымияндықпен, айлакерлікпен, жағымпаздықпен қақпанына түсіріп, белгілі бір жетістіктерге жетсе, ол өзінің айналасын қоянжүректерге толтырады, жаманшылығы шырмауықша шырмап, битше өріп, қоғамды да, заманды да іштей шірітіп, теріс жолға бастайды. Дауылша үдеп, жалғанды жалпағынан басып, нешеме алуан жақсылықтарға кенеледі. Қара жұрт қарғаса да, «борсық ұрған сайын семіреді» дегендей, рыздық-несібесі оңынан үйіріледі, сасық байлықтың қожасы атанады.
Жаны да, ары да, қолы да таза шынайы лидердің мақсаты – қисықты түзететін жаңалыққа құмар әділдіктің шамын ұстаған саналы мақсаткерді, халық тағдырын, келешегін ойлайтын жүрегі махаббатқа толы ізгі мінезді, тәжірибелі мейірбанды тауып-танып, түзу, дұрыс жолға салған жөн дегенді қуаттайды.
Абайдың осы бір көсем де көшелі пікірі үнді халқының көне жәдігері «Бес бәйітте» (яғни «Панчатантрада») былайша тұп-тура айтылған: «Опасызға көрсеткен құрмет, жаманға еткен жақсылық, санасызға берген тәрбие, сенімсізге айтқан сыр – осының бәрі босқа кеткен пайдасыз еңбек. Жемісі ащы ағашқа бал жақсаң да, май жақсаң да жемісі ащы күйінде қалмақ. Жақсы адаммен дос болсаң, жақсылыққа кезігесің, ал парықсызбен достасу пәлеге ұшыратпақ. Бұл жағдай жел тәрізді – сасық заттың үстінен өткен жел сасық иісті таратып мүңкітеді, хош иістің үстінен өткен жел, оны өзімен бірге ілестіреді». Расында, қоғам жетесіздерден, білгішсінгендерден, ішмерездерден, суайттардан, бұзық пиғылды керауыз арамзалардан, көлденең көк аттылардан ада болса, сәулеттенер еді-ау!
Абайдың поэзиялық пайымдаулары – өмір тәжірибесі мен ойланудан туған мейлінше мағыналы қағидаттар.
Жасымда албырт өстім,
ойдан жырақ,
Ақылға, айлаға да жақтым
шырақ –
дегенінен сырқат қоғамның дертіне дауа, елді гүлдендіремін деген жанталасқан әрекеттерін көруге болады. Дұшпанын жеңе де білді, көндірді де, кейде ұпайынан да ұтылды. Адамшылық жолын, әділет жолын, тәлімгерлік жолын тағдырының темірқазығы етті.
Күшік асырап, ит еттім
Ол – балтырымды қанатты.
Біреуге мылтық үйреттім,
Ол – мерген болды,
мені атты.
Абайдың өмір-тіршілігінде осындай бір сатқындық, опасыздық болғаны мәлім. Халық өмірінде, ел ішінде мұндай көріксіз, жексұрын әрекеттер ежелден-ақ бар.
Ортағасырлық қыпшақ ақыны Сәйф Сарайда мынадай тәмсілдер бар екен.
Бір атақты балуан үш жүз алпыс түрлі күрес тәсілін білетін еді. Әр күні әртүрлі тәсілді қолданатын. Шәкірттерінің ішінен бір көркем жігітке ықыласы ауып үш жүз елу тоғыз түрлі күрес тәсілін үйретті. Жігіт биік дәрежеге жетіп, абыройы асқақтады, бұл елде қандай балуан бар еді, баршасын жықты, жас науша патшаға келіп, жер өбіп тұрып: «Ұстазымның менде тәрбие хақы бар, қуат және өнерде одан артықпын», деді.
Бұл сөз патшаға ұнамады. «Күрестіріңдер!» деп бұйырды. Арена дайындады. Мемлекет қайраткерлері, әмірлер мен уәзірлер, ақсүйектер мен мырзалар жиналды. Жігіт есірік піл сияқты аренаға шығып: «Темірден тау болса да жерінен қопарғаймын», деп дандайсыды. Ұстазы (мұның) күш жағынан артық екенін білді. Ол бір тәсілді бұдан жасырып еді, соны амалға келтірді. Жігіт қорғана алмады. Жігітті көтеріп, ауадан жерге ұрды. Халық шулап кетті.
Сұлтан: «Ұстазына шапан жауып, сыйлық беріңдер», деді. Жігітке: «Сен ұстазыңмен таластың. Одан ештеңе шықпады», деп кінәлады. Жігіт: «Ол менен күш жағынан басым болмады, бәлкім, күрес тәсілінен біреуін жасырып қалған, сол арқылы жеңіске жетті», деді.
Ұстазы: «Бәлі, ол тәсілді бүгін үшін жасырып едім». Өйткені данышпандардың: «Досыңа сондай дәрежеде жәрдем ет, кейін дұшпан бола қалса, сені жеңе алмайтын болсын» деген сөзі бар», деді.
Я болмаса:
Не опа жоқ бұл әлемде,
Не кісі қылмады
жаһанда оны.
Менен оқ атуды үйреніп
кеткен,
Соңында қылды ол
нысана мені.
Адам – жұмбақ, себебі түрлі теріс мінезді (арамдық, залымдық, сөз тасушылық) жасырын ұстайды, бүркемелеп көрсетпейді. Бұ да әлімсақтан бар-ау. Әбу Насыр әл-Фарабидің көрсетуінше, «біз нақты сенімді болмағандықтан жақсы деп ойлап жүрген адамымыз сұмпайы әрі өтірікші болып шығуы мүмкін немесе өзімізді алдап, мазақ етіп жүрген адамды білмей қолдап жүруіміз де ықтимал.
Қай дәуір, қай заман болмасын жақсы қауым, әділетті орта бар. Мұның жай-мәнісін оның «қайсыбір салада оң нәтижеге қол жеткізуге қабілеті мол адам қабілеті жоқ адамға басшы болады» дейтін афоризмі дәлелдейді.
Мейірбан көргенділер жақсылық, қайырым жасауға жаратылысынан бейім. «Жақсылық жасаған адам жасағанын сол сәтте ұмытуға тырыссын. Жақсылық көрген адам оны ешқашан есінен шығармасын», «Адамға жақсылық етсең қарымта күтпе» деп мәлімдейді (Ә.Дербісәлі. Әбу Насыр әл-Фарабидің нақыл сөздері мен ғибратты ойлары. «Egemen Qazaqstan», 08.01.21). Қазақта «Балық берсең байлап бер, басы-көзін шайнап бер» деген ғибратты сөз Фараби ойымен үйлеседі. Жақсылық етсең бәлсінбе, бұлданба, талапкердің мойнына мініп алма, дәметпе дейді. Шындығында, зиялысымақтар өмір бойы істеген жақсылығын тоқылдақтың тоқ-тоқ даусындай көрген сайын қақылдап мазалайды.
1989-1992, 1993-2003 жылдарда Чехия Президенті болған Вацлав Гавел 1990-жылдың 1 қаңтарында Чехословакия халқына арнаған «Біздер уланған моральдық ортада» деген зарлы, мұңлы үндеуінде ешнәрсеге сенуден қалдық, бір-бірімізді жоққа шығарамыз, мойындамаймыз, шын пікірімізді бүркемелеп, орағытып, өтірік айтамыз, өзімшілміз. Махаббат, достық, жанашырлық, байыптылық немесе кешірімпаздық көне замандардан үзілмей келе жатқан терең мағыналылығын жоғалтты, тотаритарлық жүйе мен машинаның құрбаны болдық деп күйініп айтқан.
Айтса айтқандай, Мәшһүр Жүсіптің «Сайтанның саудасы» дейтін мысалында біреу үш бірдей есекке «өтірік-өсек», «жала-пәле», «қысастық-қиянат» артып ап, қан базарға екпіндеп бара жатқанда, оның көзтанысы «мұны не істейсің?» деп шошына айтыпты. Сонда ол көр де тұр мұның бәрі пышақ үстінде тарап кетеді депті.
Дәл қазір дөңгеленген дүние беймәлім сойқан індеттің, трагедияның құрсауында. Тұйыққа тірелу, құрдымға жұтылу, азғын-тозғын күйге түсу бір адым жерде сияқты. Адамзаттың қасіретке душар болуы – гуманизмнің, патриотизмнің әлсіреуінен бе, әлде дүниеқоңыздықтың, Абайша айтқанда, «бейілі кедей байлардың» өршіп кеткенінен бе, я болмаса елдің алдында жүргендердің «біліміне қарай болыстық қылмай», қулық-сұмдығы мол тоғышар жүгенсіз жалпылдақ қуыршақ сумақайларды қаптатып жібергендіктен бе, әлде ел талқысы мен таразысының құны кеткенінен бе?.. Бұған бір ғана дәлеліміз – вакцина жайында сан-саққа жүгіріп қаңғырған жұрттың ақыл-есін жаңылдырған, құлағын сарсытқан қаңқу жел сөздер. Бұл ретте Әл-Фарабидің ой жүгірту қуаты мен жоғары тәжірибелік ақылға ие басшы халықтың көкірек көзін сөз арқылы ашып, жол көрсетуі, ойшылдық қасиеті жоғары дәрежеде болу керек дейді. Ендеше, ел сасқанда көп даңғаза-дабыраға, желөкпелікке берілмей, салиқалы мінез, көркем өнеге танытқаны абзал. Аталарымыздың «қырық жыл тоқшылық жоқ, қырық жыл молшылық жоқ» дегені бар ғой және де Ұлы даланың ұлы қасиеттерін – дәстүрін, тілін, дінін, шаруашылық-кәсібін, өнерін, өнегелі қағидаттарын ұстану, жетілдіру – Мәңгілік Ел өркендеуінің негізгі шарттары.
Абайдың ұлы қағидаты: адам баласының ізгілік жолы, кісілік келбеті, толық адам бейнесі. Абайды «қазақтың жалғызы» деп таныған Әлихан Бөкейхан: «Өзін өзі қасқырша шауып отырған жұртта оқу, шеберлік болмайды» деп шүйлігіп айтқан («Бас қосу турасында» дейтін мақаласынан). Қазір ақылдасу, пікірлесу, тәжірибе бөлісу деген атымен жоқ. Тыңдайтын құлақ, ұғатын зерде, пейіл-құлық та жоқ. Оларға кінә да қоюға болмайды, өйткені аткөпір қоқыстан үйілген материалдардың астында ыңырсып-тұншығып жатыр. Сонда қайдағы шеберлік? «Жыртық ерінге кетік тостаған» деген осы. Ұлттың ұлы суреткері Жүсіпбек Аймауытұлының: «Қазаққа зор кеуде ақсүйектің, ақша жегіш жалтырауық шенеуніктің, сұлу сөзді құрғақ беттің керегі жоқ, адал күшімен өгіздей өрге сүйрейтін жұмысшы керек» дегені ХХІ ғасырдың төрінде де көкейкесті.
Жинақтай айтқанда, ел боламыз десек еңбекшілдігімен, зейін-зеректігімен, елгезектігімен ерекшеленген естілерге білім-ғылымның, өнер-кәсіптің есігін еркін ашуға тілегімізбен де, жүрегімізбен де, ақ адал ісімізбен де қолдау абзалдық болар еді.
Серік НЕГИМОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор