Қоғам • 31 Мамыр, 2021

Ковбойлар кодексі

595 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бұлар өзі өте мәдениетті жігіттер. Бір қарағанда қайырылған қалпағы, қару-жарағы, былғары етігі, көше сотқарларындай көзге оғаш көрінуі мүм­кін, бірақ онда сол дәуірдің қолтаңбасы жатыр. Жеке ұлтқа тән жігер, есті ереже, ар алдындағы адалдық заң жүзінде бекіген әдет. Олар түз тағы­сындай еркін өмірдің емлесін сызған мырзакөңіл жандар. Ковбойлық деге­ніңіз сәнді киіне салу емес, ол үлкен өнер. Жалғыздан жалғыз алып бұқамен алысу – өлімге өзің барып соқтыққаныңмен бірдей қарекет емес пе?..

Ковбойлар кодексі

Ірі-қара асырап, мүйізі қарағайдай бұқамен күрескен фермерлердің киімі әлемді жаулап аларын әсте ешкім аңда­мағаны анық. Стетсон шляпасы, жалпақ жейде, джинсы, кантри музыкасы, родео, лассо – осының бәрі үшін әлем бірегей субмәдениет жасаған америкалық бақташыларға қарыздар сияқты. Қызық та қилы құбылыс.

Әуелде ағылшын тіліндегі «бала» мен «сиыр» сөздерінің тіркесуінен ту­ған «ковбой» ұғымы XVIII ғасырда Анг­лияда пайда болған. Негізі, сиыр баққан кішкентай бақташыға қаратып айтылса керек. Кейін аталмыш термин ең көне ағылшын сөзіне айналып, жоғалып кетеді. Алайда XIX ғасырдың екінші жартысында америкалық сиыршылар бұл терминге қайта жан бітіріп, мағынасын кеңейтеді. Өкінішке қарай, ковбойлардың классикалық тұрмыс-тіршілігі 30 жылға ғана созылды. Десе де ең кереметі олардың мәдени қалпы мәңгілікке ұласып, күні бүгінге дейін әрбір адамның көңіл төрінде тұр.

Ковбойлардың гүлдену дәуірі Мекси­камен соғыстан кейін АҚШ-тың құрамына енген Батыс мемлекеттерінің экономикалық һәм мәдени ерекшелігі­не байланысты болды. Тау мен шөлді бауырға басқан даланы үндістер мен мексикалық шағын топтар ғана мекендеген. Иммигранттар дереу жаңа штаттар­ға жүгініп, жергілікті тұрғындардың ғұр­­пын бойына сіңірді. Оңтүстік-батыс­тың салт-дәстүрі осы территорияға қо­­­ныс­танған жаңа испандық азамат­тар­ды қалыптастырды. Әсіресе мекси­ка­­лықтардың тез америкалық адамға ай­налған құбылыстарының бірі – вакеро болды. Яки, ковбойлықтың мекси­ка­лық үлгісі.

Негізінен бұл шабандоздар орта ға­сыр­ларда Испаниядан шыққан. Құрғақ климат пен сирек өсімдік жамылғысына байланысты вакеролар малға тойымды жайылым іздеп ұзаққа сапарлады. Сондықтан жауынгер ретінде киініп, қару ұстауға тура келді. Мексиканың солтүстігіндегі кең жазықтар вакеро дәстүрі Испанияға қарағанда жақсы дамыған. Ал бұл жерлер түгелдей АҚШ-қа қосылғаннан кейін вакеролар бір­тіндеп ковбойларға жұтылды. Сөйтіп екі мәдениеттің қосындысынан нағыз еркектердің ойыны родео өмірге келді.

Батыс мәдениетінің атрибуттары ковбой өмірінің ерекшеліктерімен сабақ­тасып жатыр. Мәселен, лассомен мойынына құрық ілінбеген бұқаларды аулау­ға тиіссің. Родео ойыны жабайы жануар­ларды айналып өту қажеттілігінен шық­қан ептілік. Нысанаға дөп тигізу – үндіс­термен және мал ұрыларының үнемі қақ­тығысынан туған дүние. Міне, нағыз ковбойлардың тұрмысы осылай өрбиді.

Ол ол ма тіпті кантри музыкасы көбі­не табынды күзету үшін қолданылған ков­бой балладасынан алынған. Түнде та­бынды қорып отырған ковбой екінші әріп­тесін осы музыка арқылы шақырады. Бұл бейтаныс адамды қараңғыда оңай анықтай білуге әрі бір-бірінен алшақ кетпеуге таптырмас құрал.

Ковбойлардың басты айырмашылығы – шляпасында. Бастапқыда ковбойлар сомбрероны вакеролардан мұраға алған, алайда оларды кәсіпкер Джон Б.Стетсон ойлап тапқан қалпақтар ығыстырды. 1865 жылы дизайнер тәжі төмен келген иілгіш жиегі бар киіз бас киім шығарды. Бұл қалпақтар дала кезген ковбойларға қатты ұнады. Кейіннен Стетсон шляпасы ковбойлармен қатар, америкалық атты әскердің, канадалық полицейлердің әскери формаларының бір бөлігіне айналып кете барды.

Батыс өркениеті дамыған соң клас­сикалық ковбойлар сирей бастады. Неге десеңіз, америкалықтарға ковбой­лар бер­тінге дейін жабайы болып көрінген сы­ңайлы. Әрине, әр дәуірдің өз әні бар екені даусыз. Десе де штаттарда ірі қараның еркін жайы­лымның аяқталуынан кейін ков­бойлар жұмыссыз қалды. Билік жа­йы­лым жерді игеріп, малды қоршауға қа­мады. Теміржолдардың пайда болуы мал­ды алысқа айдауды енді қажет етпеді. Бос­тандыққа жаны құштар ковбойлар нан табу үшін фермаларында жұмыс істейтін қарапайым қызметкерлерге айналды.

Ең қызығы бертін келе жабайы батыс романтикасы Голливуд үшін бұл ға­жа­­йып ретінде бағаланды. XX ғасыр­дың басында батыл ковбойлар мен қанішер үндістер туралы фильмдер кө­рер­мендерге өте танымал болды. Мұн­дай фильмдер «вес­терн» деп аталды. Олар­дың Батысты жаулап алуы, өр­кендеуі турасында шытырман оқиғалы ро­мандар бірінен соң бірі өмірге келді. Кез келген сюжетте қиындықтарды жал­ғыз өзі жеңіп шығып, финалда бар­лық жауын жер жастандыратын бас­ты кейіпкер атқыш немесе ковбой ре­тінде суреттеліп, көрерменге жол тарт­ты. Вестерн жанрының нәтижесінде классикалық ковбой бейнесі алдымен Штаттарда, кейін әлемге мәшһүр болды. Нағыз мал бағушылар туралы естелік, яғни ковбойлар қалып кеткен «батыстық стиль» ұлттық мәдениеттің бөлігіне ұласты. Бұл әсіресе Техаста сезіледі.

Бүгінде ковбой эстетикасы сәнге ай­налды. Олар кинематографияның нәти­жесінде бұқаралық мәдениеттің фе­но­мені ретінде көңілге ыстық. XX ға­сырдың екінші жартысында батыс стилі өзінің музыкасымен, қауіпті спортымен, наным-сенімімен әлемді өзіне табындырды. Батыс коллекциясына тиесілі джин­сы, үлкен тоғалар және жалпақ көй­лектерді сән апталығында Calvin Klein компаниясы үнемі көрсетеді. 2018 жыл­дың күз-қыс коллекцияларында да ков­бой стилінің элементтері Chloe, Max Mara және Versace брендтерінде жүрді. Айт­пақ­шы, француз модельері Николас Гес­кье ат үстіндегі қазақтар­дың киімін ков­­­бойларға ұқсатып, жаңа формада тігіп, әлемнің қызығушылығын тудырған екен.

Біреулер ковбой стилін алып Амери­каның символы десе, кейбірі суб­мәде­ниеттің жаңа кезеңі ретінде қарайды. «Ең арамза тіршілік иелері қалаларда тұрады» деп санаған ковбойлар өзінің дала кодексіне ғұмырбойы бағынып өтті. Адамнан ешқашан оның дүниесінің мөлшері туралы сұрамаған ержүрек ерлер дала мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, оған мәңгілік тыныс берді. Сөз соңын ковбойлар кодексінде жазылған мына бір толғаммен түйіндегім келеді: «Ояндыңыз ба, алдымен шляпаңызды киіңіз».