Тарих • 04 Маусым, 2021

Бабалар байрағы – елдік пен ерлік туы

985 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Көк аспан түстес көк Туымызды көрген сайын жүрегіміз елжі­рейді, жанымыз жадырайды, мерейіміз тасиды. Азат­тығы­мыздың асқақ рухы, елдігіміздің алтын айбары – тудың да талайлы тағдыры бар. «Абылай ханның ақ туы», «Алаш туы астында», «Бөрілі менің байрағым» дегенді жиі естиміз. Осы орайда бүгінгі көк Туымызға дейінгі бабалар байрағы қандай болған деген сұраққа жауап іздегің келеді.

Бабалар байрағы – елдік пен ерлік туы

XIV ғасырда испан (кастилия) тілінде жазылған, авторы белгісіз Book of Knowledge of All Kingdoms, яғни «Империялар кіта­бында» ежелгі қазақ­тардың бай­рағы сары түсті болған деп жазы­­лыпты. Суретші Юджин Айпа­век (Eugene Ipavec) дайын­даған эскизге зер салсақ, сары түсті жалауда сегіз бұрышты 9 жұлдыз бар.

«Абылайдың ақ туы» бар­шамызға белгілі. Хан байра­ғын үш құлаш найзаға саптаған деседі. Тарихшы, академик Берекет Кәрібаев та Алтын Орда, Ақ Орда туының түсі ақ болғанын айтады. «Абылайдың ақ туы» кі­табының авторы Ұзақбай Дос­панбетов өзінің тарихи романында байрақты Бәйімбет батыр ұстағанын жазады.

Абылай хан тұсында тудың ақ бол­ғанына дәлел көп. Мәселен, «Бөгенбай батыр» жырындағы:

Ақ туды Бөгенбайға әкеп берді,

Қарашы қасиетті Бөген ерді.

Мойнына кісе салып, ту көтеріп,

Бөгенбай зарлықпенен еңіреді.

Бөгенбай туға қарап зар қылады.

Желпініп өзінен-өзі сонда ақ ту,

Суылдап көкке қарап созылады,

– деген жолдардан жоңғарға қар­сы соғысқа Қанжығалы Бөген­байдың ақ ту ұстап аттанғанын аңғаруға болады.

Абылай хан тұсындағы сар­баз­дардың қолында желбі­реген кие­лі туды 1943 жылы Моң­ғо­лия қазақтарынан жасақ­тал­ған партизандар гоминданмен шай­қас­­қанда қолбасшылар Қаби мен Ноғайдың бұйрығымен Қытай­дың Алтай аймағына қасиеттеп апарған, туды майдан даласында Тұлба Сембі салтанатпен көтеріп алып жүрген екен. Бұл туралы шежіреші Оңғар Маусымұлы естеліктер жазған.

Ақ Орда, Алтын Орда тұсын­дағы ақ жалауда Шыңғыс хан әулетінің таңбасы – тарақ бейнеленген. Италиялық карто­граф Aнжелино Дулцерт 1339 жылы құ­рас­тырған картасында осы туды көр­сеткен. Ал испаниялық картограф Абраам Крескес 1375 жылы құрастырған ката­лон­дық атласқа да ақ байрақты енгізген.

Көрнекті ғалым Әлкей Мар­ғұлан кезінде қазақ хандары көтерген жалау­дың түсі қызыл болғанын, оның бір нұс­қасының шетінде – үш, екіншісінде тоғыз құйрық байланғанын жазады. Қызыл ту Ақ Орданы Орыс хан билеген тұста ұсталынған деседі.

«Бөрілі менің байрағым!

Бөрілі байрақ астында

Бөгеліп көрген жан емен»

деп жырлаған Сүйінбай Арон­ұлы­ның 1815-1898 жылдар ара­лығында өмір сүр­генін ескерсек, бұл тұста ел биле­ген әрі қазақ­тың соңғы ханы Ке­не­сары пат­шалық Ресейге қарсы соғыс­қан. Этнограф Адольф Януш­кевич Кенесары­ның туы жасыл бол­ғанын жазып кеткен. Этно­граф одан бөлек, Барақ сұлтан­ның туы қызыл түсті болғанын жазыпты.

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов пен ғалым Айнагүл Қайыпбаева дайындаған «Қазақстан тарихы» оқулығында хан туының саны тоғыз болды деп жазады. «Тоғыз тулы хан» деген осыдан шыққан. Негізгі бай­рақ бейбіт күнде халықтың аманаты ретін­де сақталып, тек соғыс кезінде ғана шы­ғарылған. Байрақты арнайы жасақ қорғап жүретін болған.

Түркиялық тарихшы Тилла Дениз Байкузу: «Қазақтар туға ерекше мән берген. Ел ішіндегі әр тайпаның өзіндік туы болып, оны тіпті мазарларда да қолданған», деп жазады.

Ұлтымыздың ұстазы Ахмет Байтұр­сынұлы 1916 жыл­ғы ұлт-азаттық көтері­лісті ұйым­дас­тырушылардың бірі – Әбдіғапар ханға арналған жоқтауында: «Мұ­сылманның ұраны – шұбар ала ту алдың», деп жазған. Бұл тұста «Алаш» партиясының құрылғанын ескерсек, Ахмет атамыз айтқан шұбар ту Алаштың байрағы болуы мүмкін.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Қожа­берген Жәнібекұлының ұрпағы батыр­дың шапанын музейге тапсырғаны туралы хабар тараған-ды. Ал батыр­дың жо­рықта ұстаған туы – Моңғолияда, нақты айтсақ, Баян-Өлгей ай­мағы Бұ­ғыты сұмынында оның сегізінші ұр­пағы Жұмаш Мұқ­та­жыұлының шаңы­рағында сақ­таулы тұрғаны туралы ай­тылған. Бұл – арнайы зерттеуді қажет ететін мәселе.

Кеңес дәуірі орнағаннан кейін көгі­мізде қызыл байрақ 70 жыл бойы жел­біреді. Қызыл ту Қазақ хандығында да болғанын атап өттік.

Егемендік алып, еңсемізді тіктегенде өз туымыз турасында көп ой айтылды. 1991 жылы «Егеменді Қазақстан» газетінің 26 қарашада шыққан нөмі­рін­де газеттің сол кездегі бас редакторы Шерхан Мұртаза мен журналист Жарылқап Қалыбай «Қазақстанның туы қандай болуы керек?» деген сұраққа жауап іздейді.

Газеттің сол нөмірін қолға алсақ, көк бөрі бейнеленген ту жобасы бірден көзге түседі. Олар көк бөрінің ай сәулесі астын­дағы бейнесі тудың шетінен орын алғаны абзал деген ой ұсынған. «Бұл – тәуелсіздікті аңсау бел­гісі, ал ай – ақтықтың белгісі, сон­дай-ақ біздің мұсылман әлеміне қарасты ел екені­мізден де хабар береді», дейді.

«Тудың екінші белгісі – Көк Тәңірінің аспан көк түсінен туын­дайды. Ол түс мем­лекеттік ту­дың ең көп бөлігін енші­лесін», делінген мақалада.

Байрақтың үшінші бөлігі­не үш түрлі жолақ ою ұсыныл­ған. «Бірінші жолақ – жасыл түсті, ол мұсылмандықтың бел­гісі, екінші жолақ – ақ түсті. Ол қазақ мемл­екетінің тарихындағы қиын-қыстау кезең­де ел баста­ған Абылайдың ақ туын еске түсір­мек. Соңғы қызыл жолақ хал­қы­­мыздың тәуелсіздік жолындағы төгілг­ен қанын білдіреді», дейді автор. Одан кейінгі бірнеше санда бұл ұсы­нысқа қатысты пікірлер жарияланған.

Көп ұзамай Жоғарғы Кеңес­тің төр­ағасы Серікболсын Әбділ­дин басшы­лық ететін Қазақ­стан Республикасының жаңа Мем­лекеттік рәміздерін әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Га­зетіміздің 1992 жылғы 7 қаң­тар күнгі нө­мірінде Жоғарғы Кеңес Төралқасы Қазақстанның Мем­лекеттік туының, Ел­таң­басының және Гимнінің ең таңдау­лы жобаларына конкурс жария­лайтыны туралы хабар шықты. Таң­даулы жоба­лар­ға сыйақы берілетіні де ескертіл­ген. Мемлекеттік ту үшін 20 мың сом, Елтаңба үшін 20 мың сом, Гимннің музыкасы үшін 20 мың сом, сөзі үшін 20 мың сом ұсынылған.

Жоғарғы Кеңес сессиялары­ның қорытындысы 1992 жылғы 5 маусымдағы нөмірде жариялан­ған. 4 маусым күні өткен отырыс­та Тәуелсіз Қазақстан­ның Мем­лекеттік рәміздері бекітілген. Комиссияның 14 отырысында 453 ту жобасы қарастырылған.

Осы күні шыққан «Тәуелсіз елдің төл белгісі» мақаласында туды бекіту мәселесінің оңайға соқпағаны туралы жазылыпты. Талқыға қатысқандар бірауыздан оның бір түсті – ашық аспан көгіндей болуына тоқталған, дегенмен символикаға келгенде ортақ ойға келу қиындапты. Мақалада «Талас-тартыс түйіні тосыннан шешілді. Алғашқы жалау жобасын жасаушылардың бірі, одан бөлек тағы да бір жалау жасауға қатысқан суретші Ш.Ниязбеков жаңа балама жалауды ұсынды.

Көпшілік қалаған көгілдір түс­ті жалаудың бетінде жарқырай шыққан күн бейнесімен қанат қақ­қан қыран бүркітті және тігі­нен салынған ұлттық өрнекті еш­кім­ге түсіндіріп жатудың қажеті бола қоймас... Елбасы Н.Назар­баев бұл қос бейнені жалаудың ор­тасына қарай орналастырса, тіп­­тен жарасым тауып, келісе кете­ті­нін айтқан», деп жазылған. Дәл осы сессия кезінде тиісті құ­жат­­тарда жалау сөзі ту деп түзе­тіліп жатса құба-құп болатыны алға тар­тылған және солай болды да.

Бабаларымыз көтерген қай байрақ­тың да халқымыз үшін орны ерекше. Сондықтан төл тарихымыздан ойып орын алған, талай соғыста жығылмаған туды тану да парыз. Егемен ел үшін Тудың орны бөлек, қадірі жоғары. Ендеше, көк Туымыз көгімізде мәңгілік самал желмен желбірей берсін, төрімізде ілініп, рухымызды көтеріп тұрсын!