Осы дұрыс па?
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында білім, ғылым саласына қатысты мәселелерді жүзеге асыру үшін әлемдік білім, ғылым жүйесінің жетістіктеріне көз жүгіртіп, отандық, ұлттық, білім беру саласының қайта құру, саналы ілім, сапалы оқу стратегиясын балабақшадан жоғары оқуға дейін жетілдіріп, біртұтас бағдарлама жасау уақыт күтірмейтін іс екенін алға тартты.
Осы мәселелер төңірегінде көптеген мақалалар, дөңгелек үстелдер, талқылаулар өтіп жатыр. Нақты оның іске асуы, қорытындысы қалай болады? Қазіргі уақытта жалпы білім беретін мектептер, орта, жоғары оқу орындары өз жоспарларымен білім беруде.
Он екі жылдық оқу жөніндегі әңгіме айтылғалы да біраз болды. Он жылдан асып та кетті. Кейбір мектептер бұл іске ішінара көшкен сияқты. Бірақ нені оқытып жатқаны, оқушылардың кім болып шығатыны, нәтижесі қандай болатыны нақты көрінбей тұр.
Елу жыл білім, ғылым саласында еткен еңбек жиған тәжірибеге сүйеніп ХХІ ғасырдың табалдырығын именбей аттаған тұста білімді, ғылымды осыған икемдеу туралы өз ұсынысымды айтсам деп едім.
Біріншіден, білім, ғылым саласын жүйелі іспен елдік бағытқа қарай қайта құру керек.
Екіншіден, білімді талапкерге жаңа методикамен оқыту. Шетел стандарттарының ең озық дегендерін ғана ала отырып, ұлттық білім беруде менталитетімізді алға шығарып жаңа жоба, жаңа бағдарлама жасауды кең отырып, кеңесіп барып қолға алу.
Он екі жылдық орта білім алу кезінде бала біліммен қатар нақты мамандыққа ие болып шығатыны белгілі. Ендеше барлық лицей, колледж, техникум, әртүрлі курстарды он екі жылдық оқуға бағыттап, біріктіру жағын ойластыру қажет тәрізді. Қазіргі орта білім беруге мемлекет тарапынан бөлінетін және орта кәсіптік техникалық білім беруге, “Жол картасы” сияқты арнаулы мамандандыруға бөлінетін қаржы бір орталыққа, яғни он екі жылдық білім беруге шоғырландырылғаны жөн. Он екі жылдық білім саласында оқыған әр азамат өзінің таңдауына сәйкес бір мамандықтың иесі екенін дәлелдейтін құжат, яғни диплом берілуі керек. Білімін әрі қарай сол саламен дамытамын десе, жоғары оқу орындарында жалғастырсын. Болмаса қолындағы мамандығы бойынша еңбек етсін.
Қазіргі білім жүйесі – классикалық қалыптасқан жүйе. Оған жаңа он екі жылдық оқу қосылмақшы. Бірақ бірін бірі дамыта, толықтыра алмай отыр. Он екі жыл орта білім + 2 жыл кәсіптік техникалық білім беру, +4 жыл жоғары білім + 2 жыл магистратура, аспирантура – орташа жиырма жыл оқытқанымызбен бүгін маман тапшылығын азайтудың орнына, күннен күнге өсіріп алып жатқандаймыз.
Білім жүйесі қайта құрумен қатар, сапалы білім беру үшін балабақшадан бастап, жоғары білім үйрететін маман дайындаудың біртұтас отандық, ұлттық оқу жоспарын жасасақ ұтылмас едік. Тағы бір айта кетер мәселе, “0” сынып деп ашқан балабақшаларымыз мектепке айналып бара жатыр. Бұл баланың даму процесіне, психологиясына кері әсер етуі мүмкін. Иә 4 жаста жазуды меңгеріп, 15 жаста жоғары мектепке түсетін таланттар бар. Әрине қазақ халқы төзімді, алғыр дегенмен әр нәрсені ұрпақтың бойына, ойына шақтағанымыз жөн.
Сол секілді отандық, ұлттық оқыту жоспарында көрсетілген бәріне бірдей пәндер, Қазақстан тарихы, қазақ әдебиеті, экономикалық жаратылыстану, экология және шетел тарихы, шетел әдебиеті барлық оқу жүйесінде, оның ішінде Қазақ елінде жұмыс істеп жатқан шетелдік оқу ошақтарында міндетті түрде оқытылуы тиіс. Мемлекеттік тілден басқа тілде оқитын оқу орындары, жаңадан ашылған университеттер өздерінің оқу әдістемесімен бірге, Қазақ елінің тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін, дінін, тілін, білуі міндетті. Осыған орай, ондай оқу орындары лицензия алумен қоса өздеріне қажет ұлттық бағдарламаны, әдістемені, оқулықтарды әзірлеуге қаражат бөлу керек. Мысалға, “Болашақ” бағдарламасымен шетелде оқуға тілек білдірген біздің жастар сол елдің тілін, оның ішінде ағылшын тілін білмесе, маңайына жолатпайды. Чех мемлекеті чех тілін білмесе оқу орындарына қабылдамайды. Сондықтан, өз ана тілімізді үйрену үйден басталса, мектепте үш тілді меңгеру орнықса, нұр үстіне нұр болар еді.
Зеннат ЕРҒОЖИНА, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент.
АСТАНА.