Аймақтар • 07 Маусым, 2021

Жетісу жәдігерлері. Петроглифтерді сақтау парыз

2158 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бағзы дәуірдің сырын бүккен балбал тастардың бір шоғырын Жетісу өлкесінен де көптеп кездестіруге болады. Тасқа бәдізделген түрлі сурет пен таңба ежелгі заманда осы аймақта өмір сүрген адамдардың тұрмыс-тіршілігінен хабар беріп тұрғандай.

Жетісу жәдігерлері. Петроглифтерді сақтау парыз

Мысалы, бір ғана Тамғалы шатқалында ұзын-ырғасы 4500 шамасында петроглиф бар екен. Сына жазулары бар аймақ бүгінде ЮНЕСКО ұйымының тарихи маңызы бар құнды мұралар тізіміне енген. Барлық ескерткіш тастар мемлекет қорғауында. Ал ашық аспан астындағы мұражай көне тарихтың сырын паш етіп отырған құндылық қана емес, танымдық тұрғыдан да ерекше нысанға айналған. Бұған Тамғалыдағы тасқа басылған суреттерді тамашалауға келуші туристер қатарының жыл сайын көбейіп отырғаны дәлел болады.

Жалпы, осы Тамғалыдағы сына жазулар мен суреттердің түпкі ізі біздің дәуірімізге дейінгі XIV-XIII ғасырларға бастайды. Мамандар бұл маң­нан ежелгі қола дәуіріне тән петроглифтердің 5 мыңға жуық түрін анықтап, тізімге алған. Тасқа ойып салынған суреттерде адамдар мен жануарлар әлемінің байланысын әйгілейтін нышандар жиі кездеседі екен.

Қоршаған ортадағы құбы­лыстар мен Құдайға құлшылық ету дәстүрінің де сипатын бейне­леген сызбалар бар­шылық. Яғни тастағы суреттердің бір парасы бізге қазіргі заманғы мифоло­гия ғы­лымынан жақсы таныс көне дә­уір­дегі аңшылық пен Тәңір­ге табыну бел­гі­лерінің ақиқа­тын ашса, бір бөлігі ежелгі түркі әлемінің зерттеу жазбалары арқылы белгілі болған жау­гершілік кезеңін де сипаттап береді. Тамғалы тастарында Буд­да діні дәуірлеген уақыт­тың да терең ізі қалғаны талассыз жайт. Өйткені шатқал ішіндегі төрт қолды Будда бейнесінің қашал­ған суреті соны әйгілейді.

Сондай-ақ Жетісудағы бітік тастар мен ежелгі қорымдардың үлкен шоғы­ры Ойжайлау шат­қалы мен Ешкіөлмес жотасы маңынан да табылған. Ешкі­өлместегі көне қорымдар әлі де тың­ғы­­лықты зерттеуді қажет етеді дейді өлке­танушылар. Бұл маңда сақ тайпа­ларының тұр­мыс-тірші­лігінен сыр шер­тетін жәдігер жетіп артылатын көрі­неді. Ал теңіз деңгейінен 1200 метр биіктікте орналасқан Ой­жайлау аумағындағы тау бет­кейіне қашалған суреттерді археологтер «Көне Түрік кезеңінің композициясы» деп атайды екен. Әсіресе биік жартасқа қашалған қос салт атты­ның бейнесі қа­зір­гі заманғы озық техно­ло­гия­ның қолынан шыққандай әлі де «менмұндалайды». Жалпы, біз бұл тақырыпқа әлі ораламыз...

Айтпақшы, жақында әлеуметтік же­­­­лі­­лерде Кербұлақ ауданындағы Ар­қар­­­лы тауы етегіндегі көне петро­глиф­тер орналасқан аумақтың жекеше­ле­­­ніп кеткені және осындағы тарихи ес­­­керт­кіштердің тас-талқан болып үгі­­­­­тіліп, құрылыс қиыршығына айна­лып жат­қаны жайында жазылды. Бұл мә­се­лені еріктілер мен табиғат қор­ғау­шы­лар да, жергілікті тұрғындар да бұ­рын­нан көтеріп жүрген болатын. Жағ­дай­ға қанығу үшін тақырыпқа үңіліп кө­релік. Анығында, сына жазу мен сурет­тер шоғыры табылған аумақ 2006 жылы жеке компаниялардың иелігіне бе­рілген екен. Мұндай шешімді сол кез­де Алматы облысын басқарған Серік Үм­бетов шығарған көрінеді. Қазір бұл маң­да 3 серіктестік құрылыс пен жол тө­се­ніштеріне қолданылатын түрлі тас­тар­ды қазып алып, дайындап жатыр. Зауыттардың жұмысы толықтай заң аясын­да жүріп жатқандықтан, кәсіп­кер­лердің ісіне бәлендей деу қиын. Бірақ тарихи жәдігерлер мен табиғат қор­­ғаушыларының жанайқайын түсіну­ге болады. Өйткені жекеменшікке өт­кен аумақта қандайда бір ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізуге мүмкіндік бол­ма­ған. Тек 2017 жылдан бастап қана аталған Малайсары тауының етегіндегі аумаққа облыс әкімшілігі назар аударып, тас­тағы жазбалар мен суреттерді бақылауға алып­ты. Ал тұрғындар бітік­тастардың бір бөлігі оған дейін тас үгін­дісіне айнал­ға­нын және бұл жағ­дай әлі тоқ­тамағанын айтады. Әлеуметтік желідегі дау да осыдан шыққаны анық.

– Біз бұл мәселеге көз жұмып отыр­ған жоқпыз. Тарихи құндылығы жоға­­ры мұраға қатысты атүсті шешім жасау­ға болмайды. Қазір облыс тарапынан бар­лық шара жасалуда. 2017 жылдан бері тастар арнайы бақылауға алынып, қоршалған. Ол маңда қазу, қопару жа­сал­мады. Иә, аталған аумақ жеке ком­паниялардың иелігінде. Болашақта дәл осы тарихи суреттер табылған аумақ­ты мемлекет иелігіне қайтарып ала­мыз. Өзім кеше ғана сол ауданға ба­рып, ғылыми экспедиция жұмыс істеп жат­қан аумақты көріп келдім. Құ­ры­лыс зауыттарының иелерімен де сөй­лестік. Олар бұған дейін жер кадастрі бойынша аймақта ешқандай тарихи жәдігер орналасқаны туралы мәлімет болмағанын айтады. Ал тастар тұрған жерге тиіспеген. Кәсіпкерлер ол аумақты мемлекетке тегін қайтарып беруге де келісті. Енді мұның заңды жолдарын реттеп, алдымен аумақты Кербұлақ ауданының жер қорына аламыз, құжат рәсімделгеннен кейін Арқарлы тауының етегіне ашық аспан астындағы тарихи-танымдық орталық жасауды ойластырамыз, – деді бізге берген сұхбатында Алматы облысының мәдениет, архив­тер және құжаттама басқармасының бас­шысы Мәрлен Көлбаев.

Жалпы, бұл мәселе Мәжіліс пен Үкі­­­мет отырысында да сөз болған. Ма­лай­­сары петроглифтерінің қараусыз жат­­қаны жайында депутат Жанарбек Әшім­жан депутаттық сауал жолдап, оған Пре­мьер-Министрдің орынбасары ­Ералы Тоғ­жа­нов ресми жауап берген еді.

– Биыл сәуір-мамыр айларында Ал­маты облысының әкімдігі мен Әл­кей Марғұлан атындағы археология инс­ти­­тутынының мамандары Арқарлы пет­­ро­глифтеріне зерттеу жұмыстарын жүр­гізді. Зерттеудің негізінде анықталған ес­керт­кіштерге алдағы уақытта құжат­тан­дыру жұмыстары жүргізіледі. Анық­талған ескерткіштерді қорғалуын ұйым­дастыру үшін тиісті бюджеттік өтінім әзірленіп, облыс мәслихатының отыры­сында қарастырылады. Заңнамада қарас­тырылған рәсімдер орындалғаннан ке­йін Арқарлы петроглифтері Алматы об­лы­сының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізіледі. Мәдениет және спорт министрлігі мен Алматы облысының әкімдігіне Арқарлы петроглифтерін қор­ғау мәселесін тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды, – дейді Ералы Тоғжанов өз жауабында.

Негізінде, 2017 жылдан бері археолог Алексей Марьяшев бастаған ғалымдар тобы осы Арқарлы асуындағы тарихи тас­тарға назар аударып, жұмыс істеп ке­леді. Жақында бұл жұмысқа ерік­ті­лер­дің тобы қосылған. Істің басы-қас­ында жүрген журналист Ольга Гу­мирова зерт­теу жұмысына ұзақ уақыт бойы қар­жы табылмағанын айтады. Ақыры ерік­тілер әлеуметтік желі арқы­лы акция ұйым­дастырып, қажетті қар­жыны қайырым­дылық жолымен тапқан. Ал биыл сәуір айында ғана мәселеге жер­гілікті билік назар аударып, қолдау біл­дірген көрінеді.

– Малайсары тауының әр тасы тұн­ған тарих қой. Мұндағы суреттерге қа­рап, 3000 жыл бұрынғы кезеңнің оқиға­­­сын елестетуге болады. Зерттеу енді бас­­тал­ды, ғалымдар әлі жаңалық аша­ды деп сенемін. Болжам бойынша, бұл бел­гілер қола не темір дәуіріне жатады екен. Алматыдан 160 шақырым жерден осындай жәдігер табылып жатса ға­жап қой, ә? Сосын, бұл мәселені шуға ай­налдыруға болмайды. Біз қазір қазба жұ­мыстары­ның басында, тауда жүр­міз. Әлеумет­тік желіде шу болып жат­қанын есті­дім. Әсіресе жердің саты­лып кеткеніне жұрт назарын аударып, наразылық туып жатқан көрінеді. Бұ­ған мемлекет назарын аудардық, әрі қа­рай саясиланбауы керек. Облыс әкім­дігі қолдау жасап, тиісті қаржы бөлді. Болашақта ашық мұражай сияқты тарихи орын болса, біздің арманымыз орын­далғаны, – дейді журналист Ольга Гумирова.

Айтпақшы, тақырыпқа орай көтеріл­ген сауалға Алматы облысының мәде­ниет, архивтер және құжаттама бас­қармасы бізге арнайы жауап берді. Құ­зыр­лы мекеменің жауабында Арқарлы петро­глифтері 2017 жылдан бері мемлекет қорғауына алынып, сол уақыттан бері суретті тастардың бірде-біреуіне зақым келмегені айтылған. Аумақта мәдениет басқармасына қарасты Мәдени мұра ор­талығы мен Ә.Марғұлан атындағы археология институты мамандары және еріктілердің бірлесуімен петроглифтерді анықтау және барлау жұмысы жүріп жатыр. Сондай-ақ бұған қосымша бар­лық петроглифтерді паспорттау да бірге жүргізілуде екен.

 

Алматы облысы