Солтүстік өңірлерде кездесе бермейтін тұяқты жануардың Торғай даласында тұңғыш рет төлдеуін облыс жұртшылығы бұрын-соңды болмаған таңғаларлық оқиға ретінде қабылдады.
– Осыдан 3-4 жыл бұрын облысқа 9 құлан әкелінген. Олар Торғай даласына жіберілді. Бір-екеуі кейін Қарағанды облысына қарай ауыпты. Бірнеше құланның мойнына электронды белгі бергіш чип салынған, олардың бірінің өлексесі Арқалықтың маңайынан табылды. Жануардың ажалы адамның қаскөйлігінен келді ме, әлде басқа бір себеп болды ма, ол жағы беймәлім. Тағы біреуін браконьерлер атып кетті. Қалғандарының мойнында чип жоқ, олардың қай маңда жүргенін білмейміз ғой. Бірақ осы өзіміздің облыстың аумағында жүрген болуы керек. Өйткені өткенде бір кісілер Амангелді ауданынан бір-екеуін көрдік деді. Сондықтан кем дегенде, 4-5 құланды жерсініп кетті деп жорамалдап отырмыз. Олардың құлындағандарын көрген жоқпыз. Мамандар соңғы әкелінген құландардың бірінің буаз екенін көктемде байқаған. Одан кейін әдейі жабайы жануарларды жерсіндіру орталығында ұстап, күтім жасалған ғой. Негізі құланды қамауда көп ұстауға болмайды. Мысалы, алғаш келген құландарды күзде әкелді де, бір қыстап шыққан соң, көктемде еркіне жіберді, – деді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Ғилымхан Молдағұлов.
Алғаш көрген адам бас-құлағына қарап, есектің қодығы ма деп қалатын, сосын сирақтарына қарап жылқы төлі шығар дейтін сүп-сүйкімді құлынның жарық дүниеге келгеніне бір апта болды. Әуелі өте әлжуаз көрінгенімен, сағат санап ширай бастады. Енесі шаба жөнелсе, қалыспайтын секілді. Ерекше құлынды жерсіндіру орталығының мамандары күнделікті бақылауға алған.
Құландар Қостанай облысына алғаш 2017 жылдан бастап, Орталық Қазақстандағы жабайы жануарлардың табиғи популяциясын қалпына келтіру жобасы аясында әкеліне бастады. Жобаны Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы шетелдік әріптестерімен бірлесіп жүзеге асыруда.