Мамандар қант диабеті, жүрек талмасы, қан қысымы сияқты сырқат белгілері анықталған адамдарға аурудың алдын алу туралы ақыл-кеңестерін беріп, екпе жасату керек екенін қадап ескертті. Вакцинаны көшпелі медициналық пункттен 100 метрдей жердегі «Бизнес орталығында» қабылдауға болады. Еңселі ғимараттың бір бөлмесінде біраздан бері арнайы жабдықталған екпе жасату кабинеті ашылған. Мұндағы дәрігерлер тұрғындардың өз қалауы бойынша Спутник V, QazVac немесе Hayat-Vax вакцинасын егіп жатыр.
«Дәрігер қабылдауы» акциясының басты мақсаты – қала тұрғындарының денсаулығына қауіп төндіріп тұрған сырқат белгілерін анықтау. Әдетте күнделікті күйбең тіршілікке көбірек мән беріп, жұмысбасты болып кеткен азаматтардың көбі өз денсаулығына қарауды естен шығарып жібереді. Ауруын әбден асқындырып, сосын ғана емханаға келіп жататын адамдар жиі кездеседі. Жаман айтпай, жақсы жоқ, дерт асқынып кетсе, оның арты жақсылыққа апармайды. Естеріңізде болса, биыл 1 ақпаннан бастап тұрғындарға вакцина егу басталған. Дәл қазіргі кезеңде Қостанай облысында вакцинаның үш түрі бар», деді №1 қалалық емхананың бас дәрігері Жанат Әлмағамбетова.
Бас дәрігердің сөзінше, бүгінде өңірде Сovid-19-ға қарсы вакциналау шарасы белсенді жүріп жатыр. Облыс орталығында емханалардың сыртында, халық жиі баратын қоғамдық орындарда вакцина егу кабинеттері көптеп ашылуда. Облыс тұрғындарына қазір 31 медициналық мекеме екпе жасап жатыр, оның бесеуі – жекеменшік. Мұның сыртында, 93 стационарлық және жылжымалы нысан белсенді жұмыс істеуде. Қажет болған жағдайда бұлардың санын 150-ге дейін көбейтуге мүмкіндік бар. Өңірде барлығы 426 медицина қызметкері екпе жасаумен айналысуда. Олардың бәрі – арнайы оқу курстарынан өткен білікті мамандар.
Қостанай облысы