Экология • 28 Маусым, 2021

Балық өсірушілерге қойылатын артық талаптар алынды

507 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Балық шаруашылығы су айдындарын тауарлық балық шаруашылығын жүргізу үшін кәсіпшілік су айдындарынан ауыстыру қағидалары бекітілді. Сондай-ақ заңнамалық деңгейде пайдаланушының тор шаруашылығын жүргізу үшін кәсіпшілік балық шаруашылығы учаскесін пайдалану құқығы көзделген. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Нариман Жүнісов мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Балық өсірушілерге қойылатын артық талаптар алынды

Оның айтуынша, балық шаруашылығын жүргізуге арналған үлгі шарт бекітілді және осы шартты жасасудың нақты мерзімі – 49 жыл болып белгіленді. 

«Бұрын келісім шарт жасасу мерзімі 5 жылдан 49 жылға дейін болатын. Бұл белгісіздік бизнеске болашаққа сенімділік бермеді және инвестиция тартуды тежеді. Сондай-ақ балық шаруашылығын дамыту жоспарлары шеңберінде балық өсірушілерге қойылатын артық талаптар алынып тасталды. Бүгінгі таңда балық өсірушілерге қойылатын жалғыз талап: жыл сайын белгілі бір биологиялық негізге сәйкес балықтың белгіленген көлемін өсіру. Сонымен қатар балық өсіру шаруашылықтарын су қорғау белдеуіне орналастыру бойынша шектеулер алынып тасталды. Балық өсіру тоғандары мен бассейндерін салу кезінде жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу және мемлекеттік сараптаманың қорытындысын алу жөніндегі талаптар алынып тасталды. Бизнес ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде балық өсіру шаруашылықтарын салу кезіндегі шығындарды өтеуден босатылды. Тағы айт кетерлігі қолданыстағы мемлекеттік қолдау шараларымен қатар, жем-шөп құнының 30%-ын субсидиялау және балық өсіру шаруашылықтарына арналған техника мен жабдықтар сатып алуға инвестициялық салымдар кезінде шығыстардың 25%-ын өтеу», деді ведомство өкілі. 

Бұл шараларға сондай-ақ балық өсіру - биологиялық негіздемелер құнының 50%-ына дейін субсидиялаудың жаңа түрлері; балық өсіру материалын; дәрілік препараттарды сатып алу; сондай-ақ бағалы балық түрлерін ретке келтіру-аналықттарын сатып алуға және күтіп-ұстауға арналған шығындар қосылды.

«Қазақстанда балық шаруашылығын жүргізу үшін барынша тиімді жағдайлар пысықталып жатыр, сондықтан балық шаруашылығы субъектілерін, инвесторларды және балық өсірумен айналысуға ниет білдірген барлық бизнесмендерді балық өсірумен айналысуға шақырамыз», деді комитет басшысы. 

Барлық мәселелер бойынша мүдделі тұлғалар Комитетке және оның аумақтық бөлімшелеріне жүгіне алады. Координаттары мен байланыс деректері Комитеттің сайтында орналастырылған.