Саясат • 01 Шілде, 2021

Әкімдер сайлауында ең лайықтылар жеңіске жетеді

325 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар басшыларының, сондай-ақ Президент Әкімшілігі мен Үкімет басшылығының қатысуымен өткен ауыл әкімдерін сайлау мәселелері жөніндегі кеңесте «Алдағы сайлау саяси реформаларға жаңа серпін беріп, азаматтарды елді басқару және шешімдер қабылдау процестеріне тартуға мүмкіндік беретініне сенімдімін» деген болатын.

Әкімдер сайлауында ең лайықтылар жеңіске жетеді

Ауыл әкімдерін сайлау – Қазақ­стан­ның саяси тәжірибесіндегі жаңашылдық. Ал ауыл әкімдерінің сайлауын өткізу бірқатар маңызды міндетті іске асыруға жол ашады. Біріншіден, қоғамдық мүдделерді білдіруге жол ашылады. Сайлау арқылы мүдделер артикуляциясы болып, ауыл тұрғындарының проблемалары айтылады. Сонымен қатар сайлау дәстүрдегідей жүйелік кем­шіліктерді, сайлаушылардың сұраныс­тарын, үміттерін бағалауға мүмкіндік береді.
Екіншіден, биліктің заңдылығы мойын­далады. Себебі әкімдердің «жоға­рыдан» тағайындалуы бірқатар себептерге байланысты, ауыл тұрғындарының арасында біршама шиеленіс туғызып келген болатын. Мысалы, жаңадан тағайындалған әкім бұрын ауылда жұмыс істеп көрмеген, тіпті мұндай тәжіри­бесі де болмаған болуы мүмкін. Не бол­маса, жаңа басшыны ауыл тұрғын­дары алғашқы кезде оның өмірге келген өңіріне байланысты қабылда­мауы мүмкін. Ал тікелей сайлау кезінде, яғни демократиялық жолмен ұйымдас­ты­рыл­ған сайлауды іске асыру кезінде халық сайлаған билік заңды болады. Мұндай әкімге қоғам мүшелерінің көпшілігі сенім­мен қарап, өз еркімен бағынуға тырысатын болады.
Үшіншіден, саяси өмірдің әлеу­мет­тік барометрі іске асады. Сай­лау қоры­тындысы түрлі саяси күштердің ықпал ету деңгейін көрсетіп, азаматтардың ел билеуші элита мен оппозицияға, Үкі­меттің ұстанған бағытына шынайы қатынасын айқындайды. Ауылда жүріп жатқан процестерге кейбір мониторинг пен бағалау жүргізіледі.
Төртіншіден, саяси элитаны іске қосу жүреді. Сайлау өңірлік сая­си элитаны қалыптастыру мен жаңар­тудың маңызды тетігі саналады. Соның ішінде ауылдық элита да бар. Сайлау тұрғындарға билік өкілеттігіне кімнің лайықты екенін же­ке жә­не тікелей анықтауға мүмкіндік бе­реді.
Бесіншіден, саяси әлеуметтену іске асы­рылады. Сайлау науқаны барысын­да азаматтар өздерінің саяси сенім­дерін қалыптастырады, саясатқа қатысу мен өзара іс-қимылдың заңнамамен бел­гіленген нысандарын қолданып көреді. Сөйтіп, өздерінің азаматтық жа­уап­кер­шілігін сезіне түседі. Азама­ттар­дың сайлауға қатысуы тұрғын­дар­дың ортақтастығы мен саяси мәде­ни­е­тінің деңгейін арттырады.
Демек, ауыл әкімдерін сайлау ауыл­дағы проблемаларды анықтаумен қатар, тұрғындардың азаматтық ұстанымын білдіруге және төртінші деңгейдегі бюджет аясында ауылдағы билікті орта­лықсыздандыруға мүмкіндік береді. Жоғары жақтан айтылған көптеген прогрессивті һәм жағдайды жақсартуға бағытталған идеялар көбінесе жергілікті жерлерде бұғатталады немесе тиімсіз іске асырылады. Бюджетке деген қоғамдық бақылаудың артуы, халықтың тікелей ауыл менеджерін сайлауға қатыса алуы және сайлау кезіндегі бәсекелестіктің болуы көптеген салаларды дамытуға септігін тигізеді.
Саясаткер Дж.Фишкиннің пайым­д­ауынша, кез келген саяси жүйе өз дең­гейіне қарамастан, мынандай пара­метрлерге сай болуға тиіс: теңдікке, қатысуға және пікір алмасуға кепіл­дікті қамтамасыз етуі керек. Бұл ауыл әкімдерін сайлауды өт­кізуге де қатысты. Дауыс берудегі тең құ­қық­тылық, азаматтардың сайлау рәсіміне қатысуы, әлеуетті кандидаттармен кез­десуде пікірсайыс қамтамасыз етілуі қажет.
Ауыл әкімдеріне үміткерлер мынандай тәсілдер арқылы ұсынылады. Саяси партиялар өз мүшелерін бәсекеге қосады. Осы орайда, саяси партиялар бір сайлау округінде бір ғана үміткерді ұсына алады.
Сондай-ақ тиісті округтің дауыс беру құқығы бар сайлаушыларының 1 пайызы қолдаған адам өзін өзі ұсынады. Бұдан бөлек, аудан әкімі (облыстық мәртебесі бар қала) межелі мерзімге дейін екі кандидат тіркелмесе өз үміткерін айтады.
Соңғы мәселеге келсек, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәлік Мырзалин айтып өткендей, «аудан әкімдері балама болмаған жағдайда ғана өз үміткерін ұсына алады. Яғни егер екі кандидат тіркелмесе ғана әкімге ондай құқық беріледі. Оның өзінде, жергілікті қоғамдастықпен келісіп қана жасай алады». Бұл қадам халықтың пікірін ескеру тұрғысынан маңызға ие.
Аудандық маңызы бар қаланың, ауыл­дың, кенттің, ауылдық округтің әкімі­не басқа кандидаттармен салыстыр­ғанда дауыс беруге қатысқан сайлаушы­лар­дың көп дауысын жинаған үміткер сайланады.
Қазақстан Респуб­ликасы Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары К.Пет­ров: «Алдағы сайлаудың бұған дейінгі науқандардан айтарлықтай айырмашылығы мынада. Оны өткізу құзыреті аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың аумақтық сайлау комиссияларына ғана тиесілі», дейді.
Осылайша, сайлау процедурасын тиісті түрде жүзеге асыру арқылы жаңа практика елдегі саяси кеңістікті едәуір жандандырады, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында мемлекеттік мекемелердің, жергілікті атқарушы органдар қызметінің үйлесімділігін жетілдіреді, ауыл тұрғындарының көкейкесті мәселелерін «есту мен шешуді» жақсартады. Ауыл әкімдерін сайлаудағы бәсекелестік ең лайықты кандидаттардың теңдік пен меритократия қағидаты жағдайында жеңіске жетулеріне мүмкіндік береді.
Дина АЙКЕНОВА,
саяси кеңесші, PhD, «Рухани жаңғыру» ҚҚДИ отбасы институтын зерттеу орталығының аналитик-менеджері