Руханият • 02 Шілде, 2021

Ұлт киесі: Соғыс өртімен шыр еткен сәби немесе алғашқы сыр

328 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Сіз ұлттық әдебиетіміздің көрнекті жазушысы Софы Сматаевтың кіндік қаны тамған топырағын, өскен ауылын­ көрмеген шығарсыз. Он мыңнан астам тұрғыны бар Ақадыр стансасынан оң­түстікке қарай 100 шақырымдай жол жүрсеңіз, алдыңыздан «Киік» деп аталатын ауылды кездестіресіз. Темір жол бойындағы шағын станса. Қазіргі кез­де­гі халық саны мыңның айналасында.

Ұлт киесі: Соғыс өртімен шыр еткен сәби немесе алғашқы сыр

Бір ғажабы, ауылдың жанында Мек­сика фильмдерінде көрсетілетін ежелгі тау түнеріп тұр. Олай дейтінім, ғасырлар бойы табиғаттың небір қитұрқы міне­зін басынан кешкендігі тастары мүжіл­гендігінен байқалады. Әйтсе де талай тарихи сырларды қойнына тығып, тымырайып жатқандығы анық.

Міне, осындай өркениеттен аулақта жатқан, қоңырқай тіршілігімен өздерін бақытты санайтын қазақы ортада 1941 жылдың маусымының 22-жұл­ды­зын­да, шамамен таңғы 7-де жарық дү­ние­ге Қалыбектің ұлы келді. Нақ осы сәтте Гер­мания фашистері Кеңес Ода­ғына тұт­қиылдан шабуыл жасап, Екінші дү­ние­жүзілік соғысты бастаған болатын.

Әлбетте сол сәтте сәбидің ата-анасы соғыс оты тұтанғанын естіген жоқ еді. Жазушы ағаның естелігінде айтылғандай, ауыл адамдары соғыстың басталғаны туралы жаманат хабарды естіген жоқ, есітсе есімін басқаша атар ма еді. Әкесі «Софы» деп үш рет құлағына сыбырлады. Софы – данышпан, дана деген мағынаны білдіреді. Сірә, әкесі ұлының би, шешен, не қаламгер болғанын қалаған шығар.

Екі күн бойы шілдехана тойында мәз-мейрам боп жүрген ауыл халқы үшінші күні жетпіс шақты азаматты жылап жүріп майданға шығарып салған.

Әлбетте соғыс салған ауыртпалық сал­дарынан Софылар тым ерте есейді. Бала­лықтың бал күлкісі, шаттану, алаңсыз ойнау дегенді олар көрген де, білген де емес.

Софекеңнің ауылына Ақадыр жағы­нан ат басын тіреген соң, оң жақтағы дала жолына түссеңіз, елу шақырымнан әрі қарай Бетпақдалаға енесіз. Қарағанды мен Жамбыл облыстарының түйіскен тұсы Тайатқан-Шұнақта қазақтың бас батыр­ларының бірегейі Ағыбай Қоңыр­байұлы жерленген. Үзеңгілес достары Дулат, Шопат пен Мамыт батырлардың бейіттері де сол маңда.

Жазушы ағамыз да бала кезінен қасиетті жерді аралап, қарттарға еріп, дұғаға қатысып, қазіргі балалар мән бермейтін тарихи шежірені мұқият тың­дап өсті. Сол кездегі батырлар жа­йын­дағы хиссалар бала Софының көкі­регіне ұлтына деген сүйіспеншілік се­зі­мін ұялатса керек. Өйткені ол өмір бойы тек өз ұлтына қызмет етумен ке­леді. Туған жердің киесі бойына да­ры­­ған жас жеткіншек өсе келе өз ұл­ты­ның ар-намысын тереңнен толғап, өз шығармаларындағы бұлтартпас де­ректі оқиғаларымен жүз мыңдаған, тіп­ті миллиондаған оқырманның ой-са­на­сында тың серпіліс тудырды. Бұл – жай құбы­лыс емес, Софы Сматаев жа­­саған рухани ­революция; жүздеген жыл бойы «ұйықтап жатқан» халықты дүр сілкінтіп оятатын поэтикалық қуаты күшті, эпикалық туындылар болатын.

Сөйтіп, туған жерден басталған ада­ми махаббат уақыт өте келе Софы Сма­таевты өз ұлтының киелі жазушысына айналдырды.

 

Мұхтар Әуезовтің ақылы немесе екінші сыр

Тарихқа бай, тұнып тұрған шежірелі өлкеде туып-өскен Софы ағаның ішкі жан дүниесінің де рухани байлыққа толы болмауы мүмкін емес-ті. Әдетте іштегі толғаныстар ерте ме, кеш пе, бәрібір, сыртқа шықпай қоймайды.

Біздің бас кейіпкеріміздің қаламгерлік жолды қалап, Алматыға оқу іздеп баруы да заңдылық. Оның кішкентайынан көзімен көріп, жүрегімен сезінген әсер­лі жайттары – Тайатқан-Шұнақ, Қалмақ­қырған, Өрмекші әулиенің «Сырғанағы», Ақжолтай Ағыбай батыр, оның үзең­гі­лестері, атасы Жарылғап батыр, т.б. қо­лына еріксіз қалам алғызды.

Софы Қалыбекұлының қазыналы Қара­ғанды өлкесінен келгенін, түбінде талантты жазушы боларын сезген данышпан Мұхтар Әуезов «Меніңше, се­нің әуелі Мәскеудегі металлургияға қатысты бір институтты тәмамдағаның жөн сияқты» деп ақжарма тілегін айтады. Шындығында алып өндірістерді көрген, көріп қана қоймай, сол жерде еңбек еткен талантты жастың көп-көп нәрсені көңіліне түйері даусыз еді.

Студент Софы да еш сөзге келген жоқ, ұлағатты ұстазының айтқанын екі етпей орындады. Мәскеудің болат және кен қорыту институтын бітіріп шықты.

1961 жылы өзінің ұсынысын қабыл ал­ған ҚазМУ-дің студенті Софыға Мұхтар Омарханұлы ағасы ризашы­лық көңілмен төмендегі хатты (құ­жат жазушының жеке мұрағатынан алынған – А.С.) жазады:

 

Қабыл алсаң, қапы қалмассың

Сарыбала, сен жазушы болам деп жүрсің ғой. Сол болашақ тірлігіңе демеу болар үш тарау ақылымды айтайын. Қа­был алсаң, қапы қалмассың.

Арақты әу баста ем-дом үшін шығар­ған. Аздап ішсең – дәру, көп ішсең − у. Жөнімен тата білсең, артықтық етпейді ол. Ал қатаң ескертерім: темекіге жолама! Адам ағзасын арылмас дертке ұшырататын кесірлі кеселдің ең зияндысы. Бұл бір.

Жазушының өте бір баға жетпес құн­дысы – уақыты. Осы құндының аса қас жауы – карта дейтін азарты мол ойын. Ол немең – уақытыңды ұрлаумен қоса достарыңнан ажырататын зәндемінің өзі. Өйткені ұтылсаң – ақшаң болмай, бере алмауың мүмкін. Ұтсаң – қолма-қол ала алмай, араларың суысып кетуі ғажап емес. Сондықтан картадан аулақ бол.

Үшіншіден, біздің жасаған қателік­терімізді қайталамаңдар. Жоғары оқу орындарында оқып жүргенімізде қазақ қыздары орталау мектепті де бітірмейтін еді. Содан ба, «тең-теңімен» дегенге әулекіленіп «қолымыз жеткеніміз» орыс қызына, одан кейінгілеріміз татарға, басқа ұлт бойжеткендеріне үйлендік. Ұлттың ұлт болып ұюы бесіктен басталарына мән бермеппіз. Ал ұлттың ұлылығын сақтау үшін өз жұртыңның аруымен бас қосудың аса қажеттігін кешігіп сезіп, сан соғып жүрміз. Сендер елден алыста жүрсіңдер. Бүгінде қазағыңның оқыған қаракөздері жеткілікті. Біздің қателігімізді түзетуге тырысыңдар.

Солай, Софы балам. Кеңесіме құлап түспесе де, құлақ асар ұрпақ болса екен дейтін тілегімнің бір парасы осы.

Мұхтар Әуезов,

Мәскеу, 1961 жыл.

 

Софы аға Мәскеудің Болат және кен қорыту институтын 1966 жылы бітіріп шықты. Сол кездегі Одақтың заңына сәйкес инженер мамандығын игеретін студенттер теория мен тәжірибені ұш­тастыратын, яғни өндірісте еңбек ететін. Жазушылықты армандаған, бірақ, ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің ақылымен техникалық жоғары оқу орынында оқып жатқан қазақ жігіті Мәскеудің «Серп и молот» зауытында слесарь, кейіннен шойын құюшы болып жұмыс істеді. Тула мен Қарағанды металлургия комбинаттарында еңбек етіп, тәжірибе жинақтады.

 

«Жарқырайды Теміртаудың оттары» немесе үшінші сыр

Хрущев заманында техникалық жо­ғары оқу орынын бітіру оңай болмай­тын. Өйткені кез келген студент өндіріс ошағынан айналып өте алмайтын. Тәжі­рибе жинақтау кезінде Софекең де Темір­таудағы Қазақстан магниткасында жүрді. Аға горновой Нұрсұлтан Назарбаевпен сондай қарбалас сәттің бірінде танысты.

– Софы, – деді кәсіпқой металлург, – өзің де білесің. Бізде Мәскеуден оқып келген маман тапшы. Бітірген соң бізге жолдама алсаңшы. Бірге еңбек етейік. Мұнда қазағымыз аз боп тұр.

Сол кездегі еңбек адамы, бүгінгі Ел­­­басы айтса айтқандай екен, өз ұлты­мыз­дың жігіттері санаулы болып шықты.

 Расында қазақ даласы бұрын мұн­дай алып өнеркәсіп орнын көрмеген. Салынып жатқан құрылыс дегеніңіз үйі­ліп жатқан тау сияқты. Жауыртау ете­гінде күні-түні шырқалып жатқан еңбек симфониясына сүйсіне қарап тұрып, мың­даған ыстық градуста бұрқ-сарқ қай­нап, ақырында өзен тәрізді ағып жат­қан шойынды көргенде өзің де білек сы­банып, горновой (шойын қорытушы) Нұрсұлтан Назарбаевтың жанында бері­ліп жұмыс істегің келеді. Не отыра қалып, тарихи шығарма жазуға аңсарың ауады. Софы ағаның «Алау» атты повесі осындай табиғи әсерден туған болуы мүмкін. «Астана оттары» атты тұңғыш өлеңдер жинағы да металлургиядағы тың шабыттан соң дүниеге келген-ау, сірә.

Нұрсұлтан Әбішұлының ме­таллургия саласындағы тынымсыз ең­­­бегінің қыр-сырын, оның қара жұ­мыс­тан басталған өмірінің өсу жолдарын Со­фекеңдей ешкім анық білмесі хақ. Баз бі­реулер «Осындай танысы бола тұра Со­­фекең неге мемсыйлықтан қағылып жүр?» деген қазақбайшылық сұрақ қоя­ды. Гәп мынада: Софы аға өмірде ешкімге жағ­дайын айтып, өтініш жасап көрген емес.

Жазушы Президент досына «маған кө­мек бермедің» деп ренжіген емес, Пре­зидент болса, «Софы маған өтініш айтпады» деп тымсырая қалған емес. Неге? Өйткені екеуі де біледі: шын­дық­тың түбінде тасты да жарып шығатынын.

Қарағанды металлургия комби­на­тында біраз уақыт еңбек еткен соң Қазақ КСР Ғылым академиясының металлургия және кен-байыту ғылыми-зерттеу институтында әуелде инженер, кейіннен аға инженер қызметін атқарды Софекең.

Уақыт-патша өзінің дегеніне жетті. 1968 жылы Софы аға жүрек қалауы бо­йынша қаламгерлікке біржола ден қойды. «Жұлдыз» журналында бірнеше бөлімді басқарды. Оның осы бір сан тараулы, ауыр міндетті абыроймен атқарғандығын және талантты жазушы екендігін кезінде Р.Бердібай, Ш.Елеукенов, С.Қирабаев, Т.Сыдықов, З.Серіққалиев сияқты сыншылар жоғары бағалады.

Көп ұзамай инженер-металлург жазу­шының алғашқы кітаптары көктемде туған өлкесіне сағынып жететін қарлы­ғаштардай әр оқырманның үйіне рухани ұясын тұрғыза бастады...

 

«Елім-ай» – ел тарихы немесе төртінші сыр

Ақиқатын айтуға тиіспіз, Софы Сма­таевтың 1970 жылы баспаға ұсынған жаңа романы «Жұлдыз» журналының екі санында басылып, кейбір әріптесте­рі үшін күтпеген сенсация болды. Еш­­кім инженер-жазушыдан мұндай шы­ғармашылық ерлікті күтпесе керек. Иә, бұл шын мәніндегі ерлік еді. Ілияс Есен­берлиннің «Көшпенділерінен» кейін тарихи тамаша туынды пайда боларына ешкім сенбесе керек. Автордың алғашқы кітабының сегіз жыл бойы баспада шаң басып жат­қандығы сондықтан да болар. Көреалмаушылардың да өзіндік тұ­жырымы болмай қойған жоқ. Әркім өзін­ше болжам айтты.

Алайда қазақы қызғаныш сезімі Софы ағамыздың шығармашылық шабытына тосқауыл қоя алмады. Қаламгерлік қуатын бәсеңдете алмады. Сағын сындыра алмады. Керісінше, біздің кейіпкеріміз домна пешінде қыз-қыз қайнаған құ­рыштай шыңдалып, «Елім-айын» три­логияға жеткізу үшін еселі еңбек етті.

Сматаевтың құдіреті сонда: қазақ ­хал­қының басына түскен қайғы-қасі­рет­ке толы жылдардың картинасын тіл ше­бер­лігімен, оқиғаны баяндаудағы тап­қырлығымен, шынайы образдарымен, ға­жап ақындығымен, т.б. ерек­ше сти­лімен жүздеген жылдан соң қай­тадан қазақ атаулының санасын жаң­ғырт­ты. Өкініштісі сол: әлі күнге дейін Софекеңнің «Ақтабан шұбырынды, Алқа­көл сұлама» заманын суреттейтін «Елім-айын» Қазақстанда көркем фильм етіп шығаратын бірде-бір режиссердің тумағандығы.

Романдағы басты кейіпкерлер – Жәң­гір сұлтан, Ошаған би, Қазыбек би, Бө­генбай, Райымбек, Олжабай, т.б. тарихи тұл­ғалардың образдары кез келген оқыр­манның ар-намысын оятады, бір ту­дың астына бірігуге шақырады. Ал Қуат пен Жомарт батырлардың отбасы басы­нан кешкен қайғылы оқиғалар сол кездегі қазақтың бәріне ортақ екендігін түйсінесіз.

Қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мү­сірепов: «Қазақ прозасының ендігі буы­нының көш басында «Елім-ай» рома­нының авторы – Софы Сматаев тұратыны сөзсіз», деп батыл тұжырым жасаса;

Сол кездегі Мемлекет басшысы Дін­мұ­ха­мед Қо­наев: «Мұхаңның» Абай жолынан» ке­йін сондай кесек туындылар жазылмай кетті деп аузымызды құр шөппен сүртіп келдік қой… «Халқым! Елім!» дейтін жү­регіңді таныдым, таптым, ұлым. «Ұлым» дегенімді дұрыс ұқ, Софы-жан», деп ырзашылығын біл-­
дірген.

Қырғыздың асқақ жазушысы Шың­ғыс Айтматов: «Софының «Елім-ай» ди­логиясы – ыстық жүрекпен, шебер де ше­­шен тілмен, зерек зердемен жа­зыл­­ған, азаматын ерлікке, әлеуметін бір­­лікке ша­қыруымен әсерлі туынды. Өйт­кені өткен күндердің өкпесін сыққан қасі­ретінен қаны сорғалаған халқын суырып алған сол бірлік бүгін де керек», деп қуа­на әлемге жар салса;

Жауынгер жазушы Қалмұқан Исабаев: «Ақтабан шұбырынды оқиғасын тұңғыш рет қағазға түсіріп жария етуші осы Софы болатын. Қалайда ол өз шығармалары-­
мен халқымызды өзіне-өзін танытып, еңсе­сін көтерді ғой», деп шындықты жайып салды.

Бір шындық бар: көреалмаушылары «Софы Сматаевтың есімін шығармаймыз, жоғары марапат алуына жол бермейміз» деп қанша кергісе де, басқа шығармаларын айтпағанның өзінде, жазушының «Елім-айы» жыл өткен сайын адамзаттың рухани санасының биік шыңдарына қа­рай көтеріле түспек. Софы Сматаев есімі көп ұзамай әлем әдебиетінің алдыңғы көші­нен орын алары сөзсіз. Өйткені Софекең өзінің шедеврі арқылы өзіне мәңгілік еңселі ескерткіш орнатып қойған классик қаламгер.

Біз осыған сенеміз.

 

Ұлттық мүдде үшін күрес немесе бесінші сыр

Қазақ әдебиетінде «Елім-ай» атты та­рихи шығармасымен рухани сілкініс, сілкініс емес-ау, революция жасаған Со­фы Сматаевтың «барды қанағат тұ­тып», үнсіз қалуы мүмкін емес-ті. Өйт­кені адалдықты жан-тәнімен сүйе­тін кейіпкеріміздің болмыс-бітімі, та­биғи мінезі жағымпаздарды, өтірікші-суайт­тарды, өз мүддесін ұлт мүддесінен жоғары қоятын жемқорларды жек көретін.

1984 жылы Қазақстан Компар­тия­сының Орталық комитеті мәдениет бө­лімінің сектор меңгерушілігіне Софы Сма­­таевты шақырғанда «айтқанын бұл­­­жытпай орындайтын қызметкер» деп дә­ме­ленсе керек. Ақиқатын айтуға тиіс­піз, қарымды қаламгер ұлтаралық қа­тынас, әдеби-мәдени өмір, өнер, т.б. өзек­­ті мәселелерді шешу барысын­да ә де­геннен өзінің адалдығымен көз­ге ұрын­ды. Әділетсіздікке жол бер­меді. Та­лант­тыларды қорғады, тиісті меке­мелердің қамқорлыққа алуын қадағалады. Сөйтіп, республикадағы идеология жұ­мы­сының жақсаруына өзіндік үлесін қосты.

Міне, біздің кейіпкер жазушымыз дәл осы кезеңде қолындағы билігін пайдаланып, ұлттық мүдде үшін күресін бас­тады. Кейбір лауазымды шенеунік тә­різді жеке басының қамын ойлау­мен шектелген жоқ. Оның дәлелі: 1986 жыл­ғы Желтоқсан көтерілісіндегі Софы ағамыздың азаматтық ерлігі. Ұлт бола­шағы үшін басын қатерге тіккендігі.

Осы сәт белгілі жазушы Ғаббас Қа­быш­ұлының «Таза адам таза жолмен жү­реді» атты естелігінен («Түркістан» газеті, 8 желтоқсан, 2011 жыл) үзінді кел­тірсек, айтпақ ойымыз ұғынықты болар:

«Д.Қонаевтың орнына сырттан Г.Кол­­бин дегеннің әкеліп қойылғанына на­разылық білдірген алматылық жас­тар­­дың орталық алаңға жинала баста­ға­нын алғаш байқаған, олардың арасына бір емес, бірнеше рет барып, арандап қал­мауларын өтінген қызметкерлердің бірі – Софы. Жазушы Софы Сматаевты танитын жастар оны әр жолы қоршалап алып, өздерін алаңға алып келген өрепкі ой сұрақтарын қойды: «Шеттен Колбин дегенді әкелгендері қалай?!. Қазақстанды басқаратын не қазақ, не орыс өзімізден табылмағаны ма?!. Мәскеу бізді қашанғы билеп-төстей береді?!. Енді не болады, не істеуіміз керек?!» десті. Қаламгер аға оларды түсініп, орынды сауалдарына орнықты жауап қайтарды: «Партияның өктем екенін білесіңдер, ол бұл шешімін енді өзгертпейді. Сендер ойланыңдар, ашуға жеңдірмеңдер. Колбин бірер жылдан кейін кетер, басшы өзімізден болар. Сәл шыдаңдар, айналайын, іні-қарындастарым, сабыр сақтаңдар, ойланыңдар, тараңдар, арандатуға ұры­нып қалмаңдар, бұлар сендерге қарсы күш қолданудан тартынбайды», деді.

 Желтоқсандық жастарды қорғай­мын деп партия басшыларына қарсы шық­қанда, лауазымы жоғарылардың көбі кекшіл келеді, оған сол кезеңде Софының да көзі жетті. «Ұлтаралық жағдайды жақ­сартуымыз керек» деп себеп тапқан Колбин бір аптадан кейін оны Ақтөбе облысына жұмсады. Камалиденовке бағынбағаны бар, Устиновтың не деп жамандап қойғанын да ит білсін, әйтеуір, келімсек «көсем» – оны қырына алған еді. «Денсаулығым сыр беріп жүр, жа­қын облыстардың біріне барайын» де­генін құлағына ілмей: «Ақтөбеге ба­руың керек!» деп қасарысты. Он шақты күн­ге созылған саяси сарсаңда жүйкесі шабақталған Софы сол күні, қызмет үс­тінде, жүрек талмасына (инфаркт) ұшы­рап, жедел жәрдеммен ауруханаға жет­кізілді.

Әдетте, лауазымы жоғарылардың кө­бі қоластындағылардың хал-ахуалын, ден­саулық жағдайын ойлай қоймайды. Со­фының оған да көзі жетті. Айдаған жағына жүрмеген «қыңыр Сматаев» ­ауруханадан шыққан соң колбиндік қара мылтықтың қарауылына қайтадан ілікті. Арада бір апта өткенде Колбин мен Ка­ма­лиденовтің тапсыруымен Орталық Ко­митеттің үгіт-насихат, мәдениет бө­лімдерінің үш «мықтысы»: «Софы Сма­таев жолдас партия басшыларын тың­дамайды, міндетін дұрыс атқармай­ды, ұлтшылдық пиғылы басым» деп беталды кінә таққан жазбаша мәлімдеме жасап, оның тәртібі Орталық комитет хатшыларының мәжілісінде қаралатын болды. Мәжілісте әлгі үш «мықтының» баяндамаларынан кейін Колбин бірден: – Түсінікті болды, кәне, Сматаевқа қан­дай жаза қолдану керек, айтыңыз­дар! – дейді, қарақошқыл бетінің түгі тік тұрып. Софы соңғы сөзін айтуға хақы ба­рын пайдаланып, анау үшеудің жамау-жасқаулы пікірлерінің суын сығып, іліп алар ештеңесі жоғын көрсетіп береді. Үшеудің бірі (қазекең) сипақтап: – Солай жазу керек деп тапсырған соң... – деп сүлкие түрегелгенде Орталық комитеттің екінші хатшысы Сағидолла Құбашев оған зілдене қарап: – Міңгірлемеңіз, отырыңыз! Ойлы адам жала жабумен әуестенбес болар! – дейді, әдейі қазақ тілінде сөйлеп. Жалма-жан арашашы болғысы келіп аузын аша берген Усти­новтың дертесін Сәкең: – Все понятно, садитесь! – деп бір-ақ қайырып, Софы­ны колбиндік жазадан қорғап қалыпты. Інінің азаматтық қасиетін таныған Сәкең­дей аға көп болса ғой, шіркін!

Керауыз келімсектің құзырында ен­ді жүргісі келмеген Софы сол «міңгір мә­жілістің» ертеңінде екінші өтінішін жазып, «Ақ үйден» аулақ кетті. Бірінші рет өтінішті ауруханада жатқанында жазған еді, бірақ «құдайлар» ескермейді, өйткені олар «төмендегі» коммунист Сматаевқа есе жібермеу үшін оған шара қолдануға асыққан болатын. Софы бірде Колбиннің кадр саясатындағы солақайлығын бетіне басқан. «Мені сынайтындай сен кімсің?!» деп тебіткеніне Софының: «Сынауға хақым бар, сіз бен біз – бір партияның мүшесіміз!» деген оқ-сөзі Колбиннің қара жүрегіне қадалып қалған...

Софы «Ақ үйдегі» алапес тірліктен азат болып, қаламын қолға бірыңғай алды.

Осы бір ерлікке толы оқиғаның өтке­ніне де 35 жыл уақыт өтіпті.

Өкініштісі сол: Қазақстан оқыр­ман­дары ақиқатшыл Софы Сматаевтың ұлт­ты қалай сүю керектігін дәлелдеген қай­сар­лығын енді ғана естіп, таңғалысып жатыр...

 

Айтбай СӘУЛЕБЕК