Өнер • 02 Шілде, 2021

Қазақ күйінің бір пірі

592 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Әр дәуірге тән күй өнерінің классиктері болады. VII ғасырдағы Қобыз күйінің классигі – Қорқыт ата (түркі халқына ортақ ұлы ойшыл, жырау) десек, ол біздің жылсанауымыздан бұрынғы III-II ғасырларда дүниежүзіне үстемдік құрған сақ, ғұн, қыпшақ дәуіріндегі домбыра, қобыз, сырнай, сыбызғылармен орындалған мифтік сарындағы «Боздала», «Бозайғыр» күй мәнерін ұлғайтып, өз күйі – «Өмір жырын» соныдан тудырды. Сол негізде түркі халықтарына ортақ күй мұрасы «Қоңыр күй» стилін жасап, адамзат баласына күй тартудың жаңа соқпағын салып берді. Ал енді сол екі арада он төрт ғасыр өткенде, яғни ХХІ ғасырда Секен Тұрысбек қазақ күй өнерінің әлемдік классигіне айналды.

Қазақ күйінің бір пірі

Секен – қазақ даласының күйшілік дәстүрін терең зерттеп, Ертіс пен Еділ­дің, Алтай мен Атыраудың арасында өткен ғұлама күйшілердің мұра­сын жалғастырған талант. Ол соны­мен қатар Арқадағы «Шертпе күй» дәстүрін қалып­тастырған Тәттім­беттің, Арал, Ақтөбеге тән «Төкпе күйді» қа­нат­тан­дырған Құрманғазы, Қа­зан­ғаптың, Сыр сүлейі Төремұраттың «Сы­бызғы күйлері», Қара­тау дәс­түріндегі «Шертпе күй» мен «Төкпе күй» өнері, Жетісу дәстүріндегі ежелгі жыр, ертегі сюжеттер желісіне құралған күйдің, теріс бұраумен байыған ерекшеліктерді бойына сіңіре отырып, қазақ күй өнерінің тың, су жаңа композициясын қалыптастырды. Байытып қана қоймай, одан әрі тереңдетіп, жаңа ғасыр музыка жауһарларынан сусындатты. Күйдің дыбыс, ырғақ, тербелісіне, гитара, пианино, жетіген, қобыз сынды саз аспаптарын қосып, оркестрлік шеберлікпен мәнерлеп ойнау арқылы қазақ күйлерін әлем сахнасына алып шықты.

Соның нәтижесінде Секен Тұрыс­беков шығармалары жаппай таралып, кең танымалдылыққа ие болды.

Біз Секен күйлерінің танылуы мен таралымын зертеу мақсатында ар­­­найы тілшілерді ұйымдастырып, мемлекеттің іші-сыртындағы мыңдаған адамға Секен күйлері жайында сұрақ-жауап та ұйымдастырған болатынбыз. Олардың бәрінің ұялы телефон қоңырауынан «Ақжауын» мен «Көңіл толқыны» күйінің күмбірлеп тұрғанын өз құлағымызбен естіп, куә болдық.

Өнердің өсу жолы – қиын да күрделі жол. Алдыңғы өнерпаз шыққан биіктен, кейінгі өнерпаздың жеткен шыңы жоғары тұрмаса, өнерде өсу болмайды.

Әйгілі композитор Бетховен XVIII ға­сырда Германияның философиясы, әдебиеті, өнерінің гүлденуіне үлкен үлес қосты. Дүниежүзі ғалымдары оның «Айлы сонатасын» және «Крейцер сона­тасын» әлем музыкасының клас­сикалық үлгісі деп бағалап, айрық­ша оқшау құбылыс Гегель, Шиллер, Гете қатарына көтерді. Ол тума талант, жомарт табиғат адам алақанына салып бер­ген қайталанбас тұлға деп таныды.

Бейне сол тәрізді, қазақ даласына ХХІ ғасырдың еншісі етіп, біздің халықтың бағына күй пірі – Секен Тұрысбекті сыйлады. Оның «Ақжауын», «Көңіл толқыны», «Күлтегін, «Бесік күйлері» тұтас түрік және әлем халықтарының ортақ құндылығына айналды. Дүние­жүзін екі шектің құдіретімен қазақ күйіне жалт қаратты. Дала музыкасын әлем классика деңгейінде тани бастады.

Секен күйлерінің ұлттық дүние­та­нымы, философиясы, эстетикалық талғамы әлем классикасының өнер кәусарынан бастау алады. Тарихи тағы­лымдардан тамыр тартады. Оның он бес күйінің мазмұнында байтақ бай даласының теңдессіз сұлулығы сурет­теледі, адам баласының жарқын обра­зын сомдайды. Секен күйінен тың­дарман кино көреді, тағылым оқиды, философиялық ой түйеді.

Секен аз ғана уақытта халқымыздың «Өнер тұлғасы» болып қалыптасты.

Бірде Жапонияның астанасы Токио қаласына іссапарға барғанымызда Қа­зақстанның концерт үйірмесіне қо­сып, Секенді де алып бардық. Секен­нің «Ақжауын», «Көңіл толқыны» күйін Жапон халқы ыстық ықыласпен тың­дады. Концерт соңында адамдар таласа-тармаса сахнаға шығып, Секеннің қолын алып, құшақтап көрісті, фотоға түсті. Бастарын иіп, үлкен құрмет біл­дірді. Оған қызыға қарап, таңдай қағып таңырқасты. Бұл құрмет жалпы Секенге ғана жасалған құрмет емес, Тәуелсіз қазақ мемлекетіне, қазақ халқына жа­салған өте зор құрмет еді.

Мен сахнада отырып, қазақ күй­лерінің, әсіресе Секен күйлерінің мұн­ша­лық күш пен қуатқа ие екеніне көзім сонда толық жетті. Ат жалында туып, түйе қомында өскен тақымы тастай, қайсар қазақтың түп атасы көк түрік мемлекеті дәуірінде ұлы даланы қорғаған батыр бабаларымыз, батысы Қара теңіз, Донай алқаптарына дейін, оңтүстігі Ферғана ойпаты мен Иран үстіртіне, солтүстігі Сібір мен Байқалға, Шығысы Табғаш алқабына дейін ат тұяғымен дүбірлеткен, дүниенің төрт бұрышын дүр сілкіндіріп, ұлы дала төсінде қуатты империя құр­ған ұлы халықтың ұрпағымыз. Секен күйлері осы тарихи көріністерді, көш керуендей тізбектеп, бейне тау көшіп жатқандай барлығын көз алдыңнан өткізеді. Жапон халқы да талай тамырлы тағдырын күй толғағынан танып, көздеріне көп дүниені түнеткен болса керек.

Өнерде шекара болмайды. Өнер тілін, әсіресе күй тілін жер бетіндегі саналы адам терең түйсініп, үн ырғағымен түсінеді. Ортақ сезіммен қабылдайды. Өйткені музыка – адам жанының құ­пия үні. Дыбыс, ырғақ, тербеліс ар­қылы көркем көрініс жасап, ғажап үн толқынымен, сыр сезімді тербетеді. Ақыл­ға ақыл, сезімге сезім қосады. Ойды ой­мен сапырып, қиялды қанаттандырады.

Жапон халқы Тайкондау өнерін көрсету жарыстарында дабыл қағып, әртүрлі жанрда шабыттандыру үшін музыка әуендерін қолданады. Ал біз­дің қазақта, байырғы соғыс жорық­тарында жауынгерлерге шабыт беріп, жігер­лендіру үшін дабыл соғады. Жапо­нияның дабыл ұруы мен қазақтың дабыл қағудағы мақсаттары бірдей.

Қазақ халқы мен жапон халқының бастарынан өткізген қанды оқиға көз алдымнан қара бұлттай зу ете қалды.

КСРО заманында қазақ даласында атом бомбасын сынақтан өткізу үшін арнайы шұрайлы жер бөлініп Семей ядролық полигонын ашты. Басында адамдар мен жануарларға және табиғатқа тікелей зардабын тигізген ашық сынақтар жасалды. Артынан көзден жасырып, жер асты сынағына көшті. Атом жарылыстарының ауыр бол­ғаны соншалық, Семей маңындағы радиа­циялық әсер аймағында тұратын бес мыңдай адам осы сынақтан азап шекті. Өмірден тақсірет шегіп, көбі ерте көз жұмды.

АҚШ авиациясы 1945 жылы Жапо­нияның Хиросима қаласына бірінші атом бомбасын тастады. Қала құрылысының күлі көкке ұшты. 140 мыңнан аса бейбіт тұрғын қаза тапты, тірі қалғандары жарымжан болып қалды. Ақыл-есін жиғызбай, сол жылы 9 тамызда Нагасаки қаласына екінші атом бомба тасталды. Бұл жолы қала жермен-жексен болды. 75 мыңнан астам адам қаза тапты, қисапсыз жан мүгедек болып қал­ды. Хиросима мен Нагасакиге атом бом­баларын тастау адамзатқа, Жапония хал­қына қарсы жасалған ауыр қылмыс еді.

Міне, Секеннің күйлері – күллі әлемдегі қорқынышты адам санасынан жою, жер бетіндегі тозақ отын жабу, өшпенділікті өшіру, адамдарды аласапыранға салатын лас нәрселерді алас­тау, біржола тазартып тастау арқы­лы бейбіт әлем жасау, адамдарды сұ­лулық пен ізгілікке жетелеу арма­нынан туған, ғажайып күй екенін жапондықтар түп тамырдан түсінді, көздеріне ыстық жас алып тыңдады.

Жапон халқы Секен күйлерінің терең философиялық иірімін осы тұрғыдан таныды. Қатарымызда отырған академик Дайсукеге аудармашы салып сұрағанымызда ол: «Қазақ халқы – әлемдегі дана, ұлы халық. Сіздердің ата-бабаларыңыз көктүрік тұқымынан тараған, Шыңғыс хан қыпшақ даласын билеп тұрған кезде біздің мемлекетке жорық жасады. Тәңірі жар болып, топан су соғысқа бөгет болды. Екі елді қырғын соғыстан аман алып қалды. Бұл көк тәңірінің көмегі еді. Сіздердің мемлекеттеріңіз ата жұртын Қытай мен орыс державаларына жұттырып жібермей, бес мың жыл бойы көзінің қарашығындай аялап, қорғап, сақтап қалды. Қазақ халқы жеті ата араламай, қыз алыспайды. ХХІ ғасырда жаны мен тәнін таза ұстаған текті ұлт. Бұл әлем  – адамдары қабылдайтын академиялық ғылым.

Сондай-ақ қазақ тілі – грамматикасы жапон тіліне жақын туыстас тіл. Бай тілдер тобына жатады. Қазақтың түп аталары көк түріктер өз кезінде жарты әлемді бағындырып, адамзатты аузына қаратқан ең құдіретті держава болған. Қытай мемлекеті сіздерден именіп, ұлы қорған соғып жан бақты. Осман империясы сол түркі территориясынан бөлініп барып өз алдына мемлекет құрды. Қазақ жері тұтас түркі халықтарының өніп шыққан төркіні», деп бір тыныстап алды да, Секенге қарап: «Секен – осы ғасырдың Бетховены» деп қадап айтты. Осы кезде біздің қасымызда Секен де, Жапонияда тұратын Қазақстанның елшісі Ақылбек Камалдинов те бар еді.

Жапон академигінің сөзінен кейін ол да, біз де разы болдық . Ақселеу Сей­дімбектің «ХХІ ғасыр – Секен ғасы­ры» деп «Қазақ әдебиеті» газетінде жа­риялаған мақаласы есімізге түсті.

Осы орайда бір ұсыныс айтқымыз келеді. Қазақ тарихы – күй тарихы. Қазақ халқын одан әрі ұлы ұлт ретінде әлемге танытамыз десек, «Қазақ күй ТV» арнасын ашып, ғаламтор арқылы күй-шежірелерімізді тынбай үгіттеуіміз керек. Біздің Секеннен басқа да әлемге танытуға болатын күйшілеріміз бар. Оларды «Қазақ күй TV» телеарнасы арқылы әлемге тез танытуымызға болады.

Секен Тұрысбек шет елдерге барып домбыра тартса, бәрі уыздай ұйып, тебіреніспен тыңдайды. Еш жатыр­қа­майды. Өйткені оны күнде ғаламтор желісі арқылы «YouTube», «Google», «Facebook»-тен көріп, күйлерін тыңдап, біліп отыр. Қазақ күйінің талғар таби­ғатын танып отыр. Қазақ күйі – ғылым, музыка жауһары, адам баласына ортақ рухани қазына деп бағалайды.

Қазақтың күй тарихы – бес мың жылдық халық өмірінің төл тарихы. Бұл – бүгінгі жазба деректерде дәлел­денген шындық. Бәлкім, одан да ұзақ ғасырлар болуы мүмкін. Адам адам болып жаралғалы, халық болып ұйысып, қоғам болып құралғалы оның күй өнері өзімен бірге өмір сүріп келеді. Қазақтың түп тарихын тұтқа болып ұстап тұрған күй өнері. Күйсіз қазақты тану мүмкін емес.

Күй – ұлт өмірінің шарайнасы, рухани әлемі.

 

 Жұматай ӘЛИЕВ,

философия ғылымдарының

докторы, профессор