Аймақтар • 02 Шілде, 2021

Өнеркәсіп саласында өсім жоғары

165 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Аймақ басшысы өңірдің жыл басынан бергі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін қорытындылап, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың іске асу барысын баян етті. Әкім соңғы жылдары автоөнеркәсіп саласын шындап қолға ала бастаған астықты аймақтың алты ай ішінде қол жеткізген табысы да толайым екенін айтты.

Өнеркәсіп саласында өсім жоғары

Архимед Мұхамбетов об­лыс­тағы өнеркәсіп орын­да­­рының  жарты жыл ішінде шы­ғарған өнімі 860,4 млрд тең­геге жеткенін мәлімдеді. Өңір экономикасындағы елеулі өсім­ге Мемлекет басшысы мен Үкі­меттің тікелей қолдауы ар­қылы қолға алынған ауқымды ин­вестициялық жобаларды тиімді жүзеге асырып жатқан жергілікті кәсіпорындардың септігі мол.

Қостанай облысында өнер­кәсіп саласындағы жобалар пулы құрылды. Оған бюджеттік шығындары 2 трлн теңгені құрайтын 80 жоба кіреді. Бұл ретте өңірде 6 мыңнан астам жаңа жұмыс орны пайда болмақ. Пул өнеркәсіптік өндіріс көлемінің айтарлықтай артуы есебінен облыстағы экономика өсімінің резервіне айналуы тиіс.

Жалпы, жыл басынан бергі кезең ішінде өңірге 117 млрд теңге инвестиция тартылды. Об­лыста жалпы құны 168,6 млрд тең­ге болатын 97 инвестициялық жоба іске қосылып, нәтижесінде 6,5 мың жаңа жұмыс орны ашылды.

Облыс әкімі машина жасау саласына кеңірек тоқталып, авто­өнеркәсіптің өңір экономикасы өсімінің драйверіне айналғанын ерекше атап өтті. Әкімнің айтуын­ша, алты ай ішінде жергілікті машина құрастыру желілері 147,6 млрд теңгенің өнімін шығарып, 34,8 пайыз өсімге қол жеткізіп отыр.  Өңдеу өнеркәсібіндегі жалпы өнім үлесінің 40 пайызға жуығы машина жасау  саласына тиесілі. Мәселен, биыл комбайн дестелегіштерін шығару 2,1 есе, трактор құрастыру 2,5 есе, комбайн құрастыру 2,4%-ға, ал жеңіл автокөлік құрастыру 43,3%-ға артып отыр.   

Аймақ экономикасының маңызды саласының бірі ауыл шаруашылығы екені мәлім. Өңірлік жалпы өнімдегі бұл саланың үлесі 12,5 пайызды құрайды. Облыс тұрғындарының 25%-ы, яғни 117 мыңнан астам адам осы саланы нәпақа етіп отыр.

Жалпы, Қостанай облысы ел көлемінде ұн өндіруден бірінші, сары май, сүт, қою және қатты сүт өндіруден екінші, йогурт пен макарон өндіру бойынша үшінші орында келеді. Соңғы кезең қорытындысы бойынша ет өндірісінде де едәуір өсім байқалады.  Былтыр облыс азық-түлік өнімдерін экспорттау жө­нінен республика бойынша ал­дыңғы қатардан көрінген. Өңір басшысы астықты аймақ биыл да осы межеден көрінуді жоспарлап отыр, деді.   

Өңірде сүт бағытын дамыту үшін үш бірдей инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспар­ланған. Бұл жобалар бойынша әрқайсысы 1 200 бас ірі қараға шақталған, әрқайсысы жылына 52 мың тонна сүт өндіретін сегіз сүт-тауар фермасын салу көзделіп отыр. Сондай-ақ биыл облыста «1000 отбасылық ферма» бағдарламасы бастау алды. Бүгін­де бағдарлама бойынша қол­ға алынған қанатқақты жоба­ның бірі Меңдіқара ауданын­да жүзеге асырылуда. Оған Моло­дежный ауылынан 7 отбасы қатысып отыр.  

Облыста былтыр транспорт­тық инфрақұрылымды дамытуға 66 млрд теңге қаржы бөлінген. Бұл автокөлік инфрақұрылымына 2019 жылы бөлінген қаржыдан екі есе көп. Қомақты қаржы облыс аумағындағы 775 шақырым жол­дың сапалы жөндеуден өтуі­не мүмкіндік берген.

– Жол жөндеу жұмыстары барысында облыстың барлық қала-ауданындағы көшелер қамтылды. Нәтижесінде, жөндеуден өткен жол­дардың үлесі 69%-дан 75%-ға дейін ұлғайды. Жөндеу жұмыстары әлі де  жалғасады. Биыл жергілікті маңызға ие 200 шақырымға жуық автожол және елді мекендердегі 100-ден астам көше күрделі және қа­лыпты жөндеуден өтетін болады. Қазір өңірдегі облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың 77 пайызы жақсы және қанағаттанарлық күйде, – деді А.Мұхамбетов.  

Қостанай облысының әкімі өңірде тұрғын үй саясатының қарқынды жүзеге асырылып жатқанын айтты. Биыл облыста 449 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Бұл  – биыл жыл соңына дейін 4 жарым мың отбасы пәтерлі болып, баспана қуанышына кенеледі деген сөз. Облыста алты айдың ішінде 163,6 шаршы метр баспана салынып, тұрғын үй құрылысы сала­сындағы инвестиция 11,8% ұлғайған.

Бүгінгі таңда «Аэропорт», «Юбилейный» шағын аудан­дарының құрылысы толықтай аяқталуға жақын. Қазір құрылыс жұмыстары «Қонай», «Береке» шағын аудандарында қызу жү­ріп жатыр.  2021 жылы респуб­лика бюджетінен тұрмысы тө­мен отбасыларды баспанамен қамтуға 603,5 млн теңге бөлін­ген. Қазір бұл қаржыға Қостанай қаласынан 50 пәтер, Рудныйдан 22 пәтер сатылып алынды.  Мұның сыртында облыс орталығында жыл соңына дейін көпқабатты 25 тұрғын үйдің құрылысы аяқталмақ. Бұл үйлерге тұрғындар Отбасы банкі арқылы қоныстанатын болады. 

Облыс әкімі Қостанай қа­ла­сының іргесінде, Тобыл өзенінің үстіне салынып жатқан көпір құрылысы жөнінде де сөз қозғап, оның жыл соңына дейін салынып бітетінін айтты. Бұл – өңір­дегі көлік саласындағы ірі жобалардың бірі.   Жаңа көпір 4 жолақтан тұрады, ені 15 метрге дейін артады, ал ұзындығы 260 метрдің үстінде. Бұл өз ке­зегінде жол-көлік оқиғалары мен көпірдегі кептелістерді азайтады. Жобаның жалпы құны – 4 млрд теңге.

 

Қостанай облысы