Қоғам • 07 Шілде, 2021

Жан күйзелісінен келетін кесел

1392 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Елімізде 2016 жылы депрес­сияға ұшыраған жандарға пси­хологиялық көмек қолын созатын сенім телефоны іске қосыл­ған. Сол жылы оған 2 мил­лиондай адам көмек сұрап, қоңы­рау шалған екен.

Жан күйзелісінен келетін кесел

Осылардың ішінде психологиялық көмек пен мейірімге зәру 103 адамның өмірі ажал тырнағынан құт­қарылған. Аз болса да бұл көңілге демеу. Ал қоңырау шалушылардың денін саралай келе, бұлардың көбі ипотекалық несиесін төлей алмай жаны қиналғандар екен.

Дегенмен елімізде халыққа психо­логиялық көмек беруде осындай әдіс қолданылып жатқанына қарамай, облыс­тарда 103 сенім телефонын насихаттау жоқ па, ел ішінде өзіне-өзі қол салушылар азаяр емес. Мүмкін, күйзеліске ұшырап рухани көмек қажет еткен жандар үшін сенім телефондарын көбейту керек пе екен?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы адамдардың суицидке бару себептерін 1949 жылдан бері тыным­сыз зерттеп келеді. Осыдан 50-55 жыл бұрын АҚШ-та отбасы тоқырауы болған. Халықтың арасында суицидке барғандар өте көп болған екен. Америка билігі тоқырау себептерін жұмыссыздық, күнделікті тұрмыстық  жетіс­пеушілік пен мұқтаждық,  қыл­мыс­тың өршуінен деп тауып, елдің әлеуметтік-тұрмыстық мәселесін шешетін механизмдерді арттырып, халыққа баспана алу үшін несие береді. Бірақ бұл әлеуметтік саясат суицидке барушылар санын азайтуға көмектеспеген. Тек кейін депрессияға түсіп, аффект жағдайында санасы тұ­манданып, өзіне-өзі қол жұмсауға бе­кін­ген адамдарға көмек қолын созатын 200-ге тарта орталық ашылған кез­де ғана суицид жасаушылар саны азайған. Оған дейін Америкада жылына 22 мыңдай адам өзіне-өзі қол жұмсаған екен. Демек, мұндай көмек орталығы – жай орталық емес. Өмірде адамнан, не қоғамнан опа таппай, жаны күйзелген жандар сол жерден рухани қолдау мен мейірім тапқан. Қатыгездіктен түңілген жандарға жү­рек­­жарды жылы сөзін айтып, бір аяғы көр­­де тұрған пендені құтқарып, екінші рет жарық сыйлағандар – мамандар емес, мейірімді адамдар-тұғын. Демек, адам­­дар ол дәуірде қоғамдық қарым-қаты­­наста мейірімге зәру болған деген сөз. «Жылы-жылы сөйлесе, жылан іні­нен­ шығады» деген бабаларымызды осы­дан кейін қалайша психолог демеске?!

Өкінішке қарай, талай ғасыр ұр­пағын ізгілікке тәрбиелеп келген хал­қымыз  сол ізгілікті, адамгершілікке негізделген қарым-қатынасты ұстана­тын асыл қасиеттерінен айырылып барады. Біздің еліміз сол америка елі  басынан кешкен жайға қазір тап бол­ған тәрізді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі мен сараптамасына сәйкес, Қазақстан өзіне-өзі қол жұмсау дерті бойынша Ресейден кейін үшінші қатарға шығып кеткен. Былтыр суицид дерегі 3500-дей болса, оның 3 мыңы – ер адамдар екен.  Ал биылғы жылдың бірінші жартысында 53 жасөспірім өзіне-өзі қол жұмсап, өмірмен қоштасқан. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда елде суицид жасаушылар саны әлдеқайда көбейіп, қауіпті аймақ сапына қосылды дегенді білдіреді.

Өзіне-өзі қол салудың түпкі кіл­типаны қайда жатыр деген сұ­рақ­қа Нұр-Сұлтан қаласындағы «Психотерапия және наркология» орталығының нар­колог-дәрігері Тоқтар Қойшыбеков: «Суицид жасау негізі тәрбие мен  иман­дылық жетіспеушілігінде жатыр. Балалар жастайынан темекі, пси­хотроптық заттар мен ішімдікке әуес­тенеді. Сөйтіп, жүйке жүйесін бұзатын түрлі кино, көрсетілімдер көріп өседі. Мұның бәрі адамның психикасын әлсіздендіреді. Көңіл-күйін құбылмалы етеді. Көңілі пәсейген кезде, өзін алдап ішімдік ішеді. Түрлі химиялық, психотроптық заттар иіскей­ді. Оның күш-қуаты таусылғанда қайта әлсіз­денеді. Қайта қолданған сайын адамның жан дүниесі мен жүрегі әлсіреп, өмір сүруге күш-қуаты сарқылып, өзіне-өзі қол жұмсауға барады», дейді.        

Осыдан біраз жыл бұрын суицид тақырыбын зерттеп, дәйектер іздеп жүргенімде медицина ғылымдарының докторы, профессор Қ. Сәрсембаевтан сұхбат алдым. Ол кісі менен «Денсаулық дегеніміз не?», деп сұрады. Негізі, денсаулықтың не екенін білмейтін жан бар ма деп ойлаймыз. Бірақ мен тосын сұраққа тосылып қалдым. Сөйтсем, дені сау адам дегеніміз – психикалық жүйке жүйесі мен ішкі әлемі, тәрбие үйлесімі кінәратсыз адам екен. Кейде біреу тәртіпсіз қылық көрсетсе, не орынсыз сөз айтса, «Денің сау ма өзіңнің?», дейтініміз бар ғой. Міне, қазақ­тардың  «Дені саудың, жаны сау» дейтіні осыдан шыққан екен! Ал біз кісінің он екі мүшесі ауырмаса, соны дені сау адам дейміз. Әдетте, дәрігерге денсаулығына шағыммен барған науқастар өздерінің жан күйзелісі әсерінен жүрегі, бүйрегі, асқазаны ауы­рып жүргенін білмейді екен. Оған қоса, мамандандырылған дәрігерлердің психотерапевтік, психологиялық білімі жоқ болғандықтан, олар науқасты  іш­құ­салықтан емес, жүрек, асқазан, бауыр дәрісімен емдеп, дертін одан әрі асқын­дырып жіберетін жайттар көп дейді профессор. Дәрігер білімсіздігінің кесі­рінен жан дүниесі қиналған  адамдар кейде өмірмен қоштасып жатады екен.

Адамзат басына төніп тұрған бұл нәубет адамның жан күйзелісінен пайда болатын ауру екенін жұрт біледі. Бірақ ғалымдар оның нақты себептерін дөп басып айта алмауда. Әлі зерттеу үстінде. 

Негізі, суицидтік  жағдайдың болуы қалыптасқан ахуалды адамдардың ерік-жігері мен өзіндік мінез-құлқының қалай қабылдайтындығына байланысты екен. Сондықтан қазақ халқының баланы адал, әділетті, ержүрек, қиындыққа көнбіс етіп тәрбиелеуінің де  жөні бар. Тек бәрінің бірдей тәлім-тәрбиесінің не­гізі жақсы қалана бермейді. Қанша жер­­ден адам көнбіс, шыдамды болса да, қиындық жанын бүріп, депрессияға түсір­­мей қоймайды. Ал депрессияға түс­кен адамның ақылы мен ойлау қабі­леті тежеліп, эмоцияға берілгіш бола­ды. Зерттеулерге қарағанда, өмірде әйел­­дердің 2-9 пайызы, ерлердің  1-3 пайы­­зы депрессиялық халде өмір сүреді екен.

Бүгінде суицидтің сипаты өзгергені байқалып отыр.  Өткен жылы мамандар адам қанын аңсаған, қанқұмарлық дертіне шалдыққандардың суицидті қалай жасаудың жолдарын көрсетіп салған материалдарын әлеуметтік желілерден өшірген. Бұлар шетелдік кон­тент болып шыққан. Елді дүрлік­тірген «Көк кит», «Тыныш үй» ойы­нының астарында осы жасөспірімдерді суицидке итермелеу жатыр. Және осы ойынды ойнаймыз деп  қанша жас­өспірім өмірін қиғанын ақпарат құрал­дары арқылы білеміз.

Жасөспірімдердің боркемік, әл­жуаздығын педагогика және медицина ғылымдарының докторы, профессор, жазушы Советхан Ғаббасұлы былай деп түсіндірді: «Қазір жаңа туған нәрестеден бастап, үш-төрт жасқа дейінгі сәбилерге химиялық жолмен жасалған жаялықты күні бойы кигізіп қояды. Ол бала кіші дәретін де, үлкен дәретін де сонда сындырады. Анасы ол дәрет кеуіп кетеді деп ойлайды. Жоқ, ол кеппейді. Баланың денесіне у боп қайта сіңеді. Себебі адамның организміндегі бүкіл улы заттар дәрет арқылы шығады. Ал памперс адамның табиғи шартты рефлексін тежейтіндіктен, бала түйсігі мен санасы да жетілмейді. Ширауы тежеліп қалады. Есейе келе, баланың ынжық, жүйкесі шаршап тұратыны осы памперстің әсерінен. Міне, осындай мінез-құлықтағы балалар суицидке бейім болып тұрады. Қазіргі он бес-жиырма жастағы балалар – сол памперсті киіп өскендер». Дәрігер ата-аналардың сәбилеріне памперс кигізбеуіне кеңес береді. 

Сондай-ақ суицидке апаратын де­прессияның ішкі және сыртқы әсер ету­ші күші болады. Соның ішінде эн­до­генді депрессиялық факторлар ішкі механизмдерге байланысты туын­дай­ды. Эндогенді факторлар шизо­­­ф­ре­­ния, стресс, басынан жарақат алған, депрессиялық психоз, эпилепсия – бұлар нағыз психикалық жан дүние бұзылыстарына жатады. Мұндай ауру­дың 80 пайызы адамның жас бала кезінен басталады. Оған тұқым қуалау­шылық факторы да әсер етеді.  Ерлі-зайыптылардың бірі депрессияға ұшыраған болса, ұрпағы үшін 27 пайыз­дық ауру қаупі төнеді. Ал егер әке-шешесінің екеуі де зардап шексе, онда 50 пайыздық тұқым қуалау қаупі туатынын мамандар ескертіп жатыр. Әрине, әкенің таза қаны мен ананың пәктігінен жаралған ұрпақтың дені сау болып өседі. Ислам дінінде қан таза­лығынан жаратылған баланы Алла Таға­­ланың нұрынан жаратылған дейді. Қаны-жаны пәк баланың санасы тұнық, иман­­ды болып өседі. Ондай жаратылыс иесі жамандыққа өзі де жоламайды. Адам­­заттық жақсылыққа, иманға үйір болады. 

Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.): «Әкенің балаға қалдыратын жалғыз мұра­сы бар. Ол – жақсы тәрбиесі ғана», деген екен. Пайғамбарымыз тәрбиесі жақ­сы адам ешкімге қатыгездік жасамайды дегісі келген болар.    

 

Зүбәйра ТІЛЕГЕНҚЫЗЫ,

журналист