Құланиектеніп атқан бозамық таңның сәулесін тамашалау тағдырына бұйырмаған жұлдыздай ағып түскен боздақтарға бір минут үнсіздік! Өмір керуені мәңгілікке кідірген, келесі бір сапары кең дүниенің жазық жолына сыймаған жолаушыларға бір минут үнсіздік! Тарпаң тарихтың тақтасына айғыз-айғыз ізін қалдырып, тақтан биік төбелерге айналған нар тұлғаларға бір минут үнсіздік! Көңіл түкпірін паналаған айшуақ мезеттерге сағынышы, арманға толы күндерге аңсары, таңғажайып тәтті түндерге қимастығы сол сырлы күйінді сақталып қалған сапарластарға бір минут үнсіздік! Соқыр жаңбырдан кейін жанды рахатқа бөлеген кемпірқосақтай түсі жылы, түйсігі терең, жалт еткен жасындай жарқ етіп өткен өнер майталмандарына бір минут үнсіздік! Айдын көлінен айырылған жалғыз қанат аққудай көкірегін шер мен нала басқан, арманынан адасқан адамдарға бір минут үнсіздік! Дәуірдің маңдайына сыймаған, пешенесіне жазылған Тәңір жазуын мәңгілік ұйқыға кеткенше мәнерлеп оқыған, айналасына махаббатын төгіп өткен жандарға бір минут үнсіздік!
Құмсағат ғұмыр жалғанның ырқына жантая қоя ма? Жазатайым көз жасының жалынын бір минуттық үнсіздік өтей ала ма? Неге біз, Отан үшін отқа түскен оғландардың ғұмырын уақыт шеңберіне саламыз? Қыршын кеткендерге құс тұмсығындай қысқа өмірін қысқа қайырып, бірер секунд сезімімізді оятқандай сыңай танытудың қажеті қанша? Бұл қайдан келген түсінік. Орнынан тік тұрып, терең дем алу өлгенге құрмет көрсетудің озық үлгісі саналатындай мұнда не құдірет бар? Ойлаңызшы, осы қазақ бір минут тыныш отыра ала ма?
Бір минут үнсіздік – символдық рәсім. Қазақ үшін ескі күндердің сарқыншағы. Кеңестік идеологиядан қалып кеткен «ырым» дегеніміз жөн шығар. Оның үстіне, біздің ұлттың бір жаман қасиеті бәрін талғамай бойына жұтып алады. Тіпті туғанындай көріп, «жат» деп теріс айналмайтын әдеті бар емес пе?!. Онысын аңғалдығына балап, айыптауға батпайсың. Әйтсе де желдиірмендей жылдар айналуда. Ал оның жаңаруға жаны қас. Тағы да бір минут үнсіздік...
Тарих желкенін тағы бір мәрте көтерейікші. 1912 жылы 13 ақпанда Португалия сенаты Бразилияның сыртқы істер министрі Хосе Параньосты еске алып, 10 минут үнсіздік жариялайды. Мұнысы ел билеген қоғам қайраткеріне көрсетілген құрмет-тұғын. Сол дәуірдегі сарабдал саясаткердің ажалы айналасындағылардың сабырын бір сынап көрген еді. Салтанатты шараның сыры да, сыны да сонда. Әйтсе де бәрі осыдан бастау алды.
Мұны естіген аустралиялық журналист Эдвард Джордж Хэни 1919 жылы мамырда Бірінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқандардың есімін осындай тәсілмен еске алуды ұсынады. Қарулы Күштер күнінің қарсанында құрмет көрсетсек қатып кетер еді деп билік басындағыларға ашық хат жолдайды. Сөйтіп ол баяғыдай он минуттық емес, бес минуттық мемориалды үнсіздік идеясын The Times газетіне жазады. Алайда сол тұста 5 минут тым ұзақ деп саналды. Ал бір минут тым қысқа болып көрінді. Ақыры жиында екі минут үнсіздік жарияланып, халық батырларға қошемет көрсетеді.
Бұл рәсім бірден әлемді еліктіріп әкетті. Енді Екінші дүниежүзілік соғысты жеңіспен аяқтаған кеңес өкіметі де көргенін істемекке көшті. Араға жиырма жыл салып 1965 жылы 9 мамырда майданда оққа ұшқан сарбаздарға құрмет ретінде үнсіздікке ұйыды. Кремль қабырғасының фонында мемлекеттік теледидарлар «мәңгілік алауды» әртүрлі аспаптардан жаңғыра шыққан әуендермен қоса көрерменге тарту етті. Олар уақытты анықтау үшін метрономның көмегіне жүгінді. Бір минуттық үнсіздік алдында диктор жеңіс жолында қаза тауып, туған жері үшін жанпидалыққа барған Отан қорғаушыларды еске алуға шақырды. Осылайша, бұл рәсім дәстүрге айналып, қоғам санасына сіңді.
Орыс халқы аталған ғұрыпты Леонид Брежневтің билік басына келуімен байланыстырады. Саясаткер елді басқарған тұста Жоғарғы Кеңестің жарлығымен «9 мамыр – демалыс күні» деп бекітіледі. Сол жылы елге белгілі «Фашизмге қарсы күресте құрбан болғандар. Бір минут үнсіздік» бағдарламасы жарыққа шығады. Бұл ақпараттың да әлі буыны босай қойған жоқ.
Бір минут үнсіздік – ұлы майданнан қайтпаған сарбаздарға арналған ізет. Қимас-қағидат, таралғы-тағзым. Оның баяны осындай. Қазір халқымыз Алаш арыстарына да, қуғын-cүргін құрбандарына да, қапияда көз жұмған пендеге де бір минут үнсіздікті арқау етеді. Салтанатты шараның сәні сол рәсім. Ал біздіңше, мына қазақ қай жерде үнсіз қалуды білмейтін секілді. Сол ғой айтпағымыз...