Өнер • 11 Шілде, 2021

Таланттар тылсымда тоғысады...

717 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бүгінде әлеуметтік желілерді жамандап жүргендер де, мақтауын асыратындар да жеткілікті. Мен оның екі жағында да емеспін. Фейсбукті ақтаратыным өтірік емес.

Таланттар тылсымда тоғысады...

Кеше соны қарап отырсам, талантты ақын Бақытжан Алдияр үйіне дос-жарандарын шақырып, солардың алдында қоңыр домбырасын күмбірлетіп отыр. Тағы да анау-мынау емес, тыңдағанда алпыс екі тамырыңды шымырлатып, тұла бойыңнан мың құ­мырсқа жүгіріп өткендей бүкіл денеңді дүр сілкіндіретін,  жүрек­ке шапқан ыстық қан бірде жылып, бірде суып, тыңдарманды тұң­ғиық тереңге тартатын, назы, мұңы, зары аралас арманшыл ызың­дар көңілді әлдилейтін, өкініші мен аһ ұрғызар сағынышы мол-«Салтанат» күйін шертіп отыр. Иә, кәдуілгі дәулескер күйші Төлеген Момбековтің шымыр шығармаларының бірі – «Салтанат» күйі. Мойындаңыз, мойындамаңыз, Төлеген ата­мыздың осы күйін шертіп, шым­­шып, сағалық перделерді қуа­лай отырып шанақтан ер­ке дыбыстарды бұғалыққа қа­рай өрлете, өршелене тарта­тын күйшілер елімізде сау­сақпен санарлықтай ғана. Ал Бақытжан бауырымыз күйді төкпей-шашпай түп нақышында, ешбір бояуын бұзбай, тыраулатып, талықсытып бусандырып жеткізуі тәнті етті. Төлеген күйшімен қайта қауышқандай болдым. Таланттың аты талант екен ғой деп сүйсіндім. Өлеңнен өлмес өрім өріп жүрген өреннің түйсік-талғамының тереңдігіне тамсандым.

Осы ретте, «Салтанат» күйі­нің үлкен сахнаға қалай шыққаны жөніндегі бір әңгіме есіме түсті. Осыдан отыз жылдай бұрын шамасында Созақ ауданы Сызған ауылындағы Төлеген Момбековті іздеп танымал тарлан күйші Секен Тұрысбеков, суретші-дизайнер Аманжол Найманбаев, абайтанушы Жабал Шойынбетов үшеуі жолға шығады. Бұлар келген кезде ұлы күйші бәкідей бүктетіліп теріс қарап жатыр екен. Терезеге телміріп, қалың ойдың құрсауына түсіп кеткен күйшінің қандай қайықта кетіп бара жатқанын кім білсін, қонақтарға мына жатыс ұнай қоймайды. Бірақ үйге адамдар келгенін аяқ тысырынан білген күйші орнынан атып тұрады. Келгендерге жағалай қарап:

– Япырай, өз көзіме өзім сене алар емеспін. Қайдан ғана ке­ліп қалдыңдар? Төрлетіңдер! – деп ұлық басын кішірейтіп,  келген­дердің алдында құрақ ұшқанда, мей­мандар аздап қысылғандай күй кешеді.

«Қонақ келсе, құт келер» дейтін қазақ емес пе, Төкең бала­­ларының бірін дүкенге, екін­­шісін мал союға жұмсап, әбігер­ге түседі де қалады. Үйде бой­жеткен қыз бар екен. Үй иесі соған қарап:

– Салтанат, бүгін мектебіңе ба­ра алмассың. Дастарқан қамы­на кіріс, – дейді.

Қонақтар Салтанат аты атал­ғанда бойжеткенге жалт қара­сады. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін жас мұға­лима  Салтанат қысылғандай сыңай байқатып, сары самау­рын­ды көтеріп бөлмеден шығып бара жатады.

Меймандарға құрақ көрпе жайып, жайғастырған соң тамақ келгенше Төкең бірер күй шер­тіп, соңынан ауылдың алты ауы­зына салып, жыр, термелер, тол­ғаулар айта бастайды. Секен Тұрысбеков атақты күйшінің жаңа қырына сүйсініс білдіреді. Кезінде мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі болып қызмет істеген Төкең екінші тың ерлерінің сұрауымен жыр, терме, толғаулар да орындап жүріп, осы қырынан да танылған ғой. Осыны айтып, қонақтарын ду күлдірген Төкең қайтадан домбырасын қолға алады.

Салтанат болса да қазан-ошақ басында жүр. Осыны пайдаланып Секен:

– Төлеген аға, «Салтанат» күйінің шығу тарихын өз ау­зы­ңыздан естігіміз келеді, – дейді.

Күйші күрсінеді. Ойланып ұзағырақ отырады. Сосын басын көтеріп:

– Ол кезде Салтанат үш-төрт жаста еді. Анасының өмірден озға­нына жарты айдай ғана уақыт өткен. Мен кешқұрым мал жайғап жүргем. Бір кезде Салтанат ботадай боздап, «қазір апама айтамын» деп көз жасы көлдей болып үйге қарай құстай ұшып келе жатқанын көріп, жүрегім атша тулады. Бала жүрегіне ауыр болса да шындықты ендігі жерде бүгіп қалуға болмайды деп шештім. «Қызым, сен енді үлкенсің. Шешеңнен айырылып қалдық. Сенің көз жасыңды көру маған өте ауыр. Осыны түсінемісің?» дедім. Құй­тақандай қыз мұны қайдан түсінсін? Мұңайып отырып қал­ды. Бір күні оны жоғалтып алдым. Іздемеген жерім жоқ. Қай­тып келсем, үйдің артында егіліп жылап отыр екен. Шешесін сағынып жылап отырғанын білем ғой, ішіме от түскендей болды. Салтанат маған көз жасын көрсетпеу үшін теріс айналды. Жүрегім тағы да аунап түсті. «Шешенің орнын кім баса алады?» деп ойладым. Көңілімді толқытқан осы сәт күй болып төгілді. Саусақтарым сағананы жағалап бара жатты. Салтанатты да, мені де толқытқан күй осылай төгілді, – деді.

Қонақтар: «Осы күйіңізді орын­дасаңыз екен», деп өтінді. Салалы да сезімтал саусақтар домбыра сағасында жорғалап бара жатты. Ішкі әлемді астан-кестең еткен қоңыр үн нала да, наз да, өкініш те, уаныш та себез­гілейді. Төлеген домбырасын баппен шертіп, әсем әлдиге көшті. Әлдиінің аяғы қаршадай қыздың сағынышына ұласып, өзекке дерт түсті. Күйші енді діңке құртатын мұңлы ырғақты ұзақ толғады. Сыртта аруана боздады. Қонақтар сыртқа елең­десті. Күй іш уылжытып барып аяқталғанда тыңдармандар «Уф!» десті.

– Секен, сен Алматыда жүр­сің ғой. Күйімді ала кетіп, үл­кен сахнаға шығарсаң, қарсы емес­пін. Сенің тынысын кең ғой, бәл­кім, өз жаныңнан жетіспей жат­қан бунақ қосарсың, – деді Төкең күйді шертіп болған соң.

– Сенсеңіз, – деді Секен.

Сол жолы Секен ағасының үйіне домбырасын тастап кетті. Тастатқызған Төлеген. «Сексен жылдығымда мені, болмаса дом­быраңды іздеп бір келерсің», деген. Секеннің жүрегі шым етті.

Тараз қаласындағы «Фосфор»­ мәдениет сарайында Се­кен Тұрыс­беков бастаған топ үлкен концерт беріп жатты. Осы кезде Қаратаудың алыбы, дәулескер күйші Төлеген Момбековтің өмір­ден өткені туралы суыт хабар жетті.  Секен тыңдармандарға Төлеген, күй тағдыры туралы ай­та отырып, «Салтанат» күйін үлкен сахнада тұңғыш рет орындады. Тыңдармандар да, күйші де көз жастарына ерік берді.

«Салтанатты» тыңдағандар сыртқа шығара алмай жүр­ген жан тебіреністерінің құ­пиясын тапқандай елтиді. Күй сөйлейді. Сенің айта алмай жүр­геніңді жүрегіңе құйып, сусын қандырып, көңілге түрлі ой салады.

Дана Абай айтпақшы, ақын да – жұмбақ жаратылыс иесі. Бәлкім, Бақытжан бойын шабыт кернегенде сиқыр саздан сыр аңдайтын шығар.

Мен әйтеуір, Бақытжанның күй шертісінен сұмдық сыр аңғар­дым. Таланттарды көзге көрінбейтін бір жіптің жалғап тұратынына сендім.

Иә, таланттар тылсымда тоғы­сады...

 

Сабырбек ОЛЖАБАЙ