Марина Цветаева 1892 жылдың 8 қазанында (құжат бойынша 26 қыркүйек) Мәскеуде, зиялы отбасында дүние келді. Зерек қыз алты жасынан бастап үш тілде: орыс, неміс, француз тілінде өлең жаза бастайды. Ол кезде орыс қоғамында француз тілінде сөйлеу аристократтықтың белгісі болатын. Әкесі Еуропада беделі бар өнертанушы, Пушкин музейінің негізін қалаған адам болыпты. Анасы Маринаның жан-жақты болуына ерекше көңіл бөлді, ол шет тілдерде еркін сөйлеп қана қойған жоқ, музыкамен де айналысты. Он бір жасында «Кітап үстелім» деген дастан жазды. Ол, әсіресе, Пушкинге ерекше құмартқан («Менің Пушкинім» мақаласымен белгілі). «Үш жасымда Пушкиннің өліміне қайғыратын едім», «менің балалық шағым Пушкиннен қалған ізбен жүру сияқтанады» деп жазады ақын.
Цветаева өлеңді алты жасынан бастап жазды делінеді. Ал он алты жасынан жариялана бастапты. Алғашқы поэтикалық жинағы жеке өзінің қаражатына («Вечерний альбом») 1910 жылы 500 данамен басылып шықты. Жылы пікірлер айтылды. Екі жылдан кейін «Сиқырлы шам» («Волшебный фонарь») жарық көрді. Оған қатысты пікірлер сыни болды. Осылайша оның өлеңдерін түкпір-түкпірдегі өлеңсүйер оқырман оқи бастады. Әдеби ортада «Бұл қандай ерекше ақын?!» деген сөз желдей есті. Оның шығармашылығына мәскеулік символистер әсер етсе, ерте өлең жаза бастауына Николай Некрасов, Валерий Брюсов пен Максимилиан Волошиндер ерекше ықпал еткен.
Ол өз шығармашылығында поэзия мен музыканың үндестігін емес, поэзияның, шын мәнінде музыка екенін дәлелдеді. Бәлки, Цветаеваның бала кезіндегі музыкаға деген әуесі ақындығына үлкен әсерін тигізген болар. Нәтижесінде, ол поэзияда «музыкалық құбылыс» тудырды.
Жарық күнді мен демегеніңіз ұнайды,
Жан дертімді емдемегеніңіз ұнайды.
Тартылыстың таңғажайып заңына
Бойұсынып,
көнбегеніміз ұнайды.
Тіл беземей,
Күнәдан пәк балаша
Қызық,
әрі бұзық болған ұнайды.
Һәм қызармау –
Қолдарымыз жанасса,
Жасыра алмай жалын
атқан сыңайды.
(Аударған Гүлнар Салықбай)
Қазан төңкерісінен кейін ақынның өмірі күрт өзгереді. Жоқшылықтан баға алмай интернатқа берген қызы аштан өледі. Ақтардың қатарында кеткен күйеуі Сергей Эфронның соңынан барамын деп елден қуылып, 17 жыл шетелде тентіреді. Сол кездегі жүйе табиғатынан талантты, бірбеткей, шынайы қаншама ақын-жазушының тағдырын сынады екен?..
Прагада үш жыл тұрып, кейін Парижді паналады. Сондағы бар табысы – тоқыма тоқып сату, одан қалса, жиындарда өлең оқудан түсетін азғантай ақша болатын. Кейін ол Парижге де «сыймады», еліне қайтуға бекінді.
Алайда жақсы өмірді іздеп келген ақынға Ресейге оралу жақсылық әкелмеді. Алдымен қызы тұтқындалып, көп өтпестен күйеуі қамауға алынып, атылады. Ақынның 1940 жылы өзі баспаға дайындаған өлеңдер кітабы жарық көрген жоқ. Бұл жылдары ақын, негізінен аудармамен айналысып жүрді. Шарль Бодлердің әйгілі өлеңі де («Плавание») осы уақытта тәржімаланған. Кейін Ұлы Отан соғысы басталғанда Цветаева мен ұлын Татарстанға жер аударады. Ақынның бұдан кейінгі жағдайы тіпті нашарлаған.
«Мені «Литфондтың» асханасына ыдыс жуушы етіп жұмысқа алуыңызды өтінемін». Жоқшылықтан жеңілген ақын өлерінің алдында «Литфондтың» директорының атына осындай өтініш жазыпты. Оның әдебиеттегі шенеуніктерге жазған өтініші архивте сақтаулы тұр. Яғни Марина Цветаева «Литфондтың» асханасында ыдыс жуған жоқ. Ол өз таңдауын жасады.
Аштық, жұмыссыздық, жақынынан айырылған жалғыздық – бәрі-бәрі Цветаеваның «жалғызсырап жабырқаған рухын» сөндірді, кербез даусын өшірді. Жүректегі өрекпіген, назданған, сағынған өлеңдері көзінен бұл-бұл ұшты. Ол тағдырындағы қолдан жасалған қиындықтардан өз-өзін құтқара алмады. «Менің жаназам әуеде болады» деп жазған ақын қателесіпті. 1941 жылдың 31 тамызында Марина Цветаева өз-өзіне қол жұмсады. Қоғамы мәжбүр етті. Сол маңдағы зиратқа жерленген. Ал қабірі белгісіз.
Жарты ғасырлық өмірінде ол сегіз жүзден аса лирикалық өлең, он жеті поэма, сегіз пьеса, 50-ге жуық прозалық шығарма және 1000-нан аса хат жазыпты. Зерттеушілердің айтуынша, бұл дерек тек анықталғаны ғана, көп жазбалары (әсіресе, хаттары) әлі күнге дейін табылып келеді.
Ақынның прозасы жөнінде рухани һәм өмірдегі досы, әдебиетші Дмитрий Святополк-Мирский ағылшын тілінде шыққан кітабында: «Орыс тілінде жазылған ең сорақы шығарма», деп әділін айтады. Ал поэзия ақынның нақ өзі іспеттес.
Цветаеваның тілі мен тыныс белгілерін ойнатып отырып, өлеңді бір толқытып, бір шайқалтып өруі бәріне жаңалықтай ерекше сезілді. Тіпті өлеңдегі тұрақсыздығы біреуді таңғалдырса, біреудің көңілін қалдырды. Ал әдебиетшілер ол өзін-өзі қатты бақылаған ақын дейді. «Егер, байыптасақ, ол – XX ғасырдағы орыс поэзиясының ең ірі формалисі. Онымен салыстырғанда, Хлебников пен Маяковский аса үлкен мәнге ие болмай қалады. Цветаева – Пастернактан асқан формалист».
Бір-бірінен іздегендей ем-дауа,
Тереземнің алдындағы қос ағаш.
Ағаш – кәрі,
үй де көне,
Мен ғана
Жас болғасын қалай көңіл босамас.
Аласасы қол созады барынша –
Әйелдерше,
Жанын аяу жоқ онда –
Серігіне –
сүйенісер жарынша –
Биігіне,
бәлкім сорлы одан да.
Қос ағаштың өтіп жатыр
жаз-қысы,
Бір-біріне ұмтылумен бар күні.
Осы болар тартылыстың наз күші –
Ұмтылады,
жаратқанның жарлығы:
Бір-біріне ұмтылады барлығы.
(Аударған Гүлнар Салықбай)
Цветаева соңғы өлеңінің соңғы жолында – «Шақырылмаған бәрінен де қайғылы» («Непозванная – всех печальней») деп мұңаяды. Ақынның аты мен өмірі жала мен жәбірден тазарып, цветаевалық жазу ғана қалған кезде «оны шақырды». Ол өзі армандаған жаңа өмірін сүрді: «Маған олардың мені жақсы көргендері керек. Нанды қалай қажет етсе, мені де солай іздесін». Солай болды да.
Андерсен: «Ертегілеріме өмірімнің құнын төледім» дейді. Жазу үшін, жақсы жазу үшін, тіпті өз қалауынша тыныш өмір сүру үшін Цветаева да өз өмірімен «есептескендей». Әлқисса.
Уақыттың ағынымен һәм заманның ауанына сай түрлі қоғам ауысты. Әділетсіздік билеген қиын-қыстау кезеңде, тіпті ешкімнің цветаевалығына да қараған жоқ. Тағдырдың тәлкегіне салып, сынап бақты. Ал бүгінгідей бейбіт заманда кейде Цветаеваларды тірідей көргің келеді. Сезіммен өрілген кербез өлеңдерін оқығың келеді. Алайда өмірдің қарама-қайшылығын көрмейсіз бе... заман тынышталғанымен Цветаева жоқ. Әлде шын таланттар аумалы-төкпелі қоғамда сынала ма?.. Бәлки, олар бақытты өмірге жаралмаған болар...