Тарих • 19 Шілде, 2021

Әшірбектің «әліппесі»

651 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Рухани жаңғыруымыздың басты тірегі болып табылатын латын әліпбиіне көшуде біз кешегі кеңестік кезеңдегі мол тәжірибемізді де назардан тыс қалдырмағанымыз абзал. Өйткені сол кезеңдегі зиялыларымыздың жобалары, айталық, ілгеріректегі Қ.Қожықов әліппесі (букварь), бертіндегі Нәзір Төреқұлов нұсқасы мен Тельжан Шонанұлының талпынысы да көпшілік оқырманға беймәлім, Оңтүстік өңірінің тумасы Әшірбек Үсеновтің «Әліппесі» де өз дәуіріндегі ағартушылық жұмыстардың ауқымды да нәтижелі жүруіне біршама септігін тигізгені анық.

Әшірбектің «әліппесі»

Араб әліпбиі кеңінен қол­да­нысқа енген ХХ ғасырдың басында елімізде жоғары білімі бар­лардың саны жүзге әрең жу­­ықтаса, гимназия, училище, оқытушылар семинарияларын бітіргендер 700-ге жетер-жет­пес болатын. 1926 жылғы ха­лық санағы есебіне үңілсек, әріп таныған қазақтың санының 6,9%-ды ғана құрайтынын кө­реміз. Сондықтан төте жазу төл жазуымызға айналған тұс­та да, латын әліпбиі кеңінен қол­да­нысқа енген 1927-1940 жыл­дардың бедерінде де ел ара­сындағы сауатсыздықты жою мә­селесі күн тәртібіндегі өзек­ті мәселеге айналды. Осы мақ­сатта 1927 жылы ресми түрде рес­публикамыздың латын жазуын қолданатындығы мәлім болған соң, келесі жылы ҚазОАК-тың шешімімен жергілікті жерлер­де жаңа әліпбиді өміршең ету­ге бағытталған комитеттер құры­лып, 80-ге жуық қоғамдық ұйым­ жұмыс жүргізе бастады.

Араб әліпбиі қолданылған тұста елімізде 12 мерзімді басылым (10 газет, 2 журнал) жарық көрген болса, 1932 жылға қарай латын қарпімен басылған БАҚ-тың саны артып, 60-қа жетті.

Ал осы кеңестік кезеңдегі әліп­би төңірегіндегі тарихи тартыста А.Байтұрсынов бастаған Алаш зиялылары араб әліпбиінде қала беруді көздесе, латынша­ны жақтағандар қатарында Н.Тө­реқұлов, М.Мұрзин, Т.Жүр­генов, С.Ас­фендияров, О.Жан­до­сов, И.Қа­былов, Т.Шо­на­нов және басқалары болды. Ай­­талық, Т.Шонанов осы ба­ғыт­та да жемісті еңбек етіп, «Қа­­зақстан» баспасынан 1935 жы­лы М.Жолдыбайұлымен бір­ге «Әліппе» оқу құралын оқыр­мандарымен қауыштырды. Мұн­да автор негізінен «жеңілден – қиынға» ұстанымын негізге ала отырып, оқушыларды мейлінше сауатты жазуға төселдіру арқылы дұрыс оқи білуге үйретуді көз­деді. 1929 жылға дейін елімізде қолданылған төте жазуда бас әріп, кіші әріп, әріптің баспа тү­­рі, әріптің жазба түрі бол­ма­ған­­дықтан, латыншаға бет бұр­ған әуелгі жылдары бұл олқы­лықтар білім беру саласында ай­тарлықтай қиындықтар тудырды, оқу үдерісінің қарқынды жүруіне де қатты кедергі болды. Сондықтан да бұл жинақты құрастырушылар әріптердің таңбалануына, олардың баспа және жазба нұсқаларының арнайы көрсетілуіне, баланың та­ным-түсінігіне сай оқулықтың су­реттермен безендірілуіне баса мән берген сияқты.

Жалпы Т.Шонанұлы – бұл тақырыпта өте көп қалам тартқан қайраткер. Оның сол кездің мер­зімді басылымдарында жарық көрген «Бұл да әліппе жайында», «Латын әліппесін алуды неге тілейміз?», «Ересектерді сауаттандыру әдісі», «Жаңа әліппемен сауаттандыру жайында» т.б. ма­қалалары мен 1927 жылы Таш­­кент қаласында өткен әріп мәселесі туралы айтыста латын әліппесін жақтап сөйлеген сөзі, 1929 жылдың 2-4 маусымында Қызылордада ұйымдастырылған ғылыми-орфографиялық конференцияда жасаған баяндамасы осынау өзекті тақырыпқа деген өзіндік көзқарасымыздың қа­лыптасуына, ең бастысы, тари­хи шындықты тануымызға, мә­селенің байыбына барып, мән-жайға толық қанығуымызға мүм­кіндік береді.

Айталық, «Латын әліппесін алуды неге тілейміз» мақа­ла­сында ол: «... төңкерістен соң қа­зақ тілінде мектептер ашыла бастады, кітаптар жазыла бастады. Газет-журнал көбейе бастады. Бұлардың бәріне де әліппенің үлкен қатысы бар. Іс жүзінде араб әліппесінің үйренуге қиындығы, жазу-басу ісіне тиімсіздігі күнбе-күн сезіле бастады.

...Латын әліппесінің бір зор кемшілігі – әріпінің саны аздығы. Бірақ түрік елдері тілінің дыбысын таңбалауға араб әліппесінен латын әліппесі оралымды. Араб әліппесінде 28 әріп бар, ал латын әліппесінде 24 әріп бар. Олар­дың 18-і түрін де, дыбысын да өзгертпей, қазақ тіліне қол­дануға жарайды», деп араб әліп­биінің 13 дыбысымызды, ал латын әліпбиінің 18 дыбысымызды таңбалайтынын атап көрсетіп, бұл мәселеге басқадан гөрі жақынырақ мәдениет тара­тушы оқытушылардың өте-мө­те зейін салып, сын көзбен қа­рауын өтінеді, қоғамды дұрыс әліппеге бет бұруға шақырады. Сонымен бірге ол жаңа әліппемен жұртты сауаттандыруға көшуде біріншіден, тіл мен емленің ың­ғайына, екіншіден әріптің түріне қарай жаңа әдістерге бет бұ­рудың жемісті болатындығын да көр­сете кетеді. Осынау еңбек­терінде қайраткер жаңа әліппеге көшудің уақыт талабынан, жаңа қоғам сұранысынан туындап отырғанын тілге тиек етіп, қазақ тіліне қай әліппе үйлесетінін, оқу мен жазуға, сауат аштыруға, тасқа басуға қай әліппе жеңіл болатынын тарқата түсіндіріп, батыл байлам жасайды, орнықты пікір білдіреді.

Сонымен қатар Т.Шонанов «Ересектерді сауаттандыру әді­­сі» мақаласында ересек­тер­ді са­­уаттандыруда әсіресе оқы­ла­­тын нәрсенің мазмұнын нақ­тылы тұрмысқа, бағдарламаға үйлестіру, алынған сөз бен буын­­ның, дыбыстың оңай болуы, сол оңайдан қиынға бірте-бір­те көшу, хат танымайтын қа­­заққа екі қиындық бермеу секілді маңызды мәселелердің ес­­­керілуі керектігін қаперге са­ла­ды. Бұл ескертпелер мен оң­ды ұсыныстарды ересектерге ар­­налған оқулықты жазған Ә.Үсенов те басты бағдар еткенге ұқ­сайды.

Осы тұста біз Әшірбек Үсенов­тің «Әліппесіне» тоқталмастан бұрын оқырманға етене таныс емес кіші Үсеновтің (белгілі қо­ғам қайраткері, ақын, публицист, баспагер С.Үсеновтің туған інісі) өмір жолы мен қоғамдық қызметіне де қысқаша тоқтала кетсек дейміз.

1907 жылы Оңтүстік Қазақ­стан облысы, Шымкент қала­сына қарасты Қатынкөпір ел­ді мекенінде дүниеге келген Ә.Үсе­­нов Сырдария округтік Қа­­­зақ педагогикалық технику­мын­да 1925-1929 жылдар ара­лы­ғында білім алады. Осы өңі­рімізге белгілі тамыр-тарихы те­реңде жатқан білім ордасынан түлеп ұшқан ол қазақ-өзбек мектептерінің І санатты мұғалімі куәлігін алысымен, ілім игеруге деген ізденісін әрі қарай жал­ғастырып, 1929 жыл­дың қыр­күйегінен 1932 жыл­дың шіл­десіне дейін Ал­матыдағы Қазақ педагогикалық инс­ти­тутының тіл-әдебиет бөлімін ой­дағыдай бітіріп шығады. Мұ­ны архив құжаттары да растап отыр. Мә­селен 1929 жы­лы 8 шілдедегі РСФР-дің Ха­лық комиссарлары Кеңесінің жар­лығы бойынша Ә.Үсеновке бе­рілген куәлікте оған белгілі бір аймақта үш жыл мерзімінде тұрақты жұмыс істеу керектігі міндеттелініпті.

Өзінің талайлы тағдырында ұлт мұраты жолында талай жауапты қызметтерді мінсіз ат­қарып, абырой биігінен көрінген Ә.Үсеновке 1931 жылы 29 қаң­тарда Алматы қалалық кеңесі жұ­мысшы комитетінің VII ша­қырылымының мүшесі ретінде арнайы куәлік те (сенім хат) беріліпті. Бұл куәліктің бір ар­тық­шы­лығы сонда – оны иеленген азаматқа Алматы қаласындағы кез-келген ұйым мен мекемеге кіруге құқық бе­рілетін болған. Дегенмен 1934 жылға дейін әс­кери қыз­мет­тен уақытша бо­сатылған Ә.Үсеновке берілген әскери билетте оның 1936 жылы 26 сәуірде Алматыдағы Пушкин көшесінің 45-үйінде тұрғандығы жазылса, тұтқындалғандығы жөніндегі 1938 жылы 9 наурызда толтырылған анкетада осы қаладағы Пролетарская көшесі 29/31-үйдің тұрғыны ретінде тіркелгендігі атап көрсетіліпті. Сондай-ақ бұл құжатта оның отбасылық жағдайы туралы да мә­ліметтер келтіріліп, жұ­байы Х.Үсенованың 24 жаста, пер­зенттері – Рабиғаның 6 жаста, Рахиманың 5 жаста, Әзімнің 3 жаста, кенжесі Сырымның 1 жас­та екендігі жазылыпты.

Ал 1935 жылдан бастап ке­ңестік әкімшіл-әміршіл жүйе Ә.Үсеновті Қазақ КСР-нің аума­ғында ұлттық-террористік, ди­вер­сиялық – зиянкестік ұйым­ның белсенді мүшесі ретінде антикеңестік әрекеттерге барды деген жаламен айыптай бас­тады. Осылайша ұлт перзенті Жүргенов, Қабылов, Берденов, Жансүгіров, Қоңыратбаев секілді зиялылармен қатар осынау ұйым­ның белді мүшесі ретінде жа­зық­сыз жазаланды.

С.Үсеновтің жеке құжаттарын қарап отырып оның 1936 жылы 19 қаңтарда КСРО Жазушылар Одағының мүшесі болып қабыл­данғанын да білдік (№875 куә­лік). Ал 1938 жылы 9 нау­рыз­да тұтқындалғанға дейін Ал­­ма­тыда ҚазКСР Халық ағар­ту Комиссариатында жауапты қызмет атқарғанын айта кету керек. Сонымен бірге №12 мек­тепте мұғалім де болған. 1938 жылы 8 наурызда КСРО Жо­ғар­ғы Сотының Әскери кол­ле­гия­сының хатшысы Бат­нер­дің қолы қойылған үкімде Ә.Үсе­новтің алдымен 10 жылға абақ­тыға жабылатындығы, оған қоса 5 жылға барлық саяси құ­қықтарынан айырылып, дүние-мүлкі тәркіленетіні көрсетілген.

Алайда, 1938 жылы 11 қара­шада ату жазасына кесілген Ә.Үсенов 1960 жылы 20 қыр­күйекте КСРО Жоғары Сотының Әскери коллегиясының шеші­мі­мен толық ақталды. Ақтал­ға­нымен әлі күнге дейін есімі атау­сыз қалуда.

Оңтүстіктің аптал азаматы Ә.Үсе­нов белгілі Алаш зия­лы­ларының қатарында Мәс­кеу­дегі Дон зиратында жерлен­ген. Мұны белгілі жазушы Қ.Сәрсекеев ел газеті – «Егемен Қа­зақстанда» жарияланған ма­қаласында да келтіре кетіпті. Оның жазуынша, Ә.Бөкейханов пен Н.Нұрмақов екеуі Мәскеуде бір күнде атылып, «Дон зиратына» қойылған. «Дон зираты» – Мәскеу тү­бін­дегі атақты Монастырь ауда­ны аталған байырғы мекен. Байып­пен қарасақ, азаптау мен айыптаудың сан түрін бастан кешкен арыстарымыз ке­ңес өкіметіне қалтқысыз қыз­мет етсе де, ұлт басына төнген бұл нәубеттен аман қалмаған. Жо­ғарыдағы мақалада мынадай деректер де келтіріліпті:

«...Біз келтіріп отырған деректер Москвада шыққан «Мемориал» қоғамының («Звенья» баспа­сы) «1935-1953 жылдар ара­лы­ғындағы атылғандар тізімі» кітабында толық келтіріледі. Атал­­мыш жинақтағы «Москва-Центр» 1-я категория» деген ті­зімде 111 адамның аты-жө­ні кел­­тірілген. Солардың қата­рын­­да 15-ші болып Әлихан Бө­­­кейханов, ал 76-шы болып Нығ­мет Нұрмақовтың есімдері анық жазылған. Әрі 27 қыркүйек күні атылған тұтқындардың өр­телмегені, жерге көмілгені айтылады. Демек монастырьдың жерлеу мекемесінің тіркеу журналында шейіт болғандардың реттік анықтамалары бар деген сөз.

Ал «1935-1953 жылдар ара­лығында атылғандар» кіта­бын­­дағы «Казахская ССР» де­ген құпия тараудағы зұл­мат за­ман­ның жазықсыз құр­бан­да­рының тізімінде 2-категория­да И.Амандықов, И.Байменов, А.Бекбаев, А.Кучмар т.б бірге 14-ші болып Ә.Үсеновтің де ілінгенін көреміз.. Жалпы ұзын-сонар бұл тізімнің 5000-нан асып жы­ғы­латынын айтпағанның өзінде, кеңес дәуірінде тағдырдың айдауымен Мәскеуде топырақ бұ­йырған саяси-қуғын сүргін құр­бандарының саны 40 мыңға жуықтайды екен. Ә.Үсенов те осы ұлт қайраткерлерінің алдыңғы легімен бірге атылғандығы анық болып отыр.

Ал Ә.Үсеновтің рухани мұ­расына келер болсақ, ағар­ту­шы­­лық қызметпен қатар қа­лам­герлігін де қатар алып жүрген ол «Ойлы бала», «Елеулі батыр» секілді шығармаларымен ақын, публицист ретінде бел­гілі болумен бірге, аударма са­ласының өркендеуіне де белсене араласып, В.Внуковтың «Со­ғыс бізге қорқынышты ма?», С.Юшковтың «Жорықта» және «Жаяу әскерлердің тынығуы мен сақтануы», С.Стерлиннің «Со­ғыс кезіндегі Қызыл Ар­мияға ха­лық немен жәрдем етеді?» т.б кітаптарды қазақша сөй­лет­ті. Сондай-ақ ол 1925 жыл­дың шілдесінен Ташкенттен Шым­­кентке көшіп келген сол кез­дегі ең белді басылым – «Ақ жол» газетінің редакциясында да өз ағасы С.Үсенов, сондай-ақ Б.Молдалиев, Т.Отарбаев, Ә.Байжасаров, Ж.Барқиев, жас тіл­шілер Т.Райымбеков, И.Ырыс­метов, Ә.Сүлейменов сынды қаламгерлермен бірге өңірдің қоғамдық-саяси өміріне өзінше үн қосып, публицистика атты жауынгер жанрдың қыр-сырын таныды, қаламы ұштала түсті. Ал «Ақ жолдың» ең соңғы нөмірі 1926 жылдың 30 наурызында шыққанын назарға алар болсақ, Ә.Үсенов көсемсөздерінің әлі де болса архив қоймаларында шаң басып жатқандығы күмән тудыр­майды. Сондықтан да бұл бағытта да тың ізденістерге барып, қаламгердің төл туындыларын қайта жарыққа шығаруымыз керек-ақ.

Сонымен қатар Ә.Үсенов ке­ңестік қазақ әдеби сы­ны­ның қалыптасуына да Б.Кен­жебаев, Ғ.Тоғжанов, Е.Ыс­маи­лов, Ә.Қо­­­ңыратбаев, І.Қа­бы­лов, Ә.Тә­жі­­баевтармен бір­ге бір­шама үлес қосты. Ал ағар­тушы ретін­де бір­қа­тар оқу­лық жазып қалды­рып, 9-сыныпқа арналған «Әде­биет хрес­томатиясы» мен Үл­кен­дер мектебіне арналған ла­тын тілін­дегі «Әліппені» жа­рық­қа шы­ғарған Ә.Үсенов ұлт ру­ха­ниятының дамуына да шама-шарқынша қызмет етті.

Ә.Үсеновтің үлкендер мек­тебіне арналған «Әліппе» оқу­лығы Қазақ мемлекеттік бас­пасынан 1937 жылы жарық көр­ді. Жалпы редакциясын Ә.Үсе­нов басқарған бұл оқу­лықтың жалпы 230 000 тиражбен таралуына қарағанда, оқу­лыққа деген сұраныс зор бол­ғанға ұқ­сайды. Ал алғашқы шы­ға­рылымы 50 000 данаға дейін жеткен. Біздіңше бұл еңбек Н.Төреқұлов, А.Байтұрсынов, Т.Шонанов оқулықтарымен бір қатарда кеңестік кезеңдегі ха­лық ағарту жұмыстарының даму үдерісіне оң баға беруде кеңірек қарастырылып, бо­лашақта жан-жақты талдауға алынуы тиіс дүние деп білеміз. Жалпы Қазақ мемлекеттік баспасы бұл кітаптың шығуына мүдделілік танытып, Түркістан өлкесіндегі оқу ісі, халықты сауаттандыру шараларының өз деңгейінде жүруі үшін жергілікті ағартушы қаламгергерлерді де барынша жұмылдырған. Негізі Ә.Үсенов те, Т.Шонанов секілді өз «Әліп­песінде» «бір әріп-бір дыбыс» қа­ғидасын қатаң ұстануға ты­рысқан. Осылайша автор бір жағынан қазақ тілінде сауат ашуға септесетін оқулықтардың артуына өзінше үлес қосқан болса, екінші жағынан латын әріптерін қазақтың дыбыстық жүйесіне мейлінше ыңғайлап, жаңашыл әдіс-тәсілдерді де кеңінен қолданып отырған. Ай­талық, Т.Шонанов та, Ә.Үсенов те жіңішкелік белгісін Ы дыбысы орнына қолданса, Q дыбы­сын Қ, С дыбысын Ш, R дыбы­сын Р, J дыбысын И дыбы­сы т.б ретінде белгілегенді қо­лай көріпті. Кітапта ұлттық төл сөздерімізге де барынша ба­сымдық берген автор «Сиыр», «Са­ғат», «Үй», «Оқуда», «Же­міс», «Гауһар» секілді тілге ора­лымды оңай мәтіндермен қатар, үлкендердің саяси сауатын, өре-деңгейін көтеруге де ұмтылып, «Қарсақпай», «Балам Қызыл әскер», «Екпінді колхозшылар съезі», «Паровоз», «Мек­тепте», «Ұлы еңбек», «Ле­ниннен үйренейік», «Халықтар достығы» т.б секілді кеңестік ке­зеңде өзекті болған саяси та­қырыптарға, мәтіндерге ден қо­йып қана қоймай, шағын әң­гіме, өлеңдерге де көп орын бер­ген. Әсіресе, Ә.Үсенов өз оқу­­шыларының бұл оқулықты жат­сынбауы үшін халқымыздың тұрмыс-тіршілігіне әбден сіңісті болған байырғы төл сөздерімізді де орынды келтіріп, халыққа қара танытуда ұтымды пайда­лана білген. Мәселен, автор қозы, дала, мақта, ұста, ба­лық, қала, кен, жеміс, оқу, саяхат секілді бұрыннан сіңісті сөз­дер­мен бірге жаңа дәуірдегі пойыз, насос, зауыт ұғымдарын да ел санасына сіңіруге күш салған. Сол себепті де кеңестік кезеңдегі латын әліпбиіне көшу елді индустрияландыру мен жаңғыртуға өзінше сүбелі үлес қосып, жаңа әліппе арқылы білім сапасын жаңа биікке көтерді деу­ге әбден-ақ болатын сияқты. Олай болса Қазақстан Оқу Халық Комиссариаты бекіткен Ә.Үсе­нов «Әліппесінің», бұл ең­­бекті редакциялауға атса­лысқан Т.Берденов, С.Үкенов, Р.Мо­мыновтардың еселі еңбегі бү­гінгі зерттеушілер тарапы­нан да мейлінше зерттеп-зер­деленуі, талдап-таразылануы, тиісінше бағалануы керек. Бү­гінгі рухани жаңғыруға бет бұр­ған қоғамымызда да кешегі ке­ңестік осынау тәжірибені дұ­рыс пайдалана біліп, ұтымды тұс­тарын кәдеге жарата біл­сек, ұтылмайтынымыз анық. Өйт­кені әліпби ауыстыру оңай шаруа емес, ол – ұлт болашағының басты кепілі.

 

Сейдехан ӘЛІБЕК,

тарих ғылымдарының докторы, М.Әуезов атындағы ОҚУ колледжінің директоры