Саясат • 23 Шілде, 2021

Өңір өнеркәсібінде өсім бар

129 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Мамин 21-22 шілдеде Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен барып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысты, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Өңір өнеркәсібінде өсім бар

Үкімет басшысы «Ақтөбе» индустриялық аймағында орналасқан «Зерде-Керамика Ақтөбе» ЖШС зауытын аралады. Кәсіпорынның қуаты – жылына 5 млн м² керамогранит пен керамикалық плитка. Жобаға салынған инвестиция көлемі 9,2 млрд теңгені құрайды, оны осы жылдың үшінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланған. Кәсіпорында 200-ден астам жұмыс орны құрылған.

Бұдан кейін А.Мамин өнді­рістік қуаты жылына 122 рентген аппараты мен кешенін құ­рай­тын «Ақтөберентген» АҚ зауы­тының жұмысымен таныс­ты. Өнімнің бір бөлігі Ресейге, Өз­бек­стан­ға, Тәжікстанға және Қыр­ғыз­стан­ға экспортталады. Биыл мем­ле­кет­тік қол­дау шаралары­мен Ақ­төбе об­лы­сының 3,3 мың­нан астам ШОБ субъектісі қам­тылады.

Үкімет басшысы «ПО Глобал-Спецодежда» ЖШС ті­гін фабрикасының жұмысымен де танысты, онда 200-ге жуық адам жұмыс істейді. Кәсіп­орын жыл сайын 1,2 млн-ға де­йін өнім шығарады. Мұн­да ар­найы киімдердің, қор­ға­­ныш құ­рал­дардың, арнайы киімдерді шығаруға арналған жылыт­қыш­тардың кең номенкла­турасы­ның өндірісі жолға қойылған.

Премьер-Министр өңірдің энергетикалық әлеуетінің дамуын тексеру барысында «Ақтөбе ЖЭО» АҚ-ға барды. Онда қазір­гі уақытта кәдеге жаратушы қа­зандығы бар, қуаты 57 МВт газ тур­биналық қондырғысының құ­рылысы жүріп жатыр. Жобаны іске асыру стансасының қуатын 175 МВт-қа дейін арттыруға мүм­кіндік береді. Жұмыстарды 2021 жылдың желтоқсан айында аяқтау жоспарланған.

Қарғалы ауданының Бадамша кентіне де барған А.Мамин Arm Wind ЖШС жел электр стан­сасының жұмысымен таныс­ты. Қазіргі уақытта жел электр стансасының екінші кезегінің құрылысы жүргізілуде. Станса жыл сайын сағатына 400 МВт жуық электр энергия­сын өнді­ретін болады. Екінші кезегінің инвес­тиция көлемі $85 млн құ­рай­ды, аяқтау мерзімі – биыл­ғы жылдың қыркүйек айы.

Үкімет басшысы «Ақ­тө­бе – Атырау – Астрахань»  республика­лық автожолын реконструкция­лау барысын тексерді. Биыл «Ақтөбе – Қандыағаш» учаске­сін­де жол қозғалысы ашылады, «Қан­дыағаш – Мақат» авто­жолы­­ның учаскесі осы жыл­дың соңына дейін пай­далануға беріледі. Премьер-Министр тас жолды қайта жа­ңар­ту жұмыстарын сапалы әрі бел­гіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.

Сонымен қатар Премьер-Министр Ақтөбе қаласындағы «Батыс-2» шағын ауданының құрылысымен танысты, оны 2025 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Шағын ауданның жалпы аумағы 535 га құрайды. Биыл өңірде 1 млн м² астам тұрғын үйді пай­далануға беру жоспарланған.

Ал Мәртөк ауданында А.Мамин Мilker ЖШС жем-шөп түйіршіктерін өндіру зауытын аралады. Инвестициялық жо­баның құны 700 млн теңгені құ­райды, кәсіпорынның өндіріс­тік қуаты – жылына жоңышқа піше­нінен 12 мың тонна түйір­шік­телген құрама жем. Дайын өнім Қазақстанда да, одан тыс жерлерде де, атап айтқанда, Қытайда, Ресейде, Иранда және Біріккен Араб Әмірліктерінде зор сұранысқа ие.

Сондай-ақ Премьер-Ми­нистр­ге Ақтөбе облысының балық саласын дамытудың 2030 жылға дейінгі өңірлік бағдарламасы таныстырылды. 10 жыл ішінде салаға 37 млрд теңге жеке инвестиция тарту, 400-ден астам жаңа жұмыс орнын құра отырып, шаруашылықтар санын 72 субъектіге дейін арттыру жоспарланған.

Green Capital Kazakhstan ЖШС жылыжай кешенін аралау барысында Премьер-Министр­ге жылыжай өнімдерін өндіру бо­йынша қазіргі жағдай және осы саланы одан әрі дамыту перспективасы таныстырылды. Соңғы үш жылда Ақтөбе облысында 8 жаңа жылыжай іске қосылды. 2025 жылға дейін жалпы сомасы 17 млрд теңге болатын та­ғы екі ірі жобаны іске асыру көз­делген. Бұл жылыжай өнім­дерін өндіру көлемінің 40%-ға өсуін қамтамасыз етеді деп күтілуде.

Биылғы жылдың 6 айы­ның қорытындысы бойынша Ақтөбе облысында өнеркәсіп өн­дірісі­нің көлемі 2020 жыл­дың сәй­­кес кезеңімен салыс­тыр­­­ғанда 8,2%-ға – 997,2 млрд теңгеге д­е­йін өсті. Ауыл ша­руа­шылығы­­ның жалпы өні­мінің көлемі 116,9 млрд тең­гені (+2,6%), құры­лыс жұмыс­тары­ның көлемі – 76,9 млрд теңгені (+5,4%) құрады, 366,5 мың шаршы метр тұрғын үй (+4,1%) пайдалануға берілді. Негізгі капиталға салынған инвестициялар өсімі 11,9% құрады, 292,8 млрд теңге тартылды. 2021 жылдың соңына дейін 125,7 млрд теңге сомасына 31 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда.