Саясат • 23 Шілде, 2021

Көкейкесті мәселелер көтерілген кездесулер

269 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының депутаттары өңірлерде тұрғындармен кездесу­лерін жалғастыру үстінде деп хабарлады жоғарғы Палатаның баспасөз қызметі.

Көкейкесті мәселелер көтерілген кездесулер

Рысқали Әбдікеров Қараған­ды облысындағы Балқаш қала­сындағы орта мектептің қыз­меті­мен және жаңа оқу жылына дайындық барысымен танысты. Сондай-ақ көпсалалы корт пен спорт алаңын, спорт залы мен оқу кабинеттерін аралап көрді. Сенатор пәндік кабинеттерді компьютерлік техникамен және оқу әдебиетімен жабдықтау мәсе­лелеріне назар аударды. Сондай-ақ оқу орнының қасбетін жөндеу қажеттігін айтты.

Қазіргі кезде тауарларға, оның ішінде, бірінші кезекте қажет өнімдерге бағаның өсуі тұрғындарды толғандырып отыр. Рысқали Әбдікеров Балқаш қаласындағы жағдайды жан-жақты зерделеу үшін әлеуметтік дүкендерге барды. Бүгінгі таңда қалада 13 азық-түлік павильоны мен коммуналдық дүкен жұмыс істейді. Жергілікті билік пен олар әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын ұстап тұру бойынша меморандумға қол қойған болатын. Депутат атқарылып жатқан жұмыстарды күшейту жөнінде бірқатар нақты ұсыныс айтып, мұның қала тұрғындары үшін аса маңызды екенін атап өтті. Әкімдік өкілдерімен кездесу барысында Балқаш қаласында коммуналдық базар ашу туралы да сөз болды.

Сенатор қала тұрғындарымен де кездесіп, оларды толғандыратын мәселелерді, елді мекеннің даму келешегі және басқа да өзекті тақырыпты талқылады.

Дана Нұржігітова Алматы қаласында бірқатар кездесу өткізді. Н.Сац атындағы Бала­лар мен жасөспірімдер мем­лекеттік академиялық орыс театрын­дағы кездесуде театр өнерін дамы­ту­дың негізгі мәселе­лері көтерілді. Сондай-ақ сенатор театр репертуарын жақсарту және шығармашылық ұжымды қазіргі заманғы жағдайға орай дамыту жөнінде бірқатар ұсыныс айтты.

Сенат депутаты әйгілі театр труппасы мен ұжымының Елбасы мен Мемлекет басшысының мәдени және гуманитарлық сая­сатын ілгерілету ісіне қосқан маңызды үлесін атап өтті.

Дана Нұржігітова сапар барысында ALMAU университеті мен Алматы мемлекеттік энергетика және электронды технологиялар колледжінде болды. Жүздесулер кезінде «Жас маман» жобасы талқыланып, жас мамандардың еңбек нарығындағы халықаралық талаптарға сәйкестігі мәселесі сөз болды.

Сенатор Қ.Сәтбаев атындағы уни­верситеттің келесі оқу жылы­ның басталуына дайындық дең­гейімен танысып, оқу корпустары мен жатақханаларды аралап көрді. Университет басшылығымен кез­десу барысында депутат вакци­на­лау процесін сапалы ұйымдас­ты­рудың маңыздылығын атап өтті.

Депутат сонымен қатар Алматы ЖЭО-да да болды. Кездесу барысында ел Президентінің ЖЭО блоктарының бірінің жұмысын 2023 жылға дейін газға көшіру жөніндегі тапсырмасының орындалу барысымен танысты. Сондай-ақ қалдықтарды қайта өңдеу жөніндегі жобаны іске асыру және оған инвестиция тарту мәселелері талқыланды.

Ләззат Сүлеймен Алматы облысына сапары барысында Қаратал ауданының Үштөбе қаласындағы Ілияс Есенберлин және Кемел Тоқаев атындағы жал­пы білім беретін мектептер­де болып, оқу орындарының материалдық-техникалық жаб­дық­­талуына және қауіпсіздік мәсе­лелеріне назар аударды.

Сенат депутаты жылжымалы медициналық вакциналау ке­шеніне келген азаматтармен кез­десті. Аудан әкімдігінде тұрғын­дарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтер сапасымен танысты.

«Бірінші кезекте, әрбір салада азаматтардың конституция­лық құқықтарының қорғалуы маңызды. Президент «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жария еткенін өздеріңіз білесіздер және оны іске асыру басым бағыт болып отыр. Осыған байланысты билік әрқашан халыққа жақын болып, азаматтардың проблемаларын естіп қана қоймай, оларды заң аясында шешудің барлық жолын қарастырып, пәрменді шаралар қабылдауға тиіс. Біз де осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз», деді Ләззат Сүлеймен.

Сенат депутаты облыс орта­лығындағы қалалық сот, про­куратура, ішкі істер бөлімі және Президент жанындағы Мем­­ле­кеттік басқару акаде­мия­сы­ның Алматы облысы бойынша филиалының басшыларымен кездесу өткізді. Онда Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауындағы құқық қорғау органдары, прокуратура және сот арасындағы өкілеттіктер мен жауапкершілік аясын ажырата отырып, қылмыс­тық процестің үш буынды үлгісін ен­гізу жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мәселелері талқы­ланды. Кездесу барысында тікелей сайлау өткізілгеннен кейін ауылдық округ әкімдерін оқыту мәселесі де қаралды.

Ольга Булавкина Шығыс Қазақ­­стан облысының бірқатар ауда­нындағы медициналық меке­ме­­лердің қызметкерімен кез­десті.

Сенат депутаты Алтай ауданына болған кезде Сенаттың заң шығару қызметі туралы айта ке­ліп, медицина қызметкерлерінің әлеу­меттік және еңбек жағдай­ларын жақсартуға тікелей қатыс­ты заң­дар туралы хабардар етті. Ол ел Пре­зидентінің Жол­дауын іске асыру­дың басым бағыт­тарының бірі – пандемия сал­­дарын еңсеру және қазақ­стан­дықтардың денсау­лығын нығайту екенін атап өтті.

«Пандемия денсаулық сақтау және білім беру саласындағы қазіргі проблемаларды айқындады және осы салаларда жаңа реформалар жүргізу қажеттігін көрсетті. Қазіргі кезде дәрігер мамандардың жетіспеушілігі байқалады, өңірлерде кадрларды оқытуға грантпен қаржыландыру қажет. Ұлттың денсаулығы мен әл-ауқаты біздің болашағымыз екенін және мемлекеттің дамуы соған байланысты түсінуіміз керек», деді Ольга Булавкина.

Сенатор коронавирус пандемиясымен күрес кезіндегі дәрі­герлердің жұмысына баса назар аударып, оларға қажырлы еңбегі үшін алғыс айтты, сондай-ақ вакциналау мәселесін талқылады.

Ольга Булавкина өңірдегі көп­балалы отбасылардың тұрғын үй мәселелері қалай шешіліп жат­қанымен де танысты. Ол жү­зеге асырылып жатқан «Бір қа­бат­ты Шығыс» жобасын жоғары баға­лады. Мемлекет-жекешелік әріп­тестік қағидатына негізделген жо­ба көпбалалы отбасылардың тұр­­ғын үй жағдайларын жақсар­туға мүмкіндік береді. Сенатор бүгінгі таңда көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету – мемлекеттің басым міндет­терінің бірі екенін атап өтті.

Сенатор фермерлермен кездесу барысында жергілікті шаруаларды толғандырған мәселелерді білді. Олар ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған субсидияларды бөлу жүйесін өзгерту қажеттігін айтты.

Ольга Булавкина сондай-ақ Қоғамдық кеңестер, ардагерлер кеңесі, этномәдени бірлестіктер мүше­лерімен де кездесті. Бұл кез­десу­лерде әкімдерді сайлау және Қоғам­дық кеңестердің, Қазақ­стан халқы облыстық ассамблея­сының, Аналар мен ақсақалдар кеңестерінің жұмысы мәселелері қаралды. Сонымен қатар ауруханаларды жабдықтау, денсаулық сақтаудың ақпараттық жүйелерін интеграциялау және жеңілдікті дәрі-дәрмектер беру мәселелері де көтерілді.

Депутат аймақ тұрғындары көтерген барлық мәселе өзінің алдағы заң шығару қызметінің арқауына айналатынын айтты.