Әдебиет • 10 Қазан, 2021

Киелі қалам, көкбөрі Роллан

814 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Қазақ руханиятының заңғар тұлғасы, кешегі алып могикандардан қалған асыл тұяқ Роллан Сейсенбаев әсіресе дәл биылғы мерейлі 75-ке келер қарсаңында қабырғаны қайыстырардай қайғылы жайларды, зіл батпан ауыртпалықтарды бастан кешті. Тән мен жан азабының қат-қабат қосарлана, қара бұлттай үйірілген арпалысына түсті. Жүректің жиі-жиі жан алқымнан ала еселенген ескі дертіне миға жасалған ауыр ота қосылды... Шыдады, төзді, күресті... Бірақ жазмыштың сынағы мұнымен тоқтамады.

Киелі қалам, көкбөрі Роллан

Жарты ғасырдан астам отасқан жар қосағы, жұптас та рухтас се­рігі, әдебиет пен тарих білгірі, Құран Кәрім мен Абайдың аудар­машысы Клара Серікбаеваны аты жаман індет алып тынды. Мұ­ның алдында ғасырға жуық жа­саған әзиз анасынан айырылған-ды. Алла ісіне амал қайсы? Бұған да, бұған да сынбады. Қайғырса да, қиналса да бойына бағзыдан дарыған ұлы қасиетпен сабыр­лық қылудан жазбады. Жанының тұңғиық тереңіндегі қайғысының қаралы жүзін ешкімге көрсетпеді.

«Бұл неден?» десек, жауап бі­реу-ақ. Тектіліктен. Тектіліктің аясында кемел ақыл да, кесек мі­нез де бар. Басқа да қазыналы қасиет­тердің қайнар бұлағы осы тек­тіліктен шығады.

Ал тектіліктің қайнары қай­да десек, ойымызға Шыңғыстау, қа­зақ­тың осы қасиетті тауының қой­нау-қолатын, баурай-бөкте­рін жайлаған ата-бабалар орала­ды. Арыға бармай, беріден қайыр­­­сақ, Роллан Шәкенұлының тікелей бел бабалары Мұхтар Әуезов­тің атақты            «Абай жолы» роман-эпо­пеясында суреттелетін, пара­са­ты мен батырлығы тең әкелі-ба­лалы Пұшарбай мен Қареке. Иә, аталары Абайды қорғаса, бүгінгі ұла­ғатты ұрпағы өмір-бақи даныш­пан хакімнің шырақшысы болғандай, Лондонда Абай үйін ашып, ұлттың ұлы ұстазын дүние жүзіне дәріптеп, насихаттап, танытумен келеді.

Бала Ролланның көзін ашып көргені бағзы да бағзы тарих­тар­дың көне куәсі Шыңғыстау, ес білгеннен естігені Абай хакім мен Шәкәрім қажы жайлы әдібі сөгілмес әңгімелер болыпты. Әсі­­ресе, сол кездерде Шәкәрім­ді айт­­қанда Молдаберген атасы мен бас­қа құралпас қариялар атын атамай, «қажы» деп қана сы­быр­лап сөйлеседі екен. Әкесі Шә­кен, сол заманның зиялысы сүйегі отыз жыл бойы құр құдық­та жатқан, есімін ібіліс қоғам ел есі­нен өшіруге барын салған дала данышпанының мәйітін баласы Ахат шыңыраудан қазып алып, Жидебайдағы әулет қорымына қайта жерлегенде осы қияпаты мол іске ағайындық жолмен де, қызмет бабында да қол ұшын беріп, атсалысқан көрінеді. Сонда 14-15 жас шамасындағы мектеп оқушысы, өспірім Роллан әке­сінің қасында жүріпті. Сол күн­дер­де жас жүрек қатты тебіреніп, ұлы ақын бабасының шерлі тағ­дырына қызығушылығы ояныпты, болашақта жазушы боламын, осы көрген-білгенімді кітап қы­лып жазамын деп бекем бел байлап­ты. Тек шындықты жазуға, ақи­қаттан бұлтармауға Қалам мен Кәламға серт ұстағаны да сол жер, сол толқулы сәттер. Осы сертке адал­дығынан болар, Шәкәрім туралы жазылған романның алғашқы нұсқасын жарияға шығармай, ұзақ жылдар бойы аяулы анасының сандығында сақтады. Ал роман болса әлі де жазылу үстінде. Бүкіл өмірін арнап келе жатқан роман...

Серттен айнымаған семсер қа­лам алғашқы шығармаларынан бас­тап-ақ қазақтың, қазақ дала­сының жоғын жоқтап, мұ­ңын мұңдап, шерін шерлеп, жал­ғыз жортқан көкбөрі-күй шерт­ті. Бала­лық шақтан, өмір шын­ды­ғының өзінен бастау алатын бұл жай­дың бір мәнісі былай өрбиді. Атышулы арғымақ ақын Олжас Сүлейменов айтқандай, Кеңес Одағы Алаштың ұлылары туған Семей өңірінде атом бомбаларын жарып сынау арқылы қырық жыл бойы өз халқына қарсы ас­қан қаныпезер арсыздықпен жойдасыз соғыс жүргізіп келгені мә­лім. Даланың қамсыз-мұңсыз мың­жылдық тыныштығын бұзған, жер бетіндегі тіршілік атаулыны жалмайтын жебір тажалдың ас­панға саңырауқұлақ-өрт, жазылмас дерт болып жайылған жал­мауыз ұсқынын жеткіншек Роллан 1953 жылы, жеті жасында жабықтан сығалап көрген еді, сол күндерде дерттен айықпай бала махаббаты арманда өлген еді. Сондағы шошыну болашақ жазушының бала жүрегінде шемен болып қатты, өмір бойы жі­бімеді, жарасы сыздап ұлғая бер­ді. Осынау қасіретті көп жыл өткенде «Әлем күйреген күн» хи­­қаятында әйгіледі. Бұл хикаят қазақ әдебиетіндегі, жалпы қазақ қоғамындағы атом полигонына, ядролық сынақтарға наразылық білдірген алғашқы қарсылық болатын. Олай болса, әдебиет әлеміне де, әлемдік әдебиетке де Семей ядролық полигоны тақырыбын Роллан Сейсенбаев әкелді деген тұ­жырымға қол қойсақ керек.

Көкбөрі бүлікшілдікті кеңестік цензура байқамай қалған жоқ. Атақты әртіс Михаил Ульянов оқыған «Әлем күйреген күн» Бү­кіл­одақтық радиодан дереу алас­­талып, үнтаспасы жойылып жіберілді, хикаяттың таралуына тыйым салынды. Бірақ қа­лам сертіне берік Роллан Сей­сенбаев алған бетінен қайтпа­ды. Шығармаларының атаулары да сол кездегі насихаты мықты ке­ңестік бақуаттылықпен әсте үйлес­педі: «Ешқайда бастамайтын бас­палдақ», «Намыс», «Қашқын», «Шайтанның тағы», «Құм кезген өліктер» деп келеді.    

Осы орайда, менің пайым­да­уымша, болмысы күрескерлік қай­сар рухқа толы дегдар қаламгер­дің, зияткерлік прозаның хас шебері­нің Кеңес Одағы құламай тұ­рып-ақ жазылған негізгі шығарма­ла­рын­да өз халқына қарсы соғыс ашқан сол қоғамдық жүйеге деген жер­кеніш, қарсылық, наразы­лық аса бір батыл суреткерлікпен айқын айшықталады. Со­ның бір айғағындай, кейінде «Әлем күйреген күн» хиқаяты Ұлы­бри­­танияның сыныптан тыс оқу жө­ніндегі мектеп бағдарламасына енгізілді. Сонда деймін-ау, егер Кеңес Одағы құламай тұра бергенде Роллан Сейсенбаев та елден қуылған диссиденттер қатарын толықтырып, жау деп жарияланып, қуғын-сүргінге ұшырауы да әбден мүмкін екен-ау...

Дей тұрсақ та, сол сұрқай за­манда да, сонау Семейден бас­тап шырқыраған көкбөрі та­лант­тың шыншыл жалынын, шығар­машылық дарынын, қанатты қа­білет-қарымын кәміл таныған па­расат иелері табылыпты. Берісі Алматы, әрісі Мәскеуден. Әуелі жас жазушылардың Бүкілодақтық кеңесінде КСРО Жазушылар ода­ғының басшысы Георгий Марков әлі отызға да толмаған Ролланды «кеңес әдебиетінің үміті, бола­шағы» деп үкілейді. Мұнымен де қоймай, осы дана һәм ақжүрек қамқоршының шақыруымен ол 1975 жылы Мәскеуге қоныс аударып, мәртебелі Одақтың қазақ әде­биеті жөніндегі кеңесінің жа­­уап­ты хатшысы болып жұ­мыс істей бастады. Сонымен қатар-қабат Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы Жоғары әдеби курстарда оқып, ой-өріс, білімін кеңейте түсуге мүмкіндік алады. Осы арада Семей қалатком төрағасының орынбасары болып жүрген келешегі зор жақсы қыз­мет, жайлы тұрмысын қалдырып, бейтаныс қала, беймәлім ортаға, сайып келгенде, өзінің үлкен мақ­сатына бұлтақсыз тағдырлы бет­бұрыс жасай білген біздің жас қазақтың жүректілігін де айтпай тұра алмаймыз.

 Бүгінде Мәскеу кезеңі Роллан Сейсенбаев шығармашылығы­ның ең бір өнікті, ізденіске толы, шалқар шабытты шағы бол­ғанына ешкім таласа қоймас. Мил­лиондардың сүйікті тұлғасы, аса танымал қаламгер Василий Шук­шин тап бір туған бауырын­дай ересен елжірей жақсы көріп: «Жарайсың, Роллан, жазуға хақың бар!» деп жігерлендірсе, орыстың тағы бір заңғар жазушысы Даниил Гранин 1978 жылы «Молодая гвардия» баспасынан шыққан тұң­ғыш жинағына аса ықыласты алғысөз жазып: «Менің пайымдауымша, Р.Сейсенбаев прозасы­ның ұлттық сипаты терең, оның шығармаларындағы кейіпкер-қазақтар ұлттық мінездің, салт-дәстүрлердің барлық ерек­ше­лік­терімен әрекет етіп, өмір сү­реді... Қалай болғанда да, кәміл сені­мім бойынша, әдебиеттегі ал­да тұрған ұзақ әрі бақытты жолында Роллан Сейсенбаевтың бұл кітап үшін ұялуына тура кел­мейді», деп ақ батасын бер­ді. Ал мәскеулік атақты философ, әдебиетші Георгий Гачев 1986 жылы «Аса көрнекті сөз зер­гері Роллан Сейсенбаевтың шығар­машылығы өзіндік сана-сезімнің оянуына ықпал жасайды. Бүгінгі таңда біздің жан дүниеміздің ізде­гені де осы» деп түйіндейді. Мі­неки, отызында Мәскеуде, Қасым ақын айтпақшы, «бұзып-жарып, ентелеп, еркін басып», одан қы­рық жасында әмбе мықтыларды мо­йын­датып, әдебиеттің құзар шың­дағы қамалын алды деген осы емес пе!

Өзіміздің Олжас Сүлейменов сексенінші жылдардың соңына қарай: «Бүгінде Роллан Сейсенбаев шығармашылығын атамай, қа­зір­гі қазақ прозасы жайлы толымды әңгіме өрбіте алмаймыз» деп атап көрсетті. Бұған Мұрат Әуезов, Бақытжан Момышұлы, Герольд Бельгер, Әзірбайжан Мәм­бетов сынды ағалары, қырғыз байкесі Болот Шамшиев, қанаттас інілері Тұрсын Жұртбаев, Рүстем Жанғожин, Марат Қоңыровтар үн қосты. Олжекең айтса айтқандай, Роллан Сейсенбаев туған әдебиет шүйгінінде батыл еңбектеніп, оның көкжиектерін шын мәнісінде де қиял-ғажайып кереметтер­мен кеңейтіп, кемелдендіре түсті. На­ғыз жазушының шалқар шабыт­ты күйі шығармашылығын еселеп мәуелендірді. Әсіресе, күллі Кеңес Одағының ұлан-ғайыр кеңістігіне, одан әрі жалпақ жаһанға атын шығарып, әйгілі де бәйгелі еткен кең құлашты кесек туындылары: «Шайтанның тағы» мен «Жан­талас немесе Құм кезген өлік­тер» романдарындағы сол бір соқ­тықпалы заман мен соқпақсыз қоғамның аса шиеленіскен, ақи­қатының ашылуы қиын, қай­шы­лығы қатпар-қатпар, қат-қабат қор­далы тақырыптарын қалам ұшы­мен қопара қозғады, кәлам қуа­тымен нұрландырды. Айталық, «Шайтанның тағын» кеңестік би­лік шығартпай, түрлі тосқауыл, ке­дергілер қойып, сегіз жыл бойы жо­лын кесті. Ал әуре-сарсаң, қиын­шылықтармен шыға сала, бұл роман нағыз бестселлерге айналып, сұрапыл сұранысқа орай екі миллион таралыммен бір жылда екі мәрте жарық көрді. Мұнда түрме қапасындағы жас адамдардың тауқыметті тағдырлары шебер де шынайы суреттеледі. Өксіген өмір­лер, алданған үміттер, арбауға түс­кен жаралы жандар, күйінішті жүректер, талқыдағы өкініштер... бәрі де тақта отырған әзәзіл Шай­танның уысында шырмалған...

Бай­тақ елдің түкпір-түкпірінен, балалары жаза мерзімін өтеп жүр­ген аналар мен әкелерден, қамаудағылардың өздерінен ав­тор жүздеген хаттар алады. Сөй­тіп, роман миллиондаған шерлі адамдардың жан жұбанышы болады... Мұны себебі неде десек, осы кесек туындысына кірісер алдында тақырыпты ізерлеп зерттеу мақсатында біздің қаламгеріміздің өз басын қатерге тігіп, нешеме түрлі қылмыскерлердің арасында табаны күректей үш ай түрмеде отырып шыққанын оқырмандар, әрине, біле бермейді. Адами тұр­ғыдағы жүрек жұтқандық, жазушы жауапкершілігі, азамат ұс­тыны, қа­лам сертіне адалдық үлгі­сі осын­дай болар. Нақ осы «Шай­тан­ның тағы» романы 1994 жылы Ұлы­британияда үздік шетелдік шы­ғарма деп танылып, оның ав­торы қазақстандық әдебиет клас­сиктерінің бірі ретінде әлемдік мойындауға ие болады.

Әлбетте, Сейсенбаевтың басты шығармасы «Құм кезген өлік­­тер» романы десек, әділдіктен ат­тап өтпеспіз. Ақылман Герағаң, Ге­рольд Бельгер халықтық дас­тан­ға балаған осынау аса көлем­ді, кең құлашты, эпикалық зор қуатты туындыда Арал қасі­реті қазақтың ғана емес, Қазақ­станның ғана емес, бүкіл дүние жүзі қоғамдастығының, әлем жұртшылығының проблемасы екенін, бұл пәлекет адам мен адам­гершіліктің азып-тозуына апа­ратын төте жол екенін біз­дің қаламгер алғаш рет айтып ұқтыр­ғандай әсерге бөленеміз. Бұл қасіретке бірден-бір кінәлі ке­ңестік кесапатты кер жүйе екенін де зерделі оқырман түсінеді. Ро­ман­ның бес жыл бойғы жазылу ба­рысында Мәскеуден Аралға сан мәрте келіп, суы қашқан жаға­лауды жаяулап аралап, жарым кө­ңіл жұртпен жабыға сөйлескен ізденіс текке кетпепті. Мұнда ха­лықтың қайғы, тауқыметінің дабылы қағылды, табиғат экология­сымен қатар адамгершілік пен ахлақ экологиясының шытырман-шырғалаңдары алға тартылды. Сонымен қатар сан ғасырлық ғиб­раттармен сомдалған, талайлы талқыларда шыныққан қазақ халқының да ғажайып бейнесі көркем кескінделді. Осы ойымызды: «О, бұл роман – нағыз универсум. Халықтық эпос. Мұндағы бас кейіпкер жеке тұлға емес, ха­лық!» деген Г.Гачев тұжырымы растап айғақтай түседі. Болмыс пен тіршіліктің түгесілмес талқыла­ры, бітіспес қайшылықтары, жақ­сылық пен жамандықтың мәңгі­лік мәселелері – романда осының бәрі бар. Шынтуайтына келгенде, Роллан Сейсенбаевтың «Құм кезген өліктер» романын Кеңес Одағы деген азып-тозған алып мем­лекетке, кеңестік керкеткен жү­йеге дер кезінде шығарылған үкім деп бағалағанымыз аса әділ де абзал болар еді.

2019 жылы «Құм кезген өлік­тер» романы америкалық «Амазон» баспасы арқылы мил­лиондаған таралыммен әлем­дік кең өріске шығып, осынау жау­һар туындының жарқын тағ­дыр-талайы біржола ай­қын­далды. Ке­зінде Роллан Сейсен­баев­тың бү­кіл прозасы әуелі жур­налдық нұс­қада жарияланып, Бүкіл­одақ­тық Радиоға жазылып алын­ған-ды. Оның кітаптары көп­теген шет тілдеріне және ТМД халық­та­рының тілдеріне тәржімаланды. Жа­зушы шығармашылығы ғалам­торда кеңінен көрініс тапқан. Ал кітаптарының жалпы таралымы 9 миллионнан асты. Осы орайда Мәскеу Жазушылар одағының хатшысы, Орыс ПЕН-орталығының президенті Евгений Поповтың «Роллан Сейсенбаев тұлғасын әлем­дік әдебиетте Габриэль Мар­кес пен Фазиль Искандер ауқы­мындағы жұлдызды шоғырда қа­рас­тыру керек. Олар өздерінің ұлт­тық әдебиетін ұлттан жоғары, халықаралық мәдени құбылыс деңгейіне көтере алды...Бүгін таңда белсенді азаматтық ұстанымы, көп қырлы дарыны мен жарқыраған жан алауы Роллан Сейсенбаевты қазіргі заманның аса көрнекті жазу­шыларының қатарына қоса­ды» деп турасынан айтқан әділ төре­лігіне ден қоймасқа әддіміз жоқ. Осы пікірдің дұрыстығын айғақ­тағандай, бұрынғы оннан ас­там әлемдік атоқ-сыйлықтарды былай қойғанда, біздің жазушымыз биылғы мерейлі жылда ғана төрт бірдей Халықаралық Әдеби марапатты еншілепті.

Әрине, әлем танығанмен, Рол­лан ағамыздың ұлт руханияты жолында сіңірген сан салалы ең­бегі әсіресе өз ауылымызда әділ ба­ға­сын алатын күндер әлі ал­да деп білеміз. Қос тілді хас қалам­гердің, азаматтық ұстанымы бе­рік ұлтжанды қайраткердің Мәс­кеуде, Лондонда өткен өмір кезең­дері қазақ әдебиетін, мәдениетін әлем­ге таныта насихаттаудың ғажап үлгісі болғаны анық. Оның күш салуымен Қазақстанның көптеген талантты жас ақын-жазушылары­ның кітаптары мәскеулік баспаларда шығып тұрды. Әбдіжәміл Нұрпейісов, Оралхан Бөкеевтен бастап қаншама қаламдастардың шығармаларын орыс тіліне ауда­руға септігін тигізді. Еңсеміз басулы, өң-түсіміз қашулы кездің өзінде де империя астанасында ешкімге жалтақтамай еркін жүр­ді, еркін тұрды, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің сөзін сөйледі, қа­зақ рухы мен руханиятының мүд­десін қорғады. Бойындағы көк­бөрілік дегдар болмысымен кім-кімге де сөзін өткізе білді, өзін сыйлата білді. Адами қалпы, азаматтық жігерімен айналасында тілектес, дос, шығармашылық орта қалыптастырды Айһай дәу­рен десеңші?! Байтақ елдің ала­қанындағы ардақтылар Расул Ғам­затов, Қайсын Құлиев, Мұстай Кәрім, Шыңғыс Айтматов, Да­вид Кугультинов сынды аға­ларына еркелеп, игі істерімен, жар­қын жай­машуақтығымен, бауыр­мал­дығымен оларды да сүйін­діріп жүрді. Сол тымырсық заманнан күні бүгінге шейін, Олжас Сү­лей­меновтен кейін, қазақты дүйім дүниеге асқақтата танытып ке­ле жатқандардың да бірегей бірі, дү­регей дүрі осы Роллан Сейсенбаев екендігіне еш күмән жоқ.

Қазақ әдебиетінің ежелден бер­гі үлкен досы, айкөл жазушы Ана­толий Кимнің Роллан бауырына қарата айтқан мына сөздерінің терең гәбі мен мәнін дәл осы арада ұлағаттап ұққандаймын. Қанеки, құлақ түрейік: «Ол адамзаттың ақыл-парасатының алау отын Про­метей сияқты күзетеді. Ол өзін мәпелемейді, сөйте тұра, өз хал­қының мәдениеті мен әдебиетін көзінің қарашығындай аялап қор­ғайды. Мұндай жанкештілер аз. Ал Қазақстанда ол жалғыз. Әрі қайталанбас тұлға».

Алғаусыз адал тілек, ең бас­тысы, ақиқаты да осы. Рол­лан Сей­сенбаев азамат ретінде асыл мұрат жолындағы пассио­нар­лық жанкештіліктен ешқашан жа­ңыл­ған емес. Кеңес Одағы ыдыра­ған­нан кейін еш өкінішсіз, алайда, аса разы сезіммен Мәскеуді тастап, елге, өзінің Дешті Қыпшақ даласына, тәуелсіз Қазақиясына оралды. Өмірде де, өнерде де көкбөріше саяқ жортар сайыпқырандығы өзіне сондай жарасымды. Елді әбден сағынған екен. 1991-1993 аралығындағы үш жыл бойы біз­дің саяқ сайыпқыранымыз Маң­ғыстаудан Алтайға, Ертістен Жа­йыққа дейінгі сайын сақараны армансыз шарлап өтіп, ондаған дәптерлерді, құлаш-құлаш диктофон таспаларын жолжазба әңгімелермен, әсерлермен толтырды. Ер азығы мен бөрі азығы ғана емес, нағыз жазушының азығы да жолда екен-ау деп ойладық біз. Ал енді Азаттығымыздың арай таңында Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі ретінде екі-үш жыл тәу етер, тәубе дегізген Тәуелсіздігімізге қызмет етуінің де тәлім-тағылымы аз емес.

Құрметті оқырман, осынау жү­рек­жарды толғанысымды Алаш­тың әлемдік биікте асқақтаған ардақты перзентінің тікелей өзіне қарата айтып түйіндейін...

Роллан аға, бүкіл өмір мен өнер жолыңыз, қаламыңыз бен кә­­ламыңыз, күрескерлігіңіз бен қайраткерлігіңіз, адами һәм аза­маттық ұстанымыңыз Сіз үшін ең басты шамшырақ, жүрегіңіздегі сөнбес сәуле – АБАЙ, темірқазық нысанаңыз – Абай жолы, Абай даналығы екенін айқын көрсетеді. Данышпан Абайды әлемге таныту орайында, ұлы Мұхтар Әуезовтен кейін, Алаш топырағында ең зор еңбек жасаған өзіңіз екендігі де айдан анық ақиқат. Әсіресе, өміріңіздің кейінгі ширек ғасырын тұтастай Абайға арнап келе жа­туы­ңыз өшпес өнеге, ғажап феномен. ЮНЕСКО Абай жылы деп жариялаған 1995 жылы, яғни хакімнің 150 жылдығы тұ­сында Лондонда Абай үйін ашып, төбесінде тәуелсіздігімізді таны­тар Көк байрағымызды желбі­ре­тіп, бес жыл бойы жұртқа ұлы ақын мен Қазақстанды та­ныс­­­тырдыңыз. 2000 жылдан бері Семей мен Алматыда «Халық­аралық Абай клубын» ашып, осы салиқалы ұйымның қат-қабат жұмысын күні бүгінге дейін сындарлы сарабдалдықпен ілкімді жүргізіп келесіз. Осы жылдарда Абайдың қара сөздерінің, өлең-поэмаларының ағылшын және басқа шет тілдеріне аударылуына ұйтқы болудан танған емессіз. Клуб тарапынан Әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай ұлы баба­мыздың 15 томдық, ал Абай Құнан­баевтың 175 жылдық меретойына арнайы тарту ретінде қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ұлы ойшылдың 10 томдық толық шы­ғар­малар жинағының жарық көруі аса бір ғанибет оқиға болды. Иә, Фараби мен Абай мұраты – Алаш мұраты. Алаш мұраты – Сіздің мұратыңыз!

Сонымен қатар 2000 жылдан бері халықаралық «Аманат» әдеби журналын шығарып ке­лесіз. Бұл қазақ оқырманына әлем әдебиетінің жауһарларымен, әлем халықтарының рухани мәде­ниетімен жанасуға мүмкіндік беруде. Осынша қыруар жұмысты атқаруға қажыр-қайрат, күш-жігер таба білуіңіз қайран қалдырады. Соңғы бір жыл бойы аурумен алысып, қайғымен қаржасудан да көз ашпадыңыз. Соған қарамастан, немереңіз «Назарға хат» түрінде көп жылдар бойы жазып келе жатқан деректі кітабыңызды 8 мың беттен асырыпсыз. Қазақстандағы жапондық соғыс тұтқындары тура­лы романыңыз да үдере жазылу үстінде. Соңғы жылдары жұрт­шылық Сіздің Ұлылар туралы, Үрей мен Үміт хақындағы рек­виемдеріңізді газет-журналдар­дан, әлеуметтік желілерден қызыға оқып, келесілерін дегбірсіздене күтіп жүретінін байқаймын. Әсіресе, Шәкәрім ойшыл хақын­дағы романыңыз қолға тиіп қуана­тын күн де, бұйыртса, алыс емес шығар.

Иә, күрескер көкбөрілігіңіз, қалам қасиетін, кәлам киесін қастерлеуіңіз бәрінен де жоғары, бәрінен де асқақ. Олай болса, бұ­рынғы Дешті Қыпшақтың мұрагері – бүгінгі Қазақияда қаламгер, су­реткер һәм азамат миссиясы қан­дай болуы керектігінің бүгін таң­дағы нағыз эталон үлгісі де нақ Өзіңіз дер едім, Киелі Қалам иесі, Көкбөрі рухты Роллан ағатайым!..Бір ғана базынам, Алашыңыз үшін аман болыңызшы, ауырмаңызшы...

 

Қорғанбек АМАНЖОЛ,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты