Аймақтар • 02 Қараша, 2021

Халықты тонап келген «Индиго 24» қаржы пирамидасын тергеу ісі аяқталды

602 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Түркістан облысында «Индиго 24»-«Evolution Corpоration» қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары мен қатысушыларына қатысты 950 томдық қылмыстық іс айыптау актісімен бірге сотқа жолданды, деп жазады Egemen.kz өңірдің Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Халықты тонап келген «Индиго 24» қаржы пирамидасын тергеу ісі аяқталды

2020 жылдың жазынан бастап республиканың ішкі істер органдарына «Индиго 24» қаржы пирамидасының құрбаны болған азаматтардан арыздар түсе бастаған болатын. Олар негізінен Түркістан, Маңғыстау облыстары мен Шымкент және Нұр-Сұлтан қалаларының тұрғындары. Жәбірленушілер саны 2 мыңнан астам азаматты құрады.

«Азаматтардың арыздары ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық« және 217-бабы «Қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Қылмыстық іс аясында қаржы пирамидасын құруға және оны басқаруға қатысы бар деген күдікпен полиция қызметкерлері 25 адамды анықтап, ұстады. Олар: Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары секілді үш мегаполистің және Түркістан облысының тұрғындары. Тағы 1 күдіктіге іздеу жарияланды. Олардан компьютерлік техника, жылжымалы және жылжымайтын мүліктер тәркіленді», делінген ПД ақпаратында.

Жасалған қылмыстың ауқымын ескере отырып, ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен Түркістан облысының Полиция департаменті базасында еліміздің 5 өңірінен 30 тергеуші енген тергеу тобы құрылды. Бұл топты Түркістан облысының тәжірибелі тергеушілерінің бірі полиция майоры Алтынай Жолымбекова басқарды.

Айта кетсек, ол тергеу тобындағы – жалғыз әйел. Тергеуге 7 арнайы прокурор да қатысты. Олардың жұмысына жедел уәкілдермен бірге сарапшылар және аудармашылар тартылды. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің мерзімі 1 жылдан астам уақытқа жалғасты. Анықталғандай, қылмыстық топ 2018 жылдың ақпаны мен 2020 жылдың тамыз айы аралығында салымшыларға кепілді жүз пайыз пайда әкелуге уәде етіп, сенгіш азаматтардан 3 млрд теңгеден астам қаражатты иемденгенін анықтады. Күдіктілер алаяқтық жолмен түскен ақшаны өзара бөлісіп отырған. Азаматтардың басым бөлігі қаржы пирамидасына кіру үшін өздерінің үйлерін кепілге қойып, несие алған.

«Сотқа дейінгі тергеу барысында тергеушілер қылмыстық топтың ұйымдасқан сипатта болғанын, жоспарланған түрде әрекет еткенін және әр қатысушының рөлдері нақты бөлінгенін дәлелдей алды. Нәтижесінде полицейлер мен прокурорлар айыптау актісімен 160 мыңнан астам беттен тұратын көптомдық қылмыстық істі сотқа жолдады. Күдіктілерге ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық», 217-бабы «Қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету» және 262-бабы «Ұйымдасқан қылмыстық топты құру және оған басшылық ету» бойынша айып тағылды», деді Түркістан облыстың Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.