Елбасы • 16 Желтоқсан, 2021

Президенттік басқару институтының қалыптасуы

1475 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылы 10 желтоқсанда Қазақ КСР-ін Қазақстан Республикасы деп өзгерту туралы маңызды заңға қол қойды. Алты күннен кейін, 16 желтоқсанда Жоғарғы Кеңес мемлекеттік Тәуелсіздікті жария­лады. Сондықтан 1991 жылдың желтоқсаны Қазақстан үшін шын мәнінде ел дамуының бағдарын айқындаған тағдыршешті кезең­ге айналды. Содан бері еліміз­ді халықаралық аренада мойын­далған, экономикасы өркендеп, іргесі бекіген мемлекетке айнал­дыру бағытында көптеген жұмыс атқарылды. Соның бірі – прези­денттік институттың дамуы.

Президенттік басқару институтының қалыптасуы

Президенттердің сіңірген еңбегін мо­йындау – өркениетті қоғам мәдениетінің бір бөлігі және өз тарихына деген құрмет­тің белгісі. Биыл Қазақстанда Тұңғыш Пре­зи­дент күні оныншы рет аталып өтті. Кейін­гі 30 жыл ішінде президенттік инсти­тут Н.Назарбаевты көшбасшы ретінде қалып­тас­тырып қана қойған жоқ, сондай-ақ көш­бас­шының өзі де институттың тынысын ашып, оған саяси, тарихи сипат берді.

Осы уақыт ішінде президенттік институт айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. Бір қарағанда, республикаларда президенттік билікті енгізу Одақтық орталыққа еліктеу секілді көрінгенмен, мән-жайларды мұқият талдау әрбір нақты жағдайда оның ерекше­лігін, ерекше конституциялық формуласын және ең бастысы, президенттік институтты дамыту және өзгерту жолдары әртүрлі екенін көрсетеді. Тиісінше, әрбір жағдайда президенттік биліктің қалыптасуы мен дамуы нақты факторлар арқылы анықталды.

Тәуелсіздікті сақтау мен қазақстандық мемлекеттіліктің қалыптасуының бүкіл ауыртпалығы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев­тың иығына түсті. Алдыңғы қатарға көш­бас­­шы мен тұлға факторы шықты. Тәуел­с­із­­дік жарияланған күннен бастап жаңа Конс­титуцияны әзірлеу Н.Назарбаев­тың басшылығымен және тікелей қатысуы­мен жүзеге асырылды. Конститу­ция­­лық ко­мис­сияның 1992 жылғы 6 қаңтар­да өткен оты­рысында Президент жаңа Конститу­ция­ның негізгі тұстары орын алған нарық жағдайын, барлық тұжырымды, соның ішінде мемлекеттік басқаруға қатыс­ты құқықтық қамтамасыз етуді есепке ала отырып, мұның республика азаматтарының құқық­тары мен міндеттерін нақтылау екеніне тоқталды.

Тәуелсіздікке қол жеткізген кезімізде мемлекет пен қоғамды жан-жақты жаңғырту қажет еді. Бұл ауқымды міндет бірқатар объективті және субъективті жағдайға байланысты қиындай түсті. Н.Назарбаев осындай аса күрделі тарихи жағдайларда модернизация теориясы мен тәжірибесін жетік меңгерген, үйлестіре білетін саяси көшбасшы ретіндегі қасиеттерін жан-жақты танытқанын атап өткен жөн.

Жоғарғы Кеңес 1993 жылы 28 қаңтарда тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш Конституциясын қабылдады. Конс­ти­туцияда мемлекеттік билік заң шығару­шы, сот, атқарушы ретінде бөлінді. Сон­дай-ақ Ата заңның тікелей әрекет ету прин­ципін және барлық басқа заңнан үстем­дігі бекітілді. Алайда Қазақстан Респуб­ли­касы­ның жаңа Ата заңы билік жүйесі­нің, мем­лекеттік құрылымның негізгі мә­се­лелерін шеше алмады. Бірқатар жағдай­да атқарушы биліктің шешімдері мен жар­лықтарын Жоғарғы Кеңес назарына алмады.

Жергілікті жерлерде де, орталықта да билік тармақтары арасындағы күрес ағым­дағы және болашақтағы мәселелерді жедел шешуге кедергі келтіріп, мемлекет­тіліктің қалыптасу үдерісін тежеп, тәуелсіздіктің мәні мен логикасын деформациялады. Еліміз президенттік басқару формасын таңдады. Бұл бірден-бір дұрыс шешім еді. Өйткені тарихтағы сындарлы, бетбұрыс кезеңдерінде әрдайым және барлық жерде биліктің орталықтандырылуы ешбір шарттылықтармен, формальдылықтар­мен шектелмейтін, жеке адамдардың да, қоғамның да жаңашыл, жасампаздық қа­сиет­терін ашатын соны жолмен жүретін көш­басшылықты талап етті.

Нәтижесінде, Қазақстанда таңдап алынған президенттік институттың үлгісі алғашқы кезеңде айтарлықтай тұрақты болып шықты. Осылайша, Үкіметті құру­ға Жоғарғы Кеңес қатысып, сонымен бірге Президенттің өкілеттігі айтарлықтай нығайды.

Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде сақталуына және дамуына өз дамуы­ның алғашқы кезеңінде қабыл­дан­­ған еуропалық (президенттік модель шең­беріндегі) мемлекеттілік тұжырым­дама­сы (құқықтық, саяси, мәдени және өрке­ниеттік тұрғыдан) көмектесті. Бұл таң­дау этноұлтшылдық амбициялар мен ұлт­аралық қақтығыстар кезеңінен салыстырмалы түрде ауыртпалықсыз өтуге мүмкіндік берді. Қазақстан мүдделі саяси күштер арасындағы қызығушылықтардың тепе-теңдігі түріндегі орта жолды таба білді.

Шын мәнінде, Қазақстан Президенті стратегиялық жоспарлау бағытын ұстанған алғашқы саяси көшбасшыға айналды. Егемен Қазақстанның ұзақ мерзімді стратегиясын әзірлеу үдерісінде Президент Жолдауларының орны ерекше. Онда Мем­лекет басшысы мен Қазақстан халқы, ел көшбасшысы мен сыртқы әлем арасындағы диалог қалыптасты. Мемлекет пен қоғам­ның алдағы ұзақ жылдарға арналған стратегиясы пысықталады.

Бастапқыда Н.Назарбаевтың стратегия­лық жоспарлау саласындағы стилі ерекше­ленді. Атап айтқанда, Тұңғыш Президент мақсат қоюдың жаңаша көзқарасын көрсетті. Шетелдік тәжірибе көрсеткендей, саясаткерлер мен сарапшылар көбінесе қазіргі тенденцияларды алыс болашаққа экстраполяциялауға, яғни сызықтық перспективаны қолдануға бейім. Бұл әдіс қолда бар ресурстар шегінде нақты және орындалатын тапсырмаларды қоюға мүмкіндік береді. Алайда мұндай ойлау стилі әуелде-ақ ұлтты мазмұны мен болмысы жағынан біршама шектелген қарапайым өмір сүру міндеттерін жүзеге асыруға бағыттап, тығырыққа тірейді.

Сондықтан Н.Назарбаев өзінің жаң­ғырту стратегиясын қалыптастыра отырып, сызықтық емес, кері перспективаны қолданды. Соған сәйкес ең алдымен алыс болашақтың қоғам мен ел үшін қолайлы және қалаулы үлгісі жасалады. Содан кейін ғана осы үлгіні негізге ала отырып, ұзақмерзімді, ортамерзімді және қысқамер­зімді кезеңге арналған міндеттер қа­лып­тастырылады. Бұл тұрғыдан алғанда Қазақстан ТМД-дағы әріптестерімен са­лыс­тырғанда тиімді артықшылыққа ие. Н.Назарбаев шынымен де экономикалық және саяси жаңғыртудың, ішкі және сыртқы саясаттың, елдің жақын және ұзақмерзімді мүдделерінің арасындағы аса қажетті тепе-теңдікті таба білді.

Экономикалық реформалар жолында Н.Ә.Назарбаевқа саяси жауапкершіліктің ауыр жүгін көтеруге тура келді. Қайта құру­д­ың әр кезеңінде Тұңғыш Прези­дент Қазақ­станды осы жолда қандай мәсе­ле­лер мен қиындықтар күтіп тұрға­нын ашық айт­ты. Қазақстанның экономи­ка­лық ірге­тасы нығая түскен сайын Елба­сы күшті әлеуметтік саясат жүргізу мін­де­тін одан әрі ашық, әрі айқын ұсы­нып келе жат­қанын айта кеткен жөн. Н.Назар­баев­тың пікірінше, қазақ­стандық­тардың, қазақ­стандық қоғам­ның барлық тобының әлеуметтік әл-ауқатын ұдайы жақсарту мем­лекеттік саясаттың бірінші мақсаты және солай болып қала бермек.

1995 жылғы Конституцияда Қазақстан демократиялық, құқықтық, әлеуметтік, унитарлық мемлекет деп жарияланды. Ел Президенті Мемлекет басшысы ретінде ең жоғары лауазымды тұлға мәртебесін алды.

Н.Назарбаевтың қоғамды реформалау мен қазақстандық мемлекеттілікті құрудағы жанқиярлық күш-жігері оның халықаралық бастамаларында заңды жалғасын тапты. Ішкі жағдай ойдағыдай жолға қойылмаса, еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Еуразиялық эко­номикалық одақ, АӨСШК, Әлемдік және дәстүрлі діндер съездері идеясының жүзеге асуы екіталай еді.

Жаңа мемлекеттілік өткеннің барлық жақсысын, ең озық тұстарын бойына сіңірді. Мысалы, дәстүрлі қазақ қоғамында адамдар арасындағы татулық пен келісім, мемлекеттің өмір сүруін қамтамасыз ету заңдары мен әдет-ғұрыптарын сақтау, билеушілердің даналығы мен көрегендігі жоғары бағаланды. Елбасының саясатымен, басшылығымен құрылған мемлекеттілік дала демократиясының әлеуетін тиімді таныта білді.

Елбасы шын мәнінде күшті билік пен президенттік жүйені, қоғамдық тұрақты­лықты, ұлтаралық және конфессияара­лық келісімді қамтамасыз ететін, қазақстан­дық бірегейлік пен жалпықазақстандық отансүй­гіштікті қалыптастыратын қазақ­стандық үлгінің негізін қалады. Ұлтаралық келісім көпэтносты қазақстандық қоғам жағдайында ерекше маңызға ие. Бұл жалаң саяси прагматизмнің мәселесі емес. Осыған байланысты ұлттық мәселелерді шешуде бейбітшілік пен эволюциялық көзқарастың жақтаушысымын деп жариялаған Елбасы­ның берік және дәйекті бағытының маңызын атап өткен жөн.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің саяси көшбасшы, стратег және реформатор ретіндегі ерекше қасиеттері Қазақстанның астанасын көшіру мәселесін шешуде айқын көрінді.

Көпэтносты және көпконфессиялы Қазақстан жағдайында жаңғыртуды жүзеге асыруы, жаһандық ойыншылардың стратегиялық серіктесі ретінде әрекет етуге қабілетті, күшті және қарқынды даму жолына түскен мемлекет құруы Н.Назарбаевты президенттік билік үлгісінің өкілі ретінде көрнекті реформаторлармен теңестірді.

Осылайша, Қазақстанда тәуелсіздік жылдарында күшті президенттік үлгі шеңберінде либералды қоғамдық құрылыс пен демократиялық саяси жүйенің басты негіздерін бекіткен маңызды институ­цио­налдық және құрылымдық қайта құрулар жүзеге асырылды. Сонымен бірге қоғамда туындауы ықтимал қауіпті мәселелер ішкі қайшылықтарсыз шешілді. Саяси реформаларды біртіндеп жүргізу стратегиясы қазақстандық қоғамға күрделі өтпелі кезеңнің қауіпті «қайта бастамаларына» төтеп беруге мүмкіндік берді.

Н.Назарбаевтың аса күрделі жағдайда қазақстандық қоғамды терең жаңғырту трансформацияларын бастауы тарихи шешім еді. Бұл шараларды Елбасының реформаларынан бөлек қарастырмау керек. Тұңғыш Президент саяси күресте біржақты позиция ұстанып, Қазақ елін, экономика мен қоғам өмірінің барлық саласын жаңғыртуды жалғастыруды табанды түрде жақтады.

Озық қоғамдық сананы жаңғыртуға негіз­делген ауқымды қайта құрулар жағ­дайында жаңғырту процестерінің айқын мақ­саттары мен міндеттері, басымдықтары, табысқа жеткізетін әдістері болады. Ол сая­си және экономикалық модернизацияны то­лықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады. Қазақстан үшін әрқашанда ашықтық, инновация және прогреске деген өркениетті және құнды таңдау тән.

Елбасы ұсынған жетекші идеологема – ашықтық, өзгерістерге дайындық, саламатты прагматизм, бүкіл қазақ қоғамының рухани және мәдени динамизмі арқылы жүретін реформалар. Жаңғыру – әлеуметтік-мәдени құбылыс. Оның астарында адамның дүниетанымы, оның қоршаған әлемді және ондағы орнын түсінуі, мінез-құлық мотиві мен стилі, құндылық бағдарлары мен мәдени артықшылықтардың игерілген жүйесі, әлеуметтік, оның ішінде саяси, өмір сүру формалары, белгілі бір жүйе құқықтары мен міндеттері тұр.

Жаңа заман тарихындағы саяси көшбас­шылық факторы ауқымды және өсіп келе жатқан маңыздылыққа ие. Ерекше тарихи миссия мен жауапкершілік қоғам мен мемлекеттің түбегейлі қайта құру процес­теріне жетекшілік ететін және бағыт­тай­тын саяси көшбасшыларға жүктел­еді. Нұрсұлтан Назарбаев феномені президент­тік институт шеңберінен шығып, Елбасы – Ұлт Көшбасшысы дәрежесіне көтерілді.

Бұған Елбасының әлеуметтанулық мониторингтердегі рейтингі дәлел. Тіпті дағдарыстық 2008-2009 жылдары да Н.Назар­баевты қолдайтындар саны 85 пайыз­дан төмен болған жоқ. Бұл қазақ­стан­дықтардың басым көпшілігі үшін Пре­зидент тұрақтылықтың, сондай-ақ мақ­­саты мен қол жеткізген нәтижесі демократиялы, гүлденген, өзіне сенімді, қоғам­дық бірлескен, дүниежүзілік қоғам­дастық мойындаған Қазақстанды қалыптастыру­дың саяси бағытын бұлжытпай ұстану­дың сенімді кепілі болғанын байқатады.

2010 жылы Қазақстанда маңызды құжат Н.Назарбаевқа Елбасы атағын және президенттікке шексіз рет сайлану құқы­ғын берген Тұңғыш Президент туралы заң қабылданды. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің жаңа заман тарихындағы айрықша сіңірген еңбегі, оның қазақстандық мемлекеттіліктің жаңғыруының көшбасшысы ретіндегі көрнекті рөлі мойындалды.

Тұңғыш Президент билік жүйесін трансформациялау және қазақстандық қоғамды барынша демократияландыру мен өзіндік ішкі тұрақтылыққа ие осындай жүйені құру жөніндегі өз бағытын табанды түрде жалғастырып келеді. Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасында әрбір қазақстандық үшін маңызды бастамалар айтылды. Nur Otan кадрлық құрамының жаңаруы осы үдерістің алдыңғы қатарында тұр. Праймеризге қатысқан партияның әрбір үшінші жаңа мүшесі жеңіске жетті. Партиялық тізімге енгендердің үштен бірі және әрбір бесіншісі – жастар.

Ата заңның 40-бабына сәйкес Қазақ­стан Республикасының Президенті – Мемлекет басшысы, оның ең жоғары лауазымды тұлғасы, халық пен мемлекеттік билік бір­лігінің, Конституцияның мызғымас­тығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі.

Қазақстан Республикасы Президенті­нің жоғары саяси-құқықтық мәртебесінің нақты тарихи іске асуы әлемдік деңгей­дегі тұлға – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың деңгейімен айқындалды. Тұңғыш Пре­зидентіміз – қазақстандық мемлекеттіліктің негізін қалаушы, тәуелсіз Қазақстанның табыстары мен жетістіктерінің шабыттандырушысы және ұйымдастырушысы.

Қазіргі таңда Елбасының ісін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев табыс­ты жалғастырып келеді. Бүгінгі таңда Мемлекет басшысы конституциялық артықшылықтарға сәйкес еліміздің бірлігі мен ілгерілеуін қамтамасыз етіп, Конс­титуцияны, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын қорғайды, азаматтық, ұлтаралық және конфессияаралық келісім­нің кепілі. Президент қуатты мемлекет және бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыратын жүйелі реформаларды жүзеге асырып отыр. Президенттің пікірінше, өзара сенім және жауапкершілік қағидаттарына негізделген мемлекет пен қоғамның өзара әрекеттестігінсіз тұрақты даму мүмкін емес.

Мемлекет басшысының елдің саяси және әлеуметтік-экономикалық тұрақ­ты­лығын қамтамасыз етуі Қазақстан Респуб­ликасының президенттік басқару нысанын қазақстандық қоғам алдында заңды еткен басты шешуші артықшылығы.

Nur Otan партиясының Саяси кеңесінде Елбасы бүгінде мемлекеттігіміздің тұғы­рын сақтау бұрынғыдан да маңызды екенін, оның ішінде Тәуелсіздік – әрбір ел аза­ма­ты­ның басты құндылығы екенін атап өтті. Президент Қ.Тоқаевтың төңірегіне халықты біріктіріп, мемлекеттің одан әрі дамуы маңызды. Тұрақтылық, бейбітшілік пен тыныштық басты құндылыққа айналып отырған кезде осылай ғана жаһандық қиындықтарды жеңуге болады.

 Зарема ШАУКЕНОВА,

Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры