Ол Павлодар облысы Екібастұз қаласындағы №35 мектеп-гимназиясында «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәнінен сабақ береді. Сонымен қатар Youtube-те білім беру каналын жүргізеді және жалпы білім беретін пәндерді оқытуда геймификация әдісін пайдалануды енгізген.
Педагог Екібастұзда Республикалық жас кәсіпкерлер клубын құрған. Клубтың президенті – қалалық №35 мектептің 10 «А» сынып оқушысы. Бүгінде клубтың филиалдары Семей және Қызылорда қалаларында да ашылған. Дария Дошимова оқушылар арасында ойын турнирлерін ұйымдастыруға атсалысып тұрады.
Ұстаз білім беру саласында 15 жылдан астам уақыт жұмыс істейді. Осы жылдар ішінде Дария Дошимова оқытудың түрлі әдістерін ойлап тапқан. Бүгінде ол жүздеген шәкірт тәрбиелеген білікті ұстаз. Шәкірттері Дарияның жұмысқа шығармашылық көзқараспен қарайтын кәсіби маман екенін айтады.
«Қазіргі заманның балаларын интернеттен алшақтату үшін оған балама ретінде үстел ойындарын ойлап таптық. Өйткені, шынайы өмірдегі зияткерлік ойын онлайн ойындарға қарағанда әлдеқайда пайдалы. Балалар уақытын қызықты әрі тиімді өткізгенін қалаймын. Экономика және қаржылық сауаттылық бағыттары бойынша үстел ойынын негізге алып отырмын. Ол ойынды балалар жеті сағат бойы үзіліссіз ойнайды. Бұл үстел ойыны балаға қаржылық сауаттылықты үйретеді. Енді мен оқушылар басқа пәндерді де қызығушылықпен оқуы үшін осындай ойындарды енгізуді жоспарлап отырмын. Кәсіпкерлік негіздерімен танысу үшін өткізілетін ойындарға қатысқан мектеп оқушылары мен колледж студенттері пәнді оқытудың осындай әдістері өздеріне ұнайтынын айтады», дейді Дария Дошимова.
Ол - Павлодар облысы педагогтерінің арасындағы шаңғы жарысының алтын медалін алған, баскетбол ойындарының сегіз дүркін жүлдегері. Қазіргі уақытта Дария Дошимова шет тілдер мен психология саласын меңгеруде.