Шындығында, бұқара мен биліктің арасына басты дәнекер болатын мемлекеттік қызметшілердің болмысы мен бітімінен осы үш қасиет табылып жатса, әлеуметтік теңсіздік пен араздыққа жол берілмес еді. Алайда бұқара таптың санасында билікті жерден алып, жерге салардай өшпенділік сезімі қалай бүршік жарды? Мұның түп-төркіні мемлекеттік қызметтің ауылына ат шалдырғанның бәрі бірдей болмағанмен, кейбірінің әлеуметтің мұңына құлақ түрмеуінен туындаған жоқ па? Өйткені қалың бұқарамен жүре сөйлесетін, әлеуметтің мәселесіне көңіл аударуды емес, жылы орынтағынан «аунап» қалмаудың қамымен жүретіндері әлі де бар.
Мұны әсіресе мемлекеттік қызмет саласында сыбайлас жемқорлық қылмысының жиі бой көрсетуіне байланысты айтып отырмыз. Мәселен, Атырау облысында 2020 жылдың 9 айында сыбайлас жемқорлыққа қатысты 95 құқық бұзушылық, ал былтырғы 9 айда 58 дерек тіркелген. Оның ішінде 41 парақорлық, 15 ұрлау мен алаяқтық дерегі бар. Қу құлқынның қамы үшін жемсауы бүлкілдеп, сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар құқық бұзушылықты жасауға бейім тұратын үштік құрылымды құқық қорғау органдары, әкімдіктер мен салық саласы құрап отыр. Тіпті Атырау облысы әкімінің үш орынбасары мен облыстық екі басқарманың басшысы жемқорлық күдігіне ілінді.
Мемлекеттік саясаттың басты мақсаты – әлеуметтің тұрмысын жақсарту. Бірақ жемқорлық күдігіне ілінгендер елдің, ұлттың емес, өз қалтасын толтыратын материалдық мүддені ойлайтыны өкінішті-ақ. Тіпті ондайлар әкенің қанымен, ананың сүтімен даритын ұлтжандылық мінезді жемқорлыққа әуестікпен алмастырып алғандай әсер қалдырады. Заманның, әлде адамның өзгергенінің көрінісі ме, бүгінгі мемлекеттік қызметшілердің мінезінің қалыптасуына отбасындағы тәрбиеден гөрі, араласатын ортасы мен атқаратын лауазымдық қызметі ерекше әсер ететіні анық байқалып отыр. Мінезге байланысты ұлыларымыз не деп еді? «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де ақымақшылық...», дейді ұлы Абай. Ал Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханның ұстанымы – «Ұлтқа қызмет – білімнен емес, мінезден».
Естілерден қалған осындай есті сөзді ескермей, ұлтқа қызмет етуді емес, қалта қамын көксейтіндердің дені – өз қазағымыз. Олардың мінезі мемлекеттік қызметке орналасқаннан кейін күрт өзгеретіні-ай. Басыбайлы баспанаға қолы жетпей, пәтер жалдап жүрген қазаққа жанашыр болудың орнына мемлекеттік қызметтегі мансабын қазынаның қаржысынан қарпып қалудың ұрымтал сәті деп түсінетін секілді.
Осындайда тағы да дана Абайдың: «Сәулең болса кеудеңде, Мына сөзге көңіл бөл. «Егер сәулең болмаса, Мейлің тіріл, мейлің өл, Танымассың, көрмессің, Қаптаған соң көзді шел» дейтін нақылға бергісіз өлең жолдары – бүгінгі қазақ қоғамының айқын болмысы. Мансаптың буына мастанған шенеуніктерде үлкенге – құрмет, кішіге ізет танытатын қарапайымдылық, кішіпейілділік, ұстамдылық қасиеттер жетісе бермейтіні даусыз. Олардың тарапынан көбінесе даңғойлық, жалтарма жауап басым түсіп жатады. Әлдебір шаруасымен алдына келген жасы үлкен адамның «Пәленше Түгеншеұлы» деп жарамсақтана амандасып, жағымпазданғанын мәртебе санап тұрады. Бұл қолындағы мансабын шоқпар етіп көрсетуге, қара аспанды төндіре әкіреңдеуге бейім шенеуніктер қарапайымдылықты қарабайырлық деп қабылдауының дәлелі емес пе? Бәлкім, өздері ерсі қылығын паш ететін әпербақандығын байқамайтын шығар. Дара данышпан «Пайда ойлама, ар ойла» деп өсиет еткендей, шенеуніктер атқарып отырған қызметінен жеке мүддесі үшін көлденең табыс табуды емес, алдымен абыройының төгілмегенін, адамдық айнасына дақ түспегенін көздегені қажет-ақ.
Әрине жаңа Қазақстанның келешегіне қызмет ететін бар қазақтың тасы өрге домалап, парасатты, абыройлы болғанын қалаймыз. Осы орайда билікті бұқарамен жақындататын мемлекеттік қызметшілер мансаптың буына мастанбай, бір сәт Абайдың: «Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рақым ойлап қой…» дейтін даналығын есте ұстай ала ма? Әсіресе лауазымды қызметке қолы жеткен жастар осынау бес асыл істің астарына үңіліп, мағынасын жадына түйсе, аспандаған арынын тежеу үшін «Сап, сап, көңілім, сап, көңілім!» дер ме еді?!
Атырау облысы