Президент • 27 Қаңтар, 2022

Президент көлік-логистикалық консорциум құруды ұсынды

2484 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия - Үндістан» саммиті барысында ел басшыларына өңіраралық көлік-логистикалық консорциум құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Президент көлік-логистикалық консорциум құруды ұсынды

«Әлемдік шаруашылық байланыстар жүйесінде Орталық Азияның көліктік-логистикалық әлеуеті зор. Қазақстан аумағы арқылы 11 халықаралық транзиттік дәліз өтеді. Оның ішінде 5 теміржол және 6 автомобиль бағыты шығыс-батыс және солтүстік-оңтүстік бағытында жүк қозғалысының жоғары жылдамдығын қамтамасыз етеді. Солтүстік-батыс бағытта Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігіндегі бірыңғай кедендік аумақты ескере отырып, Ресей нарығына, сондай-ақ Шығыс Еуропаның бірқатар елдеріне кедергісіз қолжетімділік бар», деді Қасым-Жомарт Тоқаев саммит барысында.

Мемлекет басшысы қуаты жылына 26 млн тонна болатын Ақтау және Құрық қазақстандық порттары арқылы өтетін оңтүстік-батыс маршрутының да болашағы зор екенін атап өтті.

«Каспий теңізі арқылы олар Каспий өңірі, Түркия мемлекеттеріне және одан әрі Батысқа кең жол ашады. Соңғы он жылда Қазақстан ұлттық көлік инфрақұрылымын дамытуға шамамен 30 млрд доллар инвестициялады. Болашақта біз оны жаңғыртуға елеулі инвестициялар салуды жалғастырамыз. Теңізге шыға алмайтын елдеріміз үшін бұл стратегиялық маңызы бар мәселе. Орталық және Оңтүстік Азияның өзара байланыстылығы архитектурасының негізгі элементі сенімді, тиімді және қауіпсіз транзиттік инфрақұрылым құру болуға тиіс деп сенемін», деп қосты Президент.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы өңіраралық көлік-логистикалық консорциум құруды ұсынды.

«Ол үшін өңіраралық көлік-логистикалық консорциум құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын. Аталған құрылым Үндістан, Каспий теңізі мен Парсы шығанағы порттары бағытындағы көлік бағыттарының толыққанды әрі өзара тиімді жүктелуіне қатысты ұлттық саясатты тиімді үйлестіруді қамтамасыз ете алар еді»,  деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.