Театр • 23 Ақпан, 2022

«Ер Едіге» – сахна төрінде

672 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбе облыстық драма театрында ақын Светқали Нұржанның авторлығымен жазылған «Ер Едіге» тарихи драмасының алғашқы қойылымы болды. Режиссері – Данияр Базарқұлов. Күллі Дешті Қыпшақ даласына ортақ батырға арналған этно-фольклорлық тарихи драма Алтын Орданың 750 жылдығына арналған.

«Ер Едіге» – сахна төрінде

Спектакльде Едіге батыр заманының тұтас дәуірі емес, Тоқтамыс ханның Ордасындағы тақ таласындағы шиеленісті оқиғалар кейіпкерлердің басты іс-әрекеті арқылы қамтылған. Оқиға Тоқтамыстың хан ордасында өрбиді.

«Тоғайбек ханым, Тоқта­мыс­тың әйелі даланың екі көкжалы Тоқтамыс хан мен Едігенің арасын шиеленістіріп, оларды бір-біріне дұшпанға айнал­дырады. Сондай-ақ спек­такльде Әмір Темір мен Еді­генің қарым-қатынасына қа­тысты эпизодтар бар», деді режиссер Данияр Базарқұлов. Қойылымдағы тарихи оқиғалар Едіге батырдың қаһармандық ерлігі жырларымен әсемделе түскен.

Премьераға «Ер Едіге» та­рихи драмасының авторы Свет­қали Нұржан бастаған Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыс­тарынан біраз қонақ келді. Бір жарым сағатқа созылған спектакльден соң облыс әкімі Оңдасын Оразалин көрермендерге «Айтулы оқи­ға­ның куәсі болған көрер­мен­дерге қойылымның оқиға желісі ұрпақтарының тарихи жадымызды оятатынын» айта келіп, Едігенің тарихтағы орны мен маңызы әлі күнге дейін толық зерттелмегеніне назар аударды. «Соңғы жылдары Ақтөбе облысында ұлы батырдың есімін жаңғырту және есте сақтау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды, яғни халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізіліп, ескерткіш орнатылды, «Ер Едіге – Ноғайлы дәуірінің жыры» атты альбом жинағы таныстырылды. Алдағы уақытта да ел ішінде жиналмай жатқан бай мәдени мұрамызды жинақтау және біріздендіру бойынша ауқымды жұмыстар жалғаса береді», деп атап өтті.

 

Ақтөбе облысы