АЛМАТЫДА ӨТІП ЖАТҚАН ЕКІНШІ ТРАНСАЗИЯЛЫҚ ПАРЛАМЕНТТІК ФОРУМДА
ЕҚЫҰ-ДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН ТӨРАҒАЛЫҒЫ ОСЫЛАЙ БАҒАЛАНУДА
“ЕҚЫҰ-ның Еуразиялық өлшемі” Екінші Трансазиялық парламенттік форумына қатысушыларға Екінші Трансазиялық парламенттік форумның қатысушылары мен қонақтарына сәлем жолдаймын! Парламентарийлер форумының Алматыда фашизмді тізе бүктірген Жеңістің 65 жылдық мерейлі жылында, Хельсинки қорытынды актісі қабылдануының 35 жылдығында, жаңа Еуропа үшін Париж хартиясына қол қойылуының 20 жылдығында өткізіліп отыруы нышанды жағдай. Осынау маңызды даталар адамзат тарихындағы бетбұрысты кезеңдерді білдіріп қана қоймай, сонымен бірге, бізге ғасырлар тоғысында Еуразия құрлығында болған түбегейлі ілгері басуларды ой қорыта пайымдауға себепкер болады. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы осы өзгерістердің жарқын нышаны болып табылады. Біздің еліміз бұрынғы кеңестік кеңістіктен және Азия өңірінен осынау беделді халықаралық ұйымды басқарып отырған алғашқы ел. Біз ЕҚЫҰ-дағы төрағалықты Қазақстанның өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға қосқан үлесін әлемдік қоғамдастықтың мойындауы деп бағалаймыз. Қазақстанның зымырандық-ядролық әлеуетін ерікті және транспарентті түрде аластау тұрғысындағы іс жүзіндегі тәжірибесі ЕҚЫҰ үшін пайдалы болатындығына кәміл сенімдіміз. Қазақстандықтар 20 жылға жетер-жетпес уақытта жаһандық дағдарыс сынағынан табысты өткен, саяси жүйесі тұрақты және тиімді нарықтық экономикаға көшкен мемлекет орнатты. Біздің ұлтаралық және дінаралық келісім моделіміз – ЕҚЫҰ қызметінің гуманитарлық өлшемдерін қамтамасыз етуге Қазақстанның қосқан нақты үлесі. Сабақтастық қағидаттарына негізделген қазақстандық төрағалық тұжырымдамасы біздің ЕҚЫҰ тиімділігін арттыруға, оның Жер шарының үш құрлығындағы 56 мемлекетті біріктіріп отырған бірегей үнқатысу алаңы ретіндегі әлеуетін дамытуға үлес қосуға деген нық ұйғарымымызды паш етеді. Еуразияның қақ кіндігінде жатқан Қазақстан мұндай үнқатысудың көкейкестілігін айрықша өткір сезінеді. Біз ЕҚЫҰ-дағы төрағалығымыз Шығыс пен Батыс арасындағы қатынастардың жаңа кезеңіне жол ашады, “Ванкуверден Владивостокқа дейінгі” байтақ кеңістікте өзара сенімнің нығаюына қызмет етеді деп сенеміз. Нақ сондықтан да мен 2010 жылы ЕҚЫҰ Мемлекеттері басшыларының саммитін шақыру туралы бастама көтердім. Біз осы идеяны қолдағаны үшін ЕҚЫҰ-ның Парламенттік Ассамблеясына алғысымызды айтамыз. Жоғарғы деңгейдегі кездесу ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдер көшбасшыларына “көзқарас үйлестірудің”, ұйымның болашақтағы аса маңызды басымдықтарын айқындаудың бірегей мүмкіндігін ашатынына көзіміз айқын жетеді. Саммитті өткізу жаңа тарихи жағдайларда “Хельсинки рухын” қайта өрлетудің нышанына айналар еді. ХХІ ғасырдағы қауіпсіздік тәуекелдері мен сынақтарының жаһандық сипаты әлемдік қоғамдастыққа оған жауап іздеудегі күш-жігерді ғаламдық және өңірлік қауіпсіздік қатерлерінің кең өрісінде біріктіру қажеттігін ұсынады. Әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс зардаптары түрлі елдер мен өңірлер дамуындағы әлеуметтік проблемалар мен алшақтықтарды одан әрі ушықтырып, әлемді дүрліктіруін жалғастыруда. Тұрақты экономикалық даму, кедейлік, босқындар, жұмыссыздық пен еңбек көші-қоны, лаңкестік, есірткі саудасы проблемалары және басқа қауіп-қатерлер адамзат сынақтарының тізімін ұлғайта түскен. Олармен күрес әрбір мемлекеттің және ЕҚЫҰ сияқты ықпалды ұйымдардың тарапынан барынша күш-жігер жұмсауды талап етеді. Трансазиялық форумды өткізу ЕҚЫҰ қызметінің көкейкесті мәселелерін – өңірлік қауіпсіздіктің кіндіказиялық өлшемін, атап айтқанда, Қырғызстандағы саяси ахуалды, Ауғанстанды қалпына келтіру жайын, әлеуметтік-экономикалық дамудың, қоршаған ортаны қорғау мен гуманитарлық өлшемнің маңызды қырларын талқылаудың жақсы мүмкіндігі болып табылады. Қазақстан ЕҚЫҰ-ның азиялық әріптестерімен жұмысқа баса көңіл бөлуді, ЕҚЫҰ-ның Азиядағы өңірлік ұйымдармен үнқатысуын кеңейту орайында күш-жігер танытуды ұйғарған. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес шақыру жөніндегі Қазақстан бастамасы дәл қазіргі кезде Азия құрлығында қауіпсіздік пен ынтымақтастықты қолдаудың алуан қырлы бірегей құралына айналды. Біз ЕҚЫҰ-ның Парламенттік Ассамблеясы төрағасын және “Үштік” өкілдерін 2010 жылдың маусымында Түркияда өтетін АӨСШК-нің 3-ші саммитіне қатысуға шақыруға қуаныштымыз. Бұл қауіпсіздік пен превентивті мәмілегерлікті қамтамасыз етудің еуропалық және азиялық жүйелерінің келешектегі іс-қимыл бірлігі үшін негіз салуға мүмкіндік беретіндігіне кәміл сенімдімін. Бүгінгі форумның тақырыбы – “ЕҚЫҰ-ның еуразиялық өлшемі” – 2003 жылы Қазақстанда өткен ЕҚЫҰ елдері парламентарийлерінің бірінші саммитіндегі пікірталасты қисынды түрде жалғастырады. 2008 жылдың шілдесінде Ассамблеяның жыл сайынғы 17-ші сессиясын өткізу Қазақстан мен ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы арасындағы қатынастар аясындағы аса маңызды оқиға болды. Парламенттік Ассамблеяның белсенді қолдауы жағдайында біз Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығының басым міндеттерін табысты іске асырамыз деп есептейміз. ЕҚЫҰ кеңістігіндегі сенім мен өзара түсіністік ауанын қамтамасыз етудегі парламенттік мәмілегерліктің рөлін асыра бағалау қиын. Өз халқының тікелей сеніміне бөленген нақ осы парламентарийлер ЕҚЫҰ алға тартып отырған қауіпсіздікті нығайту идеяларын қоғамдық дамудың көкейкесті үрдістерімен барынша тиімді жалғастыра алады. Астанадағы форум ЕҚЫҰ қоғамдастығы алдында тұрған өзекті түйткілдерді шешудің жаңа тұрғыларын іздеуге көмектесетіндігіне менің көзім кәміл жетеді. Форумға қатысушыларға жемісті жұмыс және табыс тілеймін!Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ,
Қазақстан Республикасының Президенті.
Кеше Алматыдағы “Интерконтиненталь” қонақ үйінде “ЕҚЫҰ-ның еуразиялық өлшемі” атты Трансазиялық парламенттік форум өз жұмысын бастады. Алдын ала айта кетсек, мұндағы талқыланған һәм талқыланып жатқан мәселелер өзінің бүгінгі таңдағы аса көкейкестілігімен дараланады. Форум бағдарламасында 3 сессияның жұмыс істейтіні жоспарланған болатын. Кеше салған беттен талқыға түскен соның біріншісі – “Аймақтық қауіпсіздік. Ауғанстан, лаңкестік және есірткі заттарымен күрес, қарусыздану” тақырыбын қаузады. Ал “Еуразия: дамушы нарықтар және өріс алған өктем қатерлер. Экономикалық даму, сауда, ресурстарды басқару, еңбек көші-қоны, экологиялық мәселелер” және “Адамзаттық өлшем. Діни төзімділік, саяси даму, адам саудасымен күрес, гендерлік теңдік” атты әлемдік қоғамдастықты сансыратып тұрған сан тарау мәселелер бүгін өтетін екінші және үшінші сессиялардағы өткір пікірталас пен парасатты да пайымды әңгіменің өзегіне айналмақ. Парламентаралық ынтымақтастықтың аясын кеңейту мақсатын көздеген бұл форум Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі шеңберінде аса үлкен маңызға ие екендігі ешбір талас тудырмаса керек. Форум жұмысына ЕҚЫҰ-ға мүше көптеген мемлекеттердің, Жерорта теңізі аймағы мен Азиядағы серіктес мемлекеттер парламентшілері мен халықаралық ұйымдар өкілдерінің аса мүдделілікпен қатысуы осы ойымызды айғақтай түскендей. Талқыланатын өзекті мәселелерге осындай орасан зор мән берушілік ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың форумның ашылу рәсімі алдында ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбомен және ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Президенті Жоао Соарешпен кездесулеріндегі ықыласты да мүдделі әңгімелер барысында айқын байқалды. ЕҚЫҰ-ның бүгінгі таңдағы тізгінін өз қолдарында ұстаған дерлік осынау жоғары лауазымды қайраткерлер аталмыш кездесулерде Ұйым қызметінің, Қырғызстандағы ахуал жөнінде бірлескен іс-қимылды үйлестірудің ағымдағы мәселелерін, сондай-ақ сыртқы істер министрлерінің бейресми жиынына және ЕҚЫҰ саммитіне әзірліктің барысы жайын байыпты талқыға салып, сөз етті. Осы орайда М.П.де Бришамбо мен Ж.Соареш тарапынан Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығына, Қырғызстандағы дағдарыс ахуалын тұрақтандыру орайындағы жедел де ілкімді күш-жігеріне және бұл реттегі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың зор рөліне жоғары баға берілді. Әсіресе, Қазақстан төрағалығының шешімталдығы, жеделдігі және жоғары кәсібилігі ерекше атап өтілді. Бұдан былай да Қазақстанмен тығыз ынтымақтастыққа ықыластылық білдірілді. “Қазақтардың төрағалық етуі өте тамаша. Саудабаев мырза шаршамай, дамылсыз, кәсіби тұрғыдан жұмыс жүргізуде. Президент Назарбаевтың жоғары дәрежедегі кездесу өткізу жөніндегі бастамасын, ядролық қарусыздану жөніндегі ұсыныс-идеяларын Парламенттік Ассамблеямен қатар Италия, Франция, Германия сияқты елдер, Американың жаңа басшылығы қолдап отыр, жаңа төрағаға табыс тілейміз”,– деп атап өтті Ж.Соареш. Форумның ашылу рәсімінде алғашқы болып кіріспе сөз сөйлеген ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Төрағасы Ж.Соареш осы айтқандарын және бір қайталады. Парламенттік Ассамблеяның Қазақстан төрағалығын үнемі қолдап келе жатқандығы және алдағы уақытта қолдай беретіндігі мәртебелі мінберден тағы да паш етілді. Әрине, өңірде проблемалар баршылық. Саяси бостандық дегеніміз – ең әуелі саяси тұрақтылықтың кепілі болуы керек. Осы орайда Қырғызстандағы жағдай көптеген елдерге ортақ проблемалардың да бетін ашып бергендей. Қазақстан төрағалығының бауырмалдық, адал да ізгілікті миссиясы нақ осы қырғыз еліндегі ахуалды түзетуге, ондағы тәртіпті жолға қоюға және бүлдіргі әрекеттерге жол бермеуге байланысты нақты қадамдарынан көрініс тапты. Демек, Қазақстан Үкіметіне, Қазіргі төрағаға рахмет. Осының бәрі төрағалық дұрыс жолда екенін айғақтайды. Оның ЕҚЫҰ-ны нығайта түсетіндігіне сенімі зор. Нақ осы әмбебап халықаралық ұйым қазіргі таңда әлемге керек, деп түйіндеді өз ойын шешен. Трансазиялық парламенттік форумның осынау ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың форумға қатысушыларға үндеуін ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев оқып берді (Н.Назарбаевтың үндеуі бөлек жарияланып отыр). Қ.Саудабаев форумға қатысушыларды қонақжай қазақ жеріне қадам басуымен шын жүректен құттықтай отырып, төрағалық кезеңінде Қазақстан атқарған жұмыстарды қысқаша айтып берді. Үстіміздегі жылдың 14 қаңтарындағы Тұрақты кеңес отырысында Президент Н.Назарбаевтың ЕҚЫҰ қоғамдастығына арнаған бағдарламалық бейнеүндеуінде ЕҚЫҰ қызметіне қуатты серпін берген Қазақстан төрағалығының негізгі басымдықтары мен ұстанымдары кеңінен баяндалды. Төрағалықтың алғашқы күнінен бастап ЕҚЫҰ-ның барлық институттарымен толыққанды іс-қимыл бірлігі қамтамасыз етіліп, соңғы бес жылда алғаш рет Ұйымның бюджеті уақтылы қабылдануына қол жеткізілді. – Біз өз қызметімізде ЕҚЫҰ кеңістігінде жаңа ажыратқыш межелердің туындауын болдырмауға, баршаның мүддесі жолындағы сенім ауанын дамытуға және Ұйымды дамытудың негізгі мәселелері бойынша мәміле алаңын кеңейтіп, нығайтуға көңілді баса бөлеміз. Біз сондай-ақ ЕҚЫҰ жауапкершілігі аймағындағы қауіпсіздіктің өзекті мәселелерін нақты шешу мақсатын көздейміз. Қазақстан төрағалығы біздің әріптестеріміздің байыпты ұсыныстары үшін ашық. Соның бір дәлелі бүгінгі форум болып табылады. Өз жұмысымызда біз Орталық Азия өңірінің де, сондай-ақ жалпы Еуразия кеңістігінің де ортақ сипаттағы қауіпсіздік проблемаларын шешуге көп мән береміз. Өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңыздылығы осы жылғы сәуірдің басында елді тәртіпсіздік, дағдарыс пен заңсыздық жылымына тартқан Қырғызстандағы қайғылы оқиғалар тағы бір әйгіледі. Бұл Қазақстан төрағалығы және тұтастай ЕҚЫҰ үшін зор сын болып табылды. Осы қиын жағдайларда біздің Ұйым өзінің қажеттілігін және пәрменділігін таныта білді. Осыған байланысты біз БҰҰ Бас хатшысына, Еуроодақтың және ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының басшылығына Қырғызстанға өздерінің арнайы өкілдерін жедел жібергендері үшін айрықша рахметімізді айтамыз. Төрағалық Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басының беделі сынды маңызды ресурсты іске қосты. Президенттер Нұрсұлтан Назарбаевтың, Барак Обаманың және Дмитрий Медведевтің бірлескен күш-жігерлерінің арқасында зорлық-зомбылықты ауыздықтауға және азамат соғысын болдырмауға қол жетті, – деді Қ.Саудабаев. Бұдан әрі ЕҚЫҰ-ның Қырғызстанның тез арада дағдарыстан шығуына көмек көрсетуді жалғастырып отырғандығы айтылды. Ұйымның Резерв қорынан қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қолдауға, заңның үстемдігі мен демократияны нығайтуға 200 мың еуро бөлінген. Екі жақты негізде Қазақстан да қажетті гуманитарлық көмек көрсетуде. Бұдан әрі шешен қазіргідей алмағайып заманда, қауіпсіздікке қатер көбірек төнген шақта тығыз ынтымақтастық пен өзара түсіністік, барлық мүдделі мемлекеттер мен ұйымдардың көзқарас бірлігі және іс-қимылдарындағы үйлесімділік аса қажеттігіне тоқталды. Осы ретте Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың әлемдегі сенім мен өзара түсіністік ауанын қамтамасыз етудегі парламентаралық іс-қимыл бірлігін дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғандығын атап көрсетті. Келесі кезекте форумға қатысушылар алдында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау сөз сөйледі. Менің пайымдауымша, деді ол, біздің Мемлекет басшысының бүгінгі үндеуі оның ЕҚЫҰ-дағы парламенттік өлшемге деген аса бейілді ықыласын көрнекі түрде айғақтайды. Қазақстан Президенті бұдан әрі де Еуразия қауіпсіздігін нығайту жолында белсенді жұмыс істеуге өзінің әзірлігін тағы да растады. – Әлем жаһандық қаржы дағдарысының салдарынан әлі айығып болған жоқ. Мемлекеттер қаржы рыногындағы тұрақсыздыққа, табиғи және техногендік апаттарға, сондай-ақ экстремизм мен лаңкестікке, ядролық қаруды таратуға, есірткілердің заңсыз айналымына байланысты әртүрлі қатерлермен бетпе-бет келуде. Нақ сондықтан да трансөңірлік ынтымақтастық қажеттілігі өсе түсуде. Әлбетте, табысты реформаларды іске асыру және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тәжірибесін иеленген Қазақстан осы үдерісті бастап жүргізуге және ЕҚЫҰ-дағы жалғасқан оң өзгерістерге өз үлесін қосуға әзір. Біз Парламент қоғамдастығы Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығының дәйекті әрі адал жақтаушысы болғандығын терең алғыс сезімімен атап өтеміз. Президент Нұрсұлтан Назарбаев айқын баяндаған қазақстандық басымдықтарды іске асыруда Ассамблеяның әрдайым қолдайтындығына нық сенеміз. Қазіргі кезеңде төрағалықтың аса маңызды басымдығы биыл ЕҚЫҰ Саммитін өткізу болып табылады. Біз Саммит ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің көшбасшыларына жаңа тарихи жағдайларда Хельсинки рухын дамытуды қамтамасыз етудің және алдағы жылдардағы Ұйым басымдықтарын айқындаудың бірегей мүмкіндігін береді деп санаймыз,– деді Қ.Тоқаев. Одан әрі Сенат Төрағасы күн тәртібіндегі көкейкесті проблемалар төңірегіндегі пікірталас Трансазиялық парламенттік форумның алға қойған мақсаттарына жетуге және қауіпсіздік пен ынтымақтастық мәселелеріндегі алуан түрлі көзқарастарымызды жақындатуға көмектесетініне сенім білдірді. Парламентаралық форум ЕҚЫҰ кеңістігіндегі ынтымақтастық пен өзара түсіністік үдерісіне жаңа серпін береді. Өйткені, осы маңызды басқосуға қатысушылар өз халқының сенімді өкілдері болып табылады. Бұл жөнінде форумға қатысушылар алдында ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов мәлімдеді. Сондықтан да ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттер парламентшілерінің Қазақстанда бас қосуы қазіргі заманғы маңызды мәселелерді тиімді шешудің жолдарын айқындау үшін өте маңызды болып отыр. Осы орайда О.Мұхамеджанов аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуда, әлеуметтік-экономикалық саланы қарқынды дамытуда, төзімділік пен мәдениетаралық келісім идеясын алға бастыруда біздің еліміздің бірегей тәжірибесі бар екенін атап көрсетті. Мәжіліс Төрағасы қазіргі күрделі де қайшылыққа толы әлемде біздің елдеріміз бен халықтарымыздың арасында түрлі ынтымақтастық форумдарының өркен жаюы өте қажет екеніне көз жеткізіп отырғанымызды баса айтты. Соңғы он жыл көлемінде Еуразия аймағын және әлемді дүр сілкіндірген, жаһандық қауіпсіздік жүйесінің беріктігіне нағыз сынақ болған бірнеше оқиғалар орын алғаны анық. Ғаламдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде азиялық бағыттың маңыздылығы артуда және ЕҚЫҰ қызметінің еуразиялық қырына қатысты мәселе өте өзекті бола түсуде. Мәжіліс Төрағасы Қазақстан аталған Ұйымның көзқарасын еуропалықтан еуразиялыққа қарай бұруды ұсынып отырғанына маңыз беріп өтті. Сондықтан ЕҚЫҰ-ның Еуразиялық өлшемі жөніндегі мәселені қарау өте көкейкесті және ақылға сыйымды екенін атады. Еуразия жүрегінде орын тепкен Қазақстанға еуропалық және азиялық жаһандық “қауіпсіздік тінін” жалғастыру рөлін тағдырдың өзі жүктеген іспеттес. Осы ойдың дәлелі ретінде Орал Мұхамеджанов өз сөзінде Папа Иоанн Павел ІІ бір кезде айтқан: “Қазақстан – бірнеше ғасырлық тарихы бар ел, сондықтан бейбітшілікті қорғаудың маңыздылығын жақсы біледі. Еуропа мен Азия арасындағы көпір болатын ерекше сый бұйырған ел екендігі асыра айтқандығым емес”, деген пікірін келтірді. Мәжіліс Төрағасы біздің бейбітшілік сүйгіш саясатымыздың айғағы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Вашингтон саммитінде ядролық қаруды таратпаудың бастамашысы болғандығына да байланысты деп мәлімдеді. Қауіпсіздікті нығайту ісінде халықаралық ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейтудің бірден-бір жолы сол салада ұлттық заңнама мен халықаралық құқықты жетілдіру болып табылады, деді Орал Мұхамеджанов. Бұл жолда парламенттік дипломатияның мүмкіндігін пайдаланған дұрыс. Әр түрлі елдер мен халықтар арасында туындаған мәселелерді күшпен шешуге болмайды. Бұдан соң ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо жиналған қауымға құттықтау сөз арнады. Ол осындай алқалы жиынды үлкен жауапкершілікпен ұйымдастырған Қазақстан тарабына, Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа, сондай-ақ елдің басқа да басқарушы һәм атқарушы, заң шығарушы органдарының басшылығына алғысын білдірді. 1975 жылдан бергі Хельсинки рухын жаңғыртып, еуропалық және азиялық өлшемдерді теңдестіру бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келе жатқан Қазақстан қандай болса да мақтауларға лайықты, деді ол. Осы ретте Қырғызстандағы жанжалды, соны туындатқан, елді іштен іріткен проблемаларды өңірге таратпау орайындағы Қазақстан төрағалық етіп отырған ЕҚЫҰ-ның рөліне тоқталды. Демек, ЕҚЫҰ нақ осы жағдайда өңір елдеріндегі кейбір саяси әлсіздіктерге жол бермей, жұдырықтай жұмыла бірлесіп, серпінді жұмыс істеуі керек. Қазақстанның осы үдеден шығатынына сенім зор. Форум аясында өткен маңызды кездесулер аз емес. Мәселен, форум барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов Ауғанстан Ислам Республикасының Волеси Джирга (төменгі палата) төрағасының бірінші орынбасары Мирвайс Ясини бастаған делегациямен кездесті. Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп тұрған кезеңде іргелес елдің елімізден күтері көп екені мәлім болып отыр. Мәжіліс Төрағасы кездесуден кейін журналистерге берген сұхбатында: – Форумға 40 мемлекеттің делегациялары қатысып отыр. Бұл – көптен дайындалған форум. ЕҚЫҰ-ның Қазіргі төрағасы ретінде осындай үнқатысуларды жиі өткізуге мүдделіміз. Өйткені, ХХІ ғасырдың өзінде Еуропада, Еуразияда, елдер мен елдер арасында болсын бұрын күтпеген, жаңа сипаттағы қауіптер туындап жатыр. Сол қауіптердің алдын алу, бірлесе төтеп беріп, оның жолын бөгеу бүгінгі форумға өзек болуда. Ал Ауғанстанға келсек, онда әлі де бейбітшілік жоқ. Ондағы ауруханаларды, жолдарды қалыпқа келтіру де кезегін күтуде. Ал Қазақстанның өзі соңғы жылдарда бұл елге 2,5 миллион доллар көлемінде қаржылай көмек, 2 мың тонна астық берді. Қазір 50 миллион долларға Ауғанстанда мамандар даярлау мәселесі көзделіп отыр, – деді. Мәжіліс Төрағасы кездесу кезінде Мәжілісте Ауғанстан мәселесімен айналысатын арнаулы жұмыс тобы бар екендігін мәлімдеді. Мирвайс Ясини екі елдің парламентаралық қана емес, сенатаралық байланыстарын да белсенді етсек, халықтар арасындағы аралас-құраластықты ұлғайтсақ деген мүдделес пікірін білдірді. Орал Мұхамеджанов форумның көкейкесті мәселелеріне айналған Ауғанстан және Қырғызстандағы жағдайға Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық етпеген күннің өзінде алаңдаушылық білдіріп, іргелес, бауырлас ел ретінде жағдайды тұрақтандыруға атсалысқанын алға тартты. Түстен кейін форум делегаттары “Аймақтық қауіпсіздік” тақырыбының төңірегінде тоқайласты. Бұл Трансазиялық парламенттік форумның ең өзекті мәселесі болып табылады. “Ауғанстан, лаңкестікпен, есірткі тасымалымен күрес, қарусыздандыру” атты сағаттарға созылған отырыста негізгі баяндамашылар осы елдегі ахуалға егжей-тегжейлі сараптама жасап, тіпті ел ұмыта бастаған ескі мәселелерді де еске түсірді. Отырыста алғашқылардың бірі болып сөз алған Ауғанстандағы Волуси Джирга (төменгі палата) төрағасының орынбасары Мирвайс Ясини өз елінде қалыптасып отырған кері жағдайлардың қатпарларын сөгуге ұмтылды. Лаңкестік пен есірткі егіз жүрген елдегі терроризмге есірткіден түскен қаржы тамызық болып отырғанда, оны тек халықаралық деңгейде ауыздықтауға болатындығын атап көрсетті. – Біз халықаралық қоғамдастықтың еліміздегі инфрақұрылымды, білім және басқа да әлеуметтік институттарды қалпына келтіруде жасап жатқан шараларына разымыз. Алайда, одан да үлкен нәрсе талап етіледі. Қоғам өміріне белсене араласу үшін әйелдерге тең құқық беріп, есірткі трафигін түбірімен жою қажет. Ал лаңкестер есірткіден түскен қаражатқа өмір сүруде, есірткі саудалаушылар лаңкестікті қолдап отыр. Ауғанстан героин жасау үшін химиялық реактивтер өндірмейді, оны басқа елдер қамтамасыз етеді. Сондықтан оның да қару-жарақ секілді жолын кесу керек, – деді Мирвайс Ясини. Ол Ауғанстанға көрші елдерден қару-жарақтар қандай жолдармен болса да ағылып келіп жатқанда жағдайды уыстан тағы да шығарып алу қаупінің бар екендігін жоққа шығармайды. – Ауғанстанда позитивтік басқару жүйесінің орнағанын қалап едік. Бізге транспарентті сот жүйесі қажет. Ол бізде жоқ, осы қателіктерді туындататын қауіптердің бәрі қылмыстық топтардың әрекетінен болып отыр, – деді Ясини. Ауғанстанның бұрынғы Сыртқы істер министрі Абдолла Абдолла: Қолдауды ауғандықтар тек бір адамға қолдау көрсету тұрғысында танымауы тиіс. Бұл – өте маңызды. Мұндай жағдайда бұл көмекті біреулер теріс пайдалануы мүмкін. Өкінішке қарай, Ауғанстан үкіметі сыбайлас жемқорлықтың түп-тамырын құрта алмай отыр. Халықаралық қоғамдастықтың қолдауына келер болсақ, әртүрлі деңгейдегі мердігерлік жағдайда салық төлеушілердің миллиардтаған қаржысы жоғалып кетіп жатады. Дәл осының аса маңызды мәселе екендігін айтқым келеді. Үкіметтік емес ұйымдар өздерінің ісі үшін донорлар алдында және Ауғанстан үкіметі алдында есеп беруі тиіс. Олар қазір тым тәуелсіз болып кеткен, деді. Оның айтуынша, НАТО әскерлерін шығарудан туындайтын салдарлар әртүрлі. Ауғанстан халықаралық қоғамдастықтың қатысуымен 9 жыл бойы өмір сүріп келе жатыр. Енді онсыз өмір сүретін болады, бірақ, аяғынан нық тұрып кете алатын деңгейге әлі жеткен жоқ. “Ауғандықтар сіздердің қолдауларыңызды түсіністікпен қабылдайды. Азаматтық шығындар орын алған кезде, әрине, бұл жағдайды да қабылдай білу қажет. Біз әскери қатысудың мерзімін қысқартуымыз керек. Демократиялық даму үдерістерінде ауғандықтардың көпшілігі бірігіп, өздерін өздері қолдауға жұмылуы тиіс. Оған қол жеткізбейтін болсақ, Ауғанстан 1999 жылдың қараңғы кезеңіне қайта оралады. Оның салдары ұзаққа созылып және әлемге таралуы мүмкін. Ал миллиондаған бейбіт халық лаңкес шағын топтардың ықпалына түспек”, деді Абдолла Абдолла. Ол дәл қазіргі таңда Ауғанстанда адамдардың сеніміне ие жүйе құрылмаса, халық заңға сенбесе, тепе-теңдікке құрылған тұрақтылық қалыптаспаса, барлық әрекеттер зая бола беретіндігін қынжыла алға тартты. Дегенмен, соңғы 2 жылда әлемдік қоғамдастықтың және қарапайым халықтың өз ниетімен елінде аздап болса да игі тірліктер орын алып отырғанын ортаға салған Абдолла Абдолла, біз қазір ештеңе болмағандай сыңай танытып, тіршілік ете беруге тиісті емеспіз. Алда тағы да үлкен сайлаулар келе жатыр, деді. ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо Ауғанстанның трагедиясын тарқатып айтып берген жоғарыдағы екі шешенге де алғыс білдіре отырып, біз енді осыған не үлес қоса аламыз деген сауал тастады. Ауғанстан 10 жылдан бері бізге әріптес. Біздің Ұйымнан тыс мемлекет болса да тұрақтылық туралы пікірталастарда ойы бізбен үндесіп келеді. Ауғанстандағы жағдайдан еш ел шет қала алмайды. Бұл ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттерге де, мүше емес мемлекеттерге де қатысты. Ендігі жерде ЕҚЫҰ Ауғанстанға жан-жақты көмек беру керек деген шешімге келдік, деген Бас хатшы оның нақты шараларын түйіндеп берді. Оның ішінде шекараны нығайту мәселесі тұрғанын айта кету керек. Сол сияқты Бришамбо ауғандық азаматтардың Таиландтың таулы аймақтарында апиындық шөптер өсіруге тыйым салып, оның орнына басқа дақылдар егуге қол жеткізгендігін айтты. Осы мәселелердің бәрінде ЕҚЫҰ Бас хатшысы барлық елдердің парламентшілерінің қолдауына зәру болып отырғандығын жасырған жоқ. ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Ауғанстан жөніндегі арнаулы төрағасы, Франция Ұлттық Ассамблеясының депутаты Мишель Вуазен соңғы екі айдағы ахуалға алаңдаушылық білдіре келе, аздап болса да оптимистік тұрғыда әңгіме өрістетуге мүдделілік танытты. Ол жоғарыдағы қиыншылықтарды жоққа шығармай-ақ, осы елдегі сайлау ережелерін өзгерту қажеттігін және талибтермен келіссөз жүргізу қажеттігін көлденең тартты. Бірақ, қалай және қандай жағдайда? Қазір Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға байланысты Ресей, АҚШ сияқты елдермен және беделді халықаралық ұйымдармен келіссөздер жүргізуге қол жеткізілгендігін, 2007 жылы Ауғанстандағы жағдайды қалпына келтіруге қатысты 16 жоба жасалып, оның қазір 14-і жұмыс істеп жатқандығын мәлімдеді. “Осы мәселелердің бәрінде ЕҚЫҰ өзінің құдіреттілігін дәлелдеп берген ұйым”, дей келе Мишель Вуазен: “Ерік бар жерде – дұрыс шешім табу мүмкіндігі бар!” деді. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) Хатшылығының атқарушы директоры Дулат Бәкішев көтерілген мәселелерден бөлек, Азияда қауіпсіздіктің бөлінбейтін, баршаға ортақ аумағын құру керектігін алға тартып, ол тек көп қырлы экономикалық және саяси әріптестіктердің арқасында жүзеге асатындығын АӨСШК-нің игі мысалдары арқылы атап берді. Бірқатар форум делегаттары негізгі баяндамашылардың сөзін тыңдай келе, көтерілген мәселелерге қатысты түсініктемелер беріп, өз ұстанымдарын білдіріп өтті. Еуропалық Парламенттің депутаты Либор Ручек: – Біз де осы сіздер айтып отырған мәселемен айналысып келеміз. Еуроодақ та осыған араласып жүр. Ауғанстанда біздің тіпті арнаулы өкіліміз де бар. Жуырда, сәуір айында ол жақта елші тағайындалды. Еуроодақ осы елдегі ішкі жағдайды тұрақтандырушы болып табылады. Бұл үшін арнаулы бюджет те қарастырылған. Дегенмен, құқық қорғау саласының жұмысын реттеу әлі алаңдаушылық туғызып отыр, – деді. “Таусыла бермейікші...” деп барып сөз бастаған Еуропарламент депутаты алда Кабул конференциясы келе жатқанын еске салып: “Талибтермен ымырағы келуді, Ауғанстанның экономикалық дамуын, осы елдегі сыбайлас жемқорлықпен күресуді, үкіметтің шоғырлану керектігін айтайықшы. Біз осыларды тек талқылап қана келе жатқан жоқпыз. 2004 жылы Ауғанстанмен қарым-қатынас жасайтын топ та құрылған. Сайлауға да қатыстық. Енді біз сіздерге қандай көмек көрсете аламыз?” – деген сұраулы жүзбен жиналғандарға қарады. Бұл сұрақтың толыққанды, көңіл көншітетін жауабын кейін де ести алмадық. Ал Ауғанстандағы жағдайды саяси құралдарды пайдалана отырып жеңуіміз қажет деген кейбір парламентшілер бұл мақсат жолында көп сатылы стратегия қажет екендігін көлденең тартты. Сөз саптауларға қарағанда, халықаралық қоғамдастықтың басын қатырған мәселе де сол – қазір бұл ел ең қарапайым деген қажеттіліктерін де өтей алмай, адамзаттық ортақ игіліктерін пайдалана алмай отыр. 150 мың НАТО солдаттарымен де есірткі ессіздігіне ие бола алмай отырған елде енді не істемек керек? Демократияны инвестициялау қажет, деді Ясини. Түйткілді мәселелерді шешуге Кабул конференциясы септігін тигізе алса, қанекей?! Осы мәселеде Ауғанстанның бұрынғы Сыртқы істер министрі Абдолла Абдолла: – Біраз уақыт бұрын Лондонда да конференция болған. Қандай уағдаластықтарға, тиімді тетіктерге қол жеткіздік? Әлде белгілі бір мәтіндерді әзірлеумен келеміз бе? – деп шарасыздықтың шетін шығарды. Осы тұрғыда парламентшілердің бәрінің ойы бір жерде тоғысатындығы қайта-қайта аңғарылды. Яғни, Ауғанстандағы дағдарысты әскери күштермен шешу мүмкін емес. Дәл осы форумда терроризм Ауғанстан мен Пәкстанға ғана тән емес, ол жаһандық мәселе деген пікірді естірткендеріңізге ризамын. Сіздер Канадаға 144-ші табыт келгенін қайта-қайта айтасыздар. Ал Пәкстанда қанша адам құрбан болғанын білесіздер ме? деді осы елдегі Сенат төрағасының орынбасары Мир Жан Мұхаммед Хан Жамали. Ол дәл осындай форумдар таптаурын көзқарастарды өзгерте алатындығын айта келе, лаңкестікке қарсы күресте Парламенттердің рөлі үлкен екендігін алға тартты. Парламентте ұлттық сипат жоқ. Бүкіл елдердің парламентаралық байланыстары мен нақты іс-шаралары көтерілген мәселелерді шеше алады, деді ол. Нидерланд төменгі палатасының депутаты, делегация жетекшісі Кошкун Коруз дәл қазіргі күндері Қазақстан төрағалық еткен ЕҚЫҰ белсенді жұмыс істеп отырғанына алғыс білдіре келе, мамыр айының аяғында Нидерланд Сыртқы істер министрі Гаагада терроризмге қарсы орталық ашып, бұл орталық сарапшылардың басын қосып қана қоймай, адамдардан қалай террористер даярланатынын зерттеуді қолға алатынын айтты. Қысқасы, сағаттарға созылған отырыста Ауғанстан айналасындағы мәселе жаһандық сипат алғаны анық болды. Есірткі трафигі мәселесі де тек Ауғанстанға тән емес. Мәселен, ресейліктер синтетикалық жолдармен жасалған есірткілік заттар Орталық Еуропадан өздеріне ағылып келіп, қаншама тағдырларды улап жатқанын алға тартып, бізге де көмектесіңіздер дейтін жанайқайларын жасырмады. Италиялық парламентшілер 2001 жылдан бері апиын өндіру тыйылудың орнына, көлемі бірнеше есе өсіп кеткеніне көз жеткізіп отырғандарын көлденең тартты. Сауал көп, жауап аз. Тағдырлы түйткілдерді шешу үшін күрестің ортақ майданын құру қажеттігі күн өткен сайын көкейкесті болып барады. Сонымен, 40-қа жуық елдің парламентшілері бас қосқан форум адамзатты алаңдатқан мәселелерді талқылауды бүгін де жалғастырады. Нәтижесі уақыттың үлесінде. Қорғанбек АМАНЖОЛ, Айнаш ЕСАЛИ, АЛМАТЫ. Суреттерді түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.