Бұл мәселелер Egemen Qazaqstan газетінде де әр қырынан кеңінен көтерілді. Мемлекет басшысының әлеуметтің тілегін әлеуметтік желіде де көріп отыратынына шүбә жоқ. Сондықтан бұл Жолдау месседждері «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іс жүзіне асатынының нақты көрінісі.
Ал Абай мен Шәкәрімнің, Мұхтардың елі атанған Семейге келсек, бұл – шын мәнінде жеке субъекті болуға лайық өңір. Тіпті бұрын да жеке губерния, жеке облыс болғаны тарихтан белгілі. Алайда тоқсаныншы жылдардағы оңтайландырудан соң омақаса құлаған, экономикасы әбден тұралаған. Сол себепті жеке облыс ретіндегі әлеуеті туралы ойландық. Мойынға мінетін масыл (дотациялық) өңір болмауы үшін мүмкіндіктер бар ма?..
Семей дегенде ең әуелі ет комбинаты еске түседі. Оның консерві, шұжық сықылды өнімдері кезінде әлемдегі әскери держава болған КСРО-ның қарулы күштерін азықтандыратын. Ал оған қажетті шикізатты бүкіл облыс болып мал соңында жүрген семейліктерден бөлек, берісі жетісулықтар, әрісі керекуліктер, тіпті Моңғолиядан да мал айдап әкеліп әрең толтыратын. Қандай өндірістік қуат десеңізші! Енді осы комбинатты қайта жаңғырту арқылы облыстан бөлек, маңайдағы бірнеше өңірдің мал шаруашылығын жолға қоюға болады. Ал нарық – қос қапталдағы Ресей мен Қытай. Бұл – бұрын жеңіл өнеркәсіп орталығы болған қала. Кезінде тері-былғары комбинаты тауарларының даңқы да алысқа кеткен. Ет комбинатына қой қызылшақа жалаңаш келмейді ғой. Еті анда, терісі мұнда келеді. Бұл да бүгінде шөкелеп қалған шағын өндіріс. Яғни мал шаруашылығын дамыта білсек, далада шашылып жатқан қойдың жүні мен терісін қор қылмай осы комбинатқа өткізер едік. Қаншама жұмыс орны, табыс көзі. Түркиядан терлеп-тепшіп тон тасуды да қояр едік. Семейде арнайы тапсырыспен жұмыс киімдері мен көйлек-көншек тігіп жатқан ұсақ-түйек цехтар да біршама бар. Оларды да ірілендіруге, фабрикаға айналдыруға болады. Арматура зауыты сықылды ескі кәсіпорындарды да жаңғырту, қазір жұмыс істеп жатқан тұрғын үй комбинаты, фанер зауытының әлеуетін кеңейту керек. Семейдің әйгілі силикат кірпіші (ақ кірпіш) зауытын қайта модернизациялау қажет. Сонда сырттан келетін құрылыс материалдарының доллар қымбаттаған сайын бағасы ұша бермейді. Қазір Семейде «Семаз» (трактор, автобус, жүк көліктерін құрастырады), «Семей инжиринг» (әскери техника жөндейді) сықылды зауыттар бар. Бұлардың да әлеуетін көтеруге болар.
Ең бастысы, Алаш астанасы атанған шаһарда рухани туризмнің инфрақұрылымын жетілдіру, танымалдылығын арттыру жолында жаңа ізденістер керек (Жидебай-Бөрлі қорығы, Алаш орталықтары, Достоевский музейі, Невзоровтар көрмесі және т.б.). Сәйкесінше, қаланың сонау жылдардан бері өзімен өзі қалып қалт-құлт етіп жүріп жетілген қонақүй, мейрамхана сияқты қызмет көрсету саласы ағылған туристер арқылы жан-жақты дами түседі. Қаланы қақ жарып ағатын Ертіс өзені мен қарағайлы орманы да туристік тартымдылықты арттырады. Бұрынғы атом жарылыстары алаңдарын да осы мақсатта пайдалануға болады.
Қаланың қазіргі проблемасы – коммуналдық инфрақұрылымының тозығы жетуі. Жылу жүйесі жемқорлықтың жырына айналды, кешке қаланы қараңғылық басады, қараңғы көшеде қылмыс өршіп тұр, жол ойдым-ойдым, әйгілі аспалы көпірі апаттық жағдайда, қалалық қоғамдық көлік жүйесінде жүйесіздік көп, қалада әлі күнге ыстық су жоқ (суды бойлермен жылытады). Міне, осының бәрін реттеу Абай облысының алдағы атқарушы билігіне оңайға соқпайды.
Ал аудандар әзірге қалай бөлінетіні белгісіз. Бұл ретте ең негізгі басымдық шекара шебіндегі шағын ауылдарды адамға толтыру, оларға жұмыс көзін ашу бағытында жүргізілсе, қанеки?!
Жалпы, Семей өңірінің экономикалық-логистикалық даму мүмкіндігі өте мол. Сондықтан Президент ұйғарымы семейліктердің жанын жадыратқан, сенімін нығайтқан жаңалық болды. Өңірлердің теңгерімді дамуының бастауы осы болса керек.