Тұрғын үй құрылысы осынша қарқынмен жүріп жатқанда, оған қажетті материалдардың өзімізде жасап шығарылатыны да бір есептен дәтке қуат. Бұған нақты дәлел ретінде Шахтинск қаласындағы пенопласт материалын өндірумен айналысатын кәсіпорынды айтуға болады.
Жалпы, қытымыр қысы алты айға созылатын Арқа төсінде салынатын үйлердің бірінші кезекте жылы болмағына баса назар аударылады. Осы орайда, жылуды жақсы ұстайтын пенопласт материалының аталған бағыттағы маңызы мен тиімділігі зор. Бұл өнім жаңа ғимараттардың құрылысында пайдаланылады. Сонымен бірге пенопласт материалы жылу оқшаулағыш плиталар жасау, полистирол бетонын өндіру үшін кеңінен қолданылады.
Айта берсе, пенопластың әмбебап қасиеттері көп. Мысалы, бұл өнім құрылыс индустриясында жылу өткізгіштігі мен дыбыс оқшаулай алатыны үшін жоғары бағаланады. Сонымен қатар материал беріктігімен де ерекшеленеді. Сондықтан да аса танымал және жиі қолданылатын пенопластқа деген сұраныс қазіргі уақытта еліміз бойынша өте зор болып тұр.
Біз әңгіме қылып отырған кәсіпорынның басшысы, жеке кәсіпкер Сергей Матюхин пенопласт өндірумен 2000-жылдардың басынан бері айналысып келеді.
– Оған дейін наубайхана, жүк тасымалдау сияқты бизнес түрлерін кәсіп еттім. Сөйтіп жүріп, құрылыс саласына аса қажетті пенопласт өндірумен айналыссам ба деген ой келді. Содан бос қалған көкөніс базасын сатып алдым да, инженерлік коммуникацияларды қалпына келтіріп, желі сатып алдым. Өндірісті 2007 жылы іске қостым. Бірақ ол кезде құрылыс қазіргідей қызу жүре қоймаған еді: алғашқы екі жыл минуспен жұмыс істеуге тура келді. Біртіндеп сұраныс өсе бастады. Ал 2010 жылы пайдаға шықтық. Әртүрлі қиындықтар кездескенімен, қазіргі уақытта ісіміз оңға басып тұр, – дейді ол.
Пенопласт өндіру күрделі үдерістен тұрады: бұл жұмыстардың барлығы автоматтандырылған. Әуелі шикізат арнайы агрегатқа салынады. Одан әрі полистирол түйіршіктері көбіктеніп, көлемін ұлғайтады. Машина көмейінен шыққан аппақ пенопласт блоктары бірден кептіруге апарылады. Материал біраз уақыт жатқан соң, арнайы сым ішектері бар станокпен түрлі өлшемдер бойынша кесіледі. Ал дайын өнім тұтынушыға жалпақ плита немесе домалақ түйіршіктер түрінде жеткізіледі.
Қазіргі таңда кәсіпорында 25-ке жуық адам жұмыс істейді. Жаз айларына қарай құрылыс материалдарына деген сұраныс артқанда, қосымша жұмысшылар қабылданады. Және бұл бағытта жергілікті тұрғындарға басымдық беріледі.
Шахтинск қаласындағы аталған кәсіпорынның басты тұтынушысының бірі – облыста қабырғалары жылытылған үйлер салатын құрылыс комбинаты. Сонымен қатар бұл қат өнім еліміздің басқа да өңірлеріне арнайы жүк көліктерімен жеткізіледі.
Қазіргі таңда кәсіпорын дамудың даңғылына түскен. Жүктеме ұлғайған сайын, жаңа желі қосып отыру да жоспарда бар. Осы орайда өндірісті ұлғайту мақсатында жеке кәсіпкер Сергей Матюхиннің «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдауды сәтті пайдаланып жүргенін де айта кеткен ләзім.
Қарағанды облысы,
Шахтинск қаласы