Спорт • 22 Сәуір, 2022

Азияның алды болдық

274 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Грек-рим күресі шеберлері Ұланбатырда өтіп жатқан Азия чемпионатын қорытындылады. Алғашқы жарыс күні Серік Жұмашев жетекшілік ететін Қазақстанның ұлттық құрамасы бес жүлдені иеленгені жайында біз бұған дейін хабарлағанбыз. Келесі күні тағы төрт балуанымыз жеңіс тұғырына көтерілді. Осылайша 2 алтын, 5 күміс және 2 қола медальді олжалаған жерлестеріміз жалпыкомандалық есепте алдына жан салмай, барша күрес жанкүйерін қуантты.

Азияның алды болдық

Сәрсенбіде тағы бес салмақ дәрежесінің жүлделері сарапқа салынды. Боз кілемде белдескен өрендеріміздің арасындағы ең танымалы Мейіржан Шермаханбет екені сөзсіз. 67 кило салмақта сынға түсіп жүрген ол осыдан төрт жыл бұрын өрелі өнерімен көпшілік назарын өзіне аударған еді. Атап айтсақ, 2018 жылы Мажарстанның бас шаһары – Будапештте жалауы желбіреген әлем чемпионатында 20 жасар жас дарын қола медальді мойнында жарқыратты. Одан кейін де Шермаханбет талай байрақты бәсекеде ұлттық командамыздың намысын қорғады.

Моңғолияның астанасында Мейіржан өзінің мықты­лығын түбегейлі мойындатты. Тұ­саукесер кездесуінде үндіс­тан­­дық Сахин Сахраватты қа­мыр­ша илеп, таза жеңіске қол жеткізді – 8:0. Жартылай финалда Азия біріншілігінің екі дүркін жүлдегері, өзбекстандық Махмуд Бахшиллоевтан басым түсті – 6:3. Финалда әлем чемпионаты мен Азия ойындарында қатарынан екі мәрте теңдессіз деп танылып, құрлық чемпионатында үш рет топ жарған Рю Хан Сумен күш сынасты. Осыдан тура үш жыл бұрын Азия біріншілігінің ақтық сайысында дәл осы саңлақ біздің Шермаханбетті сан соқтырған еді. Ал бұл жолы қазақтың ұлы Оңтүстік Кореядан келген даңқ­ты балуанның тас-талқанын шығарып, Сианьда жіберген есесін еселеп қайырды – 11:3.

72 кило салмақтағы Абылай­хан Әмзеев пен 82 кило сал­­мақ-­

тағы Диас Қален ақтық сын­ға дейін алқынбай жетті. Алға­шында жа­пониялық Шого Та­кахаши мен кореялық Ли Жиюн­ды жеңген Абылайханның алтын алуға тамаша мүмкіндігі болды. Шешуші тұста қан­дасымыз Мохаммад Реза Мох­тариге қарсы бәсекеде кесек әдіс қол­данып, бірден төрт ұпай ен­шіледі. Бірақ «ереже бұзды» деген желеумен төрешілер Әмзеев­тің қолданған әдісін есепке алмады. Одан кейін Парсы елінің өкілі қателікке бой алдырған жоқ. Қажетті ұпай­ды қоржынға салған ол жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

Бастапқы бәсекелерін өте қарқынды бастаған Диас Қален өзбекстандық Мухаммадқадыр Расуловты 9:1 және жапониялық Юя Окаджиманы 9:0 есебімен ойсырата ұтты. Финалда қазақ жігітінің жолы Расул Садег Гарм­сиримен қиысты. Бұл тартыс бір ғана ұпай айырмашылығымен Иран өкілінің пайдасына ше­шілді – 3:4. Жалпы күміс ме­дальді мо­йын­дарына ілген бұл жігіттерге еш өкпе жоқ. Екеуінің де ұлттық командамыздың жей­десін кигені кеше ғана. Соған қара­мастан, Абы­лайхан мен Диас көрер­мен­дер­дің көңілінен шығатындай өнер көрсетті.

60 кило салмақтағы Ернұр Фидах­метов қола медальді иелен­ді. Жартылай финалда ол әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері, Әлем кубогының иегері, қырғызстандық Жоламан Шершенбековке есе жіберсе, үшінші орын үшін тартыста моң­ғолиялық Балжинниям Цевеен­равдан айласын асырды. 97 кило салмақтағы Санжар Серікқанның да қола медаль алуға мүмкіндігі болды. Бірақ шешуші тұста ол Күншығыс елінің өкілі Такакиро Цурудаға жол берді.

Осылайша, Ұланбатырда белдескен 10 жерлесіміздің тоғызы жеңіс тұғырына көтерілді. Тар­қатып айтсақ, 2 алтын, 5 күміс және 2 қоланы еншіледік. Күрес тү­рлерінде командалық есептің қорытындысын шығару жүйесі өзгеше екені өздеріңізге мәлім. Бұл ретте барлық балуанның нәтижесі есепке алынып, жалпы ұпай саны шығарылады. Бұл ретте Қазақстан құрамасы барлық қарсыластарынан қара үзіп, командалық сайыста алдына жан салмады. Осы орайда жарысты басынан аяғына дейін тапжылмай тамашалап, біздің балуандарға барынша демеп, қолдау көрсет­кен респуб­ликалық Күрес феде­рация­сының президенті Дәулет Тұрлы­хановтың ерен еңбегін атап өткен жөн. Сондай-ақ осы Алаштың мақтан тұтар азаматы біраз жылдан бері Азия күрес федерациясын да басқарып отырғанын да айта кеткен абзал.

Ұланбатырдағы Азия чемпионатында небәрі жеті мемлекеттің грек-рим күресі шеберлері ғана жеңіс тұғырына көтерілді. Олар – Иран (4 алтын+1 күміс+2 қола), Қырғызстан (3+0+3), Жапония (1+0+5), Өзбекстан (0+2+3), Оңтүс­тік Корея (0+2+1) және Үндіс­тан (0+0+4) құрамалары.