Спорт • 25 Сәуір, 2022

Бір әулеттен екі чемпион!

417 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Моңғолияның астанасы – Ұланбатырда өтіп жатқан Азия чемпионатында әйелдер күресінен бәсекелер аяқталып, барлық 10 салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Бұл жолы да Қазақстан құрамасы өте тамаша өнер көрсетіп, төрт жүлдеге қол жеткізді. Атап айтсақ, апалы-сіңлілі Мәдина мен Жәмила Бақбергеновалар теңдессіз деп танылса, Гүлмарал Еркебаева мен Жұлдыз Ешімова қола медальды иеленді.

Бір әулеттен  екі чемпион!

Әйелдер күресінен жарыс айналма жүйе бойынша өткен­діктен, 68 кило салмақтағы Мәдина Бақбергеноваға Токио Олим­пиа­дасы мен Азия ойындарының қола жүлдегері, былтырғы әлем және құрлық чемпионы Меирим Жума­назаровамен екі рет күш сынасуға тура келді. Алғашқы айналымда қырғыз қызы 5:0 есебімен жеңіске жетті. Одан кейін екі бәсекеде айқын басымдық танытқан қос мық­ты ақтық айқаста қайта жо­лықты. Бұл жолы Бақбергенова табандылық танытып, жеңісті әйгілі қарсыласының уысынан соңғы секундтарда жұлып әкетті – 3:2. Сөйтіп, Азия чемпионаттарында осыған дейінгі екі рет жүл­дегерлер санатынан көрінген Мәдина бұл жолы алтыннан алқа тақты.

Финалдық сайыс аяқталған бетте: «Екі апта бойы біз Моңғолияда оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Бап­кер­лермен бірге осы жерде әр қарсыласымызды әбден зерт­теп, оларға қандай әдіс-тәсіл қолда­натынымызды жақсылап тұрып пысықтадық. Нәтижесінде, ұс­тан­ған тактикамыз өз жемісін беріп, көз­деген мақсатыма қол жет­­кіздім. Бірақ бұл табысқа тоқ­мейілсуге болмайды. Алда бізді көптеген байрақты бәсеке күтіп тұр. Соның барлығына дұрыс­тап даярланумыз керек», деді М.Бақбергенова.

Қазақстан құрамасының қор­жы­нындағы Азия чемпиона­тының екінші алтыны да Бақбер­геновтер әулетінің еншісінде. Мәдинаның сыңары Жәмиланың есімі де жанкүйерлерге жақсы таныс. Ол – 2019 жылы Нью-Делиде Азия чемпионы атанып, 2021 жылы Ослодағы әлем чемпионатында күміс медальды мойнына ілген еліміздегі ең белді балуандардың бірі. Десек те оған Ұланбатырда жеңіс тұғырына көтерілу оңай болмады. Қазақ қызы үндістандық Никки Никки және өзбекстандық Светлана Окназарованы ойсырата ұтқанымен, моңғолиялық Даава­насан Енх Амар мен үндістандық Сумире Ниикураға қарсы біраз тер төгуіне тура келді. Бұл белде­сулердің екеуінде де тең есеп тір­келді. Десек те бірде кесек әдіс жасап, енді бірде соңғы ұпай­ды еншілеген Мәдинаның мысы басым болып, ол да алтыннан алқа тақты. Сөйтіп, Алматы облысы­ның Жамбыл ауданына қарасты Қарақастек ауылының тұрғындары Науқаннұр мен Гүлмираның қыз­дары Азия чемпионы атанып, күллі Алаш жұртын қуантты.

Ең ауыр салмақта күрескен Гүл­­марал Еркебаева моңғол және өзбек спортшыларын еш қиналмай ұтқанымен, Азия чемпионы, жастар арасындағы (U-23) әлем біріншілігі мен жасөспірімдердің Дүниежүзілік Олимпиадасының қола жүлдегері жапониялық Юка Кагамиге әлі жетпеді. Үшінші орын үшін сайыста Гүлмарал моңғо­лиялық Аюнжаргал Ганбат­тан айласын асырды. 53 кило салмақ дәрежесіндегі Жұлдыз Еші­мова да дәл сондай жолмен өтіп, қола медаль үшін бәсе­кеде өзбекстандық Ақтеңге Кеу­нимжаеваны қапы қалдырды. Бір ғажабы, сонау 2007 жылы отандасымыздың алғаш рет сары құрлықтың теңдессізі атанғаны есімізде. Ол кезде Жұлдыз небәрі 19 жаста еді. Міне, енді арада 15 жыл өткен соң Ешімова қайта сол белестен көрінді. Сол аралықта Жұлдыз құрлық біріншілігінде алты рет жүлдегерлер қатарынан көрініп, әлем чемпионаты мен Азия ойындарында күміс пен қола медальдарды еншілегенін де айта кетуге тиіспіз.

Өкінішке қарай, Айгүл Нұр­әлім (50 кило), Алтын Шағаева (55 кило), Нулифар Раимова (57 кило), Диана Қаюмова (59 кило), Аяулым Қасымова (62 кило) және Дария Әбен (65 кило) бұл жарыста білгендерінен жаңылып, үздіктер санатына қосыла алмады.

Осылайша, әйелдер күресінен өткен жарыста 10 бас жүлдесінің жетеуін жапон балуандары олжалады. Әрине, оған таңдануға болмайды. Өйткені Күншығыс елінің қыздары тек Азияда ғана емес, күллі әлемде ең үздік командалар санатында. Екі алтынды қазақ қыздары иеленсе, қырғыз қызы бір мәрте топ жарды. Ал өзге мемлекеттің өкілдері тек күміс пен қола медальдарды қанағат тұтты.

Сенбі күні еркін күрес шебер­лері жарыс жолына шықты. 57 кило салмақтағы Рахат Қалжан сириялық Эканаяка Мудиянселаге Гаян Катуранганы (10:0), өзбекстандық Гуломжон Абдуллаевты (6:1) және қырғызстандық Алмас Сманбековті (6:5) сан соқтырып, финалда Токио Олимпиадасының күміс және Нұр-Сұлтандағы әлем чемпионатының қола жүлдегері, үндістандық Кумар Равимен күш сынасты. Рахаттың әйгілі қар­сы­ласына әлі жетпеді – 2:12. Қал­жан күміс медальды иеленсе, Кумар қатарынан үшінші рет Азияның теңдессізі деп танылды.

70 кило салмақта күрескен Сырбаз Талғат былтыр Алматыда өткен сары құрлықтың басты додасында қарсылас шыдатпай, бас жүлдені олжалаған еді. Ұлан­батырда да біз жас жолбарыстан дәл сондай ерлік күттік. Бірақ Сырбаз жапониялық Тайши Нарикунидің осал тұсын таба алмады. Десек те үшінші орын үшін тартыста намысқа тырысқан қазақ балуаны Парсы елінің өкілі Мухаммадменди Ягененжафариді жеңді – 4:0. 97 кило салмақтағы Мамед Ибрагимов та қола медаль­ды еншіледі. Шешуші тұста ол өзбекстандық Магомедрасул Рахи­мовтан басым түсті.

65 кило салмақтағы Санжар Досжанов тұсаукесер кездесуінде Цогбабрах Цевенсуреннен ойсырай ұтылып, жарысты мерзімінен бұрын аяқтады. Сол секілді 79 килодағы Жігер Зәкіровтің де жолы болмады. Ол жапониялық Юдай Такахашиге жол берді. Осылайша, еркін күрес шеберлері алғашқы жарыс күнін 1 күміс және 2 қола медальмен қорытындылады.

Соңғы жаңалықтар

Тазалыққа жұмылған жұрт

Аймақтар • Бүгін, 22:30

Сан қырлы қаламгер

Қоғам • Бүгін, 22:20

Жанған хаттан жазу оқыған

Таным • Бүгін, 22:00

«Мона Лиза» көшіріле ме?

Мәдениет • Бүгін, 21:45