Қазақстан • 26 Мамыр, 2022

Ұлағатты ұстаз

204 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жалпы, соғыстың алдында және соғыс­тан кейін туған буынның өмірбаяны егіздей ұқсас келеді екен. Біріміз Жеті­судың жәннатында, екіншіміз Сыр­дың сабатында дүниеге келсек те, басымыздан кешкен енші ғұмырымыздың жақын тұстары жетерлік.

Ұлағатты ұстаз

Жайма-шуақ сәттерде бала­лық, жастық шақ жайлы төгілтіп әңгіме шерткенде, бейне бір ме­нің өмірім туралы айтып отыр­­ғандай әсерде қалатынмын. Айыр­­машылығымыз – Нұрекең Кеген­нің Алғабасынан Алматыға алғаш келгенде пойызды көріпті, ал мен Қар­мақшы ауданының «Диірментөбе» беке­тінде күн сайын темір жолдың солқылынан оянатын­мын. Сірә, бізді мінез-құл­қымыздың ұқсастығы, ғы­лым-білім жолындағы бірегей бағы­тымыз, сондай-ақ рухани-эстетикалық көзқарасымыздың ортақтығы табыстырған болуы керек. Кезекті бір ғалымдар бас­қосуында танысқаннан бері бір-бірімізді бала кезімізден білетін сыралғы жандардай, тонның ішкі бауын­дай сыйласып кеттік.

Аға-достың, ілім-білімі өз алдына, ішкі рухани қуаты ерен. Шамдағай бойынан, шал­қар ойынан зиялылық пен зият­керліктің асыл қасиеттері асып-төгіліп тұрады. Талғампаз. Тек­ті. Тегеурінді. Бәлкім, осы мі­нез бен ересен еңбекқорлық, ілкімді ізденгіштік оның жігерін жасыт­пай, құштарлығын қанат­тандырып, ғылымның биік шы­ңына шығарған шығар. Өзі оқып бітірген Қазақ мемлекеттік уни­верситетінде, Алматы ха­лық шаруашылығы институтын­да оқытушы, Мәскеудегі атақты Г.Плеханов атындағы ха­лық шаруа­шылығы институтында аспирант болған кезең­дер, кандидаттық диссер­та­ция­сын тың тақырыпта мер­зімінен бұрын қорғаған жемісті сәт, «Нархоздағы» кафедра мең­герушісі, проректор, ректор қызметтеріне сатылап кө­тері­ліп, елімізге танымал білім ордасын жаңа заманғы талап­тарға сай жаңғырту, жаңарту жолындағы жанкешті жылдар – Нұрғали Мамыровтың өне­гелі өмірбаянының өшпейтін беттері. Сол кезде ол басқарған институттың абыройы дүрілдеп тұрды. Студенттерге арналып озық үлгідегі жатақханалар салынды, оқытушы-профессорлық құрам үшін тұрғын үйлер бой көтерді. Білім сапасы жоғарғы деңгейге жетті. Сондықтан да талапкерлер алдымен ат басын осында тірейтін еді. Өйткені «Нар­хозды» бітіргендер бірінші кезекте жұ­мысқа қабылданатын.

Жақсы адамда жаттық бола ма, Мә­с­кеу­ге Нұрекеңмен бірге сапарлап барған уа­қытымызда алып қаланы армансыз аралаушы едік. «Сен жоғары оқу орнын осында бітірдің, кан­ди­даттық, докторлық диссер­та­ция­­ла­рың­ды да Мәскеуде қор­ғадың, сондықтан ме­гаполистің тіршілігін бүге-шегесіне дейін білесің ғой, қай жаққа апарсаң да, жетегіңе ере­мін», деп күле­тін.

Аға-достың тірлігін орындап, көңілінен шығу үшін тарихи орындарды тамашалатып, Қызыл алаңда түннің біруағына дейін қыдыратынбыз. Әйгілі «ГУМ»-ды арала­ғанымызда, Нұрекеңнің аса талғампаздығын аңғардым. Жылтырақ заттарға қызықпай, бағасы қымбаттау болса да сапалы, ұзаққа шыдас беретін, әзірге «модадан тү­се қоймайтын» дүниелерді сатып алатын. Балаларына арнал­ған сәлемдемелері бір атанға жүк, «Ұл-қызда­рымның бір қуан­ғанының өзі – ұлан-асыр той емес пе», деп ақталып әлек болады. Бәріміздің басымыздағы жағдай ғой, күлем де қоям.

Кейін байқадым, Нұрекең шет елдерге сапарлағанда, ың­ғайын келтіріп, бала-шағасын бірге ертіп жүреді. Жастайынан төрт­күл жұрттың дидарын көріп, таным-түсінігі кеңейсін дегені. Әкенің аяулы махаббаты мен қамқорлығының арқасында ұр­пағы да заманға сай өсіп-же­тілді. Жары Моншаққа деген ма­хаббаты бөлек. Алақанына салып аялап, ошақтың тірлігін бірлесіп көтеріседі. Кешегі нарық қатынастарына өту кезеңінде үйде отырып қалмасын, зама­нының ағымына ілессін деп, өз алдына қаржы-консалтинг фирмасын ашып беріп, талабын ұштады. Отыз жылдан астам отасқан жан-жары бүгінде экономика ғылымдарының кандидаты, берекелі отбасының отын маздатып, Нұрекеңнің неме­релерінің қызығын көріп отыр. Айтулы азаматқа арналған естелік кітаптың басы-қасында жүрген де сол. Қай бір күні телефон шалып, «Нұрекең сіз туралы жиі айтып отыратын», деп ләмін білдіргенде, аяулы аға-доспен бірге өткізген жылдарды сағынышпен еске алып, жазу үстеліне отырғаным осы...

Нұрғали Құлшыманұлы – жо­ғарғы мек­тептерді басқару және ұйымдастыру ісінің ірі өкілі ғана емес, ұлттық эконо­мика ғы­лымына жаңалық әкелген, ғылыми тұжырымдары өндіріс саласына батыл енгізілген үл­кен ғалым. Біздің қазақта ол сияқты халықаралық дең­гейдегі қайраткер ғалым некен-саяқ. Ғы­лы­ми конференцияларда, тақы­рыптық кеңестерде оның пайым-пікірі ұдайы бағаланып, әріп­тестері арасында сөзсіз қол­­дау табатын. Нұре­кеңнің жал­пы экономиканың негіздері, өнім­дердің сапасын артты­ру, өнеркәсіпте еңбекті ұйымдас­тырудың методикалық мәселе­­лері, табиғи қорларды пайдалану тиім­ділігі жайлы еңбектері ғылыми ортада аса бағаланды әрі тұрақты айналымға енді. Ака­демиктің табиғи дарыны еліміз тәуелсіздігінің қалыптасу жылдарында жарқырай көрініп, ұлан-ғайыр ізденістерінің нәтижесінде туын­даған құнды дүниелері ұлт­тық экономика ғылымын да­мы­туға қомақты үлес қосты. На­рық қатынастарының жаңа тұжырымдамалары жарыққа шықты. «Менеджмент және ры­нок. Қазақстан моделі», «Қа­зақ­стан экономика және білімді дамытудың өзекті мәселе­ле­рі», «Қазақстан жағдайында өнер­кәсіпті нарыққа бейімдеудің әлеу­меттік-экономикалық не­гіздері» (Г.Доғаловамен бірге) атты ірі ғылыми еңбектері жас мем­­­­лекетіміздің жаңа эко­но­­­ми­калық саясатқа көшу стратегиясын белгілеп берген білікті бағыттар еді.

Кеңес өкіметі кезінде жоғары оқу орнында оқытқан жоспарлы экономика сабақтары енді ешнәрсеге жарамайтын болды. Жас мамандардың бүгінгі күннің қатал талаптарына икем­­­­­делуі де оңай шаруа емес. Осыны бірден сезінген ғалым жоғары мектеп студенттеріне арнап «Микроэкономика», «Кә­­­сіп­керлік негіздері», «Қа­зақ­­стан жағдайында экономи­каны мемлекеттік реттеу» оқу­­­­­лықтарын жазып, әлемдік дең­гей­дегі оқымысты-эко­но­­мис­тер С.Фишер мен Дорн­буш­­­тың «Макро­экономика», «П.Самуэльсонның «Экономи­ка» кітап­тарын туған тілімізге тәр­­жі­мәлады. Бұл енді «инемен құ­дық қазғандай» жұмыс еді.

Нұрекеңнің жастарды ғы­лымға баулудағы қызметі өз алдына бір төбе. Осы уақыт ішінде 76 жас ғалымның кандидаттық диссертация қорғауына жетек­шілік етсе, біртуар ғалымның алқауымен 35 ғылым докторы өз жолдарын даралапты. Бұл – бір университеттің тұтас оқытушы-профессорлық құрамы деген сөз.

Өмір бірыңғай сәттіліктерден тұрады деп кім айтты? Қо­ғам­дағы оқшау оқиғалар мен тосын жағдайлардан туындайтын әділетсіздіктен, қиянаттан, асыра сілтеушіліктен әркім де зардап шегеді, қуғын көреді. Осын­дай жайтты Нұр­екең де басынан кешірді. Өткен ғасыр­дағы Желтоқсан көтерілісі қазақ ұл­тының бостандық, азаттық үшін күресінің қарлығашы болса да, қызыл империяның қылпулы қылышы талай марғасқалардың төбесінде ажалдай ойнады. Өл­тір­­мегенмен, өлімші етті. Қа­­на­тынан қайырды, еркінен айырды. КОКП орталық коми­тетінің «Қазақ ұлтшылдығы тура­лы» атышулы қаулысы 37-ші жылдың елесіндей елге ойран салып, жазықсыз жандарды қуғын-сүргінге ұшыратты. «Колбадағы көсемнің» қаһары, әсіресе, қазақ зиялыларына түсті. «Жастарды дұрыс тәрбиелемеді, жоғары оқу орындарында қа­зақ ұлтының үлесі өте көп», деген желеумен ҚазМу-дың рек­­торы Ө.Жолдасбеков, декан Т.Қожакеев, Халық шаруа­шылы­ғы институтының ректоры Н.Ма­мыров қызметінен босатылып, пар­тиялық жауапкершілікке тар­тылды. Олар­ды қызметке қа­­былдамау жөнінде нұсқау бе­рілді. Айдың-күннің аманында жазықсыз жазаға іліну кімнің де болса жігерін жасытып, рухын сындыратыны рас. Бірақ біздің Нұрекең қиянатқа қайыспады, Құдайға шүкір, Алла сыйлаған талант бар, адам берген білім бар, жерде қалмайтыны хақ еді. Кімнің алдына барып жеті насырын жерге бүгеді. Жақсы адамға қай жерде де бір орын табылады. Енді Алматыда қалудың реті жоқ. Колбиннен бұрын сыртынан ғайбаттаған өз қандастары бәрібір тыныш жүргізбейді Со­нымен тәуекел деп алдымен Мәскеуге, сосын Тәжікстанның ас­танасы – Душанбеге барып ғы­лыми-зерттеу институттарын­да еңбек етті. Шет жерде сыйлы, құр­метті болды. Нұрекең сол жыл­дардың зобалаңдары тура­лы әң­гімелегенде, осынау ша­ғын денелі, үлкен жүректі аға-дос­тың қа­жыр-қайратына таңғалушы едім.

«Аққа – құдай жақ» деп қазақ бекер айт­паған. Ақыры қайырлы болды. Тәуелсіз елі­міз­дің қалыптасу кезеңінде «күл астынан көте­рілген феникс құс­тай» түлеп, қуатына мін­ген ға­лым ұлттық ғылымымыздың өсіп-өр­кендеуі жолында жанын сала қызмет етті. Уни­верситет басқарды, академик атанды, Мем­лекеттік сыйлықты иеленді. Артында өшпес із қалдырды. Біз сияқты іні-достары, шәкірттері кемеңгер азаматты, қарымды қай­раткерді әрдайым есіне алып, есімін құрмет тұтады.

 

Бақберген ДОСМАМБЕТОВ,

Ұлттық ғылым академиясының академигі