Қазақстан • 26 Мамыр, 2022

«Қызыл қырғын болады, бай байғұсқа айналады»

413 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Көпті бастан кешкен ата-бабамыздың көңілінде тарқамайтын мұң болған. Оның біріншісі – ашаршылық. Табу – қазақтың қанына сіңген әдет. Бір нәрсе туралы түйеден түскендей етіп айту көргенсіздік саналған. Содан болар, үлкендер ашаршылықты – жамандық, соғысты – майдан дейтін.

«Қызыл қырғын болады, бай байғұсқа айналады»

Осы жамандық қазақ жүрегіндегі жазылмас жара, сүйекке түскен таңба болып қалды. Миллиондаған жазықсыз бауырымыздың қолдан жасалған жаппай аштықтан бау­дай түсіп қырылуы қазақ тарихын­да бұрын-соңды болмаған, адам ақы­лына сыймайтын жантүр­шігер­лік зұлмат еді.

Бұл гуманитарлық апаттың ауқым­дылығы мен ұзақтығы оның Кеңес өкіметінің қазақ халқын қырып-жоюға бағытталған саясаты, айқын геноцид екендігін көрсетеді. БҰҰ-ның 1948 жылы 9 желтоқсанда қабылдаған «Геноцид қылмысының алдын алу және ол үшін жазалау конвенциясының» 2-бабы: «Бұл Конвенцияда геноцид деп қандай да бір ұлттық, этностық, нәсілдік немесе діни топты толық немесе бір бөлігін қырып-жою ниетімен жасалған келесі әрекеттер түсініледі», деп 5 іс-әрекетті геноцид деп атайды. Қазақ халқын нәубетке әкелген бұл әрекеттер осы құжаттағы «Қандай да бір топ­тың толық немесе бір бөлігінің физикалық жойылуына әкелетін өмір жағдайларын қасақана түрде жасау», деген бабында көрсетілген қылмысқа келіп тұр.

Елдің көп айтатыны – өткен ғасырдың 30-жыл­дарындағы ашар­шылық. Ал 1916-1918 жылдарғы аштық әсіресе оңтүс­тікте, оның ішін­де Шу бойында ерек­ше қатты болған. 1917 жылы Әулие Ата оя­зында (уезд) 305 мың адам тұрса, 1920 жылы олардың саны 197 мыңға дейін кеміген. Әри­не, бұл кему қазақ есебінен және зоба­лаң жылдардың басында ғана орын алған. Қазақ халқының басына төнген нәубетті Әулие Ата оязын­дағы 1920 жылғы мал саны 1917 жылмен салыстырғанда 60 па­йызға кемігендігі де айқын көр­сетеді.

р

Жалпы алғанда Шу, Мойынқұм халқы әлімсақтан егіншілікпен ай­налысқан, тоған-арық қазған, кет­пен-күрекпен таныс, қыс азығын жазда, жаз азығын қыста ойлаған шаруақор ел болған. Еккен бидай, тары, арпа, жүгері, асқабақ, қауын-қарбызы бітік шығатындықтан қол­дағы бірлі-жарым малмен де қандай жұт болса да азық-түлік жағынан кемшілік көрмейтін. Сон­дықтан қазақ жерінде ашаршы­лық 1929 жылдың күзінен бастал­ғанымен, Шу алқабында бұл апат әлдеқайда кейін тек 1932 жылдың жаз-күзіне қарай күшейген.

Бұл жерде Арқадағы қазақтың ар жағы Әулие Атаға, бер жағы Фрун­зеге Шу арқылы ауғанын айта кету керек. Осы аштардан Шу хал­қы бастапқыда «адам жегіштер» деп үріккенімен, көп уақыт өтпей өздері де солардың кейпіне түседі.

Үлкендер орайы келгенде ­елді жайлаған жамандық туралы айтып отыратын. Содан да болар біз үшін аштық мүлде беймәлім мәселе емес еді. Бесінші сыныпта Әбен деген баламен дос болдым. Әбен әңгімені жақсы айтатын. Ол әкесі мал бағып отырған Көкқайнардың тауында жалғыз тұрған бір мазар бар екенін, түс ауа күн сәулесі тесіктен түскенде ішінен адам сүйектері, бас сүйектері көрінетінін айтып, бала көңілімізді әбден елеңдетті. Сонымен не керек, барамын деген балалардың қата­ры сиреп, күзде бір демалыста екеуміз ғана жолға шықтық. Әбен­нің Көкқайнар ауылын­да тұра­тын туысында түнеп, ертеңіне сол бағытта жүрген көлікке мініп қыс­тауға жетіп алдық. Таудың ығына соғылған ұзын мал қораның қасында 3 бөлмелі үй орналасқан. Әкесі мен шешесі не үшін келгенімді білген соң маған біртүрлі қарап қалды, бірақ сыр бермеді. Әдетте осындай жағдайда қойылатын «Кімнің баласысың, қай елсің?», деген сұрақтарды да қоймады. Ертесі таң­да екі атты ерттеп қойыпты. Бір отар қойдың соңынан шықтық. Қой­дың үйреншікті жайылатын жерлері болады, сондықтан мазарға кешқұрым мал өрістен қайтқан кезде жақындадық. Әбден еңкейген күннің сәулесі мазардың бүйірінен істелген тесіктен ішіне түсіп тұр­ған сәтте келдік. Есте қалғаны – үйіліп жатқан адам сүйектері, бас сүйектер, кішкентай балалардың бас сүйектері. Бір қараған бізге осы көріністің өзі жеткілікті болды. Айдаладағы мазар, қызара батып бара жатқан күн – 12-лердегі екі бала қатты қорыққаннан үндеместен аттарымызға жүгіріп барып мініп, қойдың артынан шаба жөнелдік.

Осы жерлерді мекен еткен Үй­сін Дулаттың Ботпай тайпасы күз­де егістіктен түскен бидай, тары тү­сімдерін ақтап, қаптап, малын қары қалың, қатты қыс болса да жұтқа ұрынбайтын жинақы ел болған. Оны біз Майлықожа ақынның ұлы жүз жеріндегі бұрынғы жұт туралы «Қоян жылы жаумады көктен жаңбыр» жырындағы төмендегідей жолдарынан көреміз:

«Тауда Дулат күйзеліп

қозғалмады,

Өз азығы өзіне аз болмады.

Ылғи етек тау жердің

жапасы екен,

Егіндік – ел мәртебе, сапасы екен.

Темірқазық жұлдыздай

тербелмеген,

Алаштың білдік

Дулат ағасы екен!»

«Азаматы аттан, қазаны оттан түспеген» қайран жинақы жұрт 30-жылдарға қарай қолындағы малынан айырылған соң алапат аштыққа ұрынып, қор болды.

Шу бойында Жүндібай әулие деген өмір сүрген. Тасөткел су қоймасының астында қалған мекенде туып, 1929 жылы 85 жасында қайтыс болған. Әулие ешқашан адамға тік қарап сөйлемейді екен. Сол әулиенің көзін жұмып отырып: «Қырғын соғыс, алапат аштық болады, Шуға ата-бабамыз көрмеген халықтар көшіп келеді, ұлт араласады, тіл мен дін бұзылады, қара темір қақсап сөйлейді, жердің бетін сым темір торлайды, бұрынғы жақсы қор болады, оны жамандар басынады, әйел еркекпен тең болады, ішкендері ащы су болады, осы тұста Шу өзені байланып, үлкен көлге айналады», деп айтқан сәуегей сөздері шындыққа айналды.

«Қызыл қырғын болады, бай бай­ғұсқа айналады», деген Жүнді­­­­­­бай әулиенің сөзі де расталады. Өзімен сыйлас, Шу бойынан қа­жылыққа бірінші барған Бот­пай­дың Қожай руының атқамінері Саудабайға «Жылқыңды үкімет алады, бірақ сен оны көрмейсің» деген екен. Шынында, қажы 1925 жылы кәмпескеге дейін қайтыс болып кетеді. Мазарды осы қажының патша заманында ел билеген Асыр деген баласы жамандық басталғанда адамдар көмусіз қалады деп сал­дырған. Тәшкеннен цемент алдырып, тау-тасын молынан қолдана отырып көтерген. Адамдар көмусіз қалмасын деп күмбездің астынан бұрын-соңды қазақ тәжірибесінде жоқ «склеп» жасап, бір бүйірінен өлі денелерді ішіне тастап жіберу үшін адам денесі сыятындай қуыс қалдырған. «Склеп» поляк тілі­нен аударғанда мазардың ішкі, жерін тереңдете қазған, өлген адам­ның мәйі­тін қоюға арналған бөлігі де­генді білдіреді. Мазарды көр­ген­дер оның ішінде 27 бас сүйек бар, «склеп» отбасылық емес, жалпы аш­тық құрбандары жерленген дейді.

Бала кездегі сол сапар 52 жылдан кейін жалғасын тапты. Шудағы Сапарбек деген досым Саудабай қажының шөбересі Саудабаев Бақты­­­баймен онлайн таныстырды. Алматы политехникалық институтын бітірген, аудандық деңгейде түрлі жауапты қызмет атқарған Бақ­тыбай күмбездің айналасын қор­­шап, мазардың жан-жағын қым­тап қойыпты. Дегенмен мазар уақыт тезіне шыдамай бүліне бас­таған. Жөндеу жұмыстарын жүр­гізуге халық арасында қалып­тасып қалған қасаң түсінік пен бұл жө­ніндегі діни постулат қолбайлау болып отыр.

«Аштан өлгеннің моласы жоқ», дейді қазақ. Осы тұрғыдан ал­ғанда бұл – мазар ашаршылық тари­хын­дағы сирек құбылыс, бірден-бір материалдық ескерткіш. Аштық­тан қырылған халық көп жағ­дай­да көмусіз қалып, ит-құсқа жем болғаны белгілі. Сондай жағ­дайда адамшылықты сақтап қалуға бағыт­талған жанталастың Шу бойын­дағы, тіпті еліміздегі бірден-бір көрінісі ретінде аталған мазар ашаршылықты айғақтайтын ескерт­кіш ретінде мемлекет қарауына алынуы тиіс деп санаймыз. Оны қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, арнайы тақтайша орнатылса елдігімізді көрсететін, алапат аштықты келер ұрпақ есінде сақтауда баға жетпес маңызды қа­дам болар еді.

 

Қайрат СӘКИ,

Қазақстан Респбликасы дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қызметкері