– Қанағат мырза, елордаға қош келіпсіз, бұл реткі сапарыңыздың маңызы жайлы таныстырып өтсеңіз?
– Ең әуелі айтарым, қазақ руханияты үшін ерен еңбек атқарған әкеміз Қайым Мұхамедхановтың атына елорда төрінен көше және жаңадан салынған ұлттық гимназияға аты берілгеніне ризашылық білдіремін. Сонымен қатар аталған гимназия ішінен «Қайым мұражайы» және «Ұлылар есімі ұрпақ жадында» атты Алаш арыстарына арналған аллеяның ашылуына байланысты ғалымның ұрпақтары атынан құрметті қонақ ретінде қатысуға келдік.
– Ұйымдастырылған шара көңіліңізден шықты ма?
– Бәрі біз ойлағаннан да жақсы өтті. Ұйымдастырушыларға өз атымнан және ұрпақтары атынан рахмет айтамын!
– Сізге жолығып, тілдесуді көптен бері жоспарлап жүрген едік. Оған себеп, үш жыл бұрын «ҚазАқпарат» сайтына жарияланған «Әйгілі Мұхаммед Әлиді іздеп барып «нокаут» алған қазақ» атты жазба мен осында атақты боксшымен бірге түскен сіздің фотоңыз. Осы оқиға жайлы баяндап берсеңіз?
– Бұл 1978 жылы болған оқиға. Әйгілі боксшы Кеңес Одағына келді. Ол кісімен жолығу әр жастың арманы болатын. Осындай бір арман 26 жастағы жігіт менің де көкейімде жүрді. Өйткені Мұхаммед Әлиді біз бүкіл отбасымызбен жақсы көрдік. Әкем де ерекше құрмет тұтатын. Оның өміріне қатысты жаңалықтарды жіберіп алмауға тырысатынбыз. Осы кісіге еліктеп менің де боксшы болғым келген.
Содан атақты боксшының Ташкентке баратыны жайлы хабарды «Время» бағдарламасынан көріп қалдым да, қайткенде жолығуға бекіндім. Анам екеуіміз Ташкентке барсақ, іздеп келген адамымыз Самарқанға жол алғаны жайлы хабарды естідік те, дереу ұшаққа билет алдық. Бір ғажабы, біз отырған ұшақтың ішіне Мұхаммед Әли келіп жайғасты. Қолымда шағын фотоаппаратым бар-тын. Сөйтіп, ұшақ ішінде атақты боксшыға жолығып, бірге суретке түстім. Мен Мұхаммед Әлиді саңлақ спортшы ғана емес, ғажайып адам деп білемін. Алайда тағдыр бізді аспанда, яғни ұшақ ішінде кездестірді. Кейде мүмкін емес жайлар да мүмкін болады екен. Бұл адамнан жолықпай тұрып, оның «Огонек» журналында жарияланған фотосуреттерін қиып алғаным бар еді. Боксшыға соларды көрсеттім. Бәрін мұқият қарап шығып, әрбіріне қолтаңбасын қалдырды.
Р.S. Жоғарыдағы оқиғаның жалғасы бар көрінеді. Бұл суреттерді 2005 жылы АҚШ еліне білімін жетілдіруге барған Дина Қайымқызы ағасының атақты боксшымен бірге түскен тарихи фотоларын таныстары арқылы Аризона штатындағы неврологиялық институттың Мұхаммед Әли атындағы паркинсон орталығына табыстапты. Бұл суреттер қазір арнайы тақтаға орнатылып, институт қабырғасына ілініп қойылыпты.