Қазақстан • 19 Маусым, 2022

Ұлытаудың тарихи сәулесі

681 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Ұлытауда ел егемендігі мен тәуелсіздігінің тұғырын жаңаша биіктету мақсатымен Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысы өтті. Ауқымды жиыннан жұрттың күткені де аз емес еді. «Жаңа Қазақстанды қалай құрамыз?» деген жалпыелдік сұраққа Мемлекет басшысы түпкілікті саяси мақсат пен міндеттердің стратегиялық бағыт-бағдарын тереңінен қозғап, жан-жақты жауап берді.

Ұлытаудың тарихи сәулесі

Еліміздің барлық өңірінің өкілдері, жаңаша ойлай білетін, қоғамда белсенді, беделді, абы­ройлы азаматтары қатысқан құрылтайда Жаңа, Әділетті Қазақстан – Екінші Республика құрудың тың идеясы мен идеологиясын келелі ой талқысынан өткізіп, ортақ шешім табудың жолдарына сеп болатын саяси серт пен қоғамдық-рухани келісімдер арқау болды.

Түптеп келгенде, дүйім жұрт Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөйлеген сөздерінен ұлтты ұйыстырып, азаматтарды әділеттілік пен шындыққа жүгіндіріп, адал­дық пен ашықтықты орнықтыру үшін жұр­тымыздың жаңаша өмір сүруге бейім­делуіне орай халқымыздың сана-сезімі, құнды­лық­тары түбегейлі жаңару керектігін тағы да тере­ңінен ұғындырып, сонда ұлттың жаңа сапасы қалыптасатынын еске салғанын кеңінен талқылауда.

Бүкіл қоғамды өзгертетін күрделі әрі ұзақ үрдіс Жаңа Қазақстан құруға үміт отын жағып, сенімді нығайтатын нақты істерді жұмыла және көзделген мерзімде жүзеге асырумен тікелей байланысты екені анық. Елімізде осы жаңа кезеңде «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты азамат» қағидасының қатаңдық пен саналы түрде сақталуынан бас­тау алатынын да естен шығармауымыз керек.

Киелі Ұлытау мінберінен естілген әрбір елдік сөз бен орынды ұсыныстардың арасында өзімізге айрықша әсер еткен бір жаңалықты атап айтар едік. Ол жүректі тебірентіп, бүй­ректі бүлк еткізді. Өткен тарих уақытын қалпына келтіруімен аса бағалы еді.

Бізге ғана емес шығар, қалың көпшіліктің назарын аударып, шынайы қолдау тапқан мәселе тұтас бір ұлттық және мемлекеттік ақиқаттың құндылығын қайта оралтып, оны еш өзгермес биігінен қастерлеу мәнісімен жалт қаратты.

Ел Президенті Қ.Тоқаев өз сөзінде «Рес­публика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күні еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтілуі керек» деді.

Президенттің осы ойы мен шешімі адалын айтсақ, қоғам мен уақыттың ешнәрсеге мойынсынбайтын және ұмыттырмайтын құдіретін ұғындырмай қоймайтынына дәлел. Егемен ел болуды ғасырлар бойы армандаған ата-бабамыздың осы елдің егесі бар және азат мемлекет құрамыз деген ниетін Заңдық құжатын – Егемендік туралы Декларациясын әлемге паш етудің іргетасы Жоғарғы Кеңесте қаланған болатын.

Тап солай болған. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Егемендігі туралы Декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздігі жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Осы құжатты қабылдаған кезде Алматыдағы, Жоғарғы Кеңестің мәжіліс залында депутаттар арасында айтыс-тартыстың қандай қиын, қандай ауыр және ұзақ жағдайда өткеніне куә болған журналистің бірі ретінде сарғайған әрі тасқа басылған жазбаларды ойға алып отырған жайымыз бар.

Егемендік дегеннің не екенін сол кездегі одақтас, қазіргі Тәуелсіз Мемлекеттер Достас­тығына мүше мемлекеттердің ұмтылыстары мен талпыныстарынан көріп, сезінген адамдар алда не боларына қатты алаңдайтын, халық де­пу­таттарының күн сайынғы сессиясы жұ­мы­сына құлақ түріп, елеңдейтін көңіл күйде болатын.

Осы құжатты қабылдаған кездегі шешуші сәттерді біз қағазға былай түсірген екенбіз...

С.Зиманов Парламентке келді. Қазақстан тарихының ХVІІ-ХХ ғасырлардағы мемле­кеттік жүйе, әкімшілік басқару, қоғамдық-саяси құрылыс мәселелерін қопара зерттеген, ғылыми институттарға басшылық жасаған тәжірибелі заңгер-ғалым үшін алда ерекше сын сағаттар күтіп тұрған-ды. Жасы жетпіске иек артқан шағында қызу айтыс-тартыстың қайнаған ортасына түсіп, ұлт мүддесі үшін білек сыбанған Зиманов 1990 жылы 25 қазан күні төрт сағат бойы мінберде табанынан тік тұрып, егеменді елдің ақ жолын айқындап беретін Декларацияны қорғап шыққанын жұрт көрді.

Үкімет үйінде Жоғарғы Кеңестің сессиясы жүріп жатты. Тарихта тұңғыш рет қазақ мемлекеттілігінің егемендігі туралы мәселе қаралды. Саяси ресми тілмен айтсақ, мем­лекет құрылысы саласындағы алғашқы маңызды құжат – «Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы» Декларациясы еді. Қысылтаяң шақта КСРО-ның тағдыры әлі толық шешілмеген кезеңге қарамастан, жекелеген одақтас республикалар мұндай құжатты, тіпті кейбіреулері тәуелсіздік туралы заңдарды қабылдап та үлгерген болатын. Ал Қазақстанның геосаяси жағдайы бәрімізге де белгілі, күрделі жағдайды басынан кешкен сағаттар ғой. Егемендік Декларациясын талқылау кезінде «Демократиялық Қазақстан» фракциясы заңның балама жобасын ұсынды. Олар «қазақ ұлтының өзін өзі билеуі», «қазақ ұлтының тағдырлы жауапкершілігін сезіне отырып», «мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деген тұжырымға қасарысып бақты. Дей тұрғанмен, 1989 жылы қабылданған «Тілдер туралы» заңда мемлекеттік тіл қазақ тілі екені тайға таңба басқандай жазылып қойған-ды. Қазақ ұлтының тағдырлы жауапкершілігін сезіну мәселесі де үлкен арпалыспен көрініс тапты. Парасатты ақыл-ойға көпшілігі жығылды. Сол тарихи сессияда елімізге әйгілі С.Сартаев, Ш.Мұртаза, Ө.Жолдасбеков, Ә.Кекілбаев, Қ.Тұ­рысов, Ж.Әбділдин секілді дара үнді депу­тат­тармен бірге президиумда отырған лауазым­ды кісілер де Декларацияның негізгі жобасын саяси ерік-жігермен, мәмілегерлікпен қорғап шықты.

Депутаттар Декларациядағы 17-бапты сегіз сағат бойы талқылады.

Егемендік Декларациясы туралы келісім комиссиясының түпкілікті жобасы туралы баян­дама жасаған Салық Зиманов қызу пікірталас шегіне жеткенде: «Қазақ ұлтының өмір сүруі керек пе, керек емес пе?» деген мәселе қайдағы бір көпірме сөздің мазмұнына айна­латын нәрсе емес. Ұлттық тіл, ұлттық мемлекеттілік, қазақ халқының байырғы ұлт аталу құқығы, тарихи Отан, меншіктің ұлттық менталитетінің болуы бұлтартпайтын заңдылық» деп, табан тіреп теңдік сұрағаны да жұрттың есінде. Егемендік Декларациясының заңдылығын жан-жақты саяси тұрғыдан дәлелдеп беру қаншама білімді, күш-жігерді жұмсауды талап еткені көпшілікке жақсы мәлім. Содан кейінгі бір уақытта академик Зейнолла Қабдоловтың «Елге егемендік алып беру үшін қарсылардың жағын қарыстыратын, мисыздарды миландыратын, даукестердің діңкесін құртатын Зимановтың зиялылығы, білгірлігі, теориялық тереңдігі, дәлелінің бұлтартпас дәлелдігі, ағыл-тегіл шешендігі, тіпті көреген көсемдігі керек болды және аумай-төкпей солай болып шықты» деп жазғаны бар.

Шын мәнінде ерлік пен елдікті күткен Еге­­мендік Декларациясын қабылдауға қол жет­кізіп, арманы орындалған Салық Зима­новтай сұңғыла саясаткерлер мен қоғам қай­рат­керлерінің саяси ерік-жігерімен, ақыл-ойы­мен бұдан кейін де талай-талай заңдар қабыл­данды.

Алайда Қазақ елінің әлемдік қауымдастық пен халықаралық саясат кеңістігінде «Біз Еге­мен ел, тәуелсіз мемлекетпіз!» деп жар салған алғаш айғақ құжат осы Егемендік тура­лы Декларация болатын.

Ел дамуының жаңа басымдықтарын бел­гілеуде саяси үйлесімнің болуына жоғары деңгейде мән берген Мемлекет басшысының «Рес­публика күні елдің мемлекет құру жо­лындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым ретінде атап өтілуі керек» деп, бұл ұлттық мере­келер мен атаулы күндердің еліміз үшін қадір-қасиеттілігімен және мемлекеттілік тарихи ма­ңыздылығымен өте орынды қойып отыр.

Біз «егеменді» сөзінің ел еншісіндей естіліп, еркіндікті білдіретін мағынасына ерік бергеніміздің, ең байырғы, ең қымбат ұғымның ел ішіне мәңгілікті мәртебе екенін еске түсірген, тарихи сәулелі жаңалықтың Ұлттық құрылтайда айтылғанын жақсы ырым және жақсылық жоралғысына балаймыз.

Елең-алаң, алай-дүлей сол тоқсаныншы жылдары еліміздің маңдайалды газеті «Егемен Қазақстанның» ұраны етіп «Егемен болмай, ел болмас» деген аманатты әрі айбарлы сөзді батылдықпен жазып қойған бас редактор Шерхан Мұртаза ағаларымыз да ұлттың болашағы осы дербес елдікте екенін сезіне отырып оны халықтың санасына сіңіруді мақсат еткен болар. Солай болды да. Өжет өміршеңдіктің өрлік сөзін сөйлеп өткен Шер­ағаның өзі де қалың елдің болашағы мен асыл мұраты жолында, ел мен жер, қазақ тілі мен ұлттық рухтың абыройын сақтап қалуда нағыз қайсарлық мінез және қайтпас ірі қайраткерлік көрсетті. Халық жазушысы, көрнекті қоғам қайраткерінің осы ерекше тарихи кезеңдегі ұлтжандылық қасиетін туған жұрты ешқашан ұмытқан емес.

Ұлттық тарихымыздың шежірелі жылнамасында Егемендік күні – еліміздің ең басты мерекесі болып аталып өтуі енді Жаңа Қа­зақстан – Екінші Республика құрудағы қадам­дарымызға құт болсын деп тілейміз!

Бұл мерекені бүкіл халықтың шын пейілді, ақ ниетті, қуанышты және тағлымды көңіл күймен және еңбек құндылықтарымен атап өтудің тұжырымдамасы мен идеологиясы да жаңаша болатыны хақ. Жалпы, ұлттық және мемлекеттік мерекелердің саналы қоғам құруға, экономикасы қалыпты, рухани жағы­нан дамыған қоғамды қалыптастыруға ықпалы зор, сол себепті де әрбіріне терең мазмұндық тұр­ғыдан мән бергеніміз абзал.

Тегінде таза және әділетті шешімдер өміршең келеді.

 

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,

Мәжіліс депутаты