Биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күрделі кезеңнен шығудың жолдарын айқын көрсетіп берді. Соның ішінде сайлау жүйесін түбегейлі өзгерту туралы бастамасы халық тарапынан қолдауға ие болды. Елімізде ауыл әкімдерін сайлау жүйесі енгізілді. Енді облыс әкімдері баламалы негізде тағайындалады. Келешекте аудан, қала әкімдері сайлау арқылы жүзеге асырылса, орынды болмақ.
Жариялылық, ашық сайлау – шынайы демократияның көрінісі. Ендеше қандай деңгейдегі әкім болса да, билікке сайлау арқылы келгені жөн. Халықтың қолдауына ие болып, ашық сайлауда жеңіп шыққан әкімдердің нәтижелі жұмыс істейтіні әлдеқашан дәлелденген.
1980-жылдардың ортасында шаруашылық басшыларын халықтың өзі сайлайтын үрдіс шықты. Сол кезеңде өзім де Ақтөбе облысында еңбек еттім. Саяси-әкімшілік қызметтерге араластым. Тұрғындардың дауыс беруі арқылы сайланған кеңшар басшыларының абыройға бөленгенін, сенімді ақтап шыққанын көзбен көрдім. Олар артта қалған шаруашылықтың жұмысын ілгері бастырды, жарты жыл сайын атқарылған істер туралы халыққа есеп беріп тұрды. Тұрғындардың әл-ауқаты, тұрмыс жағдайы анағұрлым жақсарды. Адамдардың жұмыс істеуге, ауылды өркендетуге деген ынтасы артты. Ауыл тұрғындары еңбекқорлығын іспен дәлелдеді.
Біздің қоғамдағы тағы бір кесел – әкімдердің және басқа да басшылардың тағайындалған жеріне өз командасын алып баруы. Осы жағымсыз әрекет әлі қалмай келеді. Бір облысқа әкім болып барған адам бұрыннан істеп жүрген азаматтарды түгел қызметтен шығарып, орнына бұрын өзі істеген өңірден жаңа қызметкерлерді тағайындайды. Бұл – жұмысты жүйелі жүргізу емес, сыбайлас жемқорлыққа жол ашудың көрінісі. Мықты басшы, шебер ұйымдастырушы өз бойындағы іскерлік қабілетін, ақылы мен тәжірибесін, білімі мен біліктілігін сол өңірдегі азаматтарды ортақ іске тарту арқылы көрсетуі керек. Басшы қызметкерлерді білімі мен іскерлігіне, жұмыс істеу қабілетіне, адамгершілік қасиетіне, халықпен сыйласа білуіне қарап таңдап, лауазымға тағайындауға тиіс.
Ал сырттан келген мамандардың әкім ауысқан кезде бірге кететінін халық көріп жүр. Керісінше сол өңірдің азаматтары ауданның жер-суының, климатының ерекшелігін, тұрғындардың менталитетін, моральдық ахуалын жетік біледі. Өзінің туған жерін өркендетуге бар күш-жігерін салады. Қандай міндетті жүктесең де алып кетеді деп есептеймін. Қызметтен кеткенде де олар ешқайда қашпайды. Ар-намысы болса, мемлекет қаржысын жымқыруға бармайды. Жерлестерінің алдында ұятқа қалғысы келмейді. Кейбір әкімдер сырттан әкелген адамдар арқылы кадрлардың сапасын жақсартамын дейді. Бірақ оның ешқандай нәтижесі болмайды.
«Команда ілестіріп жүруді қою керек» деп елдің басшысы талай рет айтқан еді. Бірақ өкінішке қарай, соған құлақ аспайтындар көп. Қабылданған заңдар, берілген тапсырмалар орындалуымен құнды. Жоғарыда айтылғанымен, жергілікті жерде орындалмайды. Ол үшін заңның орындалуына бақылауды күшейту керек. Қай өңірге барсаңыз да, халық «командасын» ертіп жүргендердің келеңсіз әрекеттері туралы айтып береді. Парламент Мәжілісінің депутаты болған тұсында ақын Фариза Оңғарсынова апамыз бір әкімнің Атырау облысына «командасымен» барып, әкімшіліктегі барлық қызметкерді заңсыз жұмыстан шығарып жатқаны туралы өткір сын айтқан еді. «Командамен» барып басқарған басшылардың нәтижесі қандай болды? Айталық, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарында сондай келеңсіз жағдайлар болды. Салалық бөлім басшыларын жан-жақтан әкелді. Облыстың астаң-кестеңін шығарды. Кейін бәрі кетті. Алайда өңірдің экономикалық-әлеуметтік жағдайы нашарлап қалды. Мықты басшы, өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып шығады. Қазақта «Сол елдің түлкісін өзінің тазысымен аула» деген тамаша нақыл сөз бар. Келешегін, елдің жағдайын ойлайтын басшы сол өңірдің азаматтарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Іскер қызметкерлерді таңдай біледі.
Қазақстанның келешегіне деген сеніміміз мол. Мемлекет басшысы ұсынған барлық бағдарламаны қолдаймын. Қазір көп нәрсені түбегейлі өзгерту ісі қолға алынуда. Қалыптасып қалған жүйе тамырын жайған арам шөп сияқты. Мәселен, егістікке арамшөп қаптап кетсе, оны бірден жұлып тастай алмайсың. Әуелі тамырынан құрту арқылы нәтижеге қол жеткізесің. Сыбайлас жемқорлыққа, парақорлыққа бейімделіп кеткен жүйені жөнге келтіру оңай емес. Кейбір жерлерге халықтың жағдайын ойламайтын, өзінің қара басын, құлқынын ойлайтын, обал, сауап, тоба, күнә, қанағат дегенді білмейтін басшылар тағайындалып кеткен. Сондай-ақ бас-көз жоқ шетелдің тәжірибесін бізге енгізгісі келетін, ұлттық құндылықтарды білмейтін, тамырынан ажыраған жас басшылар да кездеседі. Қай істі де елеп-екшеп, қалпына келтіру – уақыт талабы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Мен азаматтарымыздың ертең емес, бүгін бақытты өмір сүргенін қалаймын. Ең бастысы – еліміздің егемендігі. Шын мәнінде біз үшін Қазақстанның Тәуелсіздігі бәрінен қымбат. Осы тұрақсыз, құбылмалы әлемде Қазақстанымыз бізден басқа ешкімге керек емес. Сондықтан маған елімнің амандығы мен жерімнің тұтастығынан асқан ешбір құндылық жоқ. Мені ең алдымен, халқымның болашағы қандай болатыны толғандырады» деген сөзі айқын мақсатқа жетелейді.
Мақсұт СЕЙТЖАПАРОВ,
заңгер,
Жеке сот орындаушылары республикалық палатасының мүшесі