Ерейментау тарихи өлке. Қазақтың дарынды дала жыршысы Иманжүсіп Құтпанұлы «Бүркіт ұстап басыңа шығар ма едім, Көзіме бір көрінші, Ерейментау» деп күңіренсе, терең ойлы қаламгер Жұмекен Нәжімеденов «Жатыр дала аяқталмай басталмай, Ұлылығы – Данте жазған дастандай» деп жырлаған жер бұл. Басқасын айтпағанда, аудан аумағында жалпыұлттық дәргейлі республикалық қасиетті нысандар тізіміне енген қос нысан: Сілеті бойындағы Олжабай Толыбайұлы (1709-1783) кесенесі мен Қосбатыр – Құмай мемориалды кешені осы аудан жерінде болса, сонымен қатар жергілікті маңызға ие қасиетті нысандар – Мыңшұңқыр жайлауындағы Үмбетей жырау зираты мен Қоржынкөлдегі Саққұлақ би кесенесі өлке тарихынан сыр шертеді.
Осы орайда, экскурсияға қатысушылар ең әуелі Торғай ауылдық округына қарасты «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи парк аумағында орналасқан Қосбатыр – Құмай түркі археологиялық – этнографиялық ескерткіш кешеніне ат басын бұрды.
Журналистерді кешен басында қарсы алған өлкетанушы Манап Әдірешевтің айтуына қарағанда, аталмыш нысанға зерттеу жүргізген тарих ғылымдарының докторы, түркітанушы Айман Досымбаева ханым бұл тас мүсіндер көне түркі дәуірінен қалған өңірдегі бірден-бір мұра деген пайым жасапты.
Өйткені кешеннің негізгі атрибуты – сол қолына шағын қанжар, оң қолына ыдыс ұстаған қос балбал. Бұл мүсіндер ежелгі түркілерге тән белгі –бейне екені анық. Кешеннің «Қосбатыр» аталуына да қос балбалдың қатар орналасуы себеп болған сияқты. Өйткені, кезінде бұл нысандарды көріп, белгілеу жазба қалдырған атақты археолог Әлкей Марғұлан, бұл жәдігерлер ерлік жасап, аты аңызға айналған қос батырдың құрметіне қойылуы мүмкін деген ұстаным айтқан көрінеді.
Жергілікті әкімшілік болашақта осындағы тарихи кешенге ашық аспан астындағы мұражай жасап, отандық туризм орталығына айналдыру керек дегенді алға тартады. Өйткені соңғы жылдары тұрақты жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде аудан аумағынанжаңадан табылған балбал тастар саны 15-ке жетіпті. Сонымен қатар кешеннің екінші бір ерекшелігі – шығыс қабырғасына орнатылған мүсіндер мен оның ғұрыптық қоршауы.
– Ескерткіш кешен аудан аумағындағы ежелгі түркі дәуіріне тән көп компонентті жалғыз жәдігер. Мұндағы мұралардың тарихи маңыздылығы ескерткіштердің типтері мен түрлерінің әлеуетті ақпараттылығында жатыр. Әсіресе, тас мүсіндерде бедерленген атрибуттар, ыдыс, әшекей заттар мен қару жиынтықтары үлкен ғылыми қызығушылықты тудыруда, – дейді өлкетанушы Манап Бектасұлы.
*****
Экскурсия тобы келесі кезекте өлке тарихының тағы бір маңызды ескерткіші – қола дәуірге тән түркілік ғұрыпты сақтаған мұртты қорғандар: Қарағайлы – 1, Қарағайлы – 2, Қарағайлы – 3 тас қоршаулары мен Қарағайлы – 4 қорымына ат басын бұрды. Бұл нысандар Қарағайлы ауылының маңында орналасқандықтан ескерткіштерге ауыл атауы беріліпті.
Осылардың ішінде ерекшесі – Қарағайлы-1мұртты қорғаны. Нысанның диаметрі 10, биіктігі 0,7 метр. Қорған ауылдың солтүстік – батысында 1,5 шақырым қашықта орналасқан. Жалпы аумағы 0,7 х 0,3 км. Үлкенді – кішілі 61 нысанды қамтитын тас плиталар мен мүсіндерменмұндалайды. Бұл жердегі жалғыз балбал сыртқы көрінісі жағынан алдыңғы Қос батырға қатты ұқсайды. Балбал тастың оң қолында ыдыс, сол қолында қанжар. Биіктігі – 1,80 метр.
Ал Қарағайлы – 2 кешені Құмай өзінінің сол жағалауында Қарағайлы ауылынан 2 шақырым жерде екен. Қорғаннан шығысқа қарай ұзындығы 70 метр жарты доға тәрізді екі қатар тас тізбегі орналасқан. «2009 жылы бұл нысанға жүргізілген қазба жұмыстары кезінде диаметрі 1,3 см моншақтар және ұзындығы 19 см болатын шығыршықты ауыздық табылған. Мұндағы ескерткіштерді өткен ғасырдың 60-шы жылдары үлкен ғалымдар Әлкей Марғұлан мен Қаныш Сәтбаев дәлелдеп, атап көрсеткен» дейді өлкетанушы М.Әбірешев. Ал үшінші нысан Қарағайлы – 3 ескерткіш кешені Құмай өзенінің жағалау террассасында ауылдың оңтүстік – батысында 3 шақырым қашықтағы Ақшоқы және Жыланды тауларының етегінде орналасқан екен.
«Осындағы қорымдарды топырақтан аршып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген жағдайдабіз арғы бабаларымыздың өмір сүру салты мен өркениетінен мағлұмат беретін құнды дәйектердіжәне ұлттық геральдикамыздың түркілік дәуіріне тән символдық элементтерді ұшырастыру мүмкіндігі зор. Сол себепті, бұл іс алдағы күндері жалғасын табатын болады» деді Геральдикалық зерттеулер орталығының директоры Асылбек Байжұма мырза.
****
Аталмыш сапар барысында Ерейментау аудан әкімі Абай Әлжанов мырза журналистермен біргеэкскурсия құрамына қосылып, Ерейменге ат басын бұрған Мемлекеттік Елтаңбаның авторы, профессор Жандарбек Мәлібекұлын қарсы алып, ауыл ақсақалдарының қатысуымен «Ел рәміздері – еркіндіктің нышаны» атты кездесу өткізді. Жиынға қатысушылар алдында сөз сөйлеген Елтаңба авторы, биыл тәуелсіз еліміздің ұлттық рәміздерінің қабылданғанына 30 жыл отыр. Осы даталы оқиға көне түркілердің ізі қалған һәм батырлар мен даналар мекені Ереймен өлкесінде жалғасын табуы тегін емес екенін жеткізіп, аудан әкімдігіне стандарт бойынша өз қолымен жасаған Елтаңбаны табыс етті.