Білім • 05 Шілде, 2022

Мамандық таңдау – болашақты таңдау

4002 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда мамандық кәсібімізге ғана емес, өміріміздің өзіне айналып бара жатқандай. Себебі кәсіпсіз күн көру қиын. Көп адам мамандықты дұрыс таңдамағанның кесірінен дені дұрыс жұмыс таба алмай, болмаса мамандығы бо­йынша қызметті алып кете алмай, абыройсыздыққа ұшырап жатады. Әрі-беріден соң, өзі ұнатпайтын салада грант үшін ғана оқитындар, оқығандар жетерлік. Мұндайда мемлекеттің қаржысы далаға кеткенмен тең. Осындай олқылықты болдырмау үшін қайтпек керек?

Мамандық таңдау – болашақты таңдау

«Атамекен» ұлттық кәсіп­керлер палатасы төрт жылдан бері Оқу-ағарту минис­трлігімен бірлесіп, жоғары оқу орын­дарының Білім беру бағдарламаларын баға­лау бойынша рейтинг жүргізіп келе­ді. Бағалау үшін 105 жоға­ры оқу орны бойын­ша 2 мың сарап­та­малық қорытынды жасалып­ты. Рейтинг 19 критерий бо­йын­ша жүргізілді, оның ішін­де тү­лектердің жұмысқа орна­ласу дең­гейі мен орташа жалақы­сы, жұ­мыс іздеу ұзақтығы мен бағ­дар­­ла­­малардың өзектілігі баға­лан­­ған. Сол рейтингтің был­тыр­­ғы нәтижесіне сүйен­сек, жұ­мысқа орналастырудың орта­ша көр­сет­кіші 77,7%-ды құрады. Бұл 2019 (74%) және 2020 жыл­ғы (71%) дең­гей­­ден 6,7%-ға ар­тық. Тү­лек­тер­ді жұмысқа орналасты­ру­ды тал­дау кезінде 2020 жылғы тамыздан бас­тап 2021 жылғы шілдеге дейін­гі әрбір айға аударылған зей­нет­ақы төлемдері ескерілген екен.

Жарайды, жұмысқа орналасу деңгейі жылдан-жылға артып келе жатыр делік. Бірақ сол түлектердің барлығы бірдей дипломы бойынша жұмыс істеп жүр ме? Мәселе осында болып тұр.

«Атамекен» ҰКП жанындағы Адами капиталды дамыту департа­ментінің директоры Азамат Би­сенбаев «Ауыл шаруашылығы» бағытында оқу бітіргендердің небәрі 7 пайызы мамандығымен жұмыс істейтінін жеткізді.

«Мамандық бойынша жұмыс істейтіндердің үлесі «Денсаулық сақ­тау» бағытында 70%, «Педа­гогика» бағыты бойынша 51%-ды құрады. Ал «Құрылыс» бағытында бітіргендердің 34%-ы және «Ауыл шаруашылығы» бағыты бойынша тек 7%-ы мамандығы бойынша жұмыс істейтіні анықталды. Көп жағдайда талапкерлердің кәсіби бағдарлау деңгейі жеткіліксіз болған­дықтан, мамандық таңдауға келгенде қиындықтар кездеседі. Білім алушылар арасында жүр­гізіл­ген сауалдама нәтижесі көпші­лігінің мамандықты грант болғаны, ата-анасының немесе дос­тарының кеңесі бойынша таңдағанын көрсетті. Жоғары оқу орнына тапсырар алдында сол мамандықты бітіргеннен кейін қай жерде жұмыс істей алатыны, қандай маман болып шығатыны туралы хабардар болмаған», дейді А.Бисенбаев.

Департамент директорының айтуынша, биылғы Білім беру бағдар­­ламаларының рейтингі аясын­да жоғары оқу орны мен маман­­дықты таңдау бойын­ша об­лыс­тардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары­ның 11 сынып түлектері мен олардың ата-аналарына, жалпы 18 496 адамға кеңес берілген. Соған қарамастан, жұмыс берушілер жас мамандарды түгелімен жұмыспен қамтамасыз етуге дайын бола алмайды. Себебі кәсіптік-техникалық, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын iске асыратын ұйымдардан жыл сайын бір мезгілде 200 мыңнан аса түлек диплом алып шығады.

«Сондықтан түлектерді бір мезгілде емес, жылына бірнеше кезеңге бөліп шығарған дұрыс. Осы әдіс шет мемлекеттерде, соны­мен қатар КИМЭП уни­верси­тетінде қолданыс тапқан. Мыса­лы, «Ауыл шаруашылығы» маман­­дығын тә­мамдаған түлектер қаңтар-ақпан айларында диплом алса, наурыз айында басталатын егу жұмыстары­на бірден кірісіп кетер еді. Сол сияқты қызмет көрсету, туризм мамандықтары бойын­ша дипломды сәуір-мамыр ай­ларында тапсырса, жаз мезгі­лінде басталатын қызу жұмыс маусы­мына дөп келуші еді. Ал құқық­тану, ақпараттық-ком­му­ни­­кация­лық технологиялар, эко­но­ми­ка, қаржы және т.б. жас маман­дар­­ды жыл көлемінде біртін­деп на­рық­қа шығарған дұрыс. Жас ма­ман­дар­дың диплом алу мерзі­мін жұмыс берушілермен келісу қажет», дейді «Атамекен» ҰКП өкілі.

Рейтинг нәтижесіне сәйкес ауыл шаруашылығы саласына даярланған мамандардың диплом бойынша жұмыс істеу көрсеткіші төмен екені айтылды. Сондықтан біз аталған салаға маман даярлайтын оқу орындарының бірімен байланысқа шықтық. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық универ­ситетінің Академиялық мәселелер жөнін­дегі департамент директоры, профессор Қарлығаш Сарбасова мектеп пен университет арасындағы байланысты нығайт­қанда ғана оқушылардың кәсіби бағдарлану көрсеткіші жақса­ра­тынын жеткізді. Оның ойынша, бұл дипломымен жұмыс істемейтін мам­андардың қатарын азайтуға септеседі.

«Шын мәнінде жоғары оқу орны мықты маман даярлауды талапкердің құжатын қабылдаудан емес, мектептермен тығыз байланыс орнатудан бастауы керек. Себебі мектеп түлектерінің мамандықты дұрыс таңдауы оларға оқушы кезінен, әсіресе соңғы сыныптарда кәсіби бағыт-бағдар беруге тікелей байланысты. Жасыратыны жоқ, мектеп бітіргелі отырған кейбір түлектерден қандай мамандық таңдағанын сұрасаң, мүдіріп қалып жатады. Мұның бірден-бір себебі – ақпараттың аздығы. Жыл сайын жоғары оқу орындарындағы білім саласына түрлі өзгеріс енгізіледі. Жаңадан кафедра ашылып, жаңа білім беру бағдарламалары іске қосылады. Әрбір жоғары оқу орнында болып жатқан жаңалықтарды мектеп бітірушілер толық біле бермейді. Сондықтан университеттер орта білім беретін оқу ошақтары­мен тығыз байланыс орнатуы қажет. Мысалы, мен мамыр айының  алғашқы онкүндігінде Қарағанды облысындағы шағын қала, аудан, ауыл мектептерін араладым. Ондағы жоғары сынып оқушыларына С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде даярланатын мамандықтардың ерек­шелігін, білім бағдарламалары жөнінде жан-жақты түсіндіріп, болашақ талап­керлердің сұрақтарына жауап бердім. Көптеген оқушы оқу орнындағы түрлі мамандықтарға қызығушылық білдірді. Осындай ақпаратты өзіміз таратпасақ, көзбе-көз түсіндіріп айтпасақ, түлектер көп нәрседен хабарсыз келеді», дейді Қ.Сарбасова.

Спикердің көзқарасына қара­ғанда, оқушыларды, мектеп түлек­терін сұ­раныс­тағы мамандықтар туралы ақ­па­рат­пен көбірек құлақ­тандыру қажет. Айталық, аталған жоғары оқу орнын­да оқытатын «Мал шаруашылығы өнім­дерін өндіру технологиясы» білім беру бағ­дар­ламасының түлектері еңбек нары­ғындағы сұранысқа ие болғандықтан жұмыссыз қалмай­ды. Олардың көбі екі айдан соң жұмысқа кіріп кетеді.

«Қазіргі жас буын талғампаз, өздері оқығысы келетін университетке қояр талабы жоғары. Мектеп оқушыларымен кездесу кезінде осыған көз жеткізгендей болдым. Дегенмен бәрі бірдей алдағы бес жылдығын жоспарлап, ойлай алады деп айту қиын. Сол себепті ЖОО даярлаған мамандарын жұмыспен қамтуға деген жауапкершілікті де арқалай алға­ны жөн. Және мектеп түлектері мен жоғары сынып оқушыларын да, олар­дың мамандық таңдауға ықпал ететін ата-аналарын да осы бағыттағы мәліметтерге мән беруге шақырамын. Бұл ретте жоғарыда аталған «Атамекен» ҰКП-ның объективті рейтингіне зер салуға болады. Мәселен, осы рейтинг нәтижесіне сәйкес біздің университет Білім берудің үш сатысы бо­йынша (бакалавриат, магистратура, докторантура) түлектердің жалпы жұмысқа орналасуы 89%-ды құрайды. С.Сейфуллин атын­дағы Қазақ агротехникалық уни­вер­сите­тін бітірген түлектерді жұмыс­пен қам­тамасыз ету үшін мамандарды шаруа­шылық субьектілердің тапсы­рысы бойынша даярлау әдісі енгі­зілген. Биылғы оқу жылында дуал­ды оқыту аясында 45 ұйым іске қо­сылды. Міне, нақ осындай дерек­ке көз салған дұрыс. Себебі бір ма­ман­дықты кейде бірнеше оқу орны даярл­ауы мүмкін. Сондайда уни­вер­си­теттің қандай жұмыс беру­шіл­ер­мен байланыста екенін білу керек», дейді профессор Қ.Сарбасова.

Жоғарыда сарапшы айтқан­дай, елімізде бір мамандықты бірнеше ЖОО оқытады. Бұл өз кезегінде маман даяр­лауда бәсеке тудыратын шығар. Дегенмен тіл маман­дарын даярлауға бейімдел­ген университеттің кәсіби химикті қалыптастыруға қаншалықты қауқары жетеді? Дәл осындайда грант үшін оқитын студенттер ғана емес, грант үшін оқытатын ЖОО көп пе дейсіз.

Еліміздегі саны көп, сапасы жоқ уни­вер­­ситеттердің санын қыс­қарту тура­лы Қ.Тоқаевтың тапсыр­масы нақ сон­дай ЖОО-ға қатысты жалғасуы қажет-ақ. Өйткені мұндай университеттер жұ­мыссыз мамандардың қатарын көбейтеді.

Дегенмен «Атамекен» ҰКП рей­тингінде көш бастап тұрған ЖОО арасында да өзі бейімделген бағытынан бөлек мамандықтарды оқытатын университеттер бар. Айталық, М.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университеті – заң саласының мамандарын даярлайтын беделді оқу орындарының бірі. Десе де университет аударма, психология, бизнес саласына да кадр даярлайды екен. Нәтиже қандай?

Осы аталған ЖОО-ның «Жұмысқа орналастыру, мансап және практика» бөлімінің менеджері Гүлзат Қанатқызы қанша жерден кей жас мамандар өз дипломымен жұмыс істеуді қаласа да еңбек нарығындағы сұраныс рөл ойнайтынын айтады.

«Бізде былтыр 2021 жылы бакалав­риатта 52 студент, оның ішінде «Аударма ісі» бойынша 25 студент, «Туризмді» 23, «Психологияны» 4 студент бітірді. Ал магистратура бойынша 12 студент «Аударма ісі», 8 студент «Бизнес-психология» маман­дығын тәмам­дады. Жұмысқа орналастыру орталығы ретінде біз барлық студентпен етене байланыс орнатып отырамыз. Оларды жұмысқа орналастыру­ға, ниет-тілектерін білуге міндетті­міз. Әр сту­дент бізге өздері қай салада жұмыс істе­гісі келетінін, не қалайтынын емін-еркін айта алады. Мысалы, бакалавр дәрежесін алған «Аударма ісі» мамандығының студенттері диплом бо­йынша жұмыс істемейді. Біз сол студенттерден сауалдама алдық. Көбі өз-өздеріне жұмыс істейді. Бұл қалай? Қазіргі таңда фриланс ұғымы жастар арасында танымал болып кетті. Яғни олар клиенттермен қашықтан жұмыс істегенді құп көреді. Ал магистр дәрежесі бола тұра «Бизнес-психология» мамандығын бітіргендердің көбі мамандық бойынша жұмыс істемейді. Өйткені нарықта бизнес-психологтерге сұраныс аз», дейді Г.Қанатқызы.

Сарапшының пікірінше, студент­тер­дің болашақ мамандық­тары жөнінде ойын білу үшін міндетті түрде сауалдама жүргізу керек. Мұндай сауалдама 1-2 курс студенттерінен де алынуға тиіс. Неге? Себебі оқып жатқан маман­дықтары ұнай ма, ұнамай ма, соны мейлінше ертерек білу қажет. Ұнамаса, бұл мәселені шешу­ге университет тарапынан қан­дай көмек көрсеткенін қалай­тыны жөнінде де сол сауалдама ар­қылы білуге болады. Және тәжіри­беге міндетті түрде көп мән берген дұрыс. Сонда студенттердің қалауына қарай көмек көрсету, жағдай жасау жақсы нәтиже береді. Қазақстандағы үрдісті қарап отырсақ, көбі теорияға көңіл бөле­ді де, ал практикаға бар­ған кезде қиналып қалады. 2-3 курс кезінен бастап студенттерді өн­ді­­ріс­тік практикаға жіберген жөн. Өндірістік практика уақыты неғұр­лым ұзақ болғаны тиімді. Бұл – сту­денттерді болашақ кәсібіне баулу­дың ең пайдалы жолы.