Қоғам • 18 Шілде, 2022

Özinshe: Балаларға арналған қазақша стриминг-платформа іске қосылды

541 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордада балалар мен жасөспірімдерге арналған қазақ тіліндегі тұңғыш стриминг-платформаның таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Özinshe: Балаларға арналған қазақша стриминг-платформа іске қосылды

ÖZINŞE деп аталатын онлайн кинотеатрда әртүрлі жастағы балаларға арналған толықметражды анимациялық және көркем фильмдер, комикстер, мультхикаялар, телесериалдар мен ситкомдар топтасқан.

Жобаның тұсаукесеріне ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров қатысып, платформа жұмысына қолдау білдіретінін жеткізді.

1

Сонымен қатар шараға қатысқан Халықаралық Түркі академиясының президенті, «Егемен Қазақстан» ЖШС Бас директоры Дархан Қыдырәлі, Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова, «Отандастар» қорының төрағасы Абзал Сапарбекұлы, «AMANAT» партиясының хатшысы Дәулет Кәрібек, Президент жанындағы Жастар кеңесінің мүшесі Олжас Сүлейменов құттықтау лебіздерінде балаларға арналған мұндай қосымшаның өзектілігін айтып, жұмысына сәттілік тіледі.

н

Бұдан бөлек, тұсаукесерге Мәжіліс депутаты Елдос Абақанов, «Рухани жаңғыру» ҚҚДИ Басқарма төрағасының орынбасары Аманбек Төлепбергенов, «Balapan» арнасының директоры Қымбат Досжан, Елбасы Академиясы ҚҚ Басқарушы директоры Мұрат Жұманбай, «Қазақстан КВН Одағының» төрағасы Есен Елеукен, «Біз біргеміз» ҚҚ төрайымы Перизат Қайрат сынды қоғам белсенділері, журналистер мен блогерлер қатысты.

Стриминг платформаны жүзеге асырушы авторлары, балалар контентін жасаушы мамандар Мақпал Жұмабай мен Сандуғаш Баймаханқызының айтуынша, бұл жоба 2020 жылы қолға алынды.

е

Жобаның брэнд-амбассадоры Дәулет Мұқаев өз сөзінде әр ата-анаға балаларына аталған қосымшаны жүктеп беруге кеңес берді. Оның айтуынша, ÖZINŞE тек онлайн кинотеатр ғана емес, балаларға ана тілінде сапалы, тәрбиелі контент ұсынатын сенімді алаң.

Жаңа сервис Қазақстан халқының 12%-ын, яғни 2 264 600 адамды құрайтын балалардың және шетелдегі қазақ жасөспірімдердің сұранысына қызмет етеді.

Мобильді қосымшаның атауы ерекше мәнге ие. ÖZINŞE стриминг-платформасы өмірде өз қалауын еркін жасап, өз таңдауымен өмір сүруге ұмтылған бүгінгі жаңашыл жасөспірімдерге арналған.

Мобильді қосымшаны кез келген адам IOS және Android мобильді операциялық жүйелерінде  тегін жүктей алады.

Бүгінде сервиске көлемі 3400 мин құрайтын мультсериалдар мен телесериалдардың лицензиялық құқықтары сатып алынып, жүктелді. Қазіргі уақытта ÖZINŞE Nickelodeon телеарнасымен және басқа да әлемдік студия өкілдерімен келіссөздер жүргізіп жатыр. Жоба авторлары жүйенің жүйелі түрде жаңарып, толықтырылып отыратынын жеткізді.

Айта кетсек, ÖZINŞE ұжымы дайын өнімдерді сатып алудан бөлек,  өзіндік жобалар өндірісін де қолға алды. Жуырда балалар мен жасөспірімдерге арналған 2 жоба түсірілімі басталады.

р