Осылай екеніне сонау 1967 жылы-ақ көзім жеткен еді. Шығармалары авторлық ой мен тілдің көркемдігімен баурайтын жазушы ағамыз Ғабдол Сланов «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Нығмет Ғабдуллиннің тапсырысымен тіл туралы мақала жазды (мен редакцияның сын бөлімінде әдеби қызметкермін-ді).
Тіліміздің шұбарланып, әдеби тіліміздің газет тіліне ұқсап бара жатқанына қатты қынжыла нақтылап көп дәлел келтірген қаламгер қазақ тілінің мамандары енжарлыққа бой алдырып, тіл туралы орынды, өрелі пікір айта алмай, жазушылардың соңында «тезек теріп жүр» сыңайында сын айтты. Сол-ақ екен, шындықтан шошынғыш «тіл мамандары» ҚКП Орталық Комитетіне арыз жаудырсын. Сөзбен де қиқулады, дуылдатты, дауылдатты. Алайда Ғабдікеңді тұқырта алмады, шындықтың шаужайына жармасқандарынан дәнеңе шықпады.
...Ахаңның аталған еңбегін Міржақып Дулатұлы дереу қуана құптап:
– «...Айқаптың» 3-5 нөмірлерінде «А.Байтұрсынұлы қазақша жазуды тәртіп көрсетушілердің сынына салған, көпшілік ұнатса, сол тәртіппен әліппе бастырмақшы екен. Жазуды тәртіпке салу деген оңай емес», депті «Жазу тәртібі» атты мақаласында.
Ал Мағжан Жұмабаев «Қазақ тілі» өлеңінде:
Ерлік, елдік, бірлік, қайрат,
бақ, ардың
Жауыз тағдыр жойды бәрін –
не бардың...
Алтын күннен бағасыз бір белгі боп,
Нұрлы жұлдыз – бабам тілі,
сен қалдың! –
десе, ол халқымыздың талапайға ұшыраған тарих қазынасында жабыққан ана тілі ғана қалғанына күйіну еді!
Әлихан Бөкейханов елімізге автономиялы республика дәрежесі берілісімен «Алаш» партиясы бағдарламасының жобасы жайындағы жазбасында мемлекеттігімізге жете мән беруді айта келіп, мысалы, жобаның «Билік һәм сот» бабында былай депті: «...Әр жұрттың билік пен соты тұрмыс ыңғайына қарай болу. Би һәм судья жергілікті жердің тілін білу. Аралас жерде соттың тергеу-тексеруі һәм хүкімі жергілікті жұрттың қай көбінің тілінде айтылуы... Қазақ көп жерде сот тілі қазақ тілі болуы. Присяжныйлар қазақтан алынуы». Ол жылдары бұдан артықты талап ету мүмкін болмағаны белгілі. Алайда осының өзі-ақ – батыл талап.
Республикада іс қағаздарының мемлекеттік тілде – қазақ тілінде жүргізілуіне Сәкен Сейфуллин ерекше көңіл бөлген. «Кеңселерде істі қазақ тілінде жүргізу керек деген мәселені бұдан бұрын да газет бетінде қозғап едік. Әрбір советтер жиналысында да һәм биылғы болып өткен жалпыресейлік коммунистер партиясының 12-ші жиналысында да көп сөйленіп, «әрбір аймақта қай халық көп болса, сол аймақтың кеңселерінде іс жергілікті халықтың тілінде жүрсін» деп қарар шығарған. Ал екінші тілмен мұны былай деп айтқан: «Бұрын патша заманында кемдікте болған, қазір автономия алған уақ халықтардың жерлеріндегі мекемелердің істері сол уақ халықтардың ана тілінде жүрсін» деген. Ол ұйғарымды терістеген нұсқау-қаулы болған емес. «Жүгеріші көсем» Н.Хрущевқа дейін. Ал ол «жүгенсіз көкшолақ» (В.Молотовтың қойған аты): СССР, КПСС, ВЦСПС, ВЛКСМ... сияқты қысқарған сөздерді ұлт тілдеріне аудармау, баспасөздің негізі орыс тілі болуы, жергілікті баспасөз оның аудармасы деңгейінде болуы туралы қаулы шығарды.
1956 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің 2-хатшысы Журин қазақ газеттерін орысшаның аудармасына айналдыру «мәселесін ақылдасуға» арналған мәжілісті ашып, кіріспе сөз сөйлеп, «түсінік беріп» болған сәтте ақын Жұмағали Саинның не дегенін Әди Шәріпов естелігінде сүйіне айтқан: «Мінбеге ақиық ақын Жұмағали Саин көтерілді. Ол: «Жолдас Журин! – деп хатшыға тік қарап, сәл уақыт үнсіз тұрды да, – Біз тіліміздің келешегі үшін қанымызды төктік, оққа омырау тостық! Егер тілімізді жойсақ, онда бізге өмір сүрудің керегі жоқ! Қазақ газет-журналының орыс тілінен аударылғаны – менің ана тілімнің қолқасына қанжар сұққандық!.. Мен Журиннің ұсынысына үзілді-кесілді қарсымын! – деп нығыздап айтты да, шағын денесін тәкаппар ұстап, мінбеден асықпай түсті» (Әди Шәріпов, «Көргенім, көңілге түйгенім»).
«Партия айтты – бітті» заман. Ол тұста Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») газеті редакциясының бөлім меңгерушісі болатынмын. Біз орыстілді «Знамя коммунизма» газеті редакциясымен біріктіріліп, екеуіне Бас редакторлыққа облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі Бабин келді. Екі газеттің редакторлары оған орынбасар болып, екі ұжымның жауапты хатшылары, бөлім меңгерушілері, әдеби қызметкерлері – бір қазақ, бір орыс – бір бөлмеде отыратын болдық. Әйткенмен қазақ тілін аздап болса да білетін, алды кең Бабин келген күні-ақ: «Жолдастар, құпиялап бір сөз айтайын, бірақ ол осы жерде қалсын, сыртқа шықпасын. Біз жоғарғылардың әмірлерін сырттай орындап, бір ұжымға айналып, бірігіп отыралық, ал іс жүзінде бұрынғыша шыға бересіңдер. Ресми материалдарды, ерекше мәнді ортақ мәселені көтерген мақалаларды ғана аударып басармыз, басқасы өз қалауларыңша болсын», деді. Ал «жүгерішінің» әмірі өзімен бірге кетті...
С.Сейфуллин ана тіліміз хақындағы пайымын, талабын 1923 жылы жазса да, арада, міне, 99 жыл өтсе де, Қазақстанға тәуелсіздік бұйырғалы 31 жыл болса да, халқымыздың бүгіні үшін ғана емес, ертеңі үшін де аса маңызды бұл мәселе әлі де оң шешімін таба қойған жоқ. Оң шешім тапқаны қайда, тіліміздің шұбарлануы жылдан-жылға асқынды. Мысалы, мен де бала кезімнен естіп өскен: бозбала, жігіт, жігітағасы; қыз, бойжеткен, келіншек сөздеріміз орыс тілінің көлеңкесінде қалып: молодой человек, молодой мужчина; молодая девушка, молодая женщина дейтіннің ыңғайымен: жас жігіт, жас кісі; жас қыз, жас әйел деп жазылатын болды. Орысша: «Он пришел в себя» қазақша: «Ол өз-өзіне келді» болды. Ана тілінен хабары бар қазақ: «ол есін жиды» десе керек. «Любовь», «друг», «свой» – орыс тілінде ежелден жиі және жеңіл-желпі қолданылатын сөздер. Мәселен: «забота о товарище», «любовь к животным», «собака – друг человека», «я – сын своего отца». Соны үлгі тұтып: «жолдасыма деген қамқорлық», «хайуанаттарға деген махаббат», «ит – адамның досы», «мен – өз әкемнің баласымын» деп жазуды шығардық. Тіліміздің ыңғайымен: «жолдасыма қамқорлық», «хайуанаттарды жақсы көру», «ит – адамның серігі», «мен – әкемнің ұлымын» десек, тіліміздің қай ережесі бұзылар еді? Атамыз қазақтың: «дос», «махаббат, сүйіспеншілік» деген сөздерін адамға ғана қатысты айтқанын неге ұмыттық?
Біздің тіл – бай тілдердің бірі. Ал айрықша бай делінген орыс тілімен салыстырсақ, мәселен, біздің: аға, іні, апай, қарындас сөздерімізге нақты балама жоқ: старший брат, младший брат, старшая сестра, младшая сестра дейді. Алайда біздің айтуымызда да, жазуымызда да орыс тілінің ыңғайы оңай байқалады. Келтірген мысалдарымды үстей түссем: «Байболов біздің құрметті құрылысшыларымыздың бірі болып табылады; Жақанов ең озық егіншілердің бірі болып саналады; Жиырма бес жүздің төрттен бірін құрайды... дейміз. Бұлар – орысшадағы: считается, является, составляеттің сөзбе-сөз аудармалары. Еліктеу де солықтау.
Газеттеріміздегі мақала атаулының ішіндегі шұбар сөйлем, шала-пұла сөйлем, бөгде сөз шіркіндер – өз алдына бір «хикаят». Олар тақырыптан басталады. Иә, қайсыбір газеттеріміздің тақырыптарында: бренд, тренд, коммуникатив, драйвер, форум, контент, синдром, символ, аспект, имидж, мониторинг, антропонимика, толерант, аутизм, индикатор, ассоцияция, модель, этнодизайн, акция, моноқала, инновация, скаутинг, диагноз, электив, рейтинг, компания, корпорация, анимация, брифинг, мамография, корифей, модель, логистика, реформа, проблема... деген бөгде сөздер кездеседі. Замана әкелген бұл сөздерді қазақ тіліне тәржімелеу қажет. Біразы – қазақы көне кәсіпте ешқашан естілмеген сөздер, оларды жуықта қазақшалау мүмкін де емес шығар, алайда бірте-бірте сіңер балама іздеп, бір сөзді екі-үш сөзбен аударып беруді орынсыз болады демелік. Мәселен, ағылшынның «скаутингі» – қазақша «мектептен тыс тәрбие», яғни жалпыға түсінікті болуын ойласақ, неге өзімізше осылай айтпасқа, жазбасқа? «Компания» мен «корпорация» – бізше «бірлестік». Ал «офис», «департамент», «митинг» делініп жүрген сөздер – біздің «кеңсе», «басқарма», «жиын».
Бөгде сөздерді өз тілімізге ыңғайлаумен қатар өзіміздің байырғы сөз тіркесімізді, мақал-мәтелімізді «өзімшілеуге» назар аударуымыз қажет. Ата-бабамыздың ардақты «отбасы» сөзін «жанұяға» айналдырып жібердік. «Жанұяның» да көне сөзіміз екені рас. «Кеудемде жаным барда», «кеудемнен жаным шыққанша», «кеудемде шыбын жаным шырылдап»... Демек «жанұямыз» – кеудеміз. Кешегі қазақ: «Борышқа белшесінен батты» десе, бүгінгі қазақ: «Байлыққа белшесінен батты» деп жүр. «Ішер асын жерге қояды» «Ішкен асын жерге қояды» болды. Ішер асы әлі алдында, қайда қойса да еркі, ал ішкен асы ше?.. Көне сөз тіркесіміздің бірі – «Еңкейгенге еңкей, атаңнан қалған құл емес; шалқайғанға шалқай, алтыныңа алған пұл емес». Мұны «редакциялап»: «Еңкейгенге – еңкей, шалқайғанға – шалқай» деп жүрміз. Сондай-ақ газет-журналдың, теле-радионың тілшілері қай қазақпен болсын сұхбаттасқанында, мысалы: «Сәрсенбек Балабайұлы», «Гүлсім Далабекқызы»... деуден жаңылмайды. Орыстың: «Иван Василиевичі», Наташа Ивановнасы». Қазағының дәстүрлі: «Сәке», «Гүлеке» дейтінін ұмытқаны. «Үстелбасы әңгіме» деу «Дөңгелек үстелдегі әңгіме» («За круглым столом») болды.
Ауруханаларда «Реанимация палатасы» бар. Латын тіліндегі бұл сөздің мағынасы – адамның әлсірей бастаған ағзасын тездетіп күшейту. Мұны әлдекім «Жансақтау бөлмесі» деп аударып, ауруханаларға таратылған. Дұрысы – «Жансаялау бөлмесі». Яғни тамақтан тарыққанға айтылар жансақтауды денсаулығы кенет мазалағанға телу – сөз мәнін білмегеннің «білгіштігі». «Тұлға» сөзіміздің де мәні мүлдем бұрмаланып кетті. Орыс тіліндегі «физическое лицо» дегенді «тұлға» деп жүрміз. Қазақ ұғымында қалыптасқан «Тұлға» – халыққа танылған қайраткер адамға көпшілік құрметтеп қойған ат. «Физическое лицо» – мәртебелі атақ емес, «бір кісі», «бір адам» деген ұғым.
Егемендіктің елең-алаңында «Қазақ тілі» қоғамы құрылып, облыстарда бөлімшелері ашылып, ана тілімізді – мемлекеттік тілімізді ардақтау мақсатымен небір игі шараларды жүзеге асырды. Егер сол қоғамға билік тарапынан тиянақты қолдау болып, көмек көрсетіліп отырса, бізде бүгінгі шүлдірбайлар болмас еді. Бірақ 1994 жылы шығармашылық одақтардың бәрін мемлекеттік бюджеттен шеттеткеніндей, «Қазақ тілі» қоғамын да керек етпеді. Қоғам бүгінде аты ғана бар халде.
Сонымен «Тіл» жырымыз аяқталар емес. Сонау бір жылдары «Тіл туралы» заң шығарылды, екі-үш бағдарлама қабылданды, бірақ бәрі де мұрағатқа кетті. Өйткені билік оның іске асырылуын қадағалаған жоқ. Сол тұста сықақшы ағамыз Садықбек Адамбеков:
Басқа емес, үкіметтің үйінде
Ана тілім сол жетімек күйінде...
Қазақтар қазақша сөйлесе, таңданып,
Бастықтар қызараңдайды
шамданып,
Бас шайқайды паңданып... –
деп қыжырта күлген еді. Сол күлкі де жалғасуда.
Иә, Ахаңның (Ахмет Байтұрсынұлының): «...Бірақ тілді жұмсай білетін адам табылуы қиын», дегені еске түсе береді.
...1995 жылы Парижде болғанымда Францияда баспасөздегі француз тілінің тазалығын қадағалайтын қатаң талапты Мемлекеттік дербес комитет жұмыс істейтінін көріп-білдім. Алматыға оралысымен «Қазақ әдебиеті», «Жас алаш» газеттеріне француздардан үлгі алуымыз керегі туралы мақала жаздым. Ақпарат министрлігіне хат жолдадым, бірақ ескерусіз қалды. Тым болмаса тіл мамандарының (өздерінің мәжілісіндегі баяндамасында мені «тіліміздің жанашыры» деп бағалаған Сыздықова Рәбиға апайдан басқасы), жазушылар мен журналшылардың, министрліктегі шенеуніктердің бір де бірі ләм-мим демеді. Баяғы немкеттілік! 30 жыл бойы ана тіліміздің ғана емес, барша тірлігіміздің берекесін кетірген немкеттілік!
Сөз соңы:
Көріп-білгендеріне таңданған, қазақ атты халықтың рухани болмысына адами қынжылыс сезімдерін ашық айтқандары. Бізде бұлайша қынжылыс шамалы.
Былтыр мен биыл баспасөзде қазақ тілінің хал-ахуалына қатысты пікір жиі жарияланып жатыр. «Әйту де бүйту керек», «алай да былай болуы керек» дейміз. Сол «керекті» отбасымыздан, өзімізден іздей бермейміз. Мәселен, мен осыдан 25-26 жыл бұрын немерелерімді жетектеп балабақшаға, мектепке барғанда балалардың орыс тілінде шүлдірлеп жүргендерін көретінмін. Бүгін де, шөберелерімді апарғанда да, көріп жүргенім – сол жағдай. Балабақшада ата-аналарға, тәрбиешілерге: «Қарағым-ау, бұл қалай, қазақ бола тұра өзара да, балақайлармен де неге орыс тілінде сөйлесесіңдер?» дей бастағанымда бірі: «Ескереміз, түзелеміз, дұрыс болады» деп жорта илана күлсе, бірі жақтырмай, бұртиып бұрылып кетеді. Ал мектепте мұғалім: «Айтқаныңыз жөн ғой, бірақ көбі үйінде орыс тілінде сөйлейтіндер шығар, бізді де шаршатады, қайтеміз?» деп шын налиды. Жоғары оқу орындарымызда да осындай «тамаша» бар-ау...
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ