Қоғам • 28 Шілде, 2022

Жол бойындағы қызмет көрсетуді дамытады

241 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Ашық сағат алаңы» жобасы аясында жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын дамыту мәселесі талқыға салынды. Іс-шараға Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ержан Утюбаев, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, әкімдіктердің және жеке бизнес өкілдері қатысты.

Жол бойындағы қызмет көрсетуді дамытады

Жиында Кооперативтер және экономикалық қоғамдастықтардың басқа да нысандары ұлттық қауымдастығының президенті Қазыбек Шайхтың ұсыныстарына ерекше назар аударылды. Оның айтуынша, кооперация бағдарламалары арқылы жергілікті тұрғындар мен көпбалалы аналарды қолдау саланың дамуына оң әсерін тигізеді, сондай-ақ бюджетке жүктемені азайтады.

Сондай-ақ мемлекеттен преференциялар алу сияқты өзекті мәселе көтерілді. Бүгінде жол бойындағы қызмет көрсету нысандары үшін ЖҚС салу кезіндегі шығындардың 10%-ын өтеу және санитарлық-гигиеналық тораптарды ұстауға ай сайын 83 300 теңге мөлшерінде субсидиялар сияқты қолдау шаралары бар.

Өтем алуға өтінімдерді кәсіпкерлік және туризм басқармасына 1 наурызға дейін, ал санитарлық-гигиеналық тораптарды субсидиялауға жылдың соңына дейін беру қажеттігі айтылды.

Сонымен қатар ҰКП Туризм департаментінің сарапшысы Әсел Көбентаева атап өткендей, бүгінде қолдау шаралары бойынша ережелер пысықталуда. Қазіргі уақытта Әділет министрлігінде бекітуге өтінімдерді қабылдау мерзімін жылына екі ретке ұзарту бойынша бас­тама қаралып жатыр.

«Біз маңызды мәселе – жол бойындағы қызмет көрсету объектілерін дамытуды, оның ішінде автожанармай құю стансаларының, жылы дәретханалардың құрылысы мәселелерін талқыладық. Бүгінгі таңда бұл салада біршама қиындық бар. Сондықтан талқыланған мәселелерді есепке алып, оларды қысқа мерзімде шешу үшін бар күш-жігерімізді саламыз», деп сөзін түйіндеді комитет төрағасы.