Спорт • 01 Тамыз, 2022

Жас буынға бұқаралық спортты насихаттау жағы кемшін

589 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Президент ретіндегі алғашқы Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне айрықша назар аударған болатын. Бұқаралық спортты насихаттау барлық жас санаттары арасында жүргізілгені жөн-ақ. Дегенмен мұндай жұмыс жас буыннан басталса, жүйелі де, нәтижелі болатыны сөзсіз.

Жас буынға бұқаралық спортты насихаттау жағы кемшін

Бұл ретте Мәдениет және спорт министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігі біріге отырып мектеп және жоғары оқу орындары қабырғасындағы балалар және жасөспірімдер спортының дамуына ерекше көңіл бөлуге тиіс деп санаймын. Оның өзіндік алғышарты бар. Мектеп жасындағы оқушыға нормативтік жетістігі үшін «І, ІІ, ІІ дәрежелі жасөспірім спортшы», спорт саласындағы жеткен жетістігіне арналған «Спорт шеберіне үміткер», «Спорт шебері», т.б. дәрежелер жүйелі түрде зерттеліп жолға қойылғаны жөн. Мәдениет және спорт министрлігіне мектеп жасындағы спортпен шұғылданатын оқушыларға және студент жастарға арналған спорттық төсбелгілерді шығару туралы ұсыныстар министрлік тарапынан қолдау таппады. Осыған дейін аталған мәселеге қатысты жазған хатыма сол кездегі Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлованың атынан мынадай жауап берілді:

«Құрметті Ерлан Шаяхметұлы! Спорт және дене шынықтыру істері комитеті (бұдан әрі – комитет) сіз ұсынған спорттық атақтар мен разрядтар үшін төсбелгілердің жобалары бо­йынша келесіні хабарлайды. Бұған дейін хабарланғандай, «Дене шынықтыру және спорттың ұлттық цифрлы платформасы (e-sport)» сервистік бағдарламалық өнімі арқылы тиісті спорттық атақтар мен разрядтардың спортшыларға автоматты түрде берілуі жоспарлануда».

Министр екеуміз бір-бірімізді мүлде түсінбей отырған сияқтымыз. Иә, «е-sport» – заманауи цифрлы платформа. Ол жерден қандай спорттық секциялар бар, жаттықтырушысы кім, балаңызды қандай спорт түріне бергіңіз келеді деген секілді барлық ақпаратты алуға болатынын білеміз. Дегенмен бұл жерде жасөспірім өз жетістігін кеудесіне тағып жүрсе, артынан ерген іні-қарындастарын ынталандырып спортқа жетелейтіні туралы сөз қозғалып отыр. Цифрлы жаңа Қазақстанға бет бұрып дамытып жатырмыз, түсінікті. Жас спортшы өзінің жетістікке жеткен спортшы екенін дәлелдеу үшін «e-sport» платформасын ашып дәлелдеуге тиіс пе? Қай спортшы «е-sport» платформасындағы «жетістігін» кеудесіне тағып жүреді? Мұндай көзқараспен балаларды ынталандыра аламыз ба? Естігеннен гөрі көзбен көрсе, көңіл сенеді. Тағы бірде: «Ол туралы өңірлерде қаражат қарастырылмаған», деген жауап алдым. Қалай түсінуге болады? Қазақстан өз жастарынан қаражат үнемдей ме? Көрші Ресейде бұл мәселе нақты жолға қойылған. Спорттық жетістіктерін спортшылар кеудесіне тағып жүреді. Қазіргі Президент Тоқаевтың тапсырмасынан кейін осы мәселені тағы бір електен өткізіп, жастардың өз спорттық дәреже жетістігін кеудесіне тағып жүруіне жағдай жасалар деп үміттенеміз.

Жалпы, министрлікке бір сұрақ қойғым келеді. Мысалы, елімізде түрлі салада жеткен жетістіктері үшін ересектерге «Құрмет», «Парасат», т.б. орден-медальдар тағылатыны аян. Қызметкерлерге үлгі ретінде (Сол атақтардың түрлі салада шығарылуына да тікелей жауапты Мәдениет министрлігі). Министрліктің жауабына сүйене отырып, «Оларға да кеудесіне тақпай, неге электронды түрде бермеске?» деген орынды сұрақ туындайды. Балалардың спорттағы жетістіктері де жылдар бойы шелектеп төккен тердің жемісі. Спортты сүйіп, спортзалға барған бала – өз балалық шағының қызығынан спортты жоғары қойған жан. «Жастар біздің – болашағымыз!» дегенде, ұранымыз жер жарады. Заманауи жабдықталған спорт кешендері де жетерлік, барлық қолайлы жағдай жасалған. Бірақ спортқа жауапты министрлік тарапынан қайтарылған «спорттық жетістіктері тек автоматты түрде беріледі» дейтін жауаптың өзі түсініксіз.

Спорт саласын дамытудың іргетасы мектепте ынталандырудан қалануға тиіс. Және ол үшін электронды платформа арқылы емес, кеудесіндегі шынайы төсбелгілерімен анықтау жағын жетілдіру керек. Олимпиадада не үшін медаль тағады, ойланатын жағдай! Кеудедегі спорттық төсбелгілер – жастарды спортқа баулудың, оны жандандырудың маңызды бір тетігі. Кей адамға жай ғана төсбелгі шығар, ал бала үшін бұл – мақтаныш, жетістіктердің алғашқы баспалдағы. Барлығымыз да бала кезде жанымыздағы замандас достарымыздың спорттағы жетістіктері үшін таққан төс­белгісіне қызықтық. Қазақстан балалары мен жасөспірімдерінің және кәсіби спортшылардың да кеудесіне тағатын, жеткен жетістіктерін айғақтайтын ұлттық нақыштағы өз төсбелгілері болуға тиіс. Жаңа Қазақстанның жастар спортына да жаңа көзқарас, тың өзгерістер керек.

 

Ерлан ШАЯХМЕТҰЛЫ,

Семей қаласы гербінің авторы

 

СЕМЕЙ